Шежіре

Алтайдан асқан арман

Хасен Оралтай ағамыздың өмірден өткеніне жеті жылға аяқ басса да есімізге жиі оралады. Ол кісіні Қазақстандағы соңғы көргендердің бірі мен едім.

Хасекең зейнет демалысына шыққаннан кейін он төрт жылдай Германияда өмір сүріп, жазға салым Түркияда жүрген кездерінде әлсін-әлсін хабарласып, хат жазысып, пікірлесіп тұрдық. Хасен аға менің келіп қайтуымды өтініп, жиі шақырған соң 2009 жылы жазда Түркияда – Ізмірге жақын Өздередегі үйіне барып, үш аптадай қасында болдым. Күндіз-түні әңгімелестік. Ол кезде Хасен аға операциядан шығып, жүрегі сыр беріп жүрген кезі болатын. Сондықтан қалай-қалай емес деп, демалыс алып, көп жылдан бергі сыралғы, шапағаты тиген ардақты ағамыздың қасынан табылғанымыз бар. Алланың жазуына не шара, бұл біздің соңғы кездесуіміз екен…

Ал алғашқы кездесуіміз былай басталған еді. 1991 жылы күзге таман «Егемен Қазақстан» газетіне Батыс Германиядан хат келді. Ол хат менің атыма жа­зылған, латын алфавитімен ба­сылған шақыру қағазы болатын. Редакцияның хат бөлі­мін­дегі апайлар ерекше көк конвертті қолыма тапсырған соң Мюнхен қаласынан келген, «Азаттық» радиосы қазақ редакциясының директоры Хасен Оралтай мырзаның қазақ тілінде жолдаған әлгі хатын ежіктеп оқып шықтым. Ежіктеп дегенім, бізде ол кезде латын алфавитімен жазылған дүниелер жоқтың қасы еді. Хаттың қысқаша мазмұнына тоқталсақ, Қазақстандағы бас газеттің жас журналисінің бірі ретінде мені «Азаттық» радиосына үш айға тәжірибе алмасуға шақырыпты. Осы шақыруды қолыма алып, сол кездегі Бас редакторымыз Шерхан Мұртазаға кірдім. Ол кісі ұлтжанды, батыл адам ғой, бұл қай елдің және қандай ақпарат құралы еке­нін біле тұра менің меселімді қай­тармай, сөзге келместен алыстағы «Азаттық» радиосына жіберуге шешім қабылдады. Бұл кезде мызғымас деген КСРО-ның халі мүшкілденіп, ыдырауға шақ қалған тұс. Ал «Азаттық» радиосы қазақ елінің тәуелсіздігі үшін ақпарат айдынында жылдар бойы күресіп, ел тыңдауға қорқатын батыл пікірлерді әуе толқыны ар­қылы бүкіл әлемге таратумен келген.

Енді міне, сол жаққа барудың сәті түсті. Таусылмас құжаттарды жинап, шетелге шығатын жаңа төлқұжат, ұшаққа билет алып болғанша мызғымас одақ та ыдырап тынды. Тура Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңінде мен Мәскеу арқылы Мюнхенге аттандым. Шамасы, сол тұста азат, тәуелсіз Қазақстан деген мемлекеттен шетелге ал­ғаш шығу бақытына ие болған қазақ­тың бірі мен шығармын. Әуежайдан мені Хасен Оралтай ағаның өзі, ұлы Жәнібек екеуі қарсы алғаны әлі күнге дейін есімде. Әдеміше келген, ұзын бойлы, өңді кісі екен. − Хош келдің, Саясат мырза. Жақсы жеттің бе? Арбаға бұйы­рыңыз, − дегенде мен таңырқап, «арбасы несі» деп ойлағаным бар.   Сөйтсем, «арба» дегені Хасе­кеңнің есік пен төрдей қоңыр «Мерседес» көлігі екен. Ол кез­де Қазақстанда шетелдік көлік жоқ десе де болғандай. Еуро­падағы қазақ ағайындар туысқан түріктерше автокөлікті «арба» дейтінін кейін білдік. Міне, сол күннен бастап Хасен ағамен таныстығымыз басталды. Ол кісі ә дегеннен-ақ елдің жәйін, өзі танитын ұлт­жанды азаматтарды, белгілі жазу­шы қайраткерлерді сұрап, солардың жазғандары туралы айтып, сөйлеген сөздерін, айтқан пікірлерін талдап отырды. Содан кейінгі ұлы оқиға – Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанын ерекше тебірене айтқаны күні бүгінге дейін ойда тұр. Бұл кезде еліміздің азаттық алғанына бірнеше күн ғана болған. Ал осындағы ағайындар мұны ерекше қабыл алып, Хасекеңнің бас­тамасымен кішігірім той жасап, мал сойып, шай қойып дегендей, өздерінше атап өткенін естіп білдік.  − Қазақстан өзінің азаттығын жариялағанын естігенде жаман Суатымыз жылап жіберді, – деген еді Хасекең. – Ал Қазақстан тәу­елсіздігін алғанда жергілікті қазақтар оған айтарлықтай мән бермеген көрінеді.

Коммунистік империяның идеологиясы қа­зақтың санасын әбден улап тас­тағанының көрінісі ғой ол. Ал біле-білгенге бұл ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған азаттық емес пе, – деп Хасекеңнің айт­қаны үлкен ойға қалдырды. Хасен ағаның үш қабатты үйіндегі қонақ күтетін кең бөл­месінің төрінде қолдан салынған екі үлкен сурет ілулі тұрды. Соның бірінде ат үстіндегі Оспан батыр мен Қалибек хакім бейнеленген. Бұл кісілер кезінде Шы­ғыс Түркістан мемлекетін құрамыз деп, азаттық үшін ай­қасып өткен арыстар. Ал екінші портретте Әлихан Бөкейханұлы қасқая қарап тұр. − Бұл қазақтың тұңғыш саясат қайраткері ғой, Алаш үкіметін құрған адам, − дейтін ол туралы Хасен Оралтай. Сол үш айдың бедерінде «Азаттық» радиосындағы жігіттермен танысып, араласып кеттік. Сөз реті келгенде, Хасекең бастаған сол тұстағы «Азаттық» радиосының қызметкерлеріне аз-кем тоқталып өтейік. Мұқабай Еңгин Хасекеңнің орынбасары, жоғары білімді, биязы жігіт, барынша еңбекқор азамат. Келіншегі қырғыз балалары­мен қазір де Мюнхенде тұрып жатыр. Сол сияқты көп оқитын, Қазақстаннан шыққан тарихи кітаптарды көтергенінше ар­қалап Германияға апарумен жүрген Әбдіқайым (Кесіжі) Бірғазыұлы деген ақкөңіл жігіт атажұртына жиі келіп жүрді. Жазушы Сәтімжан Санбаевпен шүйіркелесіп, араласып тұрды. Тоқсаныншы жылдардың бас­ында Әбдіқайымның келіншегі Фатма екеуінің Өзгел деген кішкене қызы балабақшаға барып жүретін. Қазір ол қыз бойжеткен. Өзге елде туған соң есімін солай атаған. Әбдіқайым бүгінде Мюнхендегі Қазақ диаспорасы орталығының жетекшісі. Тағы бір азамат Әлихан Жаналтай. Ол да хал-қадерінше қазақтың мүддесін қорғап, елдің басын біріктіріп, мерзімді басылымдарға мақала жазып жүреді. Әлиханның әкесі Дәлелхан ақсақал Түркиядағы беделді қариялардың бірі.Үлкен аталары Қытайда генерал болған атақты кісі. Хасен ағамыздың көзінің ағы мен қарашығындай қызы Нұркамал да «Азаттық» радиосында ұзақ жыл қызмет ат­қарды. Кейін «Азаттық» Пра­гаға көшкенде Нұркамал да Хасекеңмен бірге барып, үш айға жуық сонда болып, радио­ның көші-қонының басы-қасында жүрді. Сондай-ақ, Ісмет Бичер, Гүлхан есімді қыздар да Мюнхендегі радиода жұмыс істеді. Германиядан Қазақстанға жиі келіп, атажұртымен екі арада кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген Өмірқан Алтын деген азамат бар. Ол сондай-ақ, қазақша күрестің Еуропа феде­рациясының президенті. Талғат Көкбұлақ (Қосжігіт) деген жігіт ағасы Хасекеңмен қатарлас Мюнхенде жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты. Жыл сайын Түркиядағы туыстарына барады. «Азаттық» радиосының Германиядағы тілшілері арасында Қазақстанға бір рет те келіп қайтпаған Мұқабай Еңгин мен осы Талғат Көкбұлақ. Ал әлгі Суат Шеруші деген жігіт те «Азаттықтың» Мюнхендегі белді тілшісінің бірі болды. Өзі неміс тілін жетік білетін. Кейін Түркияға қоныс аударып, өзбек қызына үйленіп, хабарсыз кетіпті. «Азаттық» радиосында белсенді қызмет істеп, орысша жетік білетін, аса сауатты, жан-жақты білімді, әрі мінезі тік бір азамат болды. Ол Қазақстаннан шыққан диссидент, ҚазМУ-дің философия факультетін бітіріп, Түркіменстанда – Чарджоу университетінде оқытушылық қызметте жүріп, марксизм-ленинизм ілімін ревизиялап, артына КГБ адамдары түсіп, саяси көзқарасы үшін он жылға сотталып кетеді. Жеті жылдай түрмеде отырып, артынан Сургутте сүргінде жүргені бар. Ақыры амалын тауып, шетелге шығып, Австрия арқылы Германияға келеді. Оның «Азаттық» ра­диосындағы хабарлары мірдің оғындай, коммунистік одақтың іргесін шайқалтатындай өткір фактілермен тыңдарманды бау­рап алатын. «Азат Еуропа» – «Азаттық» радиосының тағы бір қызметкері Әбдіуақап Қара деген азамат Германиядан кеткен соң тарихшы ғалым ретінде соңғы оншақты жылдың бедерінде ерекше белсенділік танытып келеді. Түбі бір туысқан, бауырлас екі мемлекеттің арасындағы дәнекер ретінде Қазақстанға жиі келіп тұрады. Мюнхенде жүргенімде біраз уақыт қонақ үйде тұрдым. Сонда Хасен аға күнде таңертең үйінен шығарда өзімен бірге радионың ғимаратына мен үшін түскі тамақ ала келетін. «Ақшаңды үнемде, балаларыңа керек болады, мұнда бәрі қымбат», деп қамқорлық танытқанын қалай ұмытарсың. «Азаттық» радиосындағы әрбір хабар, алынған сұхбаттар қазақ үшін қызмет етуі керек, соған бағышталсын. Американың «көк қағазын» алып, босқа жүрмей қазақтың тәуелсіздігі, елдің дербестігі мен азаттығы үшін күресейік», деп айтудан танбайтын.

Ол кісі өтірік көлгірсуді, жа­сандылықты жақтырмайтын. Ондайларға бетің бар, жүзің бар демей, айтып салатын. Тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың демекші, сол батыл мінезімен кей­біреулерге жақпай да қала­тын. Мысалы, сонда жүрген бір әйелге қаратып: «Әй қатын, сен өтірік иманды болма, шын ниетіңмен Аллаға құлшылық ет», деп қойып қалғаны бар. Немесе, Алманияға барған бір коммунист шенеунікке: «Сен мұнда неғып жүрсің, қазаққа көк тиын пайдаң жоқ, жегенің доңыздың еті, салғаның жын-ойнақ», деп дүрсе қоя бергенін естіп, әлгінің теріс тірлігін білетін сондағы талай жұрт риза болса керек.  Мюнхендегі «Азаттық» радио­сының ғимаратында үшін­ші қабатта орналасқан қазақ редакциясына келгенімде ең алдымен, көзіме түскені Қазақстан картасы болды. Ондағы қалалар аты өзінің нақты тарихи атаулармен жазылыпты. Картада Семей – «Алаш», Петропавл – «Қы­зылжар», Павлодар – «Кере­ку» деп жазылған. Бұл шаһарлардың ежелгі атауы осылай ғой. Қа­зақстан одақтың құрамында болған кездің өзінде шет елдегі ағайындар атажұртының азат­тығын аңсап, ежелгі қалаларын өзінің атамзаманғы –шынайы атауларымен атап, солай қабыл­дағанының айғағы міне, осыдан көрінсе керек.  Жоғарыда айтқанымдай, «Азаттық» радиосы Мюнхеннен Прагаға көшкенде Хасекең бі­рер көмекшілерімен қазақ бөлім­шесінің дүние-мүлкін, мұ­ра­ғат құжаттарын, қазаққа керек деген талай құнды материалдарды көшіріп апарып, кейін Қазақстаннан шақырылған жігіт­тердің қолдарына өткізгені бар. Өзі сонда үш айдай болып, зейнет жасына жетіп демалысқа кетерінде сол мұраны артында қалғандарға аманаттап тап­сырған-ды. Жігіттерді жинап алып: «Сендерге айтар аманатым, жыл сайын Мұстафа Шоқайдың туған күні мен өмірден озған күнінде арнайы хабар дайындап, оның халқына жасаған қызметін, азаттық үшін күрескенін, аң­саған арманын, іске асыра ал­маған идеясын тыңдарманның құлағына жеткізіп, санасына құйып отырыңдар. Екінші, айтарым, Шығыс Түркістандағы Оспан батырдың ұлт-азаттық үшін күресін, елінің дербестігі айқасып өткенін, қалай айуандықпен өлтірілгенін еске алып, сол датаға орай жыл сайын хабар беріп тұрыңдар. Алашорда үкіметінің құрылған күнін ұмытпаңдар. Сондағы қазақ мемлекетін құрып, соның қалыптасуына жанын сала күрескен Әлихан Бөкейханұлы бастаған қайраткерлерді еске алып отыру сендерге аманат. Жалпы, желтоқсан айы қазақ халқы үшін қасиетті күндерге толы. Желтоқсан көтерілісі, жастардың азаттық үшін бас көтеруі естеріңнен шыға қоймас. Осындай айтулы кезеңдерді «Азаттық» радиосы ешқашан назардан тыс қалдырмасын. Халқымыз үшін кез келген маңызды оқиға, ұмытылмас тұлғалар ескерусіз қалмасын. Бұл келер ұрпаққа қажет. Менің соңғы аманатым, өтінішім осы», деген еді Хасекең Прагадағы жігіттермен қоштасып тұрып. Хасекең өмірінің соңғы сәтіне дейін қарап отырмады. Жасы сексенді алқымдап, ауруы меңдесе де ғаламтордың құлағынан түспей, елмен байланысып, барлық ақпараттан хабардар болып, басылымдарды қалт жібермей отырды. Ол кісінің қолынан талай кітаптар шықты, құнды еңбектер жазылды. Түркиядағы ғалым інісі Әбдіуақап Қара соңғы кездері бір тың ой айтып, Хасекең туралы деректі фильм түсірсек, ол кісіні білетіндер естелік айтса, Хасен ағаның өзін сөйлетіп, бейнетаспаға ойларын жазып алсақ деп жүргенде аяулы ағаның өзінен айрылып қалдық. Кештеу қимылдасақ керек. Хасекеңнің Егей теңізі жаға­сында орналасқан Өздередегі үш қабатты вилласында толып жатқан бағалы дүниелер, фотосуреттер мен сирек кездесетін құнды кітаптар бар болатын. Онда төте жазумен, орыс әр­пімен жазылған кітаптарға қоса орыс, араб, ағылшын, неміс тіліндегі еңбектер жеткілікті еді.

Көпшіліктің қолында жоқ сирек кездесетін дүниелер сонда қалды. Солардың жоғалып кетпеуіне, ұлтжанды азаматтардың қолына тиіп, халқымыздың қажетіне жарауына ағамыздың аяулы қызы Нұркамалға аманат дейміз. Ал оның Мюнхендегі үйінде ұзақ жылдар жинаған мол мұрасын өзінің құрдасы, академик Рымғали Нұр­ғалиға аманаттап тапсырып, сол арқылы үш-төрт жыл бұрын Астанадағы Еуразия универ­ситетіне жіберген еді. Құрдасы, сырласы, пікірлес досы елге әкеп, бір уһ дегені бар. Амал не, ол кісі де Хасекеңнен бірер ай бұрын өмірден озды. Тағдырдың жазуымен, заман ағымымен шетелде жүріп, қиын-қыстауда шыңдалып, мың өліп, мың тіріліп, алтын бесік Алтай аймағындағы Түркияға, Түркиядан Еуропаға жетіп, алыста жүрсе де азаттық үшін күресіп, Әлихан, Міржақып, Мұстафа Шоқай сынды арыстардың идеяларын жалғастырып, солардың аңсаған арманы – Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізгенін көзімен көріп, соған сүбелі үлес қоса білген, еліне келіп, аунап-қунап жүре алған, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Хасен ағамыз міне, осындай есіл азамат еді.

Саясат БЕЙІСБАЙ,  журналист

egemen.kz

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*