Шежіре

АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ БІР СӨЗ

Отаршы “ақ патшаның” шенді шекпені үшін (кейде тіпті үлкен күміс табақ пен артық қадақ күріш үшін) төрелері ұсақталып, батырлары бір-бірін шауып, соңғы хандарын ұстап беріп, “зар-заман” жыраулары ескі ізді шиырлап, аз-маз зиялысы я шоқынып, я білім іздеп шетке кетіп, Батыстағы ағартушылық пен индустриализациядан мақұрым қоғамы көшпеліден аграрлық құрылымға өтіп үлгермей жатқан аласапыран бір заманда қазақ арасында Абай туады.

Өз заманындағы ғылым мен технологияның, поэзия мен музыканың барлық озық өлшемдерін қой құрттап, жылқы жусатқан ауылдың ішінде отырып, ақылға сыймайтын қандай да бір тылсым жолмен бойына сіңіреді. Өз ортасынан кем дегенде жарты ғасыр озық өлең қалыптарын құяды, қазақы бояуы бар әдемі романстар жазады, Батыс пен Ресейдің әлеуметтік-саяси ой алыптарын қазақша сөйлетіп, үздік әдеби туындыларын тәржіме қылады. Барымта мен болыс сайлаудың, жер мен жесір дауының арасында шабылып жүрген атты-жаяулы көптің шуы басылып, шаңы сейілген мезгілде – түннің бір уағына дейін отырып, суыған сүтті шайын сораптап қойып, кітап оқиды, дедукция мен индукция туралы ойланады, ағайыннан шыққан бірді-екілі талантты балаларға домбыра шерткізеді, скрипка тартқызады. Әрбір жыр жолы, әрбір қара сөзінің сөйлемі мақал-мәтелге айналады. 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында шыққан сөз тіркестері емес, қадым заманнан бар даналық сияқты. Қызық. Кейде маған Абай ешқашан өмірде болмаған, қараңғы орта үшін шам іспетті, қазақтың өзін жұбату үшін, жаңа идеялар мен идеалдарға ұмтылу үшін ойлап тауып алған қастерлі бір образы сияқты көрінеді. Кейде тура өзімнің туған атам сияқты сезім туады. Сағынам. Жақсы көрем. Осы махаббат бойымда сақталса, қазақ болып қала беретініме сенем. Жай қазақ емес, Абай аңсаған жақсы қазақ болып.

Ғалым Боқаш

http://kerey.kz

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*