Жаңалықтар

ҚР СІМ Қытайдағы қазақтардың мәселесінде белсенділік таныта бастады

Қытайдағы қазақтардың мәселесіне байланысты өтініштердің жиілеуіне орай, ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Қытай дипломатиялық ведомстволары Қытайдағы қазақтардың мәселесін талқылау үшін жүйелі түрде консультация өткізіп жатқандарын айтады. Бұл туралы СІМ-нің ресми сайтында жарияланды.

Сыртқы істер министрлігінің сайтында, «27 қарашада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов ҚХР Елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті және Астанадағы ҚХР Елшілігінің консулдық бөлім басшылығымен қазақ диаспорасына (ҚХР азаматтары) байланысты мәселелерді шешу жолындағы ынтымақтастық жөніндегі консультациялар өткізілді. 9 қарашада Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі (вице-министр) Ли Хуэйлаймен кездесті», – деп хабарланды. 

Мәлімдемеде белгілі болғандай, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Үрімжі қаласында биыл жыл соңына дейін сапарлай бармақ. Сапар мақсаты Шынжаңдағы Сыртқы істер басқармасы басшылығымен кездесу, сонымен бірге ҚР СІМ Паспорт және визалық қызмет инспекциясын жасау делінген. Ал желтоқсан айында сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Бейжің қаласына сапарлай барып, Қытайдағы қазақтардың мәселесін қамтыған ҚР-ҚХР арасындағы Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің және екі ел Сыртқы істер министрліктер арасындағы саяси консультациялар отырысын өткізгелі отырғаны белгілі болды.

Бұдан сырт СІМ жариялаған мәліметте, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен шетелдегі қазақтарға қатысты мәселелер ҚР Сыртқы істер министрлігінің негізгі күн тәртібіне енгенін атап айтады. Әлемдегі бір тұтас қазақ дейтін ұлт үшін ҚР СІМ-і жасап жатқан бұл қадамы қуанарлық іс деуге болады. Енді тек ісінің өнімі елдің күткен жерінен шығып, діттеген ісін тындырса деген тілек пен үміт қатар артылмақ.

“The Qazaq Times”

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*