Қытай өз ішкі істеріне араласуды жақтырмайды, бірақ содыр саясат жүргізген Шыңжаңның Қытай билеушісі өз билік тарапынан қатты сыналды да, орнынан алынды. Қандастарының Шыңжаңда жаншылуы – Қазақстан тарапынан адекватты бағалау алды деймін.
Сыртқы Істер министрлігі тарапынан Қытайға дипломатиялық нота тапсырылған, Алматыда бірнеше бейресми протестік акциялар да болды. Қазақ, қырғыз бен ұйғыр тараптарынан бейресми саяси протестік шаралар өткізілді. Сол сияқты халықаралық институттарға жергілікті ұлттардың жаншылуы хәлі туралы әлемдік Халықаралық ұйымдарға арыз-шағымдар мен өтініштер жіберілді. Ал АҚШ пен Еуропалық Одақ бұл құжаттарды пайдаланып, Қытайға қосымша санкциялар салу ықтималдығы бар. Осыдан кейін бара-келе қазақты жаншу жұмсарады-ау деп ойлаймын. Қытай коммунистік жүйеден пәлендей қайтпаған мемлекет, оның үстіне оның империялық дәмесі де бар. Қытай ұлттық азшылықтар мәселесін түпкілікті қытайландыру арқылы шешпек. Басқа ұлттық азшылықтардың біразын жұтып үлгерген, бірақ мұсылмандарды қытайландыру ассимиляциялау жолын әлі тапқан жоқ. Тіпті, тибеттіктерді де сіңіре алған жоқ. Мүмкін оған ұзақ кезең керек сияқты. Қытайдың даму қарқыны бара-келе бәсеңдей береді: экономикалық қарқын 12%-тен 6%-ке түсті. Біздің ойымызша, Қытайдың экономикалық өсуінде социализмге тән “қосыпжазу” көтеріліп келеді. Бара-келе Қытай нарықтық пен саяси либерализм, құқық пен өзін-өзі басқару жүйесінен таю процесі күшейіп келеді. Олай болса олар осы бағытты сақтаса тығырыққа барады. Түбінде Қытай КСРО-ның кейпін киеді, дағдарысқа түсіп, ыдырайды. Қытай жақын болашақта бірқатар мемлекеттерге агрессивті пиғыл көрсетеді.