Тарихтың тарғалаң бір тұсында тағдыры қыспаққа түскен қазақ баласының дәм-тұзы қайда шашылмаған.
Тұран кіндігі Алтайдан Гималай асып Анадолыға жеткен қазақтардың бүгінгі ұрпақтары Еуропаның жер-жеріне тарап отыр. Қарт құрлыққа бытырай тараған қандастар ғылымы мен техникасы озық жұртта да көшінен қалыспай, өзінің шаруашылығын дөңгелетіп, бір жағынан ұлтын ұлықтап, қазақ атын қайда болмасын биік көтеріп жүр. Аустрияның (Австрия) Вена қаласында тұратын қазақтардан құралған «FC Vienna Kazakh» танымал футбол командасы соның бір дәлелі. Аталған құраманы Венадағы қазақ мәдени қауымдастығының жетекшісі, қандасымыз Сажит АЛИ басқарып отыр. Бірер күн бұрын Сажит мырза Алматыға келген еді. Осы сәтті пайдаланып, Еуропадағы қандастарымыздың жай-күйі және Еуропа мен Қазақстан арасындағы бірқатар тақырыптар туралы әңгіме-дүкен құрғанымыз бар-тын.
– Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасақ. Туған жеріңіз, балалық шағыңыз, мамандығыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
Еуропада тұрғаныма 28 жыл болды. Кішкентай кезімде отбасымыз Түркиядан Аустрияға қоныс аударды. Венада мектеп бітіріп, «Электроник» техникалық университетінде білім алдым. Бұған қоса ғылым саласы мен менеджмент бойынша тәжірибе толықтырдым. Алғашқы қызметімді ІТ маманы, инженер ретінде бастаған болатынмын.
– Қазақтар Аустрия жеріне өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап қоныс тепкенін білеміз. Осы уақыт көлемінде қазақи орта түбегейлі регенерацияға ұшырап кеткен жоқ па? Ондағы бауырлас ағайын ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, ана тілінде жетік сөйлей ме?
2001 жылдан бері Венада қазақ диаспораларының мәдени орталығы, қазақ қоғамы жұмыс істеп келеді. Салт-дәстүрлерімізді тынбай насихаттап отырамыз. Вена қазақтары қашан да дәстүрді дәріптеп, ұлтты ұлықтаудан бас тартқан емес. Тіл тақырыбына келер болсақ, өкінішке орай, бізде қазақ тілін оқытатын арнайы курстар жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан да, тіл мәселесі қиындық туғызады. Туған тіл ананың ақ сүтімен дариды. Кез келген перзент өз тілін мадақтауы қажет. Осы мақсатта қазақ авторларын оқып, әндерін тыңдаймыз.
– Қазақ мәдени қауымдастығына басшылық етіп отырғандықтан, қандастарымыздың жай-күйінен хабардар боларсыз. Еуропада тұратын қазақтар өз шаруашылығын қандай бағыттарда дамытып отыр? Миграцияға қатысты қиындықтар туындай ма? Венадағы қазақтар тері илеу, киім тігу, тоқыма өнеркәсіп салаларын жақсы жүргізіп келеді. Алтайдан Гималай мен Памир асып Түркияға қоныс аударған аталарымыздан бері қарай ондағы қазақтар осы салаларды мықты дамытып келеді. Миграция кез келген елде мәселе туғызатын тақырып. Бірақ, дамыған мемлекеттердің қатарында болғандықтан, көші-қон жағдайы жақсы қолға алынған. Сырттан келген тұрғындарға өз жағдайын жасап алғанға дейін қаржылай, материалдық көмек көрсетіледі. Алғаш рет Венаға көшіп барғанда, жергілікті халықтардың үрке қараған кездері болған. Кейіннен жете таныса келе, сол ортаға бейімделіп кеттік. Бес күндік жұмыс уақытында тіл білмейтін қандастарымызға көмектесіп, жылы тартады.
– Вена қазақтарынан құралған «FC Vienna Kazakh» футбол командаңыздың бар екенінен хабардармыз. Енді осы команда туралы мәліметтер бере кетсеңіз. Соған қоса, салыстыра отырып Қазақстандағы футболға қандай баға берер едіңіз?
«FC Vienna Kazakh»-тың құрылғанына екі жыл болды. Қазірше құрамда 43 жігіт бар. Олардың 35-і диаспоралық, жергілікті және студент қазақтар. Қалғаны түркітілдес ұлттар. Негізгі мақсат – шетелдегі қазақтарды бір арнаға тоғыстырып, футболды дамыту және әлемдік ареналарда ойын көрсету. Құрамадағы бес жігіт Венадағы ұлттық футбол ойынының сапында өнер көрсетеді. Біраз уақыт көлемінде жоғары белестен көрініп үлгерді. Ал Қазақстандағы «Астана» футбол командасын жақсы көремін. Біздің командамызда кішкентай балалар, жасөспірімдер мен ересектер де бар. Өзара сын немесе жоғары деңгейдегі жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жалпы Қазақстандағы футболмен салыстырғанда, құрылғанына көп болмаса да «FC Vienna Kazakh»-тың тәжрибесі жоғары деуге болады. Нағыз ойын көрсетіп, болашағынан үміт күттіреді-ау деген жігерлі жігіттер жиналған. Ойыншылар үнемі жаттығу жасап, намысқа тырысады. Жалқаулық, салғырттыққа жол жоқ.
– Елде «Қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы» дейтін тақырып жұрттың көп талқысына түседі. Осы ретте «ұлттық кодты» сақтау немесе аралас некеге деген көзқарасыңызды білсек…
Ұлтын шын сүйетін, туған жеріне бас иетін кез келген қазақ аралас некеге жол бермеуі қажет деп есептеймін. Неге десеңіз, біріншіден, атам заманнан бері біздің қанымыз бұзылмаған. Әлем бойынша ең таза халықтардың біріміз.
Екіншіден, тал бесіктен бойға сіңген тәлімді тәрбие мұндайды болдырмайды.
Үшіншіден, қазақ қызы өзгеге тұрмысқа шықты деген сөз – оның енді қазақ еместігін, ұрпағының қазақи болмысты ұстанбайтынын білдірсе керек. Мұндайда қазақ бірлігі, сонау заманнан қалыптасқан мәдениет әлсірейді. Сіз жөнімен айтып отырған ұлттық код мәселесі қашан да маңызды. Шетелдік күйеубалалар саны артқан сайын ұлттық код өзгеріске ұшырайды. Бұл – тұтастай халық мәдениетін, салт-санасын регресске әкелуі мүмкін.
– Салыстыруға келмейтін, өзге құндылықтардағы екі қоғам екенін білсек те, Еуропадан келген немесе «Еуропа көргендерден» Қазақстан мен Еуропа арасындағы айырмашылықтарды сұрауға дағдыланғанбыз. Бұл тақырыпта не дер едіңіз? Менің көзқарасымда, қазақтар бірінші кезекте қонақжайлығымен ұтады. Мұнда көрші-қолаң, туған-туыс болып жиі қонаққа барамыз, ұлан-асыр той болады, бір-бірімізді жатсынбаймыз. Бұның өзі бір артықшылық деуге болады. Себебі, Еуропаны алып қарасаңыз, оларда ондай жоқ. Адамдар робот сияқты. Интеллектке жиі жүгінеді. Менталитет мүлде өзге. Тұрғындар жаңа заман, технологиялар ғасырына қатты бейімделген.
Ал, шетелде жұмыс жасайтын қазақ азаматы ретінде атажұртымызда қазақ тілінің қазіргі жағдайы басты кемшілік дер едім. Себебі, біз қазақ азаматына ана тілімізде сұрақ қойсақ, ол бізге орысша жауап береді. Біраз жерден сондайды байқадым. Бұл – көңілге қаяу түсіретін, қынжылтатын жағдай. Бірақ, қалай болған күнде де, атажұрт бізге ыстық. Қазақ халқы дәстүрлі өнерді өз деңгейінде алып жүргенімен, Еуропадан экономика, техникалық салалар жағынан бір адым кейін. Жастар ғылымға, космосты игеруге, тың технологияларды ойлап табуға құлшынысты болуы қажет деп ойлаймын. Болашақтың жарқын болуы да осыған байланысты.
– Сіздіңше, білім саласындағы негізгі ерекшеліктер қандай? Қазақстанда мәдениет, өнер, классикалық және ұлттық музыка жақсы дамыған. Ал Еуропада ғылым, жаратылыстану бағыты, техникалық саланы дамыту, журналистика және түрлі индустриялық жобалар жоғары деңгейде. Тіл үйрену де басты міндет саналады. Алдымен туған тілді білу қажет. Одан кейін неміс, француз тілдері міндетті түрде оқытылады. Жоғары оқу орындарындағы талаптар өте жоғары. Есесіне, тәжірибе жағынан білікті маман болып шығасыз.
– Венада қазақ азаматтары, студенттер жиі бас қосып тұрасыздар ма? Жиі жиналып, рухани, мәдени кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Аз уақыт көрмей қалсақ, сағынысып қауышамыз. Қазір Венада 500-ден астам қазақ студенті «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Одан бөлек, жергілікті тұрғынға айналған отбасылар бар. Барлығымыз кең дастарқан басында жиналып, шер тарқатамыз. 2003 жылдан бері Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізу дәстүрге айналғалы, студенттер легі артты.
– Еркін сұрақ қойғым келіп отыр, өзіңізді қандай адамдар тобына жатқызасыз? Білгенімнен білмейтінім, әлі де үйренерім көп. Қашан да еңбек етіп, ізденісте жүргенді, кітап оқығанды жақсы көремін. Алға қойған мақсаттарыма жетіп, одан ары дамуды қалаймын. Адам баласы үнемі тәжірибелік кезеңдерге құштар болғаны жөн. Өзімді шыңдалудан жалықпайтын адаммын деп айтар едім.
–Келешекте атамекеніңізге оралу ойыңызда бар ма? Шетелде дүниеге келсем де, атажұртымыз қазақ жеріне бүйрегім бұрып тұрады. Аустрияда қазақы дәстүр, өнерді дамыту мақсатында қызмет етіп келемін. Дегенмен, Еуропаның өмір сүру салтына көнігіп қалғанымыз шын. Бір жолата атажұртқа қоныс аудару туралы әзірге нақты шешім қабылдамадым.
– Риясыз сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Арай ЖҰМАТАЙ