Жаңалықтар

Қарулы Күштеріміздің қауқары қандай?

Қарулы Күштері

Қазақстан Қарулы Күштерінің қауқары қандай? Қорғанысымызды қамтамасыз етеді деген әскеріміздің әлеуеті нешік? Бұл сауал кім-кімді де мазаламай қоймайды. Бір анығы, соңғы жылдары бұл салада саннан сапаға көшу басталды.

Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштеріміздегі офицерлік құрам лауазымдарын келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауға кірісті. Нәтижесі, бүгінгі таңда отандық армиямыздың 60 пайыздан астамы кәсіби әскерилерден тұрады.

Кәсіби әскерилерді қабылдау жалғасуда
Жасыратыны жоқ, әуелгіде әскерге келісімшарт бойынша қабылдауға күмәнмен қарағандар болды. Алайда, қазіргі таңда келісімшарт негізінде әскери қызмет атқаруға өтініш білдірушілер қарасы көбейіп келеді. Бұған түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі сеп болғаны анық. Мәселен, бүгінде келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу жүргізетін 61 қосын құрылған. Оның 34-і Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен басқармалар базасында, ал 11-і Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істеуде. Тағы бір осындай қосынды Астанадағы темір жол вокзалынан табасыз. Бұдан бөлек, республика бойынша келісімшартпен әскери қызметке іріктеу жүргізетін 15 жылжымалы қосын жұмысы ұйымдастырылған.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап әскери қызметке қабылдау қосындары арқылы 2 мыңға жуық адам кеңес алып, 900-ден астам запастағы офицер әскери қызметке қабылдау туралы баянат жазған.
Әскери қызметшілерді келісімшартпен жасақтаудан күтеріміз көп. Сапа артады, біліктілік көтеріледі. Десе де, сарапшылар әскери қыз­мет­керлердің әлеуметтік мәселесін ұмытпағаны абзал деді.
«Келісімшартпен әскер жасақтаудың тиімділігін уақыт көрсетеді. Жалпы, әскеріміздің әлеуетін көтеру үшін әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешу керек. Өз басым әскери сала туралы БАҚ-тардағы мәліметтермен ғана баға бере аламын. Себебі бұл – бұқара халық үшін жабық сала. Ал ақпараттық кеңістікте өзіне қол жұмсаған солдат, жемқорлыққа жол берген әскерилер туралы оқимыз. Осындай ақпараттар әскери өмір туралы теріс пікір қалыптастырады. Сондықтан бірінші кезекте жемқорлықпен, әлімжеттікпен күресу керек. Келісімшартпен қабылданған әскерилер қызмет барысында әлімжеттік жасап жүрмей ме? Бұл мәселе келсімшартта қалай көрсетіледі, осыған мән беру керек деп ойлаймын» дейді «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының сарапшысы Серік Бейсенбаев.
Ол рас. Әлеуметтік мәселесі бас ауыртпайтындар ғана алаңсыз еңбек ете алады. Бұл ретте әскери қызметке келісімшартпен қабылданатындардың әлеуметтік жағдайын жақсартудың жан-жақты қарастырылғанын айта кету керек. Біріншіден, әскери атағы мен лауазымына қарай 80 000-нан  150 000 теңгеге дейін жалақы тағайындалады, қызмет өткерген жылдарға сай жалақы да көтеріліп тұрады. Зейнетақы қорына жалақының 20 пайызы мемлекет есебінен аударылады. Баспанамен қамтамасыз ету де қарастырылған. Егер қызметтік тұрғын үй болмаған жағдайда отбасы мүшелерінің санына және қызмет орнына сай пәтерді жалға алуға ақшалай өтемақы төленеді. Мәселен, үш адамнан тұратын отбасына берілетін өтемақы мөлшері Астана қаласында 113 994 теңге, Өскемен қаласында 48 114 теңге, Тараз қа­ласында 34 614 теңге, Ақтөбе қаласында 56 808 теңге деп белгіленген.
Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық қызметпен қамтамасыз ету де көзделген. Тағы бір артықшылығы, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу үшін төленетін соманың 50 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Әскери қызметкерлердің балаларына балабақшадан кезектен тыс орын беріледі. Мұның барлығы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда қарастырылған.

Білім мен білік басты орында
Кәсіби әскерилерді келісімшартпен қызметке қабылдаудың астарында білікті кадрлар қатарын арттыру жатқаны анық. Тағы бір айтарлығы, біздің елде әскери қызметшілердің білімі мен біліктілігін шетелдің озық оқу орындарында арттыруға да басымдық беріліп отыр. Мәселен, әскери қыз­меткерлеріміз бірқатар елдерде оқып, білімін жетілдіріп жүр.
«Қазақстан мен Беларусь елдері Қарулы Күштерінің арасындағы ынтымақтастық серпінді дамуда. Біздің Қарулы Күштер арасындағы белсенді ынтымақтастық әскери білім саласында да жүзеге асып келеді. 2010 жылы алғаш рет Бас штаб факультетінің, Командалық-штаб факультетінің алғашқы тыңдармандары және Әскери академияның курсанттары түлеп ұшты. Қазіргі таңда Беларусьтің Әскери академиясында және университеттерінің әскери кафедраларында жүзден астам қазақстандық әскери біліктілігін арттыруда» дейді Беларусь Республикасының Қазақстандағы әскери атташесі, полковник Виталий Коряченков.
Ал Қазақстандағы АҚШ елшілігі жанындағы әскери ынтымақтастық бөлімінің бастығы, майор Джастин Колберттің дерегінше, 1994 жылдан бастап АҚШ қазақстандық 440 әскери қызметкерді әскери оқу мекемелерінде оқуға қабылдаған.
Айта кетейік, күні кеше ғана Қорғаныс министрлігі АҚШ-қа төрт қазақстандықты оқуға жіберу үшін іріктеу басталғанын хабарлады. Кандидаттардың әрқайсысы «West Point» Құрлық әскерлері әскери академиясы, Әскери-теңіз күштерінің академиясы, Әскери әуе күштерінің академиясы, Жағалау күзеті академиясы сияқты беделді жоғары оқу орындарында 4 жыл бойы білім алады. Үміткерлердің АҚШ жоғары оқу орындарында түскені туралы ақпарат шамамен 2014 жылғы мамыр айының басында белгілі болады.
Олар 2014 жылғы маусым айының ортасында әскери ант қабылдаған соң Америка Құрама Штаттарына оқуға жіберіледі. Жол жүрер алдында курсанттар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет өткеру туралы келісімшартқа қол қояды екен. АҚШ әскери оқу орнын бітіріп, Отанына оралған соң Қазақстан армиясында ең кемі 10 жыл қызмет ететін болады.

Халықаралық сарапшылар бағасы қуантады
Қазақстан әскерінің біліктілігі туралы сырттағы сарапшылар бағасы көңіл қуантатынын айтуымыз керек. Қазақ «Сырткөз сыншы» дейді. Халықаралық сарапшылардың біздің әскери қызметкерлердің білімі мен біліктілігіне берген қандай да болмасын бағасы біз үшін бағалы. Негізінен, халықаралық сарапшылар қазақстандық әскерилердің біліктілігін түрлі әскери байқаулардан көріп, бағалап жүр. Мәселен, олардың назарын «Дала қыраны» тактикалық арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуы аударыпты. Қазақстан мен НАТО арасындағы әріптестік қимылдарының Дербес жоспарын жүзеге асыру шеңберінде өткізілетін бұл байқау биыл «Іле» полигонында оныншы рет ұйымдастырылған-ды. Оқу-жаттығуға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Швейцария, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің Қарулы Күштерінің өкілдері қатысты. Қазақстан жағынан «Қазбат» бітімгершілік батальоны толық құрамда, «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының штабы және Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері, құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері де қатысты. Бір атап өтетін жайт, полигондағы ахуал шынайылыққа пара-пар жағдайда болды.
Міне, осы байқаудан кейін НАТО және Қазақстан Қарулы Күштерінің сарапшылары «Қазбат» бітімгершілік бөлімшесінің іс-қимылын «Жедел әлеует тұжырымдамасы» бағдарламасының бірінші деңгейі бойынша бағалады. АҚШ, Италия, Ұлыбритания және басқа да жаттығуға қатысушы елдердің әскери командирлері, Қазақстан ар­миясының бітімгерлік миссияны орындауда зор әлеуетке ие болып отырғандығын және «Қазбат» БҰҰ шеңберінде кез келген мемлекетте басқа елдердің қарулы күштерімен бірлесіп әрекет етуге дайын екенін атап өтті. Мәселен, НАТО-ның ресми сайтында «NАTO assists Kazakhstan Peace Keeping Battalion with Extrcise Steppe Eagle» («НАТО қазақстандық бітімгерлік батальонға «Дала қыраны» жаттығуын өткізуге көмектеседі») атты мақала орналастырылды. Мақалада НАТО әскери серіктестік Басқармасы үйлестіру және интеграциялау дивизионының директоры, генерал Бардхил Колчаку: «Мен ынтымақтастықтың деңгейіне, ақпарат алмасудағы ынта мен құлшынысқа таңдандым, бұл дегеніңіз «Қазбаттың» бітімгерлік операцияларды еркін жүргізе алатындығын дәлелдейді» деп баға берген.
Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында шет мемлекеттер қарулы күштері өкілдерінің қатысуымен өткен арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алтын Үкі» халықаралық жарысында да Қазақстан жоғары баға алды. Бұл шараға қатысқан Қазақстан, Ресей, Иордания, Қытай және Тәжікстан қарулы күштерінің бөлімшелері жоғары дене даярлығы деңгейін және атыс дайындығын, мина жару ісіндегі, әскери-ме­дициналық және радио даярлық бойынша білімдерін, бейтаныс жерде бағдарлау және картамен жұмыс істей білу дағдыларын дәлелдеуі тиіс болатын. Бірнеше кезеңнен тұратын жарыс демалыссыз өткізілді. Бұл қатысушылар үшін төзімділік сынағы да болды. Мәселен, барлау топтарына үш ша­қырымнан тұратын «барлаушы жолағынан» өту, қабырға, тікенек сымдар, жартастар және су кедергілері сияқты елуден астам элементтен тұратын кедергілер жолағынан өту барлаушылардан ай­тарлықтай дене даярлығы мен психологиялық даярлықты, ептілік пен шы­дамдылықты талап еткені айқын. Әскери ортада армияның көзі мен құлағы атанып кеткен барлаушылар байқауында Қа­зақстанның арнайы барлау тобы үздік деп танылды. Осылайша, отандық барлаушылар Ресей мен Қытай сынды алпауыт елдің барлаушыларын артқа тастады.
Ал Белоруссияда өткен снайперлер сайысында Қазақстан Қарулы Күштерінің өкілдері жеке есепте де, жалпы есеп бойынша да бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина, Катар, Иордания елдерінің снайперлері бақ сынаған сайыста Қазақстанның намысын капитан Тілектес Летвен мен аға сержант Арай Қаупаев тобы қорғаған болатын.
Үстіміздегі жылдың 12-17 тамызында Ресейдің «Алабино» оқу-жаттығу базасында «Танк биатлоны» жарысына қатысқан біздің елдің танкистері де алдыңғы қатардан көрінді. Т-72 бір негізгі және бір қосалқы экипаждарының танк командирлеріне атыс қаруынан 900 метр қашықтықтағы тікұшақ нысанасын атып түсіру тапсырмасы берілді. Сондай-ақ қозғалыс кезінде 125мм артиллериялық снарядтармен ату тапсырмасы да болды. Бағыт тек тегіс жолдан тұрған жоқ. Танктер 50 метрлік қашықтықты ирек жол арқылы артқа қарай жүріп өтеді. Бағаналарды соққан және басқа да кемшіліктер болған жағдайда команданың негізгі уақыты шегеріледі.
Содан соң экипаж танкіге қарсы басқарылатын ракета атуға арналған учаскеге келіп, команда бойынша атуды бастайды. Нысана 2100-2200 метр қашықтықта орналасқан. Жарыстың шарты бойынша экипаж мүлт кеткен жағдайда 500 метрлік айып айналымына өтеді. Егер нысанаға дөп тисе, жүрісті жалғастырады. Жарыс шеңберінде танктер су кедергісінен, «жауынгерлік көпірден», сондай-ақ бірнеше жылдамдықты қажет ететін учаскелерден жүріп өтті. Қазақстандық команда құрамындағы танк командирі, аға лейтенант Жанат Қуанышев, реттеуші оператор, аға сержант Айдын Қалиолдин, танк командирінің дублері сержант Мирас Нурко және механик-жүргізуші, ефрейтор Марат Түсіповтер екінші орынға ие болды. Бірінші орын Ресейлік командаға бұйырды. Қазақстан команда ресейлік қарсыластарынан тек 52 секундқа ғана қалып қойды. Соған қарамастан, сарапшылар мұны жоғары көрсеткіш деп бағалады.
Осы тектес әскери сайыстар тәжірибе алмасуға, өзгеден үйренуге, өзіңнің күш-қайратыңды бағалауға мол мүмкіндік береді. Күні кеше ғана «Отар» 40-әскери базасында ҚР Қарулы Күштерінің үздік сержантын анықтайтын байқау да біліктілікті сарапқа салады. Бұл конкурс әскери-кәсіптік тұрғыда ең мықты дайындалған сержанттарды анықтау мақсатында жыл сайын өтеді. Байқау шартына сай, Калашников автоматын бөлшектеу-жинау, 16 келілік оқ салынған жәшікті көтеру, «жарақаттанған» жолдасын тасымалдау, қашықтыққа граната лақтыру сияқты шарттарды сержанттар түтін мен атылған оқ дыбысы арасында жүріп өтеді. Сондай-ақ эстафета 25 метрлік кедергілер учаскесінен еңбектеп өту, жалпы, әскери қорғаныш жинағы мен газтұмша киіп жүз метр жүгіру, радиостансаны жұмысқа дайындап, байланысқа шығуды талап етеді. Күрделі жерде танкілер мен ұрыс машиналарын жүргізу, жергілікті жерді бағдарлау, 11 әскери пән бойынша тест тапсыру, әртүрлі қашықтыққа жүгіру, белтемірге тартылу, АК-74 автоматынан ату сияқты шарттарды орындап шығуы керек. Тіпті олардың ән салу, өлең оқу, билеу секілді шығармашылық өнерлері де сынға түседі.
Конкурс жеңімпаздары жүлделер мен бағалы сыйлықтармен қатар жоғары тұрған лауазымдарға ауысу мүмкіндіктеріне ие болады. Міне, отандық сержанттар осылайша өзара сайысып жатқанда еліміздің жедел басқарма офицерлері, десантты-шабуылдаушы батальон, инженерлік-саперлік және медициналық взводтардың әскери қызметшілері Ресей Қарулы Күштерінің Шұбаркөл полигонында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингенттері қатысатын «Мызғымас бауырластық-2013» бірлескен оқу-жаттығуына аттанды. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің әскери қызметшілері қатысатын оқу-жаттығуға қатысу­шылардың жалпы саны 2800 адамнан асады деген болжам бар. Бұл байқауда да әскерилер бізді жерге қаратпайды деп сенеміз. Себебі олар алғашқы «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығулары былтыр Қазақстанда өткенде мол тәжірибе жинақтағаны анық.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметкерлерді даярлауда, олардың материалдық жағдайын қамтамасыз етуде және саланы жаңғыртуда айтарлықтай қадам жасады. Әскерилеріміз ха­лықаралық сайыстарда өздерінің кәсіби дайын­дығымен мойындалып жатыр, олай болса, Қарулы Күштеріміз осы ғасырдың талабына жауап береді деп айтуға толық негіз бар. Ал осындай әскердің құрамында Отанға қызмет ету осы елдің әрбір азаматының парызы.

aikyn.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*