Жаңалықтар

Ұлт зиялылары неге ұстаз болмасқа?

Jadyaga

«Ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға». Дана Абайы айтқан осы сөз талай арыстарымыздың алдына қойған мақсаты болды. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытов бастап, бертінгі қазақтың кіл мықтылары жалғастырған ұстаздық жолы үлкен жол. Біз айтып өткен Алаш арыстары бүкіл ұлтты тәрбиеледі. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде осы ізгі дәстүрдің жалғасы біздің қоғамнан, білім саласынан айшықты орнын таба алмай отыр. Дегенмен, су бетіне тамызған сүттей, ағартушылық қызметке зиялы қауым өкілдері де келе бастағаны қуантады.

Бізге бұл ой Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қоянды ауылдық «Қоянды орта мектебіне» барған сапарымызда келді. Алдымен аталған білім орны туралы қысқаша ғана айтып өтейік. Мектеп бұрын 9 сыныпқа дейін ғана оқытатын негізгі мектептен орта мектеп дәрежесін алды. Оған бірден-бір себеп – ауылда жаңа оқу ордасының салынып, 2013-2014 жылғы оқу маусымында толықтай пайдалануға берілуі. Қоянды ауылы Астанаға жақын орналасқандықтан онда қоныстанған халық саны жыл сайын өсе түсуде. Осыған байланысты бұрынғы 130 орынға арналған ескі мектепте балалар 4 ауысымда оқып жүрген еді. Ал, жаңа мектеп 900 орынға арналған. Оқушы санының күн сайын артып отыруы да таңғалдырады. Мәселен, алғашқы пайдалануға берілген сәтінде онда 609 оқушы болса, қазір бұл сан 1151-ге жетіп отыр. Оқу ошағында 80-ге жуық ұстаз қызмет етеді. Айта кетерлігі, бұл Қоянды ауылында ашылған тұңғыш қазақ мектебі.

Бір қуанарлығы мектептің 11 сынып оқушыларына «Алаштану» пәні оқытылады екен. Оны мектеп директоры, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы өзі жүргізеді. Ж.Шәкенұлы мектеп басшылығына биылғы жаңа оқу маусымында келді. Өзі де балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген, көптеген еңбектері оқырманымен қауышқан Ж.Шәкенұлы оқу ордасына өзіндік серпін бергені аңғарылады. «Қоянды ауылындағы халықтың дені алтын бесік ауыл-аймақтардан келген. Өткен мен бүгінге көз салсақ, ұлт атын шығарған қайраткер тұлғалардың дені ауылды жердің ұл-қыздары екенін көреміз. Осыған байланысты біз де мектебіміздегі оқушылардың болашағынан үлкен үміт күтеміз» дейді директор. Сонымен қатар оқу орнының Астанаға жақын болуы да елордалық оқу ошақтарының жаңа іс-тәжірибелерімен алмасып отыруға оң орай беруде.

Осыған сай, нақты іс-қимылдар да жасалып жатыр. Баланың танымын арттырып, жеке талантын шыңдайтын қадамдар жолға қойылған. Бұрын сурет, дене тәрбиесі сынды пәндер бастауыш сыныптарда жалпылай оқытылып келсе, қазір осы пәндердің бәріне жеке ұстаздар бөлінген. Ән-күй, би, спорттық үйірмелер де ашылған. Бұл бастамалардың алғашқы нәтижелері де көңіл қуантарлық. Күз басында мектеп ұжымы қазақ күресінен облыстық деңгейдегі үлкен турнир өткізген. Әлем чемпиондары да келіп қатысқан жарыста Қоянды орта мектебінің шәкірттері де олжалы болған. Астана қаласы бойынша ұйымдастырылған мектеп аралық күрес түрлері бойынша жарыста қояндылық оқушылар тағы топ жарып, алтын, күміс, қоласы бар 11 медал еншілеген. Бұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі, оқу ордаларында әйел адамдар көп, бұл әсіресе, ұл балалардың тәрбиесінде олқылық тудырады деген пікір көптен айтылып жүр. Ал, мектеп басшылығының мұрындық болуымен спорттық ойындар жиі өтіп жатуы осы олқылықтардың орнын толтыратындай. Мектепте спортпен қатар өнерлі оқушыларға да мүмкіндік зор. Білім саласында түрлі конкурстарға ниеттеніп, талпынып жүрген оқушылар да көп. Көшін жаңа түзей бастаған мектептің бұл бағытта да шығар биігі алда секілді. Осы жолда еңбек атқарып жатқан тәжірибелі ұстаздар мен қызыл дипломмен жұмысқа алынған жас оқытушылар да бар зейін-зердесін арнауда.

Жаңа мектеп болған соң жетіспейтін тұстарды жоқ емес. Мәселен, кітапханадағы кітап қорының аздығы. Бұл үшін арнайы «Мейірім» атты шара қолға алынуда. Алғашқы болып Астанадан келген бір топ зиялы қауым өкілі, жаңа оқу орнына көрімдік, балаларға байғазы ретінде 500 кітап сыйлаған. Бұл үрдіс әлі жалғаса түспек. Оқу бағытындағы тағы бір жаңалық – 11 сыныпта оқитын 13 баланы мектеп директоры бастаған 13 ұстаздың «өкіл бала» ретінде қабылдауы. Сол арқылы олардың жеке тәрбиесі, сабақ үлгерімі, оқу жағдайы ерекше қадағаланбақ. Бұл бастама жақсы нәтиже берсе, бүкіл мектепке жалпыластыру ойда бар екен. Оқу ордасында ауыл әкімі, ауыл имамы, мектеп директоры қатысқан тәрбие сағаты да өтеді. 400 бала қатысатын бұл шараның мақсаты – балаларға жалпы адами болмыста қалай өсіп-жетілу керектігі, имани тұрғыны дұрыс танып, әдеп-иба, мізез-құлық, тектілік жосығын қалай түсініп, тәрбиелеу керектігін терең ұғындыру.

Тағы бір тың бастама – жақында мектепте «Бала-бал» деген атпен оқушылар газеті жарық көрмек. Ол бұрынғы қабырға газеттері секілді емес, республикалық деңгейге ұмтыла жарық көрмек. Астана, Ақмола облысы деңгейінде қазақ тілі мектеп газеті жоқтығын ескерсек, бұл көп нәрсенің орнын толықтыратыны сөзсіз. Тың идеяны әсіресе, облыс, аудан басшылары құптап отыр.

Біз мектеп қабырғасындағы бастамалардың, оң істердің бір бөлігін ғана айттық. Атқарылған және алда істелетін шаруалар көп екеніне сенімдіміз. Осы орайда бастапқыдағы ойымызды қайталасақ, оқу орындарында зиялы қауым өкілдерінің еңбек етуі, жетекшілік жасауы білім беру ісіне өзгеше екпін беретінін байқауға болады. Осы тақырыпқа сай әлеуметтік желіде ойын білдірген филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы «Негізі, еліміздегі жазушылардың бәрін мектепке әдебиет пәнінен сабақ беруге тарту керек. Жеті жүзден астам жазушы (мүшелікке өтпегендерін қосса одан да көп) бар. Сағат жетпейді дегеннің өзінде оқу орындарына олар жарты немесе 0,25 ставкамен әдебиеттен сабақ берсе, қоғам ізгілікке бет бұрып, жемқорлық, парақорлық қаржы полициясынсыз-ақ жойылып кетер еді» деген еді.

Осы бір орынды пікірдің астарында үлкен мән жатыр. Бүгінде жас ұрпақ жаңа технология мен техникаға бейім. Әрине, оған қуану керек. Бірақ, ғылым білген ұрпақтың рухани кемелділігі де басты орында екені ақиқат. Осы кемелділікті зиялы қауым, ұлтқа танымал тұлғалар жас өркенмен тікелей сөйлесіп, дәріс беру арқылы бойына дарытса болашақ ел иелерінің ешкімге есе жібермейтін еңселі азамат болып шығуына көп үлесі тиер еді. Бұл бастама Қояндыда қанат қақты, ары қарай оны қолдап-қуаттап, биікке шығару бәріміз үн қосатын ортақ іс болмақ.

Мұрат Алмасбекұлы, Астана


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*