2019 жылы 20 наурызда Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ тарихындағы Ұлт азаттығы көтерілісі басшыларының бірі – Оспан батыр Сіләмұлының (1899-1951) туғанына 120 жыл толуына арналған баспасөз конференциясы болып өтті.
Тәуелсіздікке деген ұмтылыстарды дәріптеп, насихаттау, ұлттың ұлы тұлғаларын ардақтау – Елбасы тікелей қолға алып отырған Рухани жаңғыру бағдарламасындағы басты қадамдарының бір парасы екені даусыз.
Жиын барысында конференцияны ұйымдастырушы «Ер Жәнібек қорының» төрағасы Жеңіс Түркияұлы ұлт азаттығы жолында жанын қиған Оспан батырдың 120 жылдығын кең көлемде атап өтуде осы жылға арналған іс-шаралармен ресми таныстырып өтті. Атап айтқанда:
Осы жиылыспен басталған бұл шара сәуір айынан бастап жас ақындар арасында мүшәйра, БАҚ бойынша үздік жарияланымдар, Қазақ күресінен республикалық турнир, ақындар айтысы, университеттерде жастармен кездесу, батырдың күреске толы өмірі жайында Ш.Ш. Уалихаов атындағы Тарих және этнография инистутымен бірлесіп монография құрастыру, ШҚО-да ас беру, қазақтар қоныстанған Еуропа, Азия елдерінде де шаралар өткізу сияқты игі істермен жалғасын таппақ.
Жиынға арнайы шақырылған құрметті қонақтар арасынан Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдеш, Зиябек Қабылдинов,Жәди Шәкенұлы, Жүрсін Ермен, Темірхан Тебегенов Өркен Нәбиұлы сияқты қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушылар мен ғалымдар баяндама жасады. Радио-телеарналар мен газет-журналдардан БАҚ өкілдері қатынасты.
Оспан батыр өмір сүрген дәуірдегі қоғамдық жағдайға тоқталсақ: ХХ ғ. бас кезінен Қытайдың Шыңжан өлкесін мекендеген қазақтар өмірінде қоғамдық-саяси оқиғалар Қытай билеушілері жүргізген саясат салдарынан күрт шиеленісе түсті. 1940 ж. қаңтар айында Алтайдағы рухани көсем Ақыт қажы Үлімжіұғлы ұсталады. Есімхан бастаған ел азаматтары аудан әкімі бастаған 11 адамды өлтіріп Алтай төңкерісінің алғашқы оғын атты.
Көтеріліс арада он айға созылған келісімнің теңсіз шарттарымен уақытша болса да тоқыраған еді. Оспан ғана қару тапсырудан бас тартады. 1941 ж. маусым айында көтеріліс қайта бұрқ ете түсті. Бұл жолғы көтерілісті Оспан Сіләмұлы бастаған еді. Оспанның жеңісімен аяқталып, қыруар қару-жарақ олжаға алынып, қазақ жасағы күшейе түседі.
Осы кезеңде Шыңжанға иелік етуге, ықпалын жүргізуге деген әртүрлі мүдделердің арасында, дәлірек айтқанда, бір жағынан Гоминдаңның, жергілікті башысы Шың-Шысайдың, келесі жағынан Совет үкіметі, Америкамен Ұлыбританияның жүргізген қитұрқы саясаттарының тоғысында Оспан батыр шын мәніндегі күрмеуі қиын саяси ахуалдың ортасында қалады. Совет үкіметі Моңғолияны араға салып, өз саясатын жүргізуге тырысты.1944 ж. И.Сталин Моңғолия үкіметі басшысы Х.Чойбалсанды коммунистік саясатты кеңейту үшін Оспанды жақтас етуге пайдаланып, кездесу ұйымдастырды. Гоминдаң үкіметі өз пайдасы үшін Оспанға 1945 ж. Сарсүмбеде губернаторлық қызмет ұсынады. Бір жылдың ішінде үкіметтердің шын пиғылын танып білген соң қызметтен бас тартып, көтерілісін қайта жалғастырды. Билеушілер өзара ымыраласып «Шығыс Түркістан», «Үш аймақ» деп аталатын қуыршақ үкіметтер де құрды.
1950 ж. көктемінен қолға түсіруге шындап ұмтылған қарулы күш Оспан батырды 1951 ж. ақпан айының 19 күні Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде қоршауға алып, қапыда қолға түсіреді. Үрімжі түрмесіне әкеліп қамап, ұзақ тергеп, үкім шығарып 1952 ж. сәуірдің 29 күні Үрімжі қаласында көпшілік алдында атып өлтірді.1953 ж. қаңтардың 12-сінде Оспан батырдың Үрімжідегі сүйегін алуға рұқсат етіліп, туған мекені Көктоғай ауданының Күрті ауылындағы Тамырлыға әкеліп жерледі.
Арада 40 жыл өткен соң дербестік үшін жанын қиған басқадай батырлардың қатарында Оспан батырдың да өр рухы қайта жанып, Қазақ Елінің тәуелсіздік алуымен аяқталды деуге әбден негіз бар.
Оспан батырдың 120 жылдығын атап өтуге арнап еліміздің әр өңірінде және шет елдегі қазақтар шоғырлана қоныстанған өлкелерде ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған.