Шежіре

Аю мінген әулие

ХIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ҚХР-дың Алтай өңірінде  Торғайты атты әулие өмір сүрген. Алтайдың аң мен құсымен тілдесіп, аюын мініп, құпия үңгірлерін мекендеген әулие туралы ел арасына тараған аңыздар көп. Қазіргі кезде Алтайда әулиенің атымен аталған “Торғайты” жайлауы және ол кісі мекендеген “Торңайты үңгірі” бар.

Торғайты ҚХР-дағы Алтайдың Торғайты деп аталатын жайлауында туылған. Ол кісінің көзін көрген көне көз қариялардың ауызынан жазып алынған аңыздарда айтылуынша Торғайты үнемі адамдарға жақсылық әкелемін деп жер кезіп, ел аралап жүреді екен.

Ел жазғытұрым Ертіс пен Қыран өзендерінің бойынан тауға қарай көшіп, етектегі төдлеуліктеріне жеткенде Торғайты қар бұзып, Қалуын арасанды тау жотасындағы үңгіріне жетіп, арасанның суына балық пісіріп жеп жатып елдің келуін көтеді екен.

Күз келіп, күн суытып ел жайлаудан қайта өзен бойына көшкенде, қар жамылып, мұз төсенген қасиетті үңгірінде қала береді екен. Алайда қыс түсе Торғайтының кей күндері аю мініп тауда жүргенін де, көкжал мініп ойда жүргенін де көргендер бар деседі.

Торғайты үңгірінде болған кезде бала көтере алмай жүрген әйелдер арнайы келіп, арасанға түсіп, бұлақтың суын ішіп, әулиеге көрінеді екен. Сонда Торғайты әйелдерің белінен үш аттап, ықылас батасын береді екен. Әулиенің айтқаны келіп бала көтерген әйелдер де болыпты. Тіпті кей бірін ырымдап атын Торғайты деп қояды екен.

Алтайда қазіргі күнге дейін жүрт Торғайтының өңгіріне келіп, бұта-бүргенге ақтық байлап, арасанға түсіп, үңгірге кіріп әулие рухын ардақтап, ол жайлы аңыздар айтысады.

Ел аузынан жазып алған: Бәйтік Дүйсебаев

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*