Тәуелсіздік алғалы бері отанымызға миллионға жуық қандастырымыз көшіп келді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде отандастарымызды жерсіндіру саясаты жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, құп аларлық іс. Өйткені қандастарымыз да тәуелсіздікті нығайтуы тиіс.
Осындай шараның бірі жақында Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында «Ел тағдыры – менің тағдырым» деген атпен өтті.
Отандастар қауымдастығының бірінші форумының Зырянда өтуінің мәні бар. Қазір мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың жаңашыл және қамқор басшылығының арқасында Зырянда осындай форум өтті. Ресеймен шекаралас ауданда қандастарды көбейту арқылы демографиялық жағдайды жақсарту стратегиялық саясат екені айтпаса да түсінікті.
Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасы: «Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге біздің жан жүрегімізді сыздатуы қажет. «Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін» деушілерге қашанда есігіміз ашық», – деп салиқалы пікір айтқан. Расында, қандастарымыздың келуі Қазақстандағы этникалық көші-қон саясатының негізгі ұстанымына айналды. Бұл салада жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Елге келген отандастарымыздың жартысынан астамы, яғни 54 пайызы еңбек жасындағы адамдар болса, 41 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың үлесін құрайды, ал шамамен 5 пайызы зейнеткерлер екен. Білім деңгейі бойынша 10 пайызынан астамы жоғары білімді, 234 мың адамның арнаулы білімі, 65 пайызының жалпы орта білімі бар. Қазақстанға келген отандастарымыз қазір өмірден өз орнын тауып, қоғамға бейімделіп, елдің тыныс – тіршілігіне толыққанды араласуда.
Бұл орайда облыс басшылығының тапсырмасы бойынша Зырян ауданының әкімі Ермак Бидахметұлы көптеген шараларды жүзеге асыруда. Аудандық департаменттің әрбір өкіліне қандастарымыз бөлініп беріліп, олардың өмірге бейімделуіне, тіл білуіне барлық жағдай жасалуда. Отандастар форумының шекаралас ауданда өтуінің геосаяси мәні барын жоғарыда айттық. Демек, қандастарымыз шаруашылыққа белсене араласып, аудан экономикасын нығайтуға белсене араласып жатыр. Қазір Зырян ауданында өз шаруашылығын дөңгелентіп әкеткен отандастармыз көп. Соның бірі – Қойбақ Әннас, ол Северное ауылдық округінің тұрғыны.
– «Мен Қытайдан келдім. – дейді ол. – Алғашқы кезде үрей де болды, Қазақстан қалай қарсы алады деп ойладым. «Жаңа өмірге бейімделе аламын ба?» деген қорқыныш болды. Отанымда мені ойдағыдай қарсы алды. Ешқандай тауқыметті сезінгенім жоқ. Жергілікті билік көп көмегін көрсетті. Анам отанымызға келіп, «Алтын алқа» иегері атанды. Зейнетақысын уақтылы алады. алғашқыда Алматы облысына көшіп келдік. Он жылдан астам уақыттан бері тұрақты мекенді Зыряннан таптық. Бұл орайда облыс және аудан әкіміне көп рақмет! 2012 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге несие алдым. Қазір шаруашылығымда 16 бас ірі мал бар. Болашақта мал басын молайтуды көздеп отырмын. Бұдан артық қандай қолдау керек?! Сондықтан жергілікті билікке, аудан әкімі Ермак Бидахметұлына алғысымды білдіремін. Өзім Таулы Үлбі орманында егерь болып жұмысқа тұрдым. Жолдасым шағын орталықта тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Балаларым мемлекеттік тілде білім алып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанымды көркейтіп жатқаныма қуанамын».
Қытайдан көшіп келген Бақытбек Тоқтарбектің де бүгін көші түзу. Осыдан он жыл бұрын туған еліне аяқ басқан Бақытбек «Отан от басынан басталады» дегенді айтады.
– Адам тоқ болуы үшін алдымен ерінбей еңбек етуі керек. Ұлы Абай да даналық «Қара сөзінде» мұны айтқан. Елге келіп, мен дастарқанның сан түрлі мәзірі мен асхананың қыр-сырын үйрендім. Ұзамай аспаз мамандығын игердім. Серебрянск қаласында өз кафемді аштым. Зырян ауданы әкімшілігінің қолдауымен орталықтан тағы мейманхана ашып отырмын. Болашақта өз кәсібімді өрістетпек ойым бар, – дейді Бақытбек Тоқтарбек.
Феклистовка ауылының тұрғыны Әшім Қалиасқарұлының қазір жағдайы жақсы. 2001 жылы Қытайдан атамекеніне оралған ол отанына келісімен қарап отырған жоқ. Алғашқыда Талғардан тұрақ тапқан ол 2009 жылы Зырян ауданына келді. Қазір осында, тірлігі түзу. Үш баласы Өскемендегі құрылыс компаниясында жұмыс істейді, бір баласы Алматыда университетте оқиды. Қазір өзі ветеринарлық дәрігер болып қызмет істейді. Қол қусырып қарап отырған жоқ. Бағдарлама бойынша мал сатып алды. 21 сиыры бар, тағы да мал басын көбейтпек.
– Отаныма келісімен мен қамқорлықты айқын сезіндім, – дейді ол. – Ешқандай тауқымет көрмедім. Кез келген мәселені аудан әкімшілігі шешіп отыр. Ендігі мақсат – тек Отаныма қызмет ету. Бұл орайда аудан әкімі Ермак Бидахметұлы Cалимовке рақмет! , – дейді ол.
Шетелден келген Березовка ауылының тұрғыны Мәрия Керімді де отаны ескерусіз қалдырған жоқ. Ол өткен жылы өңіріне «Алтын алқа» белгісін қадады. Құрметті демалысқа шықса да қарап отырған жоқ. Өткен жылы бағдарлама бойынша екі сиыр сатып алды. Ауыл әкімшілігінің қолдауының арқасында ұлы Құмар бизнес-жоспарын жасап, тірлігін дөңгеленту үстінде. Қазір жағдайы жақсы. Болашақта қымыз бизнесін жолға қоймақ. Зырянда өткен отандастар форумының соңында елге қызмет етіп жатқан қандастарға аудан әкімшілігі тарапынан марапат көрсетілді.
aikyn.kz