2019 жылы, 22 сәуірі күні, сағат 15.00-де Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында «Ер-Жәнібек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Оспан батырдың 120-жылдық мерейтойы аясында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Абай, Махамбет сыйлықтарының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Аталмыш поэма қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде жарияланып отыр.
Өр Алтайда Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісінде мерт болған Сұлубай Сапыұлының өмірін айта отырып, бүгінгі қытай қазақтарының арман, үміттері де поэтикалық тілмен көркем жеткізілген. Жинақта сондай-ақ, Қытай қазақтарының өмірінен жазылған «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» деп аталатын жыр топтамасы бар.
Бұл батыр, ақын Сұлубай рухына қойылған ескерткіш ғана емес, сол елдегі қандастардың бүгінгі жай-күйіне алаң көңілдің тұнбасынан ақтарылған сыр деп қабылдауға болады.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет пен ғылымның, өнердің танымал тұлғалары қатысады.
Тұсаукесер рәсімін көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты Жүрсін Ерман жүргізеді.
Келіңіздер, көріңіздер, айтулы шараға қатысыңыздар!
Поэмадан қысқаша үзінді:
ЕСКІРМЕГЕН ЕКІ АҢЫЗ
І
Алмағайып заманда,
Арман қанат бола ала ма адамға?
…Қазыналы қария сөзден қопарған –
Бір-ер аңыз сарғаймай жүр санамда.
Бақ пен соры – бес елі,
Бұлағай күн бұлтпен бірге көшеді.
Қайран да қайран, бабалар:
Қайқая шапқан Қарагер,
Шалқая тартқан қара нар –
Әлі де тірі – деседі,
Қазақтың жұрты көшелі.
Қара орманның қазығы,
Жалғызымның жанға дәру жалбызы.
«…Буыршынның бұта шайнар азуы –
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы»
Алтай таудың жаңғыратын жар-құзы,
Көнермеген көне сөздің қалды ізі:
Алтын Орда бүлініп,
Береке хан өлгенде,
Қазақ тағы шерменде:
Майқы бидің ұрпағы
Асан қайғы абызым –
Таңдай қаққан деседі Алтай тауын көргенде.
Тауарихтан тапқан із,
Солай дейді бізге жеткен текті аңыз.
– Ұжмақ екен,
бөлек әуен, сазы бар.
Жан жарасы жазылар.
Алты ай қысы,
Сосын алты ай жазы бар;
– Алтын мекен Алтай болсын! – депті абыз.
Көрген адам балайтұғын ырымға,
Сол Алтайдың арман жетпес шыңында.
Алтын сирақ,
Гауһар тұмсық,
Көк қанат –
Алтай – деген бір қара құс,
алып құс,
Оны көрсең көрдім дей бер, жарық түс…
Сондай аңыз естіп едім бұрында,
Құдай сүйген құл көреді ғұмырда…
Әлгі алып құс елес берер кезеңде,
толқын біткен тулап ағып өзенде,
Күн күркіреп,
Нажағайы шатырлап –
Бұл өлкеге бақ пен бақыт жақындап –
Бар осындай сөз елде…
Жаратқанның шебері,
Жылқы біткен теріскейге өреді.
Қанатынан жақұт саулап сұңқардың.
Тұяғынан алтын ыршып тұлпардың.
Бәрін көзің көреді,
Киелі құс елес берді, себебі…
Алтай құсы бір көрініп қайтады,
Солай дейді:
тауы,
тасы,
байтағы,
Соңынан ел ырыс-құтқа
кенеліп
тыныштыққа бөленіп,
Өрен біткен өмір әнін айтады.
Елтігенмін көңілімнің хошымен,
ести сала керуеннің көшінен.
Айналайын,
Сізге айтуға асықтым –
Құс жайлы аңыз тамам болсын осымен.
ІІ
Тірлікке тағдыр салса қара құлып,
Көшке ермей көктей салып қалады жұрт.
Алағай да бұлағай күн туғанда –
Алтайдың асқар басын шалады бұлт.
Қысылсаң дос дегенің сырт айналар,
Ілеспей керуенге бір тай қалар.
Түсі де заманыңның сұрқай болар –
Алтайдың алтын басын бұлт айналар…
Ел-жұрттың күйіс таппай күйі мүлдем,
Қаларсың сен де адасып үйіріңнен.
Жағаға шығып қалған қайықтайсың –
Замана қысқан кезде бүйіріңнен.
Көк қанат,
Гауһар тұмсық құсыменен,
Боп кірген бір аңыз бар түсіме өлең.
…Алтайда ақ бұлттарды жарып шығып –
Ақбоз ат азынаған,
Кісінеген.
Ұмытқан қуанышын,
күлкісін де,
Заманның алмағайып жұрты ішінде.
…Маңдайы жарқырайды жарықтықтың –
Ақбоз ат арқырайды бұлт ішінде.
Талқысын тағдырының тосып алып,
Аңызды ақиқатқа қосып алып:
…Жұлдыздай ағып өткен ақбоз атты
– Екі рет көрген-дейді,
осы халық.
Тірлігің тірелсе де қайқы асуға,
Аңызды: «жалған сөз» – деп,
айтасың ба?
…Біреуі Ер Жәнібек заманында,
екінші Оспан батыр айқасында.
Ақбоз ат кеткен екен елес беріп,
Бел ме едік,
Белең бе едік,
Белес пе едік.
…Аңызы аңыратар ала таңнан –
Көнермес көне күннен көп естелік.
***
Бағзы сөздер – Бағдаршам бағыма кіл,
Не шара бар берген соң,
тәңір әмір.
Алтын сирақ алып құс елес беріп –
Арқырасын, Ақбоз ат, тағы да бір!
Ағам қалды,
Қарындас,
досым қалды
көп іркіліп…
көрінбей көшім қалды.
Алтай құсы,
Ақбоз ат
Хош, аман бол –
Көнермеген көне сөз есімді алды…
«…Былғары белбеу, бұраң бел,
Бұрылар ма екен біздің ел».