Қытайдың ішкі провинцияларындағы шалғай аймақтарда шашырап жүрген Қазақ диаспорасын зерттеу қазірге дейін көп қолға алынбай келе жатқан маңызды тақырыптардың бірі. Солардың арасынан ең алдымен Гансу қазақтарын атауға болады.
Қытай Халық Республикасының жүргізген ұлттық аумақтық автономия саясатының нәтижесінде 1954 жылы ШҰАР ға қарасты Іле Қазақ автономиялы облысы құрылды. Қазақтар негізінен осы обылыстың Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарында, сондай-ақ ШҰАР Мори-Қазақ, ШҰАР Баркөл-Қазақ автономиялы аудандарында үлкен шоғыр болып қалыптасқан. Осы аталған өңірлердегі қазақтарды диаспора деуден гөрі ШҰАР дағы тұрғылықты, ежелден келе жатқан этникалық қазақтар деп атасақ та теріс болмайтын ұқсайды.
Ал Қытайдың ішкі жағында да, атап айтқанда Гансу мен Чиңхай провинцияларындағы елді мекендерді жарты ғасырдан астам уақыт қоныс етіп келе жатқан қазақтардың да бар екендігі жалпыға аян. ШҰАР дағы қазақтар шоғырлы қоныстанған мекендерден алысқа шашырап кеткен осы бір қазақтар туралы зерттеулер мен ақпараттар Қазақстандағы баспа сөз беттерінде сирек кездесетіні рас. Себебі ол жақтағы қазақтар Қазақстан шекарасынан 2000 шақырымнан ұзақ шалғай жерлерге орналасқан. Сол үшін мақаламыздың тақырыбын сонау Қытайдың алыс қиырларындағы Гансу қазақтарына қарай бұруға тура келді.
Гансу қазақтары да Шыңжаңдағы қазақтар сияқты ауылдық жерлерде тұрады. Көп мөлшері Ақсай қазақ автономиялы ауданына орналасқан. Гансудың Ланжоу, Жиючуан, Донхуаң қалаларына да аз мөлшерде қазақтар орналасқан. Жалпы саны 4000 ның айналасында.
Ақсай қазақ автономиялы ауданы Гансу қазақтарының ең шоғырлы қоныстанған тұрақты мекені болып табылады. Аудан Гансу, Шыңжаң және Чиңхай өлкелерінің тоғысқан жеріндегі Алтын тауының шығыс жағына орналасқан. Жер бедері күрделі, айналасы тау, биік үстірт, құмды шөл дала. Ауасы құрғақ, жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 110 мм. Аудан табиғи ресурстарға бай. Тұрғындары мал шаруашылығымен және кен ашу жұмыстарымен айналысады.
Қытай Халық республикасының Гансу провинциясына қарасты Ақсай қазақ автономиялы ауданы — 1954 жылы 27 сәуірде құрылған әкімшілік аудан. Орталығы — Хоңлиууан қаласы. Жер көлемі 33733 км2. Ауданда қазақтардан басқа қытай, дүнген, тибет, монғол, салар сияқты ұлттар да мекендейді. Жалпы халық саны 10000, қазақтар саны 3600 адам, жалпы халық санының 40 пайызын ұстайды.
Ақсай ауданының орталығы Хоңлиууан кенті
Қытайдың Гансу провинциясындағы қазақ диаспорасының қалыптасуы ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Шыңжаң өлкесінің билеушісі Шың шыцай жүргізген терорлық саясатпен тікелей байланысты.
Өткен ғасырдың 30 жылдарында Қытайдағы Шыңжаң өлкесінің билеушісі Шың шыцай Шыңжаң өлкесінде тоталитаризмдік режим орнатып, халықты қырып ˗ жойып, қуғын ˗ сүргінге ұшыратқаны анық. 1934 — 1939 жылдары Шыңжан губернаторы Шыңшыцайдың қазақтарға қолданған қатаң саясатының нәтижесінде Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданындағы және Құмыл аймағына қарасты Мори, Баркөл аудандарындағы қазақтардан 30 мыңға жуық адам Шыңжанның шығысындағы Гансу өлкесіне босып кетті.
Қазақтар Гансу жеріне бірнеше дүркін босып барған.
1936 жылы қаңтар айында Ганьсу жеріне Адубайдың (керей тайпасының жәнтекей тасбике руынан, шаңия) көші өтті. Адубай бастаған бұл көштің құрамында 113 түтін, 565 адам болды. Бұл реткі қазақ көші Ганьсудың батыс солтүстігіндегі Мазоң тауын айналып, Аньши ауданын басып, Чилиян тауының солтүстік баурайындағы Уйырхұн, Тула өңірлеріне барып аялдайды.
1937 жылы шілде айында Қытай және Еуропа қазақтарының даңықты батыры Елісқан тәйжі Әліпұлы (керей тайпасының жәнтекей тасбике руынан) өз қарамағындағы елін бастап Гансудың батыс солтүстігіндегі Мазоң тауын айналып, Аньши ауданын басып, Чилиян тауының солтүстік баурайындағы Уйырхұн, Тула өнірлерінде тұрақтап қалған Адубайдың ауылына барып қосылды. Көштің құрамында 178 түтін 890 адам болды.
1937 жылы қазан айында Зайып тәйжінің (сол жылдары 70 жаста, керей тайпасының жәнтекей базарқұл руынан) бастаған көші Ганьсу жеріне өтті. Зайыппен бірге шығыс қазақтарына аты әйгілі Қасым батыр да (Керей тайпасының меркіт руынан) Ганьсу жеріне өтті. Зайып бастаған көштің құрамында 703 түтін 3515 адам болды.
1939 жылы ақпан айында Шыңжаңнан тағы бір үлкен көш Ганьсуға өтті. Ол көштің құрамында да мықты ел ағалары болды. Атап айтқанда: Құсайын тәйжі (найман тайпасынан) – 98 түтін, 490 адамымен; Нұрғали үкірдай (керейдің жәнтекей руынан) – 374 түтін, 1187 адаммен; Сабырбай тәйжі (керейдің жәдік руынан) – 241 түтін, 1800 адаммен; Шығыс қазақтарына аты таныс әйгілі батыр Әйембет ваң (уақ тайпасынан) – 100 түтін, 500 ден астам адаммен; Солтаншәріп тәйжі( керейдің ителі руынан) – 100 түтін, 500 – ден астам адаммен; Салақиттан үкірдай (керейдің молқы руынан) – 140 түтін, 700 адаммен; Әбілқайыр залың (керейдің сарбас руынан) – 183 түтін, 915 адаммен; Еженхан (керейдің жәнтекей руынан) – 125 түтін, 625 адаммен көш бастады. Бұл жолғы көштің жалпы түтін саны 3160-тан, адам саны 7000-нан астам болды[1, 11-14 б].
1930 жылдардан басталған қазақ босқындарының көші өткен ғасырдың 50-ші жылдарында аяқталды. Көш жөнекей қазақтар губернатор Шың шыцайдың және милитарис Ма буфаңның талай реткі қудалап жүріп жасаған қырғыншылығына ұшырады. Босқын халықтың жартысынан астамы жол бойындағы соғыстардан, обадан, ашаршылықтан қырылып қалды. Ал, көштің алдыңғы легі Елісқан батырдың бастауымен Тибетті басып, Памир, Гималай жоталарынан асып Үндістан мен Пәкістанды барып паналады. 50 жылдары Халқаралық көмектердің нәтижесінде Түркияға жеткен. Бүгінде Түркия мен Еуропадағы қазақтың дені осы көш арқылы барған қазақтың ұрпақтары.
Сол босқындардың біраз бөлігі Гансу, Шыңжаң және Чиңхай өлкелерінің тоғысқан жеріндегі Алтын тауының оңтүстігі мен солтүстігіндегі және Чиңхайдың Гәс жеріндегі елсіз иен далаларда аш жалаңаш қалыптарында жан сауғалап босып жүрді.
1949 жылы Қытай Халық республикасы құрылды. Жаңа құрылған ҚХР үкіметі Гансу, Чиңхай жерлерінде босып жүрген қазақтарды өз қалаулары бойынша орналастыру саясатын жүргізді. 1953 жылы 24 наурыздан 3 сәуірге дейін Қытай компартиясы батыс терістік бюросы батыс терістік әкімшілік комитеті Ланжоу қаласында Ганьсу, Чиңхай, Шыңжаң үш өлке шекарасындағы қазақ басшыларының бірлігі және ұлттар ынтымағы жиналысын ашты. Жиынға қатысқан өкілдер бұрынғы ұлттар арасындағы қанды қақтығыстарға Гоминдаң үкіметі себепкер екендігін тұрақтандырды. Сонымен қатар «Ганьсу, Чиңхай, Шыңжаң үш өлке шекарасындағы ұлттар ынтымағын күшейту мен шекарадағы қазақтарды тыныштыққа кенелту» келісім пікірін мақұлдады. Келісім бойынша Қайыз жерін орталық еткен шығысы Қалтын, Тосынпу, батысы Қанамбар, терістігі Янданту, түстігі Қайыздың түстігіне дейінгі аумақ Ақсай қазақтарына тиеселі болып белгіленді. Осыдан бастап босқын қазақтар тыныш өмір сүретін тұрақты мекенге ие болды[2, 69 б].
1954 жылы 27 сәуірде Ақсай қазақ автономиялы ауданы құрылды. Орталығы Боложуанжиң кенті болып белгіленді. Сонымен бір уақытта автономиялы ауданға қарасты 5 ауыл құрылды. Жаңа құрылған ауылдарға жаңа заман талабымен Бейбіт, Демократ, Ынтымақ, Құрлыс деген аттар берілді, қалған бір ауыл бұрынғысынша Добагу атанды.
Осыдан бастап бұрынғы босқын қазақтар өздері еркін өмір сүретін мекенге ие болып, бейбіт өмірлерін бастады. 1998 жылы аудан орталығы Хоңлиууан қалашығына көшірілді. Қазір Ақсай қазақ автономиялы ауданнына қарасты 2 ауыл, бір қала, 14 әкімшілік қыстақ бар. Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы қазақтардың тұрмысы өте жақсы, экономикалық деңгейі жағынан Қытайдағы барлық қазақ аудандарының алды деуге әбден болады.
1955 жылы тұңғыш ауылдық мектеп ашылды. Қазақ балалары аралас мектептерінде қытай тілінде білім алады. Ауданда бір орта, бір бастауыш мектеп және бір бала бақша бар. Аудан орталығында 400 адам қатар тұрып намаз оқитын «Ақ мешіт» деген мешіт те бар.
Мұндағы қазақтар дінін, ұлттық салт-дәстүрлерін жақсы сақтаған. Соның айғағы ретінде Ақсайдағы Қазақ ұлттық мұражайын атауға болады.
Ақсайда 1992 жылға дейін таза қазақ тіліндегі мектептер болған. Кейінгі өзгерген саясаттар бойынша ондағы мектептер қытай тілінде білім беретін болды. Сондай-ақ, ауданда ойын-сауық үйірмесі құрылып, 2003 жылдан бастап ақындар айтысын дамытуды қолға алды. Ақсайдағы қазақтар қазақ ұлтының дәстүрлі мәдениетін жақсы сақтаған, қыз ұзатып, келін түсіргенде киіз үй тігіп той тойлағанды тамаша дәстүрге айландырған. Бұдан тыс үлкен жиын-тойларда қазақтар қазақтың ұлттық киімін киіп шығуын да тамаша дәстүрге айландырған.
Ақсай халқының орта есеппен кісі басына тура келетін кірісі 16708 юан. Жақынғы жылдары Ақсай ауданы қарқыны дамыды. Аудандағы қайта жөндеуден өтіп, асфальттандырылған транспорттық жолдарың ұзындығы 1000 километрге жеткен.
Аудан орталығы Хоңлиууан қалашығының көлемі 4.8 шаршы километр. Көшелері түгелімен асфальтті жол. Қалашықтағы құбыр суы , жылумен қамдау , көгілдір отын, жарық, су, сандық телевизия сияқты халықтық құрлыстардың жүзеге асырылуы 95% тен асқан. Ақсайдағы халықтың баспаналы болу жобасы 100%. Ақсай ауданында кен өндірісін дамыту жақсы орынға қойылған. Аудан өңірінде өндірілетін тасмақта кені ауданның басты кіріс қайнары болып табылады. Тасмақтадан тыс Ақсай жерінде темір, мырыш, жез, шырымтал сияқты 41 кен түрі бар.
Ақсай жері шөлді және үстірттік өңірлерге бейімделген жануарлардың қасиетті мекені. Бұл өңірде жабайы түйе, құлан, қодас, арқар, аю, ақбұғы, ұлар, қоңырқаз, тырна, дуадақ сияқты елеулі қорғалатын аң-құстардың түрлері бар. Қанамбар қорығы қос оркешті жабаиы түйені негіз еткен мемлекеттік қорық болып табылады.
Ақсай ауданында ұлттық мәдениеттің қорғалуы мен дамытылуы жақсы жолға қойылған. Ауданда ұлттық көрме орталығы, кинотеатр, этнопарк, мұражай, ипподром, спорт сарайы сияқты жаңа құрлыстар бой көтеріп ұлттық мәдени қимылдардың кедергісіз өткізілуіне тамаша шарт жағдайлар әзірленген. Осындай шарт жағдай астында 2013 жылы қыркүйек айында Ақсай қазақ автономиялы ауданында қазақ күресінің IX кезекті Азия чемпионаты өткенін атап өтуге болады.
Гансу өлкесіндегі Ақсай қазақ автономяилы ауданының көрінісі көркем, жер байлықтары мол, ұлттық салт-дәстүр ерекшеліктері қою түске ие. Өткен замандарда киіз үйде тұратын қазақтардың тұрмыс шарт-жағдайы тым мәз емес болатын. Ал қазіргі кезде барлығы өзгерген, халықтың күнкөрісі жоғары деңгейге көтерілген, малшылардың барлығы отырақтанып сапалы салынған жер үйлер мен қабат үйлерде тұрады.