Алтай аңызы

Алтай туралы екі аңыз

1

Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың дәулеті шағын болғанымен, ақыл-парасатқа, ойға бай адамдар екен. Солардың жан дегенде жалғыз бір баласы бар екен. Уақыт өз дегенін алмай қоя ма. Жасы жетіп қартайған шал мен кемпір күндердің бір күнінде ауруға шалдығыпты. Бірте-бірте аурулары меңдеп, асқынып, екеуі де төсек тартып жатып қалады. Жанталасқан жалғыз баласы көрші ауылда тұратын бір емші ақсақалға барып, аурудың емін сұрайды. Сырқаттың жай-күйімен сырттай танысқан емші өзінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, аурудың сырын ашыпты. Сөйтіп, ол ұзақ ойланып барып жігітке былай дейді.

– Шырағым, бұл оңайлықпен жазылатын жеңіл-желпі сырқат емес. Егер шынымен ата-анаңа жаның ашыса, күннің шығысына қарай сапарға аттан. Күн жүрерсің, түн жүрерсің, ай жүрерсің, сөйтіп биік таулы бір өлкеге жетерсің. Сол жерлерге барғанда бір үңгірді мекендеген, қабақтарын ағаштың бұтақтарымен көтеріп қойып қарайтын, буырыл сақалы беліне түскен бір қарияға тап боларсың. Ол менің ұстазым, мың жыл ғұмыр кешіп келе жатқан адам. Аурудың емін сол кісі ғана айта алады.

Осы әңгімеден кейін жас жігіт ата-анасына ем іздеп жолға шығады. Қария айтқандай, араға көптеген айлар салып сол жерге жетеді. Қартқа ол оң жақ қабағын ағаштың бұтасымен көтеріп қойып:

– Қарағым, қадамың құтты болсын. Келгенің дұрыс болыпты. Ол ауру “безгек” деп аталады. Оны емдейтін шөп осы өлкеде ғана өседі. Лайым, ата-анаңның дертіне дәру болсын, – деп, бір түйнек шөпті жігіттің қолына ұстатыпты.

Қуанышы қойнына сыймаған жігіт еліне қайтып оралады. Әлгі шөпті қайтанып ішкізіп, әкесі мен шешесін емдепті. Аз ғана уақыттың ішінде сырқат кісілер дертінен айығыпты. Кейін осыны естіген маңайындағы дертті жандар әлгі жерге барып ем шөпті алып келу үшін жаңагы жігіттен жолды сұрапты. Сонда жігіт:

– Күннің шығысына қарай алты ай жүріп жетесіңдер, қайтарда алты ай жүріп келесіңдер, – депті.

Сонан жаңағы таулы өлке “Алтай” деп аталып кетіпті.

2

Ерте заманда шағын дәулеті бар, ақыл- парасаты мол шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың жар дегенде жалғыз ұлы болыпты. Күйбең тіршілік қамында жүрген кемпір мен шал бір күні ауыр дертке ұшырапты. Ата – анасының қиналғанын көрген жалғыз ұл  олардың дертіне шипа іздеп, емшілерге барыпты.  Құлағы нашар еститін бір қарт емші оларды емдей алмайтынын бірақ, емін білетін адам барын айтып жөн сілтепті: «Шығысқа қарай жүре бер, ұзақ жүрген соң алдыңнан үлкен тау шығады, сол жерден үлкен үңгір кездесер. Сол үңгірде сақалы беліне түскен емші тұрады. Ол менің ұстазым. Мың жылдан бері түрлі сырқат адамдарды емдеп келеді. Бір шипа болса, содан болар» – дейді.  Бірнеше ай жол жүрген бала ақыры үлкен тауға да жетіп, сақалы беліне түскен емшіні де жолықтырыпты. Емші баладан жөн сұрайды. Бала сөзінен кейін емші оның ата-анасы безгек деген аурумен ауырып жатқанын түсінеді. Емге дәру сол маңда өсетін шөптен көп қылып жинап, ауру ата –анасына қайнатып ішкізеді. Шөп ішкен соң қариялардың жағдайы жақсарып, оңала бастайды. Безгек  халық арасында жиілеп, дертті болған адамдар  баладан емді қайдан табуға болатынын сұрапты. Сонда бала Шығысқа қарай алты ай жүріп үлкен тауға жеткенін, сол жерден дертке дауа тапқанын жыр ғып айтып береді. Содан бері алыс Шығыстағы үлкен тау – Алтай таулары деп аталып кеткен екен. Осы аңыз шығыс өңірінде емдік шөптердің көп кездесетінінің тағы бір дәлелі болса керек.

Әдебиеттер тізімі:

Алтай // Қазақ аңыз-әпсаналары. Құраст. Д. Мағлұмов, Ә. Тауұлы – Алматы: “Балауса” баспасы, 2014. – Б.8-9.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*