Қазақтар әлем тарихында көшпенді халық деп танылады. Қазір әлемнің 40 шақты мемлекетінде 15 миллионнан астам қазақ сол өздері тұрып жатқан елдегі саяси, әлеуметтік жағдайға бейімделіп, көшпенділік өмірден өзгеше жағдайда өмір сүре бастады.
6 бөлімнен тұратын кітаптың алдыңғы үш бөліміне Моңғолия қазақтарының осыдан 150 жылдай уақыт бұрын қазіргі Қытай еліне қарасты Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағынан Моңғол жеріне көшуі және Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейінгі Моңғолия қазақтарының атажұртына көш керуенін бастауы мен қандастарын қабылдаған атажұрттағы жағдай жөнінде автордың мерзімді баспасөзге берген сұхбаттары қамтылған. Атажұрттан әлі де алыс қалған Моңғолия қазақтарының бүгіні мен олардың Қазақ елімен арадағы қарым-қатынасы және тарихи Отанына көшіп келіп ел қатарлы өмір сүріп жатқан моңғолиялық қандастарымыз жайлы кітаптың соңғы бөлімдерінде баяндалады. Тарихи туындының ең соңғы бөлімінде көші-қонға қатысты өзекті мәселелер және атажұртқа келіп, «оралман» атанған ағайындар басындағы қиындықтар, оларды шешу жолдарына қатысты автордың мерзімді басылымдарда жариялаған мақалалары және халықаралық «Азаттық» радиосынан берген радиохабарларындағы көзқарастары мен ойлары айтылады.
«Қазіргі Қытай еліне қарасты Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағын мекендеген қазақтар осыдан шамамен 150 жыл бұрын Моңғол жеріне көше бастады. Сол жылдарғы саяси жағдайға байланысты Өр Алтайдан Алтайдың күнгей беті, яғни Қобда бетіне көшіп қоныстанған қазақтардың басынан талай қиындықтар мен зобалаңдар өтті. 1940 жылы Моңғолияның батысында қазақ аймағының жеке шаңырақ көтеруі, Моңғолия қазақтарының рухани, мәдени, экономикалық тұрғыдан өз алдына дербес аймақ болып дамуына және атажұрт Қазақстанмен рухани, мәдени салаларда жақындасуына жол ашты. Ал Қазақстанға келер болсақ, Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған сол сәттен бастап көші-қон мәселесі туындады. Оған себеп «Қайт, қазақ, Отаныңа!» деген қазақтың белгілі ақын-жазушылары және ғалымдарының шетелдегі қандас бауырларын шақырған үндері еді. Оған ілесе Елбасымыз Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты әйгілі хаты болатын. Моңғолия қазақтары ең алғаш Қазақстанға 22 жыл бұрын көш керуенін бастады. Алғашында «Еңбек шарты» деген атпен 1991-1992 жылдары 40 мыңдай қазақ Моңғолиядан атажұртқа оралды»,- дейді автор жаңа кітабын таныстыра келіп.
Қазақстан үкіметі сол жылдарғы елдегі күн көрістің қиыншылығына қарамастан осыншама қазақты көшіріп алуда шынымен ерлік қадамдар жасады. 20 жылдан астам уақыт ішінде Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ атажұртына көшіп келіп, қоныс тепкен екен. Ендеше, тарихи деректер мен естеліктер негізінде жазылған бұл еңбектің қазақ диаспорасын зерттеушілерге, көші-қон саласының мамандарына және жалпы оқырман қауымға құнды екені анық.
Дайындаған: Майгүл Сұлтан
Қайнар көз: www.baq.kz