Жаңалықтар

«АЛТЫН АДАМ» не айтады?

Есік қорғанынан табылған Алтын адамды өз қолымен аршып алғандардың бірі, белгілі археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұхамбетұлынан сол мезетті қайта бір сұрау, сосын рет-ретімен боямасыз хатқа түсіру бақыты бұйырған еді. Бұл туралы mangilikel.kz сайтында жарияланды.

 – Сіз археолог болуды бала жастан армандадыңыз ба, әлде кездейсоқ келдіңіз бе бұған?

– Әскерден келген соң, 1957 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетіне оқуға түстім. Бірінші маусым ойдағыдай өтті. «Этнография мен археологияның негіздері» деген пәннен менімен түйдей құрдас досым, марқұм Кеңес Нұрпейісов сабақ берді. Өзі аспирантурада оқиды екен. Емтиханнан төрт алдым. Сосын одан: «Кеңес-ау, сен төрт ай бойы Мысырды, Грек-Римді, Қос Өзенді, Парсыларды айттың, олардың ұңғыл-шұңғылына дейін баян еттің. Бірақ Қазақстан жайлы тіс жармағаның қалай? Бізде осы археология бар ма?», – дедім. «Бекен, бары бар. Бірақ менің бағдарламамда жоқ. Жүр, сені бір кісіге таныстырайын», – деп Ғылым акедемиясына ертіп келді. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, этнография және археология институтына әкеліп, Кемал Ақышев ағамызбен таныстырды. Ол кісі менімен аз шүйіркелескен соң, мамыр айының ортасында археологиялық қазба жұмысын жүргізуге экспедицияға шығуға тиіс екенін жеткізіп, «Бізбен еріп жүргің келсе осы бастан дайындал. Емтихандарыңды ерте тапсыр» деп келте қайырды. Археология ғылымы кабинетте, кітапханада, мұрағатта емес, далада зерттеледі. Ал біз онсыз да даланың қазағымыз. Кеңестің төрт айлық лекциясынан ұққаным сол. Қызығушылығым артты. Ең бірініш экспедициям – Қапшағай су қоймасының жобасына қатысты болды. Құрылыс жүрмес бұрын сол уақыттағы заң бойынша осы жердегі ата-баба мұрасын зерттеп алу керек. Онсыз ол жерде жаңа нысан бой көтермейді. Қапшағай арнасына су толтырмас бұрын, 1958-61 жылдары сол маңда археологиялық зерттеу жүргіздік. Ол Іле археологиялық экспедициясы деп аталды. Студенттік жылдардың жаз айлары осы су қоймасының астын қопарумен өтті. Мен осылай археолог болдым. Кейбір кісілер жайында ол бала кезінен осы салаға бейім еді деп жатады ғой. Менде ондай ештеңе болған жоқ. Оқи жүріп, қызығушылығым оянды…

– Есік қорғанына қалай тап болдыңыз?

– Есік қорғанын зерттеуді ойламаған жерден бастадық. Жоғарыда айтқанымдай, Кеңес одағы кезінде кез келген құрылыс нысанын жүргізбес бұрын, ол жерге археологиялық барлау жасап, көне жәдігер-мұра бар-жоқтығы анықталатын. Біздің келісімімізсіз қандай мекеме болса да жұмыс бастай алмайды. 1963 жылдың шілде айында Есік көлі тасып, өзеннің бойындағы ауылды жайпап өте шыққан. Қанша халықтың қырылғаны белгісіз. Есік қаласының Батыс бөлігіндегі автобекет те сол тасқынның астында қалыпты. 1969 жылы жаңа автобекет салуды жоспарлап, келісілген соң, автобекеттің бас инженері А. И. Дубкарт біздің келісімді алуға келіпті. Мен ол кезде Ғылым академиясында жұмыс істеймін. Кемал аға мені шақырып алды да әлгі кісімен еріп барып, жаңа автобекеттің орнына барлау жасап келуімді тапсырды. Құрылыс түсетін жерде төрт-бес оба бар екен. Соның ең үлкеніне ертіп келді де: «Осы жерге саламыз», – деді. Мен бір аралап шықтым да, бас инженерге кіріп, ғылыми зерттеулермен қамтамасыз етуге келісім алдым. Қазбаға қажетті құрал-жабдықтар, техника мен жұмысшылар, ақшалай қаржыны олар көтеретін болды. Көп кешікпей зерттеу жұмыстарын қолға алдық. Айтбек Амандықов деген лаборант екеуміз 1969 жылдың наурыз айының аяқ шенінен зерттеуді бастап кеттік. Қосымша екі бульдозер, екі жұмысшы, басымызға шатыр, ішпек-жемекпен қамтамасыз етті. Біз алдымен қорғанның тұтас аумағын алып, соның тең жартысын қаздық. Одан түк таба алмадық. Қорған – тас пен топырақтың жай үйіндісі емес, сол кездегі архитектуралық ғимарат. Әр қорғанның өзіндік салыну әдісі, нышан-белгісі бар. Оны жіті қадағалап, ойланып қазбасаң, барлық жұмысың селге кетуі мүмкін. Екі-үш ай сонда қазба жұмыстарымен айналыстық. Бізге берген бульдозерлері қайта-қайта бұзылып, жұмысымыз өндімеді. Менің Оңтүстік Қазақстанға баратын арнайы мемлекеттік экспедициям бар. Отырарды ашу жұмыстары басталған уақыт. Соған кетуім керек. Автобекеттің директорымен келер жылға дейін осы қазба жүргізілген орынды қорғау туралы келісімін алып, өз жұмысыма кеттім. Бір жыл бойы Алтын адам бізді күтіп жатты.

– Бірінші жылы қазу кезінде мұнда бір ерен байлықтың барлығын білдіңіздер ме?

– Шамалап байқадық. Бірақ нақты бір шешімге келу қиын еді. Обалардың тектен тек тұрғызылмағаны мәлім болатын. Келер жылы наурыз айында қайта келдік. Үлкен обаның биіктігі 6 метр, табанының диаметрі 60 метр, соның дәл ортасында екі құдық болған. Орталық құдықты таптық әуелі. Түгі қалмай тоналған екен. Жылан жалағандай деп осындайды айтса керек…

– Сіздіңше, Обалар қай кезде тоналған болуы мүмкін?

– Моланы тонау, біздің болжам бойынша, І Петр кезінде өріс алса керек. Ол басқа елдерге барады, Батыс мемлекеттерінің хандары өздерінің мұражайларын көрсетеді. Таңырқап, өз елінде ондай ештеңе жоқ екеніне күйініп, келе салып: «Алтын бұйымдар мен ескі жәдігерлерді маған жіберіңдер» деп жарлық шашыпты. «Шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптар патшаға жағу үшін ауыл-аймақты тонап, молалар мен ескерткіштерді үптеп, бәрін сәлем-сауқытпен қоса жіберіп тұрған. Мына молалар да сол кезде қазылса керек. Ірі алтын бұйымдарын патшаға, қалған мыңдаған ұсақ-түйек жәдігерлерді өздері тасыған…

– Алғашқы обадан не таптыңыздар?

– Бір ер адамның сүйегі әр жерде шашылып жатыр. Қыш ыдыстардың сынығы кезігеді аздап. Еңбегіміздің еш кеткеніне иландық, айлар бойы ештеңе таппағанымызға қапалымыз. Қайталық деп шештік. Көңілде әлдебір алаң бар. Аз ойланып тұрдым да, бульдозерге мына маңды бірер түртіп берші деп өтініш айттым. Бес-алты рет топырағын қопарып еді, бульдозер тұмсығы бір бөренеге тірелді. Біздің көзіміз жарқ ете түсті. Бөренемен бекітілген жаңа оба екенін, бұған әлі ешкімнің қолы тие қоймағанын бірден аңғардық. Бұл оба екі құдықтан сәл қиыс шетте, үлкен қорғанның бір жақ жанында жатқан екен. Сол жерде бульдозерді тоқтаттық та, екеуміз қолымызға күрегімізді алып, ақырын арши бастадық. Алдымен ағашпен қапталған обаның сыртын түгел тазалап алдық. Сонан кейін бөренелердің төбесін аштық. Іші топыраққа толып кетіпті. 2500 жыл бойы осы ағаш табыттың ішіне төбеден саулап топырақтар құйыла берген ғой. Уақыттың құдіреті деңіз, ішінде хан жатыр ма, қаған жатыр ма, оған қарамайды, бәріміздің бетімізді топырақ жабады… Обаны бөренелерді жымдастырып, ажырамастай қиюластырып бекіткен екен. Биіктігі 1,5 метр. Ең алдымен сол ағашпен қапталған табытты асықпай тазалап шықтық. Сосын мен екі күн ойландым…

– …?!

– Енді өзіңіз ойлап көріңіз, алдыңызда ешкімнің қолы тимеген, жерленген күйі қозғалмаған табыт тұр. Жай табыт емес, әлеуметтік дәрежесіне, қорғанның архитектурасына қарасаңыз, хан, қағандық мәртебеге ие адамның моласы. Бұл – белгілі. Оны ашасың ба, әлде ашпайсың ба – ерік өзіңде… Бірақ… Көңілім құлазып кетті. Өзім ашсам, жаңалық тапсам, елді аузыма қаратсам болады ғой. Бірақ оған менің әлім жете ме? Мүмкіндігім, тәжірибем, білімім қауқарлы ма? Екі күн ойланғаным сол. Жетісу археологиялық экспедициясының басшысы ұстазым Кемал Ақышев еді. Ал мен Есіктегі кіші отрядтың ғана басшысымын. Табыттың ішінде біз көрмеген кереметтің барлығын білемін. Не хабарламаймын, не өзім бастап ашпаймын. Жүрегім дауаламады. Күні кеше ғана лаборанттықтан кіші ғылыми қызметкерге көтерілген тәжірибесі аз маманмын. Кемекеңді шақырғаныммен, ол маған осы ерекше байлықты ашты деген атақты бере ме? Көңілімді түрлі ой мазалады. Ақыры, Алла маған нұрлы сәуле құйды. Жақсы ниет жеңді. Сол ісім үшін өзімді сыйлаймын. Үшінші күні барып, нақты жағдайды жеткіздім. Кемал аға бастап, арнайы топ келді. Археолог Александр Степанович, ең алғашқы көшірмесін жасаған 6 реставратор Владимир Садамсков, фотограф Олег Медведов, суретші Тамара Воробьева мен ҚазМУ студенті Әлішер Ақышев бастаған алты-жеті адамды ертіп келді. Содан кейінгі жұмысты Кемал Ақышев қолына алды. Мысалы, мен айтпадым делік. Өзім аршыдым. Оның қорытындысы былай болар еді, 25-30 беттік бір мақала жариялаймын, одан арғы іс қолымнан келмейтіні анық. Ал Кемекең болса экспедиция жетекшісі – бір, архология бөлімінің меңгерушісі – екі, одаққа белгілі сақ дәуірінің маманы – үш. Көп өтпей Шығыс Германиядан Есік қорғаны жайлы альбом шығарып, тұтас дүниені Алтын адам ғажайыбына тамсантқызды. Үш жыл еңбектеніп, қайтадан бірінші макетін жасатты. Ол менің қолымнан келер ме еді?! Үкімет пен партия ұстазым Кемекеңе атақ-құрмет көрсетті. Мен де құралақан қалғам жоқ. Алтын адамның рухы бар. Мен қазір осы қорғанның шырақшысымын.

– Сонымен табытты ашуды бастадыңыздар?

– Тақтайларды алу оңайға түскен жоқ. Табыттың ішін аса сақтықпен тазалай бастадық. Күніне он-он бес сантиметр жерді тазалаймыз. Біз шошақ тәжісінен башпайына дейін 180 сантиметр жерді 25 тәулік бойы аршыдық. Алдымен біз тәжін, бас жағын толықтай тазалап аламыз, оның археологтың күнделігіне тәптіштеп жазамыз. Тәжінің биіктігі мен жалпы пошымы қандай, ұзындығы, ені неше, түгін қалдырмай күнделікке тіземіз. Бізден соң фотограф түсіп, оны суретке түсіреді. Жалпылама нұсқада және жеке-жеке көріністерді таспалайды. Одан кейін суретші ішке кіріп, ол сызбасын сызады. Міне, дәл осылай алтын киімді адамның әрбір әшекейін, сыртқы сауытын, бас киімінен бақайшығына дейінгі бұйымдарды рет-ретімен біз тазаладық, фотограф пен суретші оны таңбалап отырды. Табанына да тақтай төсеп, ішіне киіз-мата салып, соның ішіне адамды жатқызыпты. Анықтап айта кетейін, Алтын адам десе әлдебіреулер ол ескерткіш-мүсін деп түсінетін көрінеді. Жоқ, олай емес, бұл алтын киімді адам. Қайтыс болған сақ сарбазы (обаның салыну нобайына қарасақ, бұл жай адам емес, халықтың қол бастары – патша, хан, қаған деңгейіндегі адам) алтын киімімен жерлеген. Еті ағып, тек сүйегі сол күйі ішінде қалған. Сіздердің көріп жүрген Алтын адамдарыңыз ешқандай қайта пошымдалып жасалған нұсқасы емес, біз өз қолымызбен аршып алған адамның таза көшірмесі. Біз әуелі сүйектің кеудесіндегі киімін бір-бірлеп алған соң, ішіндегі сүйегін еппенен тазалап, арқасындағы алтын киімін тағы да солай топырақтан ажыраттық. 4000-нан аса ұсақ әшекейлер Алтын адамның киіміне кетіпті. Көзбен көріп, қолмен ұстап, суретке түсірілген соң, оның жеке-жеке көшірме нұсқасын жасау қиын шаруа емес. Бүгінгі Алтын адам біз аршып алған сақ жауынгерінің нақты көшірмесі. Қазір әлдебіреулер Алтын адам тоналыпты деген қауесет тарататын көрінеді. Оның бәрі бос сөз. Алғаш бульдозердің күрегі тиген күннен бастап, Алтын адамды қазып алған күнге дейін басы-қасында жүрген менмін. Мына он саусағым әрбір алтын бұйымға тиді.

Мен осы уақытқа шейін 3000-ға жуық адамның сүйегін аршыдым. Табыттың ішіне түскен кезде күрек істетпейсің, пышақ, қалақ істетесің. Ең алдымен жамбас сүйектің үсті сезіледі. Сонан кейін бас жағының қай жақта екенін мөлшерлеп, сол жақтан бастап тазалай бастайсың. Менің қалағым алдымен Алтын адамның тәжісінің ең ұшындағы алтын арқарға тақ ете түсті. Оны жұлып алып қарамайсың. Айналасын біркелкі, баппен шұқылайсың. Ана жері, мына жерінің әр жері жылт етеді. 180 сантиметрдің тұла бойында тұнған қазына барына жүрегіміз иланды. Бір ай бойы обаға ақ таңертеңнен кіреміз. Түс әлетінде ауқаттануға шығамыз да, апыл-ғұпыл түстеніп, қайта обаға асығамыз. Бүгін қандай жаңалыққа тап келер екенбіз деп, жүрегің құрғыр дүрсіл қағады. Мойныңда зіл батпан жауапкершілік бар. Тек перғауындардың зираты тұтас күйінде аршылғаны болмаса, әлемдік деңгейде патшалардың қабірінің толықтай ашылғаны жоқ, көбі тоналған, яки ұрланған, бір жері бар болса, екінші бөлігі жоқ, яки нақты қай уақытқа, қашан, кім қазып алғаны белгісіз болып келеді. Ондай заттардың өнер заты ретінде бағасы болғанымен, ғылыми құны жоқ. Қырымда, Эрмитажда, басқа да мұражайларда тұрған заттардың тұтасқа жуығы сондай дүниелер. Бірінің тәжі, бірінің кеудесі сақталған. Ал мынаның әрбір бөлшегі өз орнында. Бұрын неге қолданылғаны белгісіз алтын әшекейлердің қайда пайдаланғаны осы Алтын адамнан кейін анықталды.

– Осы қазір еліміздің әр түкпірінен Алтын адам табатындар көбейіп кетті ғой?..

– Соның бәрін айтып жүрген – журналистер. Әйтпесе, бірде бір археолог мен екінші, үшінші Алтын адамды таптым деп айтқан емес. Алтын адам деп айту үшін мынандай шарты болуы керек, ең алдымен тоналмаған, қалай көмілді, солай табылуы абзал. Екінші, оның әлеуметтік дәрежесі хан, қаған, патша дәрежесінде болуы шарт. Ең алғаш жерленген күннен бастап, археолог қазғанға дейін ешкім тиіспеген болуы міндет. Біздің кейінгі алтын табылған обаларымыз, үшінші, төртінші деп жүрген адамдарымыз ол шартқа сәйкес келе бермейді. Оны қадірлі мекен, әйгілі зираттықтар деуге болар, бірақ дәл Алтын адам деп айту орынсыз. Мұны ұмытпаған жөн. Содан кейін ескеретін нәрсе, мәселе оба көрсе қопара беру емес, оның ғылыми-тарихи мәніне баса назар аудару керек. Атақ пен даңқ үшін жасалған істің берекесі болмайды.

Әңгімелескен, Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*