Кітапхана

Рахымжан ОТАРБАЕВ: “ЕРЛІГІН ИСАТАЙДЫҢ ЖЫРҒА ҚОССАМ»” (Сегіз серінің өмірінен)

Арқаның ескен желдей, көшкенсендей көкірегін ән тербеген көп дүлдүлінің ішінде Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың алар орны алабөтен. Тағдырлы тұлға. Оның Сегіз қырлы қасиетін санамалап бермес бұрын туған жерін, өскен ортасын алдымен ауызға алсақ дейміз. Сегіздің әу баста азан шақырып қойған ныспысы – Мұхаммед-Қанафия. Кіндік кескен өлкесі жайлы өзі “Бозқараған” атты өлеңінде:

Мен тудым Қожаберген ауылында,

Ну орман «Толыбай жалы» бауырында.

Жазықсыз қуғындалып қашқын болдық,

Жолығып замананың дауылына…

 

Ұнатып самал желдің лебі ескенін,

Сұлумен Қызылжарда жүздескенмін.

Көзімнен бұл күндері бұл-бұл ұшты,

Аузынан көркем қыздың бал жескенмін… – деген.

Өлең-куәліктіңайғақтауынша серінің туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, әйгілі “Елім-ай” дастанының авторы Қожаберген жырау Толыбай сыншы баласының ауылы. 1818, яғни барыс жылы дүниеге келген. Сүйегі – Керей. Оның ішінде Ашамайлы, одан Көшебе, одан Таузар боп тарайды. Жастайынан ақын, әнші, композитор, батыр, палуан, емшілігімен ел көзіне ерекше түсіп Сегіз сері атанады да, Мұхаммед-Қанафия есімі көмескі тарта бастайды.

Сегіз Омбыдағы “Сібір әскери училищесін” тәмамдаған. Орысша-қазақшахатқа жүйрік, тілге шешен бұған қазақ, татар, башқұрт ауылдарында тәртіп орнату үшін ұсталынатын карательный отрядқа басшы бол деседі. Қолма-қол поручик шенін ұсынады. Бірақ бұл тілекті сері қабыл алмаған. Мұндай қарсылықты күтпеген Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаков Сегізді дереу өзіне тұтқындап жеткізуді бұйырады. Сегізқапелімде қолға түсе қоймайды. Патша чиновниктері ол турасында “Бұзақы, мойнына кісі қанын жүктеген қауіпті адам” деген жел сөз таратады. Еріксізқашқын атанған Сегіз ел ішінде бас сауғалар жер қалмаған соң, жанына үзеңгілес досы Нияз серіні алып Еділ-Жайық бойына ат басын тірейді. Соңынан қос қолды қойып қуған тұтқындаушы екі отряд көз жазып қалады.

Біздің әңгімеміздің негізгі желісі енді Сегіздің Кіші жүз елінде өткізген азғана жылы жайына ойыспақ. Серінің басына қысылтаяң күн туғанда өзгеөңірге өтіп кетпей, батысқа маңдай тіреуінің төмендегідей себебі бар еді. Сегіздің атасы Шақшақтың шешесі – АқботаДаттың қызы. Яғни әйгілі Сырым батырдың туған апасы. Ежелгі үрдіс бойьшша қарасақ, он екі ата Байұлының бір руы Байбақтыға Сегіз жиеншар. Бұл келісі оның түп нағашы жұртын сағалағаны. Келген уақыты 1834 жылқы жылы тамыз айының аяқ шені. Алайда, Сырым балалары бұл кезде Жәңгір ханмен аралас-құралас болады да, ат арытып келген жиеншарға жөнді қол ұшын бере алмаған. Соны сезген Сегіз де нағашы жұртына салмақ салмай, Еділдің бір саласы Тептер өзенінің бойын мекендеген Қалдыбай батыр Қосаяқұлының ауылына мейман боп түседі. Қалдыбайдың Ажар деген бәйбішесінен Иманбай, Таңатар, Бегатар, Қабланбай, Иманәлі, Сабалақ, Есмайыл, Уәли, Қали, Есмағұл есімді он ұлы, Ғайнижамал есімді жалғыз ару қызы болады. Ғайни қыз бен Сегіздің ғашықтық хикаясы осы тұста басталған. Сүйіспеншіліктен басы айналған Сегіз сері “Ғайни” атты қос нұсқалы ән, “Қыз сипаты” деген шебер өрімді өлең шығарған.

Сегіз серінің Кіші жүзге келген тұсы – Исатаймен Махамбет бастаған шаруалардың патша отарлаушыларына қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтерілісінің екінші кезеңінің аяқ шені-тін. Айнала желді күндей ұйытқып тұрған беймаза шақ. Ел қонысы, мал өрісі тарылып, хан мен Теңіз бойының управителі Қарауылқожа Бабажановтың тұрғын халыққа 13 түрлі салық салатыны да осы тұс. Бүкіл Ысық әулетін көтеріліске үндедің деп Баймағамбет бастаған жазалаушы отряд 1934 жылы Қалдыбай ауылын қамайды. Қиян-кескі ұрыс үстінде Ғайни қызға оқ тиіп, қапияда қаза болады. Ынтық жанынан айырылған Сегіз сері әннен-әнге көшіп, шерленіп жүргенде, қашқын деген сыбыс Арқаның желіне ілесіп артынан қуа жетеді. Патша үкіметінің өміріне мойынсұнбай сырғақтап жүрген қашқынды ұстап берген не көрсеткен адамға ол кезде арнайы сый-сияпат тартылатын болған. Әлгі сыбысты естісімен Қарауылқожа мен Шыман төре Сегіздің ізін аңдиды. Жан-жақтан қыспаққа түскен үш-төрт жолдасымен қараша айының екінші онкүндігінде Солтүстік Кавказға өтеді. Қасына ергендердің бірі – Ниязсері, екіншісі – бақсы, құмалақшы Аббас. Аббастың ұлты татар, жасы Сегізден едәуір үлкен еді.

Сегіз тобы Солтүстік Кавказға өтісімен сондағы ноғай, құмық ауылдарын паналайды. Қыстап шығады. 1835 жылы наурыз айында мұз босамай Еділдің самал бетіне кері өтеді. Жанынан ноғай, құмық, авар, қарашай, балқардың 80-90-дай жігіті ерешығады. Өйткені Кавказ бойында Шәміл көтерілісі аяусыз жаншылып басылғанымен, қуғын-сүргін, жер аудару әрекеті әлі де болса қарқындытын. Еділден аман-есен өткен жігіттер ноғай-қазақ нәсілінен шыққан Оразақы атасының ауылына мейман боп түседі.

Енді басып ашып алатын бір жайт – Исатай – Махамбет бастаған көтеріліске байланысты архив материалдарын іздестіргенімізде еш деректен серінің аты-жөнін кездестірмедік. Ал, Сегіздің артында қалған мол мұрасына, түрлі шежіреге, көгентүп көнелерден қалған сахи сөздерге үңілсек,көтерілістің үшінші, шешуші кезеңіне қатысқан боп шығады. Біз де осы соңғы ойды қуаттаймыз. Сегіздің:

 

Ақбұлақ тасығанмен Жайық емес,

Жүзгенмен дөңбек ағаш қайық емес.

Ерлігін Исатайдың жырға қоссам,

Жігіттер менің мұным айып емес…

Еділ-Жайық берекелі жер екен ғой,

Байұлы бақыт қонған ел екен ғой.

Жақсының өз жұртында қадірі жоқ,

Исатай асқар таудай бол екен ғой, – депаса шабытты өрілетін “Исатай-Махамбет” дастаны пікірімізді растай түседі.

Көтерілістің қақ ортасында жүрген Исатайұлы Жақиядан қалған шежіре баласы Өтепқали арқылы ауыз әдебиетінің білгірі, марқұм Ғұмар Зариповтің қолына түсіп, бізге жетіп отыр. Шежірені алға тартсақ, көтерілісшілер 1837 жылдың қазан айының 17-26 күндері хан Ордасын қоршайды. Хан мен оның айналасындағылардың жалған уәдесіне сенген Исатай он күнге мұрсат беріп, әскерін таратады. Орданы шаппадың, келісімге келдің деп Тұрлан Асауұлы,Асанбек Нұрғожаұлы, Сегіз сері Баһрамұлы, Асау Барақұлы Исатайға өкпелеп, негізгі жасақтан бөлініп кетеді. Тіпті Махамбетке Исатайдан ірге ажырат деп талап қойған.

Өкпелесіп айырылысар тұста Сегіз Исатайға былай деген екен:

Хан баласы қабан-ды,

Қайрылып шапса жаман-ды.

Шабар күнің бүгін-ді,

Бүгіннен соң қиын-ды.

Торықкан әскер жеңбес.

Тілекті Жәңгір бермес,

Қамсыздан түк өнбес,

Исатайды бұл Сегіз,

Енді айналып көрмес.

Араға сына түсіп алты-жеті ай жүз көріспей кеткен батыр мен серіні алты ата Әлімнің Назар еліндегі БайтөреТоқпанұлы дегеннің үйінде жүздестіріп, кері табысуына дәнекерші болған Шынияз ақын Жұбатұлы. Руы – Жаңбыршы Беріш.

1837 тауық жылы желтоқсан айының орта шенінде алты ата Әлімнің бір бұтағы Шүрен еліне Исатайдың әйелі Несібелі, балалары Жақия мен Дүмбаян, балдызы Бағлан, Сүлеймен Өтемісұлы, Ерше, Нұрша Еділұлдары көп бой тасалайды. Көкпішен деген жерде паналап жатқан бұларды Шүреннің басшысы Шонты би Жамантайұлы, Адайдың биі Теке Бәйтерекұлы дегендер жасырынып жүрген батырлардың әулетін Мұхамедқали Таукин, Пономарев бастаған жазалаушы отрядқа ұстап береді. Махамбеттің “Шонты би” өлеңі осы оқиғаға арналған. Жалғаугер ақынның “Мен Нарыннан кеткенмін” дейтін жырында:

Мен Нарыннан кеткенмін,

Нарынды талақ еткенмін.

Қуатымның барында,

Ағыны қатты Жайықты,

Тіземмен бұзып өткенмін.

Жаныма айла болар деп,

Назарды тастап Шүренге,

Күнім үшін жеткенмін.

Жақияны ханға ұстап бергендей,

Шүрен саған не еткенмін?

Қайтеріңді өзің біл,

Алдыңда кеңес еткенмін, –

дейтіні сондықтан. Жазалаушы отряд Несібелінің білегіне, Дүмбаянның бетіне темір қыздырып басады. Жақияны өмірлік каторгіге кеседі. Ал, Назар елі көтерілісшілерге көп жәрдем берген, қолдап, қамқорлап отырған. Соған риза болған Сегіз “Қайран Назар” әнін шығарған.

Тағы да шежіреге ерік берелік. Жоламан Тіленшіұлымен сыбайласқан Бәти Кәкімбек баласы ханның бір үйір жылқысын қуып әкетеді. Ел жайлауға шыққан жаз кезі болса керек. Жәңгір жанына Жабал, Шыман төре, Шомбал, Әспенбет, Алтай, Қаракөбен сынды 45 адамды ертіп Ахмет сұлтан Жантөриннің үйіне түседі. Жоламанға кісі салады. Араға кете Қабыл би жүреді. Дау бітеді. Бірақ, жылқысының жартысын хан ала алмайды. Жәңгір тобы қайтар жолда Қабыл бидің үйінен қонақасы жеп аттанбақшы болады. Осыны пайдаланып қалуды көздегеп Шыман төре Махамбетке ат шаптырып, оңтайлы сәт келді, қапы қалмасын, деген сәлем жеткізеді(Шыманныңханғажағына жүріп, ретті жерінде көтерілісшілерге жел беріп, демегенситін екі жүзділігі болған. Автор). Махамбет бұл сапарға Сегізді жұмсаған. Қабыл бидің үйінің үстіне жүз сабазымен құлаған Сегіз серіні көрген хан тобы қатты сасады, Шыманның пікірі ішінде. Ат сүрінген жерде ақыл табатын Қабыл би қонақтарына қарап:

-Сегіз менің үйімде қан төге қоймас.Сері үйге кіріп келгенде қошеметтеп сәлем-сауқат сұрасыңдар. Сонда оғаш мінез көрсетпес. Ет желініп, қымыз ішілген соң аттанып кетіңдер. Мен Сегізді ұстап қалайын, – деген.

-Ассалаумағалейкум, – деп, он сегіз қанат ақ ордаға кіріп келген серіге төрде жайғасқан қонақтар тегіс амандасып, ығысып орын беріседі. Қабыл би хан мен Сегіздің ортасына дәнекерші әңгіме жүгіртеді. Сарбаздарға арнаи бөлек үй тіктіртеді. Жәңгір қымыз ішіп отырып серіге:

Батыр, сіз мұсылманша да, орысша да оқыған білімді адамсыз. Алла туралы не айтар едіңіз? – депқалады. Сонда Сегіз сері іркілместен:

Бір Алла жерде де емес, көкте де емсс,

Алланың қайда екенін пенде білмес.

Жүректен орын алган ол бір бейне,

Кетпейтін көз алдыңнан болып елес, –

 

депжауап қатыпты. Тапқыр сөзге бәрі алғыс айтқан. Шыман төре қарап қалғысы келмей: – Осыотырғанхан, сұлтан, билерді төрт ауыз өлеңге қосыңызшы, – дейді.

Хан, сұлтан – бүркітболса, би – қаршыға,

Старшын – атқамінер, жүр жалшы да.

Қолында шабарманнын түк билік жоқ,

Бұл байғұс мәз болып жүр құр қамшыға, –

деп Сегіз босағаға құйрық басқан жабалды көрсетеді. Қонақасының соңында бата беріскен хан тобы аттанысып кетеді. Сегізді Қабыл би бөгеп қалады. Сері сонда биге:

-Ажалы жоқ екен, сіздің үйде кездесті. Иілген басты қылыш кеспес деген. Осы ақылды сіз үйреттіңіз-ау, – депті. Мұны естіген Махамбет: – Қысқа күнге Жәңгірді қырық сатқан Шыман бізді сатпас дейсің бе? Қайта өзін тертеге салып, ойын буға, жынын суға айналдырып, абыройын ит-құйрығына байлап жіберу керек еді, – деп осыдан кейін төремен ат құйрығын кесісіпті.

Десек те, Сегіз сері Исатай қаза табатын “Қиыл қырғынына” қатыспаған.Қандай себептен екені әзірге беймәлім. Батырдың жау қолынан шаһит кеткенін жағалбайлы Қондыбай, Бекей дегеннің үйінде отырып естіген сері:

 

Өтті деп ер Исатай естігенде,

Болды ғой құлағандай алтын тағым.

Қолымнан болат қанжар шарт үзіліп,

Шешілді кермедегі арғымағым.

Айырылып Исатайдай асыл ерден,

Кетті ғой судан таза, сүттен ағым.

Кетіпті қалың әскер бәрі тарап,

Ақбұлақ қаптай қонған екі жағын.

Сұмырай Қайыпқали сірә да оңбас,

Тұлпардың адастырған құлыншағын.

Айырылып Исатайдай көсеміңнен,

Бұзылды қазақ сенің ынтымағың.

Үмітің үзілді ғой қайран халқым,

Жалт етіп сөнгеннен соң шамшырағың, –

деп бәйіт айтып жылайды. Мұнымен қоса Исатайға арнап ұзақ жоқтау шығарады. Бұл жоқтау бұрын баспа бетін көрмегендіктен оқырмандарға сәл-пәл қысқартумен ұсынып отырмьгз.

Мыңтөбенің бойында,

Өзіңменен кездесіп,

Қылыш сүйіп серттесіп,

Көптің мұнын жоқтаған.

Ер жігітке жөн десіп,

Ғұмырлық деп дос болған.

Ғаріптің халін көргенде,

Шерлі болып жүрегі,

Ер көңілі аш болған.

Кіші жүз Алшын ішінде,

Он екі ата Байұлы.

Жайық беріш баласы,

Бұқара қазақ ағасы,

Басқадан артық бағасы.

Исатайдай батырды,

Мен Сегіз бүгін жоқтадым.

Исатайды жырлауға,

Әдейілеп тоқтадым.

Орай да орай оқ атқан,

Алды-артына тең атқак.

Қырлары өткір жебені,

Үсті-үстіне боратқан.

Желігіп келген жауларды,

Жерге сүйтіп қаратқан.

Хан баласын жылатқан,

Жендеттерді сұлатқан,

Исатай мен Махамбет.

Мұңдыларды жұбатқан,

Кедейлерді қуантқан.

Бұқара көппен дос болып,

Хан, патшамен өш болып,

Әкімдерді жайратқан,

Хан отырған ауылға,

Сарбаздарын ертіп кеп,

Тал түсте атын ойнатқан.

Офицерін патшаның,

Ұстап алып байлатқан.

Мылтық пенен садақты,

Өзі жөндеп, өзі атқан.

Бас бармақтай бөдене,

Басынан байлап көзге атқан.

Азулы аңнан бөрі атқан,

Аю мен қабан жолықса,

Сойылмен ұрып сұлатқан.

Бүркітке қасқыр алдырған.

…Еділ-Жайық арасын,

Өз еркінше жайлаған.

Ішіп қымыз, шұбатты,

Қазы-қарта шайнаған.

Қаз мойын жылқы айдаған,

Жапанда жортқан құланның,

Асауын ұстап байлаған.

Арыстан, барыс, андарын,

Исакеме жолықса,

Оп-оңай-ақ жайраған.

Ұлықпен, ханмен дауласса,

Халқының қамын ойлаған.

Көсем болып, үлгі айтып,

Қиылға терең бойлаған.

Басшы болып сарбазға,

Қол алдында жайнаған.

Тұлпар мініп астына,

Сауыт киіп үстіне,

Қару-жарақ асынып,

Беліне семсер байлаған.

Қазақы ерді жастанған,

Қарт батырдай қасқарған,

Қалың әскер басқарған.

Ақтабандай тұлпарды,

Баптап мініп көп жортқан,

Көк бөрідей түн қатқан.

Санап жұлдыз батырған,

Ұйықтамай таңды атырған.

Патша әкімі жылқысын,

Көсегелі жерлерден,

Көсілте айдап қудырған.

Құлынын жолда тудырған,

Шыңғыртып асау сойдырған.

Жылқы мен түйе етіне,

Аш-арықты тойдырған.

Ала болса ағайын,

Араздығын қойдырған.

Асылдан шыққан болатым,

Қарадан шыққан бекзатым,

Жорықта жойқын озатым,

Исаекем сізден айырылып,

Талды менің қанатым.

Үңғысынан үзілді,

Қайраған өткір болатым.

Қазақ, башқұрт, татар – деп,

Елді жікке бөлмедің.

“Мынау төре, қара” – деп,

“Мынау мырза, жарлы” – деп,

“Мынау жақсы, жаман” – деп,

“Мынау әлді, әлсіз” – деп,

Көпті алалап көрмедің.

Соншалық әділ болсаң да,

Жұрт көсемі Исаекем,

Ұзақ дәурен сүрмедің.

Елуге де келмедің.

Қатты батты халқыңа,

Жау қолынан өлгенің.

Хабарсыз қалып әскерің,

Еркін түрде шайқаспай,

Қырық жетіге келгенде,

Барлауға барған кезіңде,

Тосыннан жауға жолығып,

Азғана топтан жырылып,

Тұлпарыңа оқ тиіп,

Қоршауда қалып ақыры,

Жеке өзің жаяулап,

Дұшпанмен жалғыз ұрысып,

Қапыда қаза тапқаның.

Әскеріңе өте алмай,

Дегеніңе жете алмай,

Қоршаудан шығып кете алмай,

Қылышқа сансыз туралып,

Ардагер батыр Исаекем,

Ішіңде кетті-ау арманың!

 

Сегізді тұтқындау жөніндегі Батыс Сібір генерал-губернаторының 1834 жылғы қаһарлы үкімі 1838 жылы жаз айында күшін жояды. Оны Сегіз сері Ақмешіт базарында тұрып естиді. Қуанышты хабарды жеткізіп, сүйінші сұраған адам – өзінің досы Нияз сері. Бұл хабардан соң Сегіз басына күн туғанда пана болған Кіші жүзбен қош айтысып, сағындырған Қызылжарына қайтпаққа бекінеді. Бұл өлкеде жүргенде ұмсынғанына қол жеткені де, жетпегені де көп еді. Көргеннің кезінде, тындағанның көңілінде қалатын арысы да аяулысы да аз болмайтын. Исатай, Махамбет, Үбі, Қалдыбай, Ғайни қыз, Бақытжамал, Мақпал…Ей, дәурен-ай, десеңші!

Ат басын елге бұрған Сегіздің жанына бір топ Кіші жүз руларының жігіттері ере кетеді. Күндіз ат белін суытып, тыныс алып, түнгі салқынмен жортқан салтанатты, сауықтытоп Аманқарағай орманына ілінеді. Сол тұстатуған жерге деп алып-ұшып келе жатқан Сегізге жанындағы жігіттер: – Сері, ел шеті көрінді. Кіндік кескен өлкең де сені сағынған екен. Алдыңнан көк майсасын төсеп, саумал самалымен аймалап жатыр. Өлеңмен көріспесеңболмас, – депқаумаласады. Сонда Сегіз астындағы Бозшұбардан түсіп:

…Гүлтөбе сағындым ғой салқын белім,

Бұқпа көл жанға жайлы шалқар көлім.

Көзімнен бір кездері бал-бұл ұштың,

Орта жүз, ашамайлы Керей елім.

Әркімнің туган жері – Мысыр шаһар,

Мекке мен Мәдинедей болған жерім.

Тіккен соң патша әкімі үлкен қаһар,

Жат жерде болып қайтты Сегіз серің.

Секілді мен кәрі қыз төркіндеген,

Келемін көрсем деген сертімменен.

Жазықсыз губернатор қуғындады,

Кеткем жоқ басқа өлкегееркімменен.

Аударып Еділ, Жайық дәм мен тұзы,

Төрт жылдай туған жерге келтірмеген.

Ел шеті көк Есілден көрінсе егер,

Жас келер екі көзге мөлтілдеген… —

деп туған жерін құшақтап, топырағынан сүйген екен.

Ендігі мәселе – Сегізсері сол кеткеннен Еділ-Жайық бойына қайта оралып соқты ма, жоқ па дегенге саяды. Бұл жерде тағы да Өтепқали Жақияұлының шежіресін алға тартамыз. Жаны жалаңаштанып, қабырғасы сынбаса да сөгіліп жүрген Махамбет түс көріп, түсінен шошынады да, Қызылжардағы Сегіз бен Бектасқа: “Еліңе көшіп барсам, мені паналата ма екен?” – депкісі салады. Ортада жүрген жігіттің есімі – Ертай. Руы – Ысық. Ертай кезінде Исатайдың атқосшысы болған, кейін Махамбеттің қасынаереді. Ал, Бектас Қырғызұлы Молдыбаев Исатайдың Патшайым дегенқарындасын алған күйеу баласытын. Махамбеттің сәлемін естіген Сегіз бен Бектас: “Батыр келсін, құрметтеп қарсы аламыз” – деседі. Көші-қоңдыға деп төрт нар жетектетіп, кері қайтарады. Ертай жанына Дауыл деген жігітті ертіп Малайсарыға келсе, бұлардан бір күн бұрын Махамбет қастандықпен өлтірілген екен.

Әлсізді басып талтаңдамаған, мықтыдан қорқып жалтаңдамаған ер Сегіз: “Қанға қан!” – деген. “Махамбеттен жанымыз артық болмас. Тізе қосып көтерілейік те, Баймағамбеттен кегімізді алайық” – дейді Тұлан Асауұлы.

Бұл кезде Баймағамбет Петербургте жүр еді. Үстінен арыз-шағым көбейіп әрі жасы келіп қалған соң, патша үкіметі отставкаға шығармақшы болады. Қырын кеткен шаруаның қисынын таба алмай, сәуір айында елге оралады. Жанында Бародин бастаған жиырма шақты қорғаушы әскеріболады. Баймағамбеттің елге бет алғанын естіген Махамбеттің қандыкөйлекжолдастары қамсыз қалмайық деп төрт топқа бөлінеді. Еділ бойынҚабыланбай, Орынборға дейінгі Стерлитамак жерін Жамантай, Нәдірқұл, Сәлилер аңдиды. Ал, Жайық бойын Асау Барақұлы, Елек өзенін ТұрланАсауұлы мен Сегіз сері торуылдайды. Артындағы елдің толқуынан қорыққан Баимағамбетбашқұрт ауылдарын басыпөтіп, Елек өзенінен өтіп кетпеккебекінеді. Сеңнің көбесі сөгіліп жатқан шақ екен. Өзеннен алдыменқорғаушылары өтеді. Соңғыкезекке Баймағамбет күймесімен жәнежанындағы төрт жолдасымен қалады. Бұлар мінген қалтылдақ паром Електің нақ ортасына келгенде аңдып жатқан Тұрлан мен Сегіз сері тобы арқандықиып жібереді. Паром жетпіс метрдей жерге ығып барып, сеңге соғылады да, төңкеріліп түседі. Суғақұлаған бесеудің ішінен жағаға тек біреуі ғанамалтып шығады. Денесі ауыр, етжеңді Баймағамбет бірден батып кетеді.

-Дос болсаң жанымды берем, қас болсаң қаныңды ішем – деген осы, Байеке, – дескен кегі қайтқан батырлар ат басын кері бұрып.

Сегіз серінің Кіші жүз еліне екі мәрте келуінің қысқаша тарихы осындай. Үшінші рет оралуға, әрине, тағдыр жазбаған.

 

Рахымжан ОТАРБАЕВ

“Қазақ әдебиеті” газеті, 20 қыркуйек, 1991 ж.

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*