Кітапхана

Хасен Қалибекұлы ОРАЛТАЙ: “EЛIM-АЙЛАП” ӨТКЕН ӨМІР (1 бөлім)

Оспан батырдың “Үш аймақ” үкіметіне қарсы шығуы

Совет Одағының қысымының нәтижесінде Шығыс Түркістан армиясының жеңістен-жеңіске ұласқан екпінді шабуылын кенет доғарып, қытаймен келіссөз жүргізуге мәжбүр болуы жұртшылық арасында: “…Бұл істің артында орыстар бар екен. Орыстар армияның алға тарта беруіне кедергі жасапты”, — деген сияқты сыбыс-жорулардың тарауына жеткізді. Үрімжіде қол жеткен келісім шартынан кейін, Шығыс Түркістан жұмхүриетінің (республикасы) атының мүлдем аталмайтын болуы халықты, әсіресе, саналы кісілерді үрейлендіре бастады.

Біздің Манас — Сауан өңірінде сондай күдік-үрей пайда бола бастаған кезде, яғни, 1946 жылдың қараша айында: “Алтайда Оспан батыр, өзінің Алтай уәлиі міндетін тастап, Сарысүмбе қаласынан кетіп қалыпты. Орыстың қуыршағы “Үш Аймақ” үкіметіне қарсы күрес бастапты”, — деген хабар бұрқ ете түсті.

Оспан батырдың аты — бүкіл Шығыс Түркістан жұртшылығына, әсіресе, Шығыс Түркістан қазақтарына отызыншы жылдардың аяғынан бері әйгілі болатын. 1939 жылдың аяқ шенінде Алтай аймағының Көктоғай, Шіңгіл аудандары арасындағы Загиопа деген жерде бас қосқан Алтай қазақтарының атқамінер кісілерінің бірқатары Шың шы цайдің зомбылығына қарсы күрес бастауды ұйғарған. Оларға Ноғайбай, Есімхан, Зәтелбай, Ақтеке би, Мұса Мерген, Рысхан, Оспан, Сүлейман, Қаббас және Бүркітбай сияқты кісілер жетекшілік еткен.

Ол қарулы қарсылық халықтың қолдап-қостауы арқасында бүкіл Алтай аймағының көлемінде кең етек жайды. Сол үшін де қытай әкімшілігі 1940 жылы Үрімжіден 13 кісілік өкілдер тобын жіберіп, көтерілісшілерді келісім өткізіп, ымыраласуға шақырды.

Ішінде Оспан да бар, Ноғайбай, Ақтеке би мен Есімхан және Рысхан жетекшілік еткен көтерілісшілер Шың шы цайдің көлгірсіген алдау саясатына иланбады. 1940 жылдың көктемінде қытай қарулы күштерінің кенеттен жасаған бір шабуылы кезінде Алтай көтерілісшілерінің жетекшісі Ноғайбай мен Ақтеке би шейіт болды. Одан кейін, Алтай елінің сол көтерілісіне Ноғайбайдың ұлы Рысхан мен Есімхан және Оспан жетекшілік етті.

1940 жылдың жазында қытайлар оған дейінгі ең үлкен шабуылын жасап, Алтай елі көтерілісін мүлдем жоюға ұмтылды. Ол соғыста Оспан ерекше ерлік көрсетіп көзге түсті. Қытайлар мақсатына жете алмады.

Алтай елі көтерілісін күшпен жаныштай алмаған Шың шы цайдің өзі: “Құрылтайға қатысады” — деп алдап шақырып алып Үрімжіде қамаған қазақтың 350 жетекшісінің ішінен алтайлықтарды – Мамиұлы Мұқатты, Тілеубайұлы Жанымханды, Тымытыұлы Халелді, тағы басқалар бар, босатты. Оларды өкіл етіп көтерілісшілерге жіберді. Нәтижеде 1940 жылдың шілде айында Алтай көтерілісшілері мен Шың шы цай арасында келісім жасалды. Соған орай көтерілісшілер қолдарындағы қаруларын тапсыратын болды. Бірақ оған Оспан қарсы шығады. Бір өзі қаруын тапсырмай тауға шығып кетеді.

Әне, сол күннен бастап Исламұлы Оспан “Оспан батыр” деп аталды. Алғашында жалғыз өзі тауға шығып кетіп қарсылық көрсеткен Оспан батырға, кейін Шың шы цайдің зомбылығынан ығысқан Халел тайжі мен Есімхан тобы қосылды. 1941 жылдың қазан айында Шың шы цайдің Жанымхан Тілеубайұлы арқылы жасаған келісу ұсынысын елдің қыс күнінде душарласқан ауыртпалығы салдарынан Халел тәйжі мен Есімхандар қабылдады. Бірақ Оспан батыр тағы кері қақты. Қабылдамады.

1942 жылдың ақпан айында, Халелұлы Сайып пен Келес батырлар 55 кісілік тобымен Оспан батырға барып қосылды. Сөйтіп, Оспан батыр халықтың қостауымен өз күресін ұластыра берді. Алтай халқы оған қытайдың зомбылығынан құтқарады деп сенді. Сол үшін де 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық Оспан батырды “ақ киізге отырғызып хан көтереді”. Туған халқының Оспанға ондай үлкен сенім, құрмет көрсетуі Оспан батырдың жауға қарсы шабуылын үдете түсті. Нәтижеде 1945 жылдың жазында Оспан батыр қосындары Алтайды қытайдан түгел құтқарып азат етті. Өзі Алтайдың уәлиі болып тағайындалды. Оспан батыр алғашында Әлихан төре басқарған Шығыс Түркістан жұмхүриетінің үкіметін толық қостады. Бірақ қытайға шабуылдау ісі кенет доғарылып, Үрімжіде келіссөз өткізіле бастасымен, әсіресе, “Шығыс Түркістан жұмхүриеті” деген атауға тиым салынып, “Үш Аймақ төңкерісі”, “Үш Аймақ үкіметі” деген атау шығып, Әлихан төре де сахнадан тайдырылуына байланысты, Оспан батыр езі: “Орыстың ойыншығы”, “Қуыршақ” — деп атаған бұрынғы Шығыс Түркістан жүмхүриетінен іргені аулақ сала бастады.

Бұл Оспан батырдың және дәл соған мезгілдес Қалибек хакімнің тәуелсіз Шығыс Түркістан үкіметінен емес, қайталап айтуды тарихи маңыздылығына сай қажет көріп отырмын, “орыс ойыншығы”, “қуыршақ” “Үш аймақ” үкіметінен іргені аулақ салып, коммунизмге қарсы күрес бастауы еді.

Сонымен, Оспан батыр “орыстың қуыршағы” “Үш аймақ” үкіметіне қарсы қарулы күреске кірісті. Бұл арада ол бұрынғы жауы гоминдаң үкіметімен ымырласуға да мәжбүр болды. Оспанның, сондай-ақ, Қалибектің олай ығысуына коммунизмнің ызғары әсер етті. Өйткені, Оспан батыр да, Қалибек хакім де коммунизмнің Қазақстанда салған жауыздық ойранын жақсы білетін-ді. Сол үшін де олар “суға кеткен тал қармайды” деп гоминдандық қытай үкіметімен ымыраласудан басқа шара таба алмаған-ды.

Оспан батырдың “Орыс ойыншығы” — “Үш аймақ”

үкіметімен соғысуы

Оспан батырдың әскерлері Алтайда “Үш Аймақ үкіметі” әскерлеріне қарсы көп соғысты. Өкінішке орай, онда төгілген қан орыс немесе қытай қаны емес-ті. Кілең қазақтың және Шығыс Түркістандағы өзге ұлт өкілдерінің қаны еді. “Үш аймақ” қарулы күштерін басқарушы орыстар Оспан батырды қолға түсіру үшін оған қарсы кілең қазақтарды, кей жерлерде басқа ұлттардан алынған (орыс емес) әскерлерді аттандырып отырды. Ол кезде “Үш аймақ” әскерлерін Оспан батырта қарсы соғысқа бастап барған қолбасы қазақ жігіттерінің бір қатарын қазір де (1999) Алматыда кездестіруге болады. Әрине, кінә оларда емес-ті. Белгілі дәрежеде олар оз амандықтары үшін солай істеуге мәжбүр-ді. Ал екінші жағынан, коммунистік үгіт-насихат олардың кейбіреулерінің миын жуып, мүлдем шатастырып қойғанын да айтып өткен жөн. Мәселен: “<…> Оспан – банды, найманның жауы, қолына түскеннің бәрін өлтіреді…”, — деген сияқты жалған насихат кезінде көп айтылған. Сондай өтіріктің ықпалынан әлі күнге дейін құтыла алмаған бұрынғы офицерлер мен қытай жақта жүріп “орыс граждандары” атанған кісілердің қалдығын осыған дейін 12 рет барған сапарымда Алматыда кездестірдім.

Алайда Оспан батырға қарсы шабуылдаған “Үш аймақ” әскерлерінің ішінде Еренқабырға мен Тарбағатай елінен әскерге алынған керей жігіттері де көп болатын. Солардың бірі әлі көзі тірі, Түркияның Ыстанбұл қаласының Зейтін бұрын ауданында тұратын Омарбайұлы Сабихан Пынар. Сол сияқты кезінде “Үш аймақтың” әскері болып, Оспан батырға қарсы соғысқан еренқабырғалықтардан Түркияға барған тағы бір жігіт, Түркияның Салихлы қаласында 1986-жылы жазда қайтыс болған Мұстапаұлы Нұрсейт Үстін-ді. Марқұм Нұрсейт Үстін де, қазір көзі тірі Сабихан Пынар да, өздері ішінде болған “Үш аймақ” әскерлерінің Оспан батыр еліне қай жерлерде, қалай шабуылдағандықтарын, оған Оспан батыр сарбаздарының қандай тойтарыс бергендіктерін және өздерінің сол соғыстардағы командирлерінің кімдер болғандығын аттарын атай отырып талай әңгімелеген-ді.

Ал орыстың қазақты қазаққа қырдырған соғысында, Оспан батыр жағынан болғанындай, “Үш аймақ” әскерлері жағынан да көп шығын болғаны анық. Солардың бірі — біздің жақын туысымыз, яки Қожалақтың алты ұлының бірі Қалпақбайдың немересі Зейнелхамиттің баласы Сәду. Ол 1946-жылы Қызылөзенде әскерге алынып, сол кездегі “Шығыс Түркістан жүмхүриеті” армиясының 2-полкінің 2-эскадронында әскери міндетін атқаруға кіріскен-ді. Кейін Үрімжіде қол қойылған келісім шарты бойынша, Манас өзенінің батыс жағындағы әскерлер шегіндірілгенде, олар Қобық — Сауырға көшірілді. Содан ол да Оспан батырға шабуылдағандардың ішінде болды. Біздің тағы бір жақын туысымыз, 1960-жылдары қытай коммунист жендеттері жағынан көшеде сүйретіліп жүріп ұрып өлтірілген Қара Смайыл да Оспан батырға қарсы соғысқан “Үш аймақ” әскері қатарында болған-ды. Соғыс кезінде оқ тисе немесе басқадай жағдай болса, ол да сол соғыста қаза болған болар еді. Өйткені, атысқан кезде ешкімнің қарсысындағы жаудың руын сұрау мүмкіншілігі болмайтыны анық. Қысқасы: “Оспан батыр наймандарды өлтірді. Наймандарға жау болды…”, — деген қауесет мүлдем негізсіз жалған. Нағыз коммунистік тоқыма. Қазақты бір-біріне арандатып, рушылдық сасық сезімді желіктіруді көздеген зымияндық Алматыдағы кейбіреулер айтып жүргеніндей “200 найманды” емес, Оспан батыр екі найманды да найман болғаны үшін әдейілеп аттырған емес.

Оспан батыр қазақты әдейі аттыру былай тұрсын, 1946- жылдың қыркүйек айының орта шенінде, өзі Алтайдың уәлиі және дара билеушісі болып тұрғанда бір орысты аттырмай өлімнен арашалаған. 1996 жылы көкекте, екінші басылымы Пекинде жарық көрген: “Офицердің қойын дәптерінен” деген кітаптың авторы, 1946 жылдан 1950 жылға дейін Алтайда қызмет істеген Қожай Доқасұлы аталған кітабының 22-23 беттерінде сол оқиғаны өз көзімен көрген Әтихан Ысқақұлының аузынан мына естелікті келтірген:

“1946 жылы 9-айдың алтысы күні Сарысүмбе азат болды. Алтай аймағының үкімет органдары құрылып, Оспан уәли болып белгіленді. Әскери істерге Дәлелхан Сүгірбай колбасы болды. Қолға түскен гоминдаң әскерлерін Манасқа апарып, гоминдаң жағына өткізіп беру үшін дайындық жасап, ат тағалап жатқан бір орыс эскадрон командирі ат тағалаушы адаммен сөзге келісіп қалып, оны сол майданда атып тастаған екен. Ертеңінде атушыға өлім жазасын бергелі, Әбитан жақтағы бір жазыққа әскер мен халық жиылды. Оспан батыр келгенше күтіп тұрдық. Біраздан кейін Оспан келді. Әскери орынның өлім жазасын беру бұйрығы жариялағанда Оспан ортаға шығып: “Мына қылмыскер халықты гоминдаңнан азат ету үшін сонау Іледен Алтайға келіпті… Мақсатты болмаған, оқыстан болғандығынан бұның шыбын жанын маған беріңдер. Адам өлтірген қателігін алдағы өмірінде ақтасын”, — деді. Халық қол шапалақ соқты. Адам атқан орыс эскадрон командирі сол заман азат болып, Оспанның аяғын құшақтап жылаған еді. <…>”.

Өзі “Үш аймақ” әскерінің Оспан батырға қарсы соғысына да қатысқан автор, сол кітабының 86-бетінде ол соғыстарда “Үш аймақ” шығыны 250 кісі болғанын, Оспан батырдың да 50-дей адам жоғалтқанын (85-бетте) жазған. Ал сонда Оспан батыр жақтан қаза болғандарды кім өлтірді дейміз?

“Офицердің қойын дәптерінен” деген сол кітабының 45- бетінде Қожай Доқасұлы: “Штаб бастығының орынбасары Жағда Бабалықов. Осы адамның қолбасшылығында Шепейзідегі гоминдаң әскерлерінің бекінісіне тәуекелшілдікпен шабуыл жасап, потайдың (бекініс) алдында окоп, окоп алдында сым темір, сымның алдында көмілген мина болса да, бұйрық бойынша шабуыл жасаған жауынгерлерден үш қабат бөгеуде 140-тан астам жауынгер құрбан болып кетеді…”, – деген дерек келтірген. Ал енді осынау 140 кісіні (бәрі Тарбағатай 6-казақ атты полкінің әскері) Жағда Бабалық “өлтірді — қырғызды” делінсе, әділетсіздік болмай ма?

Соғыс майданында, қарсыласының руын сұрап атуға бола ма? “Оспан батыр 200 найманды өлтіртті”, – деп өсек айтушылардікі, баяғы коммунистік сарын. Алайда мәселені жақсы білетін, адал ниетті жас тарихшылар, қытай қол астындағы үй іші туғандарының жағдайымен байланысты Оспан батырдың атын тіке атамағандарымен, мәселен, Нәбижан Мұқаметқанұлы: “… Алтайдың қатыгез жаратылыстық ортасы мен аумалы-төкпелі қоғамдық жағдайы Алтай қазақтарына ер жүректілік пен қайсарлықты, батылдықты, намысқойлықты және қайырымдылықты бойларына сіңіреді. Бұл жалпы қазаққа ортақ ерекшелік болса да, Алтай аймағындағы қазақтарда бұл қасиеттер өте басым…”, — деп жазады.

1947 жылдың аяғында Қызылөзенде советтік қолбасы (орыс) Марковтың және біздің үйімізге талай келген татар текті Марғұн Ысқақовтың айдап салуымен бізге шабуылдаған “Үш Аймақ әскерлері” де қазақ-ты. Олар Тарбағатай, Іле — Құлжа жақтан әскерге алынған жас жігіттер болатын.

Оспан батырға Моңғолия арқылы жасалған

Советтік қастандықтар

Оспан батырдың “орыстың ойыншығы” — “Үш аймақ” үкіметіне қарсы шығуы — Мәскеудің мүддесіне қайшы болғаны анық. Сол үшін, Мәскеу басшылары қайткенде де Оспан батырды құртудың шарасын қарастырды. Алдымен оған қарсы “Үш аймақ”, яғни, бұрынғы Шығыс Түркістан әскерлерін аттандырып, қазақты қазаққа қырдырды. Бірақ мақсатына жете алмады. Содан кейін Мәскеу Оспан батырды құрту ісін Монғолия Халық Республикасына тапсырды. Бұның басты себептері: біріншіден, Оспан батыр ол кезде аялдаған Бәйтік тауы мен Жергөктінің құмы Моңғолиядан қашық емес-ті. Екінші жағынан, Оспан батыр мен МХР бұрын жақын байланыста болған. Мәселен, 1944-жылдың ақпан айының 25-і күні МХР-ның бастығы маршал Чойбалсын өзі бастап, қасына Моңғолиядағы Совет Одағының бас елшісі Ивановты, Байқал фронтының командирі Ұлубынды, моңғолиядағы советтік барлау орнының бастығы Ламбарткинді, моңғолияның ішкі істер министрі Шанкірзатты ертіп, Қобданың Бұлғын өзенінің бойында Оспан батырмен жолыққан-ды.

Сол жолығу кезіндегі келісім шартына сай Оспан батыр Моңғолиядан бір қатар қару-жарақ алды. Содан кейін Монғолия мен Оспан батырдың адамдары араласып тұрды. Мысалы, сол кезде Моңғолияда партия мектебінде оқып жүрген Ноғай Шымшырұлы және монғол ішкі істер министрлігінің тыңшысы Қалқабай деген сияқтылар Оспан батырдың маңайына жиналған.

Әне сондай себептерге байланысты, 1946 жылынан бастап Мәскеу Оспан батырды өлтіру ісін Монғолияға жүктеді. Соған орай алдымен Монғолия жақтан, бұрын Оспан батырлармен аралас болған моңғолиялық Тескенбай деген жіберілді. Ол “туысшылап келдім” деген сылтауды алға тартты. Бірақ, Оспан батырдың қауіпсіздік орындары мен батырдың өзі оған сенбеді. Ол байлауда тұрған жерінен қашып құтылып, Моңғолияға барды. Одан кейін Сағадай және Марқаба дегендер жіберілді. Алғашында олар батырға жақындап үлгергенімен, жауыздық жасау тапсырмаларын орындай алмады. Одан кейін Оспан батырдың нағашылары жағынан ілік-жілігі бар Тұтан Хамитұлы деген де: “Оспанды өлтір” деген тапсырмамен аттандырылады. Ол келген бойда, оны Оспан батырдың өзі тергеп-тексереді. Нәтижеде, Тұтан Хамитұлы өзінің ерекше тапсырмамен келгендігін мойындайды.

Жеке баскесерлер жіберу арқылы Оспан батырды өлтірте алмаған Монголия мен оның қожайыны Мәскеу — Оспан батырдың Жөргектінің құмында отырған ауылына қарулы қосып аттандырды. Оны Моңғолияның батыры атағын екі рет алған Тандырбат басқарып барады. Олар да жауыздық мақсаттарына жете алмай, өздері әрең қашып құтылады.

ҚАЛИБЕК ХАКІМНІҢ “ОРЫС ОЙЫНШЫҒЫ” – “ҮШ АЙМАҚ” ҮКІМЕТІНЕ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Қытайдың талай зұлым-зомбылығына душарласып, соңында 1945 жылы көтеріліс бастап, жауға қарсы құр қол соғысқан Қызылөзен мен Ұлужан (Бортынке) елінде 1946 жылдың маусым айының басында өткізілген “Түркістан тойынан” кейін Шығыс Түркістан жүмхүриетінің “орыстың қуыршағына” айналып бара жатқанына абыржып сескенушілік бар еді. Бірақ, соның өзінде Шығыс Түркістан жүмхүриеті әкелген, әлі толық жойыла қоймаған азаттық пен кеңшілік жағдайға масаттанушылық көзге түсетін… Мәселен, өз атын жазып қол қоюды білмейтін қарапайым кісілер ай-жұлдызды мөрлер ойдырып, балаларына жаздырған хаттарды бір-біріне жіберіп, қытайсыз, орыссыз және ай-жұлдызды Шығыс Түркістан жұмхүриетінің қысқа мерзімді кезеңімен шаттанатын-ды. Басқа жақты білмеймін, біздің Қызылөзен өңірінде 1946 жылдың басымен 1947-жылдың күзіне дейін ай-жұлдызды мөр ойдырып, соны басып хат жазу ел арасына кең тараған-ды. Ол жағдай той-жиындарда айтылатын әзіл-әңгіме, қалжыңдардың тақырыбына да айналған. “Пәленшекең ай-жұлдызды мөрін көрсету үшін түгеншеге мөр басып хат жазыпты”, — деген әңгімеге арқау етілетін-ді. Ай-жұлдызға деген сол бір құштарлық халықтың тәуелсіздікті армандауының белгісі еді.

Ұзақ жылдардан бергі жат жұрттық қысым-зомбылықтан құтылып, өз көлеміндегі соғысты да жеңіспен аяқтаған біздің Қызылөзен мен Ұлужан елінде сол 46-47 жылдары әлгі “қазақ байыса қатын алады, сарт байыса там салады”, — дейтін сипаттаманы айқындайтын құбылыстар да баршылық болатын. Жоғарыда айтылғанындай, әкем 1945 жылдың аяғында тоқал алған-ды. Сол үлгі болды ма, әлде жаңа айтылған атамыз қазақтың мақалының дәлдігі ме Тәкіман, бала Хамза, семіз Хамза және Қайнаш пен Қайрақбайдың Ахметі, кейіндеп біздің Ілияс ата мен Байқонақтың Омары тоқал алды.

1946 жылдың аяғында әкем өз аулы мен үй-ішіндегі әлгіндей істермен қатар өмірінің үлкен бетбұрысына қарай да бейімделуде еді. Небәрі бір — бір жарым жылдың алдында ғана үлкен үміт қуанышпен қарсы алған Шығыс Түркістан жұмхүриетінің аты өшіп, “Үш Аймақ үкіметі — “Үш аймақ” төңкерісі” деген пайда болған-ды. Сонымен бірге, ел арасында “граждан болыпты” дегендер де көбеюде еді. Алғашында жұртшылықтың көбі “граждан болыпты” дегеннің не екенін ұқпады. Кейін оны бір-біріне “орыстың адамы болыпты”, “совет азаматтығын қабылдапты” деп түсіндіретін болды. Гражданин болғандар оны өте құпия ұстайтын. Ол құпиялық ол істің артында орыс бар екенін аңғаратын-ды. Орыстың Қазақстан жақта қазаққа істеген жауыздықтарын білетін кісілер ол құбылысқа үрейлене қарайтын.

Әне сондай істер Сауанда да ұласқан кезде, жоғарыда айтылғанындай, Алтайда Оспан батырдың “Үш аймақ” үкіметіне қарсы күрес бастағаны естілді. Екінші жағынан, бұрынғы Шығыс Түркістан шекарасы ішінде қолданылатын “Шырқан доллары” деген ақшаның үстінде “Жанымхан” деген қазақтың қолы бар-ды. Алтайлық Жанымхан қажы Шыңжаңның қаражат министрі еді. Үрімжіде оның маңайында әскери салада істеуші Зәкәрия Әшенұлы, үкіметте (бас уәли) Қадуан ханым (Әленнің әйелі), қаражат министрлігінің кеңсе істерін атқарушы Нығмет Мыңжанұлы сияқты қазақтар бар-ды. Бұл бұрын болмаған құбылыс-ты.

1947 жылы Қызылөзен мен Бортынкедегі “Қалибектің елінің” Үрімжімен байланысы нығая түсті. Бүл арада аты “Үш Аймақ үкіметі” болып өзгерген, бұрынғы Шығыс Түркістан жұмхүриеті жағының да ол кезде және кейін де “Қалибектің елі” деп аталған Қызылөзен мен Бортынке елін сол жаңа беталысынан қайтаруға тырысқан әрекеттері де жиілей түсті. Мәселен, 1947 жылдың мамыр айының басында, “Үш аймақ” үкіметі қарулы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары генерал Зүнүн Тайыпов жанына бес офицер мен күзетшілерін ертіп, Қызылөзеннің батыс жақ қабағындағы Тасшапқан жазығына Сауаннан жаңа ғана келіп қонған, кіші шешеміздің шаңырағындағы әкеме келіп жолыққан-ды. Әкемді Шиху — Майтауда болатын бір жиналысқа шақырды. Генерал Зүнүн Тайыпов Тасшапқанның жазығындағы үйде екі күн аялдап қайтты. Одан кейін кіші шешеміздің үйі Доңжайлаудағы “Үлкен үй” аталатын апам отырған ауылға келіп қосылды.

Бұл әкемнің Сауаннан түбегейлі көшіп шығуы еді. Енді қайтып Сауанға бармайтынын өзі ғана білетін. Соған мезгілдес Сауан қоғамдық қауіпсіздігін сақтау мекемесінің бастығы Тәкіман да қаладан көшіп, Бортынкенің Ұлужан жайлауына шыққан-ды. Ол да Тәкіманның Сауаннан біржолата көшіп шығуы еді.

1947-жылы мамыр айының ішінде Тарбағатайдан үлкен бір өкілдер тобы келді. Оның ішінде Тарбағатай аймақтық сақшысының бастығы Ахметқали Бітімбай, Мұқаш молла, Ғұсман молла, Дубек Шалғынбай, ұйғыр Юсупбек Мұхлисилер болды. Олар халық арасында түрлі жиындар ашып, қытайдың зұлым-зомбылығын еске түсіріп сөз сөйледі. Сол жиналыстардың бірі әлі есімде. Ол кезде мен 14 жасқа шыққанмын. Жиналыс Ұлужан жайлауында болған-ды. Қалың ел жиналды. Жиналыс Мұқаш молланың құраннан бір аят оқуымен басталды. Одан кейін Тарбағатайдан келген өкілдерден сөзге шығушылар болды. Мұқаш молланың өзі де сөз сөйледі. Ол кісі “Ислам туының астында мұсылмандардың бір ыңғай өз тобымен тұрғаны жөн”, — деді. Оның артынан Юсупбек Мұхлиси сөзге шығып, қытайдың зұлым-зомбылығы мен ісләм туы туралы айта келіп, еңіреп жылап жіберді. Тарбағатайдан келген сол топтың ішіндегі Ғұсман деген ақсақалды қарт молда маған бір құран сыйлаған-ды. Мен сол құранды әлі сақтап келемін, оны оқығанда сол молданы еске аламын <…>.

Алғашында генерал Зүнүн Тайыпов, кейін Ахметқали Бітімбай мен Дүбек Шалғынбайлар бастаған топтар келіп қайтқаннан соң да “Үш аймақтың” адамдарының біздің ауылымызға келуі ұласты. Татар тұқымды офицер Айтуаров — Шихудан, қазақ қолбасы құлжалық Зікірқан — Сауаннан және басқалары жаз бойы келіп-кетіп тұрды.

Ол кезде әкемдердің “орыстың ойыншығы” “Үш аймақ” үкіметіне қарсы жасырын күрестері де үдей түскен-ді. Әлгі біздің ауылға үзбей келіп-кетіп жүрген “Үш аймақтың” тыңшылары мен үгіт-насихатшыларының қолына әкем бірер жапырақша-жарнама ұстатып жіберетін. Әкем дәл ол кезеңде ашық түрде “Үш аймақтан” кетем және қарсы соғысамын демей, әлгі келіп-кетушілерге: “Мына бір жапырақша жарнамаларды біздің ауылдың маңайына біреулер тастап кетіпті. Сіздер оқып көріңіздер жөне ала кетіңіздер”, — деп қолдарына ұстататын. Алайда ол жапырақша жарнамалар Хамза Шөмішбайұлының ауылында, Нариман Жабағытайұлы жағынан тас баспаға басылып көбейтілетін. Оның сөзін жазу ісіне әкемнің ұйғарымына Жабағытай ақсақалдың өзі, Хамза Шөмішбайұлы Ұшар және басқалары көмектесетін.

Жабағытай ақсақал орыстың зұлымдығын да, оның коммунизмін де жақсы танитын-ды. Орыстың арғы дәуірде және коммунизм кезеңінде қазақ халқына салған лаңын, көрсеткен зұлым-зомбылығы мен жасаған қырғындауын жеке әңгімелері кезінде мұңая отырып айтатын. Ол кісінің залым Шың шы цай кезіндегі тұтқындаулар мен қудалаудан жасқанып, мүлдем үйінде бұғып қалғандығын айтатын-ды әкем. Шығыс Түркістан үкіметінің алғашқы кезінде (1945 жылдың күзінде) әкем Жабағытайды өз ұсынысына сай Іле — Құлжаға жіберді. Жәкең ақсақал Қызылөзендегі көтерілісші қазақтардың бастығы Қанбектің өкілі болып Әлихан төреге де жолығып сөйлескен. Әкемнің кейін айтуынша, Жабағытай ақсақал Құлжадан оралғаннан кейін:

– Қалибек қарағым, Құлжада көк көз иттердің ықпалы өте күшті екенін байқадым. Мені қайтесің, Нариманды өзіңе бердім. Жағдайға қарап істерсіңдер…” – деген.

Әне сол Жабағытай ақсақалдың өзі де көмектескен, баласы Нариман жазып тас баспамен көбейткен жапырақша жарнамалардың бірінде мынадай шумақтар бар-ды:

Дін қайда, құқық қайда, намыс қайда?

Қан қайда, еңбек қайда, үміт қайда?

Еңбек — еш, жатқа жабдық болып тұрмыз,

Ойлаңдар кімге зиян, кімге пайда?

Құл қылды қожайындар қодыраңдап,

Ақиқат бостандықтан жылу қайда?

Топаннан Нұх құтылған қайратпенен,

Жалынба, жауды жайрат, жарақ сайла…

Ойлаңыздар!.. Ойлаңыздар!..

Арам өліп, арам тер болмаңыздар!

Ақиқатты, дінді, елді, жерді,

Отанды таныңыздар, қор болмаңыздар!

Және сенде жігер болса, намыс болса,

Шындық үшін шіміркенбейтін шабыс болса,

Қаның бір қазақтығың болса бойында,

Әптен есті ақылыңа дақ қонса,

Ататын өзгерместен таңын ойла!

Жел сөндірмес, сел тербетпес жанатын шамын ойла!

Беті жібек, етегі бөлек қуыршақ болып жүрмесін,

Еліңнің заңын ойла!

Елің сендік, суың сендік болғанда,

Сен біреудің болып жүрме тағы ойла!

Ойла! Кіндік кесіп кір жуған жеріңді ойла!

Зұлым жауызға жалынбасын еліңді ойла!

ТАРБАҒАТАЙ МЕН ІЛЕГЕ ШАҚЫРУ

“Үш аймақ” басшылары мен советтік қожайындары Қалибек хакімнің негізгі беталысын толық аңғарған-ды. Бірақ дәл ол кезде оған қолданар шарасы шамалы еді. Қызылөзен — ол кездегі шекаралық Манас өзеніне жақын-ды. “Үш аймақ” әскерлері Манас өзенінің ой жақтағы тас жол өткелін ғана бақылауда еді. Ал Манас өзенінің алқым жағындағы Шорқұдыққа өтетін көпір және басқа өткелдер толығымен Қалибектің адамдарының бақылауында болатын. Сондықтан, Қызылөзен елі Үрімжі жақпен кедергісіз қарым-қатынас жасауда еді. Бүл жағдайда егер “Үш аймақ” жағы қоқанлоқылық шара қолданса, Қалибек елінің қарсылық көрсетері хақ-ты. Олар оны жақсы түсінетін. Сол үшін де “Үш аймақ” басшылары мен советтік қожайындары Қалибек хакімді алдап қолға түсіру тәсілін қолданды. Ал Қалибек хакім болса, елдің егін жинауын және тауға, жайлауға кеткен малдың бектерге түсуін, сондай-ақ, өзге бірқатар істің беталысын күтіп, “Үш аймақпен” ашық жауласуға кіріспей, арбасуда еді.

Жоғарыда да айтылғанындай, сол жылы жаздың басында генерал Зүнүн Тайыпов Қызылөзендегі Қалибекке келгенде Шихуда “Үш аймақ” қарулы күштері бас қолбасшысы генерал Ысқақбек Мәнановтың Ахметжан Қасымимен кездесу үшін Іле — Құлжаға барып қайтуға шақырған-ды. Қалибек хакім 1947-жылдың маусым айының аяғында Шихуда болған жиналысқа барды. Сол жолы оны Ілеге де баруға үгіттеп, “Ахметжан Қасымидың жеке сәлемі бар”, — деп Ахметжан өзі қол қойып “Қалибекке арнадым” деген бір суретін беріп, оны Ілеге арнайы түрде шақыратындығы қайталап ескертіледі.

Әкемнің кейін түсіндіруінше, ол кісінің Шихуға барған сол сапары да қауіпті болған. “Үш аймақ” жақтың оны сол жолы тұтқындауы мүмкін-ді. Бірақ елдің түбегейлі көтерілуінен жасқанғаны үшін ол жолы тұтқындауға бармаған.

ШӘУЕШЕКТЕГІ ОРЫС КОНСУЛЫНЫҢ ДӨҢЖҰРТҚА КЕЛУІ

1947 жылдың қыркүйек айында, оған дейін ашық ортаға шықпаған бір жағдай болды. Бір күні, бесін уақыты ауа бастаған тұста, шолғыншылар Төңкеріс алаңына қарай (Нужаңзыға) Үшбұлақты өрлеп бір машина келе жатқанын хабарлады. Ол кезде бұл өңірде машина мүлдем жоқ-ты. Тек, ойдағы тас жолда ғана әрі-бері өткен машиналар көзге түсетін. Біраздан кейін әлгі машинаның Нуржаңзыға жетіп аялдағаны, ішінде үш кісі бар екендігі, біреуінің орыс, жүргізушісінің қазақ екені білдірілді. Көп ұзамай әлгі бір орыс пен жолдасы Нужаңзыдағы ауылдардан ат сұрап мініп Дөңжұрттағы біздің ауылға келді.

Машинамен келген Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешектегі орыс (совет) консулы жанындағы тілмашы еді. Консул өзінің Қалибекке совет үкіметі атынан келгенін ашық айтқан-ды. Оның өз сөзі бойынша, ол Қалибекті “Үш аймақ” үкіметін қостап отырған орыстарға (совет үкіметіне) сендіруге келген. Бұл оған дейін осыншама ашық айтылған жағдай емес-ті. Бүкіл жаз бойы “Үш аймақ” жақтан келіп-кеткен өкіл, үгіт-насихатшылар Қалибек хакімді өз бағытынан қайтара алмаған соң, енді орыстар (совет үкіметі) Шәуешектегі консулын жіберген еді.

Орыс консулы Қалибек хакімге қытаймен ымыраласудан бас тартуын, “Үш аймақ” үкіметіне адал болуын, Тарбағатай аймағының уәлиі болу үшін Шәуешекке келуін ұсынды.

Қалибек хакім “Үш аймақ” үкіметінің бұрынғы Шығыс Түркістан үкіметі емес екендігін, оның советтің қуыршағына айналғанын айта келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі бол деген ұсынысқа рақмет деді. Көне Сауандағы өз кеңсесінің Сандыққозыға (қазір Сауан деп аталады) көшірілуін, егер ол солай етілсе, өзінің елге бір табан жақын Сандыққозыға барып өкімдік қызметін жалғастыратындығын айтады.

Орыс консулы Алтайдағы Оспан батырдың және Үрімжідегі қазақтардың іс-бағыттарына сілтеме жасап: “<…> Сіздер, қазақтар, осыншама белсенділікпен Шығыс Түркістанды құтқарамын деп ойлайсыздар ма? Босқа әуре болмаңыздар. Олай ете алмайсыздар. Айталық сіз Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін алыңыздар, онда да сіздер қазақтар билік басында болмайсыздар. Ұйғырлар сіздерден көп. Сіздердікі босқа маңайға жексұрын болудан басқа ештеңе емес…”, – деген.

Қалибек хакім совет консулының ол сөзіне былай деп жауап қайырады: “Біз тәуелсіздік үшін күресудеміз. Біз ұйғыр, қазақ деп бөлектеніп отырғамыз жоқ. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, билік басына арамыздан кім шықса, оны қабыл етеміз…”

Орыс консулы: “Сіздер, қазақтар, “Үш аймақ” үкіметін құлатуға ұмтылудасыздар. Ал ұйғырлар оны қолдауда”.

Қалибек хакім: “Басында Әлихан төре болған Шығыс Түркістан үкіметін біз бәріміз қолдап-қостадық. Сол жолда көптеген құрбандықтар беріп, кан төктік. Бірақ кейбіреулер оны сатты, Шығыс Түркістан үкіметін қуыршаққа айналдырды. Бұл жағдай Шығыс түркістандықтардың мүддесіне қайшы және өте зиянды. Қазіргі жағдайды адал түрде, шын көңілден қостайтын кісі жоқ…”, – деп жауап қайырған.

Орыс консулы тағы қайталап, Қалибек хакімді Шәуешекке келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі болуға шақырады. Жіберілген қателіктердің кешірілгендігін, совет үкіметінің жақтасы болуын, қытаймен келісімдерін бұзуын сұрайды.

Арада коп өтпей тағы бір орыс келді. Ол жаздың басында Сауаннан тауға шығарда Қалибек хакімнің: “Сырқатпын, тауға шығып қымыз ішіп емделемін”, — деген сөзіне сілтеме жасап, Қалибектің Мәскеуге барып емделуіне болатындығын білдірді. Және: “Совет үкіметінің сыйлығы”, — деп бір костюмдік мата, дүрбі әкелді. Дәл сол кезде татар тұқымды Айтуаров деген капитан келіп, генерал Ысқақбек Мәнановтың: “Шихуға келіп қайтсын”, — деп шақырғанын хабарлады. Оған әкем: “Жақында кездесеміз”, – деп жауап қайырды.

Сол 1947 жылдың жазында “Үш аймақ” жағы әкемнің көңілін алып, өзіне тарту үшін басқа да айла-шаралар қолданды. Түрлі топ-үйірмелер жіберіп, бірнеше алтын медаль де тақтырды. Сол жаздағы екі медальді қосқанда әкеме тағылған медальдардың саны алтыға жеткен-ді.

ҮРІМЖІМЕН СӨЙЛЕСУЛЕРДІҢ ЖИІЛЕУІ

1947 жылдың басынан бері нақтылы түрде бастаған Қалибек хакімнің Үрімжімен сөйлесуі ол Сауаннан Тайға көшіп келгеннен кейін де жиіледі. Қалибек хакімнің Үрімжіге жіберген кісілерін Шықжандағы қытай қарулы күштері бас қолбасшысы генерал Сүн Ши ланның өзі қабылдап сөйлесіп, бір келісім жасалуын ұйғарады. Үрімжідегі Сәліс Әміреұлы, Зәкәриа Әшенұлы жөне Жанымхан Тілеубайұлының қатысуымен жасалған келісім шарты мынадай:

1. Оспан батыр мен Қалибек хакім қол астындағы қазақ сарбаздарына қару-жарақты қытай үкіметі береді.

2. Үкімет қызмет орындарына қазақтар молырақ тағайындалатын болады.

3. “Үш Аймақ” жақ орыс ықпалынан құтқарылады.

Қытайлармен осылайша келісілгеннен кейін, 1947 жылдың тамыз айында Шығыс Түркістандағы (Шыңжандағы) қытай қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары Шежу Жан мен Шыңжаңның қаражат министрі Жанымхан Тілеубайұлы Манас өзенінің шығыс жағындағы руы шұбар айғыр Нұрбек қажының Шорқұдықтағы аулына келіп, Манас өзенінің батыс жағындағы, яғни, бұрынғы Шығыс Түркістан жұмхұриеті, сол кездегі “Үш аймақ” үкіметі қарауындағы Қызылөзенде тұрған Қалибек хакіммен бетпе-бет сөйлесті.

Ол кездесуге әкем төрт алтын, екі күміс, барлығы алты медалін тағып барады. Оны көрген Шежу Жан: “Не деген көп медаліңіз бар” – дейді. Әкем оған: “Бұл медальдарды маған халқыма өкіл болып келгендіктерін айтқан түрлі топтар тақты. Мен бұларды маған тағушылардан гөрі, осы медальдердің үстіндегі белгі — рәміздер мен жазуларға лайық болуға тырысудамын”, — деп жауап қайырған (Олардың үстінде ай-жұлдыз белгісі және “тәуелсіздік, жанқиярлық, азаттық” деген сияқты сөздер бар-ды).

Манас өзенінің шығыс жағында болған сол кездесуден кейін, қытайлар бірқатар қару-жарақ берді. Дәл сол кезеңде “Үш аймақ” жақтың өкілдері келіп-кетуімен болды. Тамыз айының бас шенінде Тарбағатай аймағының орынбасар уәлиі ұйғыр Қасымов бастаған бір топ өкілдер де келіп-қайтты.

МӘСКЕУДІҢ ҚУЫРШАҒЫ – “ҮШ АЙМАҚ” ҮКІМЕТІНЕ ҚАРСЫ ҚАРУЛЫ КҮРЕСТІҢ БАСТАЛУЫ

Шорқұдықтағы құпия сөйлесуден кейін Үрімжі жақтан жіберіле бастаған қарулар біздің Дөңжұрттың оңтүстік жағындағы Әубәкірсайдағы жаңа қыстау үйге апарылып жиналды. Кейін жасалған тізімге сай қарулар үлестірілді. Ауыр қару жоқ-ты. Төрт пулемет-оқшашар, қалғандары кілең орыс бесатары – мылтық-ты.

Мылтық aтy үшін келгендер алдымен Дөңжұрттағы үйге соғып, әкеммен сөйлесіп, ауылдағы бір жігіттің бастауымен Әубәкірсайға барып, мылтықты сол жерден алатын-ды. Ұлужан – Бортынке жақтан келген, Тәкіманның қолбасшылығы астында күреске шығатын бір топты бір күні Дөңжұрттан Әубәкірсайға мен бастап бардым.

Қызылөзен мен Бортыңке (Ұлужанның) елі сол мылтықтарды үлестіріп алып, екі жағы бір күнде кенеттен шабуылға өтуді жоспарлады. Ұлужан — Бортынке жақтағы жасақтардың бастығы Тәкіман еді. Оған Түйебайұлы Зейтікен, Шойынбек және тағы басқа ержүрек, мерген азаматтар көмекші болып сарбаздарды басқарды. Қызылөзендегі жасақтарды Зейнембай, Дулатқан, Бақтияр, бала Хамза және өзге соғыс тәжрібиесі бар кісілер басқаратын болған-ды. Екі жағы да жалпы нұсқауды Қалибек хакімнен алатын <…>

Қарулы жігіттер Ысқақтың аулына жан-жақтан құйылып келе бастады. Сиыртүс кезінде Қалибек хакім, Арыстанбай молла және елдің барлық атқамінер кісілері сонда келді. Бір көк қасқа тай сойылды. Бесін намазы оқылғаннан кейін жиналған жұртшылық түгел ауылдың жанындағы жазықка барды. Ол жерде алдымен Қалибек хакім сөйледі:

— Небары екі жылдың алдында осы Қызылөзенде үлкен үміт және жанқиярлықпен қытайға қарсы соғыс бастадық. Ниетіміз Аллаға аян еді. Алла жар болды. Жеңіске жеттік. Ол жеңісті өткен жылы “Түркістан тойы” деп мерекеледік. Ал қазір сол Шығыс Түркістан үкіметі жоқ. Ол орыстың ойыншығы “Үш аймақ” дегенге айналды. Орыстың кім екенін ездеріңіз жақсы білесіздер. Баяғыда осы жаққа батыстан ауып келген елдің сиқын көрдіңіздер. Олардың Қазақстандағы ашаршылықты және “құдайсыздар ұйымы” мен жаппайы тұтқындау, сондай-ақ мал-мүлікті тартып алу сияқты орыстың зұлым-зомбылығын айтып зарлағаны естеріңізде шығар. Әне сол орыс, негізінің қалануына осындағы бәріміз де үлес қосқан Шығыс Түркістан үкіметін жойып, бастығы Әлихан төрені де тұтқындап, енді “Үш аймақ” деген қуыршақ үкіметті желеу етіп отыр. Біз бүгін сол құрылып, етек жаюына өзіміз қалтқысыз көмектескен Шығыс Түркістан үкіметіне қарсы емес, оны құлатып “Үш аймақ” үкіметі деген желеуді бетке ұстап отырған орысқа қарсы күрес бастаймыз. Бұл Дін үшін, Отан үшін, ұлттық намысымыз үшін атқарылатын біздің парызымыз, — деді.

Содан кейін, Арыстанбай молла сөйлеп, Дін үшін, Отан үшін соғысудың, сол жолда шейіт болудың үлкен мәртебелі іс екенін айтты. Сол кезде ақ шүберекке оралған құрандар әкелінді. Атқа мінген екі кісі екі жағынан керіп ұстап тұрған арқанның бірнеше жеріне әлгі құрандар ақ шүберекке ораулы күйінде байланды. Әлгінде бесін намазын оқыған жұрттың бәрінің дәреті бар-ды. Соның бәрі Арыстанбай молланың бастауымен; “Аллаху-акпар, Аллаху-акпар, Ләй-илләхэ иллә Аллах. Аллаху-акпар, Аллаху-акпар”, — деп дауыстап тәкбір түсіре бастады.

Содан кейін, жауынгерлер түгел аттарына мінді. Дауыстап тәкбір түсіре тұрып, кезекпен Арыстанбай молланың қолындағы құранды ұстап, сол бойы керулі арқандағы құранның астынан өтті. Ол рәсім біткеннен кейін, жауынгерлердің бәріне бірдей жаназа намазы оқылды. Бұл менің тірі адамға жаназа намазының оқылуын тұңғыш көруім еді. Жаназа намазы аяқталғаннан кейін қызылөзендік жауынгерлер бірнеше рет әлгі тәкбірді дауыстап қайталады. Содан соң “Алла! Алла! Мұхаммед! Мұхаммед! Алаш!Алаш!” — деп Үшбұлақ жаққа карай шаба жөнелді

Ұран салып жауға қарай шаба жөнелген бүл жауынгерлердің осыдан екі жыл бұрынғы беталысынан өзгешеліктері бар еді. Біріншіден, бұл жолы олардың бәрінің мылтығы және жеткілікті оқтары бар-ды. Екіншіден, сәл соғыс тәжірибесіне де ие болған-ды. Бірақ, екі жыл бұрын (1945) олардың дұшпаны — қытай еді. Ал бұл жолы қарсыласып, бір-бірін өлтіруге тырысатын жаулары болса, орыс айдап әкеліп арандатып отырған, өзінің туыс қазақтары мен қаны бір, діні бір ұйғыр туысқандары еді <…>

Орыс офицерлері тікелей басқарған “Үш аймақ” әскерлері Ұлужан —Бортынке жаққа шабуылын сәл саябырлатып, барлық күшті Қызылөзен жаққа бұрды. Оның екі түрлі стратегиялық мәні болды. Біріншіден, бұл кетерілістің бас пәтер штабы — Қызылөзендегі Қалибек хакімнің ауылы еді. Екіншіден, егер Қызылөзен жақтағыларды ысырып, Манас өзенінің басындағы Шорқұдық тұсынан өтетін көпірдің батыс жақ аузын қолға түсірсе (көпірдің шығыс жағын қытайлар күзетуде. Манас өзені — шекаралық сызық) онда Бортынке — Ұлужан қоршауда қалып, ондағы сарбаздар қол қусыруға мәжбүр болады.

Сөйтіп “Үш аймақ” коммунистері барлық күш-қуатын Қызылөзен жаққа шоғырландырды. Олардың басты нысанасы әлгінде айтылған Манас өзеніндегі көпір еді. Сол үшін жаудың негізі күші солай қарай беттеді. Қызылөзен елінің сарбаздары жаудың осы тобына қарсы шықты. Бұл арада Қызылөзендегі біздің ауылға сұқтанған ерекше шабуыл да үдей түсті. Олардың шолғыншылары ауылдың жақын маңында да кездесті. “Біз Манас жаққа қарай ығыса көшсек, басқа ел түгел үркеді, сарбаздардың қарсылық көрсету жігері азаяды”, — деп әкем біздің ауылды орнынан қыбырлатпады. Сондықтан, мейлінше жақындаған жаумен атысқан дауыс біздің ауылдан да естіле бастады. Жағдайдың өте қауіпті болуына байланысты, 1947 жылдың қараша айының аяқ шенінде, бір түні ауыл адамдары Шишаң жолы арқылы Манас өзеніндегі тау алқымындағы көпірге қарай жылжыттық. Әрине, әкем үйде емес-ті. Ол 1945 жылғы соғыс кезіндегідей жауынгерлерінің қасында, дұшпанның қарсысында еді.

Әкем содан кейін де, сонау Үндістанға жетіп, оның шекарасында қару тапсырғанға дейін, жайшылықта көштің алдында шолғыншы жөне бастаушы болып, жау шауып, ел қашқан кезде елдің артында, дұшпанның қарсысында, еліне қорған болуға тырысып далада жүрді. Әкемнің аулына, оз үй-ішіндегі ісін, сол жаугершілік кезінде немерелес ағасы Мұхамметжанұлы Сәбәділ атқарды. Сәпең ымыртта, қараңғы түсе бергенде ауылды Қызылөзендегі қыстаудан алып жүрді. Жанымызға көп ештеңе алмадық. Тек киіз үйдің ағашы мен үзік-туырлық сияқты бұйымдарын бірнеше түйеге арттырды.

Қазан-ошақты алдық. Сонымен Манас көпіріне қарай үрке жөнелдік. Таң ата, үркіп бара жатқан қалың ел қатарында Шишаңды басып өтіп, Манас көпіріне қарай асатын белге өрлейтін сайға жетіп қондық. Ол жерге келгеннен кейін байқадық, қыстаудан үркер кезде ішіп-жейтін тамақтық ештеңе алмаппыз. Және біздің ауылдың жүзден аса сиыры қыстау жұртта қалыпты.

Күндіз Сапең жанына бірнеше жігіт алып, “ауылдың азаматы” 14 жастағы мені де ертіп, кейін жұртқа қарай жүрді. Біз Шишаңнан өтіп, Қызылөзенге қарай қиялап бара жатқан жолда бала Хамза Шөмішбайұлын кездестірдік. Бір қолын мойнына асып алыпты, Аты жығылып мертігіпті. Бізге: “Айналайын, тез қайтыңдар. Жағдай қауіпті”, — деді. Одан өте бере, Арыстанбай: молланы жолықтырдық. Ол кісі беліндегі наганын түсіріп алыпты. Көш ізімен соны қарап келеді екен <…>

Бұл жерде ауылымыздың жақын туыстары әлі күнге дейін өкінішпен еске алатын бір жағдайды да айта өтейін. Сол бір аса ауыр, кей кісілер “мынау — қияметтің қылкөпірі болды” — деп теңеген, Манас көпірінің екі жағындағы аса қиын жағдайда біздің ауылды басқару ісі кімде екені белгісіз еді. Әйтеуір қойшы — қойына, жылқышы — жылқысына ие болыпты. Алайда бұрын әкем сыртта, жау алдында, ел соңында жүргенде, тіпті, бейбіт-тыныштық уақытта да Райымбек ауылының барлық ісін Ілияс аға басқаратын-ды. Бірақ, бұл жолы олай емес-ті. Сол жылы жазда (1947) әкем мен туған інісі Ілияс аға арасында өкпе пайда болған. Оған кіші шешеміздің төркін жұрты себеп болды деушілер де бар. Сөйтіп, 1947-жылдың жазында Ілияс ағаның үйі бізден бөлініп кеткен-ді. Сол үшін де біздің ауылымыз Манас өзеніндегі сол бір аса қарбалас жағдайда иесіз қалғандай еді. Он төрт жастағы әкемнің үлкен ұлы менің жағдайым да шамалы болатын.

Бірнеше күннің ішінде Қызылөзен елі түгелімен, Бортынке елінің де бір бөлігі Манас көпірінен өзеннің шығыс жағына өтіп үлгерді. Соғыс кезінде қаза болғандар да, қолға түскендер де бар. Ең маңыздысы, Ұлужан — Бортынке елінің бір бөлігі, Тәкіман батыр жетекшілік еткен жауынгерлер жау қоршауында қалған-ды. Оларға көмек жіберу, жағдайынан хабар алу мүлдем мүмкін емес-ті. Тікелей орыс қолбасылар басқарған “Үш аймақ” қосындары Қызылөзен, Қорқыс және Манас өзені арасын толығымен басып алған-ды. Тәкіман батырдың сарбаздары Қорқыс өзенінің батыс жағында қалған. Бізбен олардың ара қашықтығы, мықты атпен қатты жүрген кісіге екі-үш күндік жол. Ал ол жолдың бәрі жаудың қолында.

Қызылөзендегі қыстауға барып, қалған заттар мен сиырларды айдап қайту үшін кеткен Сәпең бастаған біздің тобымыз жау шебінің артында қалып, “қолға түсіп кетті” деп үрей туғызған төрт-бес күннен кейін, әлгінде айтылғандай, салт басымыз аман-есен елге жеткенбіз. Бірақ жағдайдан өлі апамның хабары жоқ-ты. Біздің өлі-тірімізді білмейтін. Сәпеңе: апама барайын, — деп сұрадым.

— Аман келгенімізден ағаңның хабары болды. Енді апаңа бар. Апаң, сенің қайныңның үйінде екен, — деді Сәпең (Ол кезде және Түркияға келгенге дейін біз Білал екеуміз әкеме “аға” деуші едік. Түркияда әкеге аға деу ерсі саналады екен. Сондықтан біз де түріктер сияқты әкемізге “баба” дейтін болдық) <…>

ТӘКІМАН БАТЫРДЫҢ ЖАУ ҚОРШАУЫН ЖАРЫП ШЫҒУЫ

1947 жылдың күзінде басталған соғыстың алғашқы кезеңінен бері Бортынке — Ұлужан елі мен Қызылөзен елінің байланысын үзу, Бортынке елінің Қызылөзен елінен көмек алуына кедергі болу, сондай-ақ Манас өзені басындағы көпірді қолға түсіру тактикасын қолданған және орыстар тіке басқарған “Үш аймақ” қосындары сол мақсаттарына жеткен-ді. Жоғарыда айтылғанындай, Қызылөзен елі мен Бортынке елінің қомақты бір бөлігі Манас өзенінің шығыс жағына өтіп үлгерген кезде көпірдің батыс жағына орыстар басқарған “Үш аймақ” әскерлері де жеткен-ді.

Бұл жағдайда Қорқыс өзенінің батысында қоршауда қалған Тәкіман батырдың енді Манас өзенінің басындағы көпірден шығыс жаққа өтуі мүмкін емес-ті.

“Үш аймақ” әскерлері бұдан кейін барлық күшін Тәкіман батырды қолға түсіруге жұмсады. Тәкіман батырға көмек жіберуге тырысқан Қалибек хакімге қытай үкіметі кедергі жасады. Қытай үкіметі 1946 жылы Үрімжіде жасалған келісім шартына сай: екі жақ бір-біріне шабуылдамауы тиіс, сіздердің Манас өзенінің шығысынан өтіп барып Тәкіманға көмектесуіңіз, қытай жақтан жасалған шабуыл боп есептеледі, — деді.

Манас өзенінің шығысына өткен Қалибектің елі Тәкімандардың тағдырынан бейхабар болып, өте бір қынжылысты да, шарасыз жағдайда тұрғанда, 1948 жылдың ақпан айының ішінде, сол маңдағы жердің жағдайын жақсы білетін жұртшылықты таңырқатқан: “Тәкіман батыр бастаған ел Жушай дарасын басып, Жыланды асуын асып, Дазмияудың басынан айналып, Қарабұғытыдан Манас өзенінің шығысына өтіпті…”, – деген хабар келіп түсті.

Бұл — аталған жерлерді жақсы білетін жергілікті халық үшін американдықтардың айға барып қонғандығы сияқты таңырқарлық ерекше оқиға болды.

Тәкіман батыр жетекшілік еткен ел Шиху — Орманбақ (Анжыхай) жақтан келген жаумен шайқасып жатқанда, арт жағынан, яғни Қызылөзен жақтан да шабуылға ұшырайды. Сонымен олар Қорқыс өзенін өрлеп, арасанға қарай ығыса соғысады. Арасанға өрлегенде сол жақтағы Қайынды сайына бұрылады. Қайындының басынан асып барып, Қызылөзеннің басына түседі. Одан Қызылөзенді өрлеп соғыса отырып, Жушай дарасына асады. Жушай дарасы Манас өзеніне құятын арналардың бірі. Сол арнадан Жыланды асуын асып, Дазмияу жаққа қарай құлдайды.

Бұл айтылған жерлер қыстың сондағы қарлы күндерін былай қойып, жазда мергендердің жаяулап әрең өтіп аң қарайтын, яғни, жабайы тау ешкі сияқты аң ғана өмір сүретін жерлер-ді. Қайыңды мен Жушай дарасына асатын асу және Жушай дарасының өзі ғана жазда отар мал апарылатын жерлер-ді. Ал түйе мен сиыр сияқты ірі малдар мен қатын-бала оған дейін ол жерлерге жұмыр дүние жаратылғаннан бері бармаған еді.

Алайда Тәкіман батырлар қысылғанда аталған жерлерден қатын-баланы, тіпті, түйе мен жылқы, сиырды да өткізген. Олар мәңгі-бақи ерімейтін ақ қар мен көк мұздың үстіне текемет, туырлық жайып өткен. Құз жартасты қиялардан көлікті арқанмен тартып шығарған <…>.

Тәкіман батыр бастаған сол елдің “Үш аймақ” әскерлерімен қарсыласқан соғысы өте қанды қырғын болған. Қорқыс өзенін өрлей қашқанда, оларды қуған “Үш аймақ” әскерлері Қайынды сайының басындағы асуда Тәкіман батыр сарбаздарының батыл қарсылық көрсетуіне тап болады. Сол жерде “Үш аймақ” жағынан көп әскер қырылады. Өкінішке орай, олардың бәрі дерлік жас қазақ жігіттері еді. Яғни қашқан да, қуған да қазақ-ты. Орыс қолбасылар Алтайда Оспан батырға қарсы қазақ әскерлерін апарып арандатып, кейін: “Оспан батыр наймандарды қырды”, — деп жалған пропаганда жасағанындай, Еренқабырға төсіндегі Қызылөзен мен Ұлужан —Бортынкедегі Қалибек, Тәкімандарға да қазақтарды айдап салған-ды. Қайыңдыдағы соғыста Тәкіман батырдың жақын серіктерінен Бәйзек бар бірқатар кісі оққа ұшқан. Бірақ “Үш аймақ” жағының шығыны мол болған. Оны олар кейін шегінгенде соғыс майданында қалған оққа ұшқан әскер сүйегі аңғартқан. Сол өңірдегі ел “Тәкіман әскер қырған” деп те атайтын жерде жөне Қайыңдыда өздері соғыс кезінде өлтіруге мәжбүр болған “Үш аймақ” әскерлерінің жаназасын оқып, жерлеуде Нұрмұхаммет Атамбайұлы және Тәкімандарға нәсіп болған-ды (Тәкіманның молдалығы да бар-ды) <…>.

ҚЫТАЙЛАРДЫҢ ТӘКІМАНДЫ ТҰТҚЫНДАУЫ

Тәкімандардың соншама үлкен батырлық көрсетіп, ол күнге дейін өте шебер мергендерден басқа жан өтпеген қиын таудан асып келіп, бізге қосылуы — біз үшін қуанышты да өте таңырқатқан құбылыс болған-ды. Ал қытайлар болса, Тәкіманның маңайындағы сарбаздарына үрейлене қарады. Өйткені, олардың бірқатарының үй-іші жау қолына түскен. Олар ез үй-іштері туралы хабар алу, егер олар өлтірілген болса, өшін алып, кек қайтару үшін Манас өзенінен батысқа қарай өтіп, “Үш аймақ” әскерлеріне тұтқиылдан шабуылдар жасауды жобалауда еді. Қытайлар өз әкімшілігі астындағы жерден ондай шабуыл жасалуына рұқсат еткісі келмеді. Бұл Тәкіман батырға ұнамады. Тәкіман: “Үш аймақ” үкіметі бір қуыршақ, оның артындағы орыс біздің жауымыз. Ол — қытайдың да жауы, онда неге оған қарсы шабуылдамасқа”, — деген тұжырыммен даярлық ісіне кіріскен. Оған қарсылық көрсеткен қытайларды да елегісі келмеді. Сол үшін де 1948 жылдың жазында қытай үкіметі Тәкіманды кенеттен қолға алып қамады. Оны әкем мен қазақтың Үрімжідегі игі жақсылары қытай түрмесінен әрең құтқарды.

8-ҚАЗАҚ ПОЛКІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ

Манас өзенінің батыс жағынан бұрынғы Шығыс Түркістан жұмхүриеті, кейін “Үш аймақ” үкіметі деп аталған орыс ойыншығына айналған үкіметке қарасты Бортынке — Ұлужан мен Қызылөзеннен шығысқа өткен, жалпысына бірден “Қалибектің елі” делінетін елдің саны 8000 үй шамасында еді. Елдің ауыр жағдайы және 1947 жылы жазда Шорқұдық келіссөзі кезінде келісілген, қытай әкімшілігі астында тұңғыш рет ұйымдастырылатын ресми қазақ қарулы күштері мәселесін сөйлесу үшін 1948 жылдың басында Қалибек хакім Үрімжіге барып, сондағы қаражат министрі Жанымхан Тілебайұлы, Сәліс Әміреұлы, Зәкәрия Әшенұлы және Нығмет Мыңжанұлы сияқты қазақтармен, сондай-ақ, қытай басшыларымен сөйлесіп, батыстан ауып келген елге қосымша азық-түлік көмегін беруді қамтамасыз еткен-ді.

Үрімжідегі сол сөйлесулер және Зәкәрия Әшенұлының біз тұрған Тасырқай жаққа келуі, сондай-ақ, Оспан батырға да барып келісімін алуы нәтижесінде 8-қазақ полкы құрылды. Оның жалпы қолбасшысы ресми түрде Зәкерия Әшенұлы еді. Ал шындығында ол Оспан батыр мен Қалибек хакімге бағынатын. Оған Оспан батыр мен Қалибек хакім елінің жігіттері әскер етіліп алынған-ды. Полктің Еренқабырғадағы бөлімшесі Тасырқай өзенінің батыс жағында орналасты. Оның лейтенат және аға лейтенант, капитан деңгейіндегі жаттықтырушылары мен әскери тәлім-тәрбие берушілері қытайдың әскери мектептерінде оқыған, қытайша “жауған” деп аталатын жас қазақ жігіттері еді <…>.

МАНАС ӨЗЕНІ МЕН ТАСЫРҚАЙДАН БОҒДА — ҚАРАТАУ ЖАҚҚА КӨШІП, ҮРІМЖІГЕ ЖАҚЫНДАУЫМЫЗ

Тасырқай өзенінің басындағы Сандумашан жайлауы өте бір келісті жер екен. Біздің ауыл соның жақсы бір жылғасына барып қонды. Жергілікті ел жалпысына бірден “Қалибектің елі” деп ат қойған Манас өзенінің батысынан ауып келген басқа жұртшылықта сол жайлауға шыққан-ды. Олардың өз қонысы мен өрісіне еншілесуін жергілікті ел ұнатпайтын-ды. Сондықтан, кей келіспестіктер пайда болып, сойыл-шоқпар жұмсалған қақтығыстар да болатын-ды.

Сандумашан жайлауында ауыл балалары Атамбайұлы Нұрмұхаммет молдадан оқи бастадық. Нұрмұхаммет молда атақты Нұрпай батырдың інісі. Молла бізге құраннан сабақ беріп, “құран аударатын” жағдайға жеткізуді жобалауда еді. Молланың Қамила деген әйелі бар-ды. Қамиланың әкесі Шығыс Түркістан қазақтарына аты таныс Иманқұл деген кісі. Ол ғасырдың бас шенінде, Бөке батыр ауғанда, соған ілесіп барып қайтқан, өте қайсар және батылдығымен аты шыққан тұлға. Сол Иманқұлдың — Қыжыкен, Сәкей деген әкелеріне тартып туған балалары да 1948 жылы Сандумашан жайлауын жайлаған-ды. Қыжыкеннің — Қабыкен деген, ол кезде жасы отызга толмаган бір баласы ел арасында жүрген қытай тыңшыларьш сабап: “Қытайыңа айтып бар, біз орыспен қоса қытайды да қырамыз”, – деп астындағы атын тартып алып, жаяу жіберіпті. Бұл оқиға қытайларды күдіктендірді.

Сондай-ақ, Қабыкеннің тұтқындалуына себеп ететін бір іске айналды. Ал Қабыкен тұтқындалып, қамалса, оның әкесі мен ағалары және басқа туыстары Қабыкенді құтқаруға ұмтылып, көзсіз батырлық жасауға баратыны анық-ты. Ондай бір жағдай қытаймен қақтығыс шығуына жеткізер еді. Дәл сол кезеңде ондай бір қақтығыстың қазақтың пайдасына болмайтыны даусыз-ды. Ол істі реттеу де әкемді әжептәуір әуре қылған-ды. Әкем Нұрмұхаммет молланы жіберіп, әйелі Қамиланың тете бауыры, Иманқұл ауылының атқа мінер азаматы Сәкейді шақыртып алып, ол арқылы Қабыкенге қытай тыңшының атын қайтарып, өзінен кешірім сұратып бітістірген-ді <…>.

<…> Ол жаз бізге көбірек келіп-кеткендердің бірі 8-кдзақ полкының қолбасшысы Зәкәрия Әшенұлы еді. Біздің үйде қонақтармен болатын әңгіменің басты тақырыбы — ішкі Қытайда, қытай коммунист қосындарының алға басып жатқандығы және батыстағы “Үш аймақ” пен Совет Одағының соның сыбайласы екендігі болатын-ды.

Әңгіме бұл тақырыпқа ойысқанда, әркімнің ойына коммунистердің Қазақстан және жалпы батыс Түркістанда істеген және ұластырып отырған зұлым-зомбылығы түсетін.

— Сонда, — деп сұрайтын-ды кей кісілер, — бүл қытай коммунистері де, “Үш аймақ” үкіметі сияқты Мәскеудің итаршылары ма? Әй, қытай олардың Қазақстандағы сияқты орыстандыру саясатына көне қоймас!

— Коммунистердің бәрі бір. Қытайлардың қытай жеріне орыстандыру саясаты жүргізілуіне көнбеуі мүмкін. Бірақ, қытай коммунистері өз әкімшілігі астындағы қытай емес халықтарды қытайландыру ісіне кірісері, олардың мал-мүлкін тартып алумен шектелмей, олардың діні мен ұлттық әдет-ғұрыпына қарсы шабуыл бастайтыны да сөзсіз, — деп түсіндіретін-ді екіншілер.

— Ал сонда қайту керек, — деп тарататын-ды өзгелері.

Міне, сол: “Сонда кайту керек?” — деген сауалдың жауабы әкемді де көп толғандырып, ойға шомытатын. Сол үшін ол өзінің сенімді кісілеріне: “Келешек қайда болады?” — деген сауалмен ой сала отырып: “Осы біз енді бұрынғы мекенге қайта алмайтын түріміз бар. Сол үшін де Үрімжі маңына қарай жылжиық. Оның аржағының беті ашық. Яғни қысылшаң күн туса, әрі қарай кете беруге болады”, — дейтін. Бұнымен ол қажет болса елден кету керек дегенді меңзейтін. Әне сол шешімге сай 1948 жылы Сандумашан жайлауынан түскен бойда біз Керметас – Қызылтастың үстіңгі жағымен Үрімжі маңындағы Боғда мен Қаратауға көштік. Бұл көшке Қызылөзен мен Ұлужан — Бортынке елінің көбі ермеді. Немесе жағдайларына байланысты ере алмады. Сөйтіп, көптеген жақын туыстарымыз бен ұзақ жылдардан бергі іргелес қоңсы-көршілерімізден айырылдық.

Сонымен үздіксіз оншақты күн көшіп отырып, 1948 жылдың күзінде Үрімжіге жақын Қаратау (Нәнжан) етегіне барып жеттік. Біздің ауылдар, яғни Қожалақтың алты ұлының тұқымы толығымен сол жаққа бардық. Омарбай ауылы, Байқонақ ауылы, Хамза Шөмішбайұлының ауылы. Қайнаштың ауылы, Ахмет Қайрақбай (Ақыштың) ауылы, тағы көптеген Қызылөзен мен Ұлужан — Бортынке елі де солай барды <…>.

ҮРІМЖІДЕГІ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫМЕН ҚАРАТАУ ЕТЕГІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

1948 жылдың күзінде Қаратаудың (Нәнжан) бөктеріне, Тәшүнку өзенінің батыс жақ қабатына келіп қонғаннан кейін, әкем Үрімжідегі қазақ және ұйғыр зиялыларын қонаққа шақырды. Иса Юсуп Алытекін бастаған ұйғырлар, сондай-ақ, Үрімжідегі барлық қазақ зиялылары (Жанымхан мен Қадуан ханымнан басқа) үлкен екі жүк машинасына отырып бізге қонақ болды <…>.

1948 жылдың қысын біз Тәшүнкү өзенінің шығыс жағындағы Биянго жотасының бір қойнауында, сол маңдағы қытай әскерлері салып берген үйлерде өткіздік. Хамза Шөмішбайұлы мен Омар Байқонақұлының ауылдары бізге жақын қыстады. Сол қыста әкем жанына Хамзаны және басқаларды ертіп бүркіт саламыз деген сылтаумен жер шолып қайтты. Одан кейін Мөрдіқан мерген мен Адамбай Сауашты: аң қарап келіңдер, — деп Өри, Ұсты жаққа жіберіп, жерді және келер жазда көш өтетін жолды шалдырды. Аталған жерлерде қазақ жоқ-ты. Тоқсын мен Тұрпан жақтың ұйғырлары қойларын жайлауға өргізетін Қарашәрі аймағына қарасты өңір еді.

1948-жылдың сол қысында әкем: “Коммунистер билікті қолға алса елден кетуге, шет елдерге барып паналауға бекінгендікті” байқатып, ол жөніндегі өз ой-жобаларын ашық айта бастаған болатын. Өзінің көңілдес кісілерін шақырып алып, алдына картаны жайып салып, оларға ұзақ түсінік беретін. Шығыстан келе жатқан қытай коммунистерінің өзімізді Ұлужан мен Қызылөзеннен қуған орыстардан айырмашылығы жоқ екенін, негізінен қытай коммунистерін демеп қоздырушы — орыс коммунистері екендігін, ал орыс коммунистерінің жауыздығын ана жылы Қазақстаннан қашып келген елдің ауыр жағдайы мен коммунистік зұлымдық жөнінде олардың айтқандары айқындап бергенін баса ескертетін.

— Коммунистер дінге қарсы, коммунистер ұлттық әдет-ғұрыпқа қарсы. Коммунистер мал-мүлікті тартып алады, жерімізге — Қазақстанда орыстарды толтырғанындай, бұл жақта қытайды толтырады. Елімізді, бүкіл халқымызды жайлап сіңіріп әкетеді, қытайластырады, құрып кетеміз. Сондықтан, қазақтан шетке тұқым шығарайық, — дейтін…

1948 жылдан 1949 жылға өтер кез бе екен, әлде 1949 жылдың басы ма еді, өте суық бір күні Мөрдіқан мерген бір ұйғырды айдап келді. “Мынау шпион сияқты. Осы суықта қазақтың арасында бұның қандай жұмысы бар?”, — деді. Ол кезде әкем сақтық шараларында қолданып отыратын. Қытайлардың және орыстардың қастандық жасауынан қауіптенетін.

Әлгі байғұс ұйғыр өзінің құшынаш балгер екенін, құмалақ салып, алда болатын және болғалы тұрған оқиғаларды біліп айтып беретінін айтты. Содан кейін үйде отырғандар оған құмалақ салдырып сөйлете бастады.

Ең соңында әкем әлгіге: “Қане, айтшы! Менің жеке бір кісілік және 21 кісілік екі сапарым бар. Сол жүзеге аса ма?”, — деді.

Әкемнің ол жұмбақ сөзінің мәнісін үйде отырғандар түсінбеді. Құмалақ салған балгер-құшынаш ұйғыр: “Ха! Екі сапарыңыз да болады. Екеуіне де барасыз”, — деді. Ол қандай сапар дегендей үйде отырғандар әкеме таңырқай қарады. Әкем оны:

— Менің жеке бір кісілік сапарым — қажыға барсам деген арманым. Ал 21 кісілік сапарым 12 керей мен 9 таңбалы найманның жұрнағын ертіп шетке кету сапарым, — деп түсіндірді.

Әкем жеті рет қажыға барып, өзіне ерген бір қатар елмен Түркияға келіп орналасып, сол арманына жетті. <…>.

ҚОШТЫДАҒЫ ҚҰПИЯ ЖИНАЛЫС

<…>. Соңғы бір-екі жылдан бері әр жылы басқа бір өңірде қыстап, басқа бір өңірде жайлайтын болдық. 1949-жылы қайда жайлауға шығып, қайда қыстайтынымыз белгісіз еді. Бірақ 1949 жылдың өте бір күрделі жыл болатыны аңғарылуда еді.

Әкем: “Елден кету керек”, — деген тұжырымын ашық айтып, көңіліне алған кісілерге ол жөнінде ұзақ түсінік беру істерін үдете түскен-ді. Елден неге кетуіміз керек екендігі туралы және жолда өтілетін шөл, асатын асусыз таулар, баратын шет елдер жайында айта келіп: “…Бүгін бізге ілеспей қалғандар кейін біздің атымыздың басқан ізін сүйіп, арманда болады…”, — дейтін-ді.

Әр күні дерлік біздің үйге ондаған кісі келіп, ондаған кісі аттанып жататын. Олардың көбі әкемнің: “Коммунизмнің адамгершіліксіз қанды шеңгеліне түспей, шетке шығып кету керек”, — деген жобасын түсіндіру үшін шақыртқан кісілері болатын. Істің олай жеделдетуіне ішкі қытайдағы жағдайдың барысы әсер етті. Өйткені, күн сайын ішкі Қытайда коммунистер жеңіске жетуде, гоминдаң үкіметінің қосындары шегінуде, — деген хабарлар келіп түсуде еді. Сол бетімен қытай коммунистерінің Шығыс Түркістанға да кешікпей басып кіретіні сөзсіз-ді.

1949 жылдың көктемінде Үрімжі қаласына 60 километрдей қашықтықтағы Қошты деген жерге барып қондық. Қой мен жылқымыз сол маңға жуық қыстатылған-ды. Көктемнің сол бір қарбалас кезеңінде біздің ауылда малдың жағдайы, төл алу ісі сияқты шаруашылық емес, “елден кету” немесе “елдің, яғни, Шығыс Түркістанның оңтүстік жағына шеп құрып, Пәкістан арқылы Америкамен жалғасып, коммунистерге қарсы соғысу”, — деген мәселе күн тәртібінде еді. Ол, әрине ауыл адамдарының ісі емес-ті. Ауылға күн сайын топ-тобымен келіп-кетуші кісілермен болған кеңестердің күн тәртібі еді. Қоштыда біздің ауылға келіп жиналысқа қатысушылар тек қазақтар ғана емес-ті.

Қытайдың әскери бастықтары, әсіресе, қытай қарулы күштерінің қатарындағы дүнген қолбасылар түнделетіп біздің ауылға келіп, сөйлесулерге қатысып қайтатын.

Ол кезде Үрімжіде дүнген генералы Мажұң-жаңның басқаруында дүнген әскерлері бар-ды. Қоштыда біздің ауылда болған жиналысқа қаражат министрі Жанымхан Тілеубайұлы мен Оспан батыр қатыспаған-ды. Бірақ, олардың өкілетті өкілдері келген-ді. Генерал Мажұң-жаңның өкілі ретінде Канду-жаң деген бір полковник келгенді. Олардың тысында Үрімжі қаласында тұратын қазақ зиялыларының бәрі дерлік келген-ді.

1949 жылдың көкек айының басында Қоштыда болған сол жиналыстың күн тәртібінде екі мәселе болды:

1. Қытай коммунистері суыт түрде жақындап келеді. Олар Шығыс Түркістанға басып кіргенде не істеу керек?

2. Оған қарсылық көрсете аламыз ба? Бұл жөнінде әркім әр түрлі пікір баяндады. Соңында мынандай қорытындыға келді:

1. Гоминдаң үкіметі жағынан, ішінде Шығыс Түркістан да бар, солтүстік-батыс қытай қарулы күштерінің бастығы етіліп тағайындалған, Шыңхай өлкесіндегі дүнген генералы Мабү-Фаңға бір кісі жіберіп, жаңа қызметімен құттықтау және онымен егжей-тегжейлі сөйлесу.2. Ұйғырлармен, олардың Үрімжідегі басшыларымен байланысқа еніп, жағдайды түсіндіріп, Қошты жиналысында қабылданған қаулы-қарарға олардың да қосылуын қамтамасыз ету.

3. Бұл жиналыста қабылданған қаулының Қалибек хакім жағынан Оспан батырға білдірілуі.

4. Бұл жиналыстағы қаулыға сай Қалибек хакімдердің Қарашәрі аймағына қарасты Көклік тауы жаққа көшуі.

5. Үрімжідегі АҚШ консулымен байланыс құрып сөйлесу.

6. Коммунистерге бас имеу, коммунистік пропагандаға қарсы шығу. Қытай коммунистері Шығыс Түркістанға бастап кірсе, Оңтүстік Шығыс Түркістанға қарай шегініп, Қарашәріде бір шеп құрып, сол жақтағы шекара арқылы Пәкістан, Үндістан және Ауғанстаннан көмек сұрау, Америкамен жалғасу.

7. Гоминдаң үкіметінің Шығыс Түркістандағы қарулы күштерімен (антикоммунист болғандарымен) де селбесу. Бұл үшін дүнген генералы Мажүң-жаңның іске кірісуін қамтамасыз ету.

Қошты жиналысының шешімдерін жүзеге асыру ісі дереу басталды. Қабылданған шешімнің бірінші тармағында көрсетілуіне сай Шыңжаң (Шығыс Түркістан) қазақтары атынан Құтыби ауданының әкімі Оразбай Қалиұлы — Солтүстік-Батыс Қытайдың дара бастығы етіліп белгіленген дүнген генералы Мабү-фаңға барып құттықтап қайтуға жіберілді. Шешімнің екінші жөне үшінші тармағында белгіленгеніндей, Үрімжіге барып ұйғыр жетекшілерімен сөйлесу және Оспан батырға барып түсінік беру ісі Қалибек хакімге жүктелді.

ҚАЛИБЕК ХАКІМ МЕН ОСПАН БАТЫРДЫҢ ЖОЛЫҒУЫ ЖӘНЕ ҮРІМЖІДЕГІ АҚШ КОНСУЛЫМЕН ЖАСЫРЫН КЕЗДЕСУ

Қоштыдағы сөйлесулерден кейін біздің ауыл және Қожалақтың алты ұлының өзге ауылдары Қаратаудағы Көктал – Толы деген жерге барып қонды. Сонымен бірге бізге еретін, сонау Қызылөзеннен бері әкемнің серіктері болған Хамза Шөмішбайұлының төңірегі, Омар Байқонақұлы мен Қайнаш Мұхамметжанұлының, Ақыштың Ахметінің төңіректері, Омарбай ақсақал, Шөкен ақсақал, Нұрсапа Зәңгілер, Шойынбек және Мұхамметкәрім Оралбайұлы мен семіз Сәдудің төңіректері және басқалары да сол Көктал — Толыға барып қонған-ды.

Әкем мамыр айында қасына он шақты кісі ертіп Оспан батырға аттанды. Ол кісінің отырған жері мен біздің арамыз мықты атты кісіге 7-8 күндік жол болатын. Әкемдер тете жолмен және елдің шетімен жүруді жөн көрген. Оның бірінші себебі, сақтық шараларынан, екінші, тез барып қайтудан туындаған. Әкемдер сол төте жүрген бағытында, бұрын атты кісілер өтпеген кей асулардан да асқан. 1984 және 1988 жылдары елге барғанымда естідім, жергілікті қазақтар оны “Қалибек асқан” деп атап кетіпті.

Әкемдер Оспан батырдың ауылында үш күн аялдап, ұзақ сөйлесіп, көптеген мәселелерде келіскен. Жай әңгімелер кезінде Оспан батыр, арғы аталары немерелес кісілер болған Беке батыр еліне ілесіп, өзінің бес жастағы кезінде өз аулының да қазіргі Қалибек хакімдер отырған Қаратауға дейін келіп, кейін Алтай жаққа қайта көшкенін айтқан.

Оспан батыр мен әкем Қонпы жиналысының шешімдерін талқылап толық келіседі. Қайтар жолында әкемнің Үрімжіге Американ консулымен сөйлесуін ұйғарады. Содан сәл бұрын Америка консулы Оспан батырға өзі барып сөйлесіп қайтқан екен.

Қошты шешімдері және Оспан батырдың оны ұйғаруына сай, әкем Оспан батырдың аулынан қайтар жолда Үрімжіде ұйғырлардың жетекшілері Мәсгүт Сабри, Мұхаммет Емін Бұғра және Иса Юсуп Алптекінмен сөйлеседі. Оларға Қоштыда болған жиналыстың шешімдерін түсіндіреді. Ол жөніндегі пікірлерін сұрайды. Ұйғыр жетекшілері 1949 жылдың мамыр айында Үрімжіде болған сол сөйлесуде өздерінің Қошты шешімдеріне қосылатындығын білдіреді. Қалибек хакім сонымен бірге Үрімжідегі дүнген генералы Мажұң-жаңмен де кездесіп сөйлескен <…>.

1949 жылдың мамыр айындағы сол сапарында Қалибек хакім Қошты жиналысының шешіміне сай, Үрімжідегі АҚШ консулына барып, бас консулдың орынбасары (ол кезде бас консул жоқ-ты) Mr. Douglas Mackamen-гe жолығып, сөйлескен. АҚШ консулының ғимаратына кешкі қараңғыда барған. Mr. Douglas Mackarnen Қалибекпен үйдің шамын сөндіріп қойып, қараңғыда отырып сөйлескен. Консул өзінің Үрімжідегі орыс және қытай коммунистері жағынан ылғи бақылануда екенін айтқан.

Mr. Douglas Mackamen мен әкем бірер айдан кейін, яғни, 1949 жылдың маусым-шілде айларында, Үрімжіге жақын Қаратау қойнауының Көктал — Толы жайлауындағы Шығыс Түркістанның қаражат министрі Жанымхан қажының аулында, Оспан батырдың қатысуымен тағы бас қосып сөйлеспек болып келіседі. Ол кездесудің нақ қай күні болатыны туралы Қалибек хакім: Оспан батыр және Жанымхан қажымен ақылдасып хабарлайтын болады. Сөйтіп, әкем Жәкең қажы және Ошын батырдың ұйғарымын алғаннан кейін: “Шілде ішінде Көктал — Толыда кездесейік”, — деп хабарлайды. АҚШ консулы Douglas Mackarnen ол кездесуге АҚШ консулы Көктал — Толы жаққа аң қараған болып келіп қатысуды жобалаған. Оспан батыр сонау Бәйтік тауы жақтан, Қалибек хакім де Көклік — Ұсты жақтан: “Жанымхан қажыға амандасамыз”, — деп мүмкіндігінше дабырасыз түрде Көктал — Толыға баратын болған. Солай келісілген.

ОСПАН БАТЫРДЫҢ ҮРІМЖІГЕ КЕЛГЕН САПАРЫ

Негізінен алғанда, Оспан батыр ұзақ сапарға шықпайтын. Ол тек 1948 жылы жазда ғана Үрімжіге келіп қайтқан-ды. Басқалары оған барып амандасатын. Ол Шығыс Түркістан қазақтарының ең құрметті тұлғасы еді. Одан бірнеше жыл бұрын Алтайда “ақ киізге отырғызылып хан көтерілген-ді”. Ол Алтайдың губернаторлығына және өлкелік үкімет мүшелігіне (министрлігіне) сайланса да, Бұрхан Шаһидидің сөзімен айтқанда “пысқырып қарамаған-ды”. Бәрінен маңыздысы, ол сонау 1939 жылдың аяғынан бері елінің тәуелсіздігі үшін қытайға да, орысқа да қарсы күресіп келген Шығыс Түркістан көлеміндегі теңдессіз тұлға болатын.

Әне, сол үшін де Оспан батырды тек қазақтар ғана емес, шет елдіктер де жоғары бағалайтын. Мәселен, Үрімжідегі АҚШ-тың консулының өзі кезінде Ошын батырға барып амандасқан-ды. Prof. Dr. Barnett сынды американдық ғалымдар да 1948-жылы ол кісінің үйіне барып, әңгіме өткізген болатын. Сол кездегі Шыңжандағы (Шығыс Түркістандағы) қытай қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Сүн ши лан және қытайдың Үрімжідегі қазақ зиялыларының бәрі дерлік Оспан батырға барып амандасқан-ды. Сонымен қатар, қытай үкіметі де Үрімжіге келіп, қонақ болып қайтуға талай рет шақырған да болатын.

Сол үшін Оспан батыр 1948 жылы жазда жүздеген жауынгерін және кеңесшілерін ертіп Үрімжіге барды. Үкіметтің ресми қонағы болып барды. Қытай басшылары Оспан батырдың Үрімжіде үлкен салтанатпен қарсы алынуы үшін жарлық түсірді. Ол кезде Шыңжаңның (Шығыс Түркістанның) жалпы губернаторы ұйғыр Мәсғұт Сабри, оның хатшысы (орынбасары іспетті) тағы ұйғыр, Иса Юсуп Алптекін-ді. Үрімжіде Оспан батырды үлкен салтанатты қошаметпен қарсы алу ісін басқаратын топтың ішінде сол Иса Юсуп Алптекін де болды. Шыңжаң үкіметі мен қарулы күштің басшылары Оспан батырды үлкен құрметпен қарсы алып, зор қошаметпен шығарып салды. Өйткені, Оспан батыр үкіметтің қонағы болатын.

Ал Үрімжідегі Оспан батырдың өз туыстары, яғни, қазақтар батырдың Үрімжіде үкімет жағынан үлкен қошаметпен қарсы алынуына сүйсіне қараумен ғана болды. Жоғарыда түрлі орайға байланысты бірнеше рет ескертілгеніндей, Шығыс Түркістандағы барлық қазақ атаулы — керей немесе найман болуына қарамастан, Оспан батырды пip тұтып, ерекше құрметтейтін-ді.

Соның көптеген куәлерінің бірі ретінде 1946 жылдың 26-қыркүйегі күні Найман Әбдікәрім Ынтықбайұлы жағынан жазылған, кейін Үрімжіде шығатын “Алтай” журналында басылған “Сәлемде!” деген тақырыпты өлең-толғауды еске алуға болады. Ол толғауында Әбдікәрім Ынтықбайұлы: “Не оған, не бұларға сатылды ма ?!.” — деу арқылы, Оспан батырдың орысқа да, қытайға да сатылмағандығын баса көрсеткен. Онда былай делінген:

Сәлем де!

Сәлем де алтын Алтай асқар белге,

Ондағы айбынды Абақ, қалың елге.

Басынан Хантәңірдің қарауылдап,

Біз-дағы тілеулеспіз Ошаң ерге.

Тартылып тау мен дала қысылғанда,

Қысымын тіккенде жау мұсылманға.

Кім шықты соған қарсы, Ошаң шықты,

Еңкейіп елдің бәрі ұсынғанда.

Алтайдың сен бекіндің құздарына,

Құздардың сен түнедің мұздарына.

Жастанып қыс қыстауда темір қазық,

Шыдадың қыс суықтың ызғарына.

Көріп ек алыс пенен жақынды да,

Атақшыл, абыройшыл батырды да.

Шынайы ел қорғаны ер Ошаң ғой,

Не оған, не бұларға сатылды ма?!..

Құдайым пана берсін сол ниетіне,

Кез қылмай қарақшылар жендетіне.

Қормалым, ардагерім, асқар белім,

Ұстаған панам сенсің ел шетіне. <…>.

ҚАЗАҚ ПОЛКЫНЫҢ ТАРАТЫЛУЫ

Үрімжідегі қытай қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Сұң ши лан ішкі Қытайға шақырылып, орнына Тао зұң сылың деген басқа бір қытай генералы келді. Оның із ашарындай жігерлі антикоммунист еместігі байқалды. 1949 жылдың басынан ол ішкі қытайдағы коммунистерге және Мәскеудің қуыршағы “Үш аймақ” жаққа жағымпазданған саясат жүргізді. Сол бағытына орай ол 1948 жылы құрылған 8-қазақ полкін таратты. Ол полктің 2 эскадроны (кілең Қызылөзен мен Ұлужан қазақтарынан құралған әскерлер) қаруларын қытайға тапсырмады. Олар қаруларын өз қолбасылары Зәкәрия Әшенұлына апарып берді.

8-полктың таратылуы Шыңжанда коммунистік әкімшіліктің орнайтындығының тағы бір нақтылы белгісі саналды.

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ШЕТІНЕН ШЫҒЫП, ҚАРАШӘРІ ЖАҚҚА КӨШУІМІЗ

Әкем Оспан батырға барып кездесіп, қайтар жолында Үрімжіге соғып, түрлі келіссөздер жүргізіп оралғаннан кейін, 1949 жылдың мамыр айының аяғында біз, “Қалибектің елі”, Қаратаудан (Нәнсаңнан) Қарашәрі аймағына қарасты Өри деген өзенге қарай көштік. Бұл батыстағы сонау Еділ, Жайықтан бері тұтасып жатқан іргелес қазақ елінің шетінен шығып, мүлдем жат жұрттарға қарай беттеуіміздің табалдырығы еді <…>.

Қаратаудан басталған көш бірер күн аялдап, екі аптада Қарашәрі аймағына қарасты Үш Тасырқай, Алғи, Ұсты өзендерінің басындағы жайлауға барып қонды. Ілияс аулынан басқа біздің жақын туыстар, Қожалақтың алты ұлының ауылдары, Хамза Шөмішбайұлының ауылы, Омар Байқонақұлының ауылы, Қайнаш Мұхамметжанұлының ауылы, Омарбай ақсақалдың ауылы, Нұрсапа зәңгінің ауылы, Шүкен ақсақалдың ауылы, Ахмет-Сәдудің ауылы, Шойынбек-Бығайдың (Мұхамметкәрім) ауылдары, Сармерген ақсақалдың ауылы, меркіт Қадырмолланың ауылы, тағы басқалары болып, жалпы саны 700-дей кісі қалың қазақ елінен шығып, осы қиыр шетке келіп қонған-ды. Бірақ, арттан тағы көп ел келеді және ішкі қытайда коммунистер жеңіліске ұшырап, Шығыс Түркістанға коммунистік қауіп-қатер төнбесе, елге қайтамыз — деген үміт ұшқыны сөнбеген-ді. <…>.

ҰЙҒЫР ЖЕТЕКШІЛЕРІ МЕН ДҮНГЕН ГЕНЕРАЛДАРЫНЫҢ КЕНЕТТЕН ҚАШУЫ

Жоғарыда егжей-тегжейлі түрде баяндалғанындай, Бәйтік тауы жақта — Оспан батыр, Қаратауда (Нәнжан) — Жанымхан қажы, Қарашәрі аймағына қарасты Ұсты-Көклікте — Қалибек хакім, сол 1949-жылдың көктемінде Қоштыда өткізілген жиналыста және одан кейінгі сөйлесулерде болған келісімдерге сай: Оңтүстік-Шығыс Түркістанда бір шеп-майдан құрып, Қарашәріден былайғы жерді қытай коммунистерінен қорғаймыз, Пәкістан арқылы батыс елдерімен байланыс жасаймыз, — деп өз шама-шарықтарынша жедел даярлық көріп жүргенде, Үрімжідегі ұйғыр жетекшілері мен дүнген генералдарының қашып кеткендігі жөнінде хабар келді. Оны бізге Шыңжаңның (Шығыс Түркістанның) қаражат министрі Тілеубайұлы Жанымхан қажы жіберген кісі хабарлаған-ды. Ол кісімен Жанымхан қажы әкеме бір хат жіберіпті. Онда Үрімжідегі ұйғыр жетекшілері Иса Юсуп Алптекін, М.Емін Бұғра, дүнген генералы Мажұң-жаңның машиналарға отырып, (21.09.1949 күні) Үрімжіден Оңтүстік-Шығыс Түркістанға қарай қашып кеткендігі жазылған. Жағдайдың өте қауіпті екені білдірілген. “Дереу кісі жіберіп бізді көшіріп ал”, — деген. Ол хабар келген бойда әкем ішінде Хамза Шөмішбайұлы, Қайнаш Мұхамметжанұлы, Зазен (Зейнұлла) Райысұлы бар, 50 кісіні жедел аттандырып, Жанымхан қажыларды көшіріп әкелуге жіберді. Бірақ, ол кісінің жіберген адамының бізге алты күнде келіп жетуі, бізден аттанғандардың да Жанымхан кажы тұрған жерге бір аптада баруы, арада екі аптадай уақыт өтуіне әсер етті. Сол арада Жанымхан, баласы Дәлелхан және басқаларының кеңесіне сай, бізге алты күндік жердегі Қаратаудан, одан әлде қайда ұзақтағы Оспан батырға қарай көшіп кеткен.

Жанымханды көшіріп алғалы кеткен Хамза, Қайнаш, Зазен (Зейнұлла) және басқалары – Үрімжіден қашып шыққан, ішінде Шығыс Түркістан үкіметі бас хатшысының орынбасары Сәліс Әміреұлы, ақын-жазушы Әбдікәрім Ынтықбайұлы және Әділ Сексенұлы бар жиырма шақты үйді көшіріп келді. Олар Үрімжіде шығатын қазақша және қытайша газеттерді де әкеліп, коммунист қытайдың “Халық азаттық армиясы” дейтіннің Шыңжаңға (Шығыс Түркістанға) қарсылықсыз келіп кіргенін хабарлады. Сол газеттердің бірінде (қытай тілдегісіндегі) Шыңжаңның генерал-губернаторы Бұрхан Шаһидидің, “Бандит Оспан, хайн (опасыз) Қалибек”, — деген ұзақ бір мақаласы жарияланыпты. Оны Сәліс Әміреұлы әкеме оқып беріп: “Сізді Ошыңнан бөлек сипаттапты”, — деп күлген-ді.

Бұл арада коммунист қытай әскерлерінің Үрімжіге келіп жеткені де хабарланды. Сонымен қатар бізге қосылуға ұмтылған бір бөлім елдің Санжы өзенінің басынан кейін қайтуға мәжбүр болғандығы да мәлім болды. Одан кейін Оспан батыр мен Жанымхан қажы бастаған елдің жағдайы жөнінде ұзақ уақыт хабарсыз қалдық. Екі жақтың арасы өте ұзақты және араға коммунист қытай әскерлері түскен-ді.

Бізбен бірге Үштасырқай мен Ұстыға келген бірқатар ауылдар бөлініп қайта көшті. Олардың ішінде Арыстанбай, Зейнембай моллалар сияқты Қызылөзеннен бірге шыққан, талай ауыр жағдайдағы атыстарда бірге болған кісілер де барды. Олардың бізден кенет бөлініп қайтуы бізді абыржытып, кейітті. Оларға әкем талай кісі жіберіп: “Қайтпаңдар, кейін күн келеді, біздің атымыздың басқан ізіне зар боласыңдар. Егер расында да қайтатын болсаңдар, онда Үрімжі маңына аялдамай, тіке Қызылөзенге бір-ақ тартыңдар. “Үш аймақпен” Үрімжі қосылыпты. Қайтып барғаннан кейін үкімет не айтса, соған көніп, тыныш отырыңдар”, — деп ескертті. Олар кері қайтқаннан кейін әкем олардан қауіптеніп, Ұстыдан көшіп, Көклік дарасына барып аялдай тұруды жөн көрді.

Арыстанбай мен Зейнембай моллалар жетекшілік еткен сол ел 1951 жылдың басында баяғы бізден бөлінген жұртқа қайта келді. Жазда Такламакан шөлінен өтудің мүмкін еместігін аңғарып, Қаратау мен Еренқабырға бөктеріне барып, сонда қытай әскерімен соғысады. Кейін қолға түседі. Ішінде Арыстанбай мен Зейнембай моллалар бар, көптеген кісі атылады.

ҚАР ЖАУСА ЕКЕН ДЕП АСЫҒА КҮТКЕН КЕЗЕҢ

Сөйтіп, қазақ болып, ұйғыр болып, дүнгендер мен антикоммунист қытай әскерлері болып, жалпы бір майдан шебін ұйымдастырып, Қарашәріден былайғы, бүкіл Оңтүстік — Шығыс Түркістан өңірін қытай коммунистерінен қорғап, Пәкістан арқылы батыс елдерінен көмек аламыз деген жоба ұйғыр жетекшілері мен дүнген генералдары елден қашқаннан кейін жүзеге аспайтын болған-ды. Оспан батыр мен Жанымхан қажы Баркөл – Құмыл жақта қалды. Олармен арамыз өте алыс. Арамызда ешқандай қатынас жоқ-ты. Бұл жағдайда “Қалибектің елінің” де атамекеннен кету ісіне кірісуі тиіс болды. Олай етпегенде алдағы жолдың жау күштері жағынан бөгелуі, сондай-ақ, жаудың кенеттен шабуылға өтуі де ықтимал-ды.

Бірақ, “Қалибектің елінің” ұйғыр жетекшілері мен дүнген генералдары сияқты машиналарға отырып қашатын жағдайы жоқ-ты. Олар бала-шаға, қатын-қалашымен, малын айдап, түйесін жетелеп, бірінші кезеңде дүниенің ең қауіпті шөлі — Такламаканды басып өтіп, Гималай тауының етегіне барып ілінуді жобалауда еді. Сол мақсатқа орай, 1949 жылдың қазан айының ішінде Қалибек хакім мен Сәліс Әміреұлы, жанына бірқанша кісі алып, Көклік тауынан Такламакан шөліне қарай өтетін жолды шолып қайтты. Олар жолда ауыз судың жоқ екендігін, қардың жаууын күту қажет екендігін анықтады. Соған орай, жоғарыда да елестетілгеніндей, суы жоқ тау дарасы (бекініс) саналатын Көклік дарасына барып, қардың жаууын күту қажет болды. Бұл арада коммунист қытай қарулы күштерінің бізге шабуыл жасауы да ықтимал-ды. Сол үшін де оларды аңдай тұруды көздеген әкем немерелес інісі Зазен (Зейнұлла) Райсұлын Үрімжіге жіберді. Оның қолына Бұрхан Шаһидиге қаратылған бір хат жазып берді. Ол хатында әкем:- Өзі бастаған елдің де жақында қайта көшіп, елге барып қосылатындығын”, — білдірген-ді.

Ол хатты алған Шыңжаңның генерал-губернаторы Бұрхан Шаһиди Зейнұлла Райұлын коммунист қытай қарулы күштері бас қолбасшысына ертіп барып: “Мыналар да қайта көшіп келетін болды”, — деп таныстырған. Сөйтіп, ол Зейнұлла Райұлын: “Тез көшіп келіңдер”, — деп қайтарады. Зейнұлла әкелген ол хабар коммунист қытайлардың бізге шабуылдай қоймайтындығын аңғартқандай болды. Әрине, соның өзінде де сақтық шараларын қолдануда едік. Жау әскерлерінің келуі ықтимал жолдарға күзетшілер қойылды.

Ал екінші жағынан болса, киімдік мата, бүл және шай, астық сияқты заттарды сатып алу үшін Көклікке жақын Тоқсын қаласына Сәбәділ Мұхамметжанұлы бастаған бір топ жіберілді. Мұхамметбай молла бастаған бірнеше кісі де Қарашәрі жаққа кетті. Тоқсын қаласына кеткен Сәбәділ Мұхамметжанұлы бастаған кісілер аман-есен тез оралды. Ал Мұхамметбай моллалар Қарашәрі жақтан тез оралмады. Олар бізге қайта қосыла алмады.

1949 жылдың желтоқсан айының басында Такламакан шөлі жаққа тағы бір шолғыншы жіберілді. Оның ішінде Хамза Шөмішбайұлы мен Сәбәділ Мұхамметжанұлы және Мөрдіқан Омарбайұлы, Мадалым Байқонақұлы сияқты Түркияға дейін келіп жеткен кісілер болды. Олар: біз Үштасырқай — Ұстыда отырғанда, Үрімжіден қашып бізге келіп, бір мезгіл аялдап, кейін алға қарай кетіп қалған антикоммунист қытай қолбасшылары мен әскерлерінің: “Біз жүреміз” — деп жобалап отырған жолмен кеткен ізін көргендіктерін де айтып келді.

Бірінші бөлімнің соңы.

Теги:

1 пікір

  1. Pingback: Хасен Қалибекұлы ОРАЛТАЙ: “EЛIM-АЙЛАП” ӨТКЕН ӨМІР (2 бөлім) - Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*