Жәнібек батыр тар жол, тайғақ кешулерін былай еске алады екен:
– Майдандасып жау түсіруді ерлігім деп санамаймын, қаптаған жаумен шайқассаң өткір найзаның ұшымен, тұлпар аттың күшімен, қайратыңа әдіс-амалыңды қосып жеңесің. Сен оны алмасаң, ол сені алады. Талай-талай қан майданды бастан кешірдім, тар жол, тайғақ кезеңдерден өттім, майданда жау түсірмей қайтқан жерім жоқ, оның қайсысын ерлікке санарсың? Бірақ өмірімде қапияда кезігіп, қас-қағымның арасында өткен үш түрлі жағдайға тап болдым. Сонда менің жүрегім түршігіп көрмеді. Кейбіреулер қорқамыз дейді екен, мен қорқудың не екенін білген жан емеспін, Алла берген жанды Алла өзі алады. Басқа біреудің алуы мүмкін емес деп сенемін.
Соғыста жеңілгенің – ақыл-айлаң мен күшіңнің кемдігі, соғыста жеңгенің сол екеуінің артықтығы. Ал күтпеген жерден жаныңа қысым келгенде қабағыңды шытпай, қалт ойлап, қапысын тапсаң ерлік, жүректілік деген сол.
Жас кезім, жылқы табынында жүріп, таң қараңғысынан көз іліндіріп алайын деп, тоқымымды төсеп, ерімді жастанып, шылбырымды жамбасыма басып, көйлектің омырау түймесін ағытып, кеудемді самалға ашып, көк шалғынды қолатта жатып қалдым.
Бір кезде мұздай суық бір нәрсе кеудемді басып келе жатқанынан ояна келсем, жылан екен. Оянғанда қозғалып кетсем керек, жылан ысылдап иегімнің астынан аузыма қарай өрмелеп, тілін жалаңдатты. Шағып аларма екен деп сескенбедім. Аузымды ашып демімді ішіме қарай тарта бердім. Екі көзім жыланның қимылында. Оның басы аузыма кіре бергенде тісіммен қыршып түкіріп жібердім. Сонда тісім мұздай болып кетті. Бірақ сескенбедім. Осы оқиғаны естіген нағашым жігіттің ерлігі байсалдылығы деп мені мақтаған еді. Ел алдына түсіп, ер қатарына қосылып қалған кезімде, «ел шетінде жау жатыр, жолдастасып бірге барып, соны алайық» деп Қабанбай шақыртыпты. Ара қонып Қабаекеңнің ауылына жетіп, сәлем беріп үйге кіргенімде сәлемімді Қабекеңнен бұрын Бөгенбай батыр алды. Үйде екеуі ғана екен. Жиған қолдары, жау-жасағы көрінбейді. Кешке аста отырғанда Бөгенбай жай бір ғана:
– Жау жағынан бөлініп шығып, өз бетімен қол жинаған бір қарақшы екі елдің тыныштығын кетіріп, малын айдап, қыз-қатындарын олжалап мазаны алып тұр, – деді. Мен көп сөйлемей , «ел алаңсыз болғаны жақсы еді» дедім.
Ертеңінде үшеуіміз бір жол бастаушы алып жүріп кеттік. Бірер күнде ел шетіне де таядық. Қарақшылардан зәбір көрген ел зар жылап, көк етегін көл қып, көз-жасын төкті. Қарақшылар ойда жоқта жайын жатқан елге басып кіріп, малын қуып, адамын олжалап, қарсыласқан ер азаматты өлтіріп, ойына келгенін істеп жүріпті. Қарақшылардың жүгенсіз қылықтарын естіп, халықтың көз жасын көрген сайын қаным қайнап, алас аттым. Жауға таяған сайын жүрісіміз ширай түсті. Олардың апанын анық білетін жол бастаушымыз төтелеп бастап, нелер құлама құз, ақпа қорым, жыныс ормандардан өтіп, бізді таң бозында олардың дәл желкесінен түсірді.
Қарақшылар бір үлкен қолатты алып, ақбоз үйлерді тігіп тастап жатыр екен. Шамасы жортуылдан түнде ғана келсе керек. Аттары түюлі, түйелері қомдаулы, тоғанақты теңдері жиылмаған.
«Қанша халықты зар илетті екен» деген ой басыма найзағайдай соғылғанда атымды ұрып жіберіп, Қабанбай мен Бөгенбайдың алдына көлденеңдеп тұра қалғанымды өзім де білмей қалыппын. Менің шыға келуімнен рұқсат сұрағанымды айтқызбай таныған екеуі жарыса:
– Балақай, жолың болсын! – десті. Бұрылып жүре бергенімде олар: «Жол бойындағы халықтың көз жасы мен мұң-наласы ширықтырып келе жатыр еді, жолы болар-ақ» деп жатты.
Дұспан да болса «қапы кеттім» демесін деп ортасына ұран салып кірдім. Олардың тұшты ұйқысын менің күшті даусым шайдай ашты. Топ-топ бола үйлерінен шығып, аттарын шешісіп жатыр. Назарым ортадағы ақ үйде, содан шыққан бес адамның артқысы зор денелі біреу киіз есікті иығымен көтере ашып, нығыз басып маған қарай жүріп келе жатты. Аюдың көзіндей қысқа кірпікті, қысық көзімен мені бағып келеді. Үстінде сауыт сайман, сыртынан жамылған үлкен сары жібек шапан, шапанның етегі шалғынға сүйретіліп шұбалаң қағады. Жас мөлшері қырыққа еркін жетпеген, селеу сақалды, тайқы маңдайлы, бүйрек бетті, дүрдиген ерінді адам екен. Дәл ерінінің үстін түйреген найза табынан қалған тыртықты анадайдан айырдым. Жолбарыстың мұртындай бес тал мұрты тіп-тік болып шашырап тұр. оның сетілген танауынан келекенің күлкісі байқалғандай болды.
– Кімсің сен? – деп зеки сұрады менен.
– Мен жөнімді айтқаныммен, сен жөніңді не деп айтар едің, ел дейтін елі, жөн дейтін жөні жоқ, қаны қара қарақшы! – дедім ақырып. Сөзім шынбайына батты білем, көзінен ашу оты жарқ етіп шыға келді. Артына бұрылып қолды бір-ақ сермегенде екі жүз шамалы адам атына қонып үлгерді.
– Жеке-жеке, – деп айғайладым. Сол кезде қара сұр атты біреу майдан тартты. Жолын бергеніммен оны жан екен деп елемедім. Шауып келе бергенде найзасынан ұстап, жұлқып тартқанымда ат тебінімен алдыма келіп қалды. Сол кезде қанжарын суыруға келтірмей атынан жұлып алып, жалпақ тасқа қойып кеттім. Атымның тізгінін тез тартып: «жеке,жеке» деп тағы айғайладым. Бар ойым бағанағы пәле басы жуан сарыда. Онымен сілкілеспей, ашуым тарап, кегім қайтатын емес. Жуан сары шапанын сілкіп тастап, артына бұрыла бергенде, тұлпар атын екі адам жетектеп келіп иіле қалды. Атына мініп, найзасын қолына алған ол, әуелі менің жүрегімді алғысы келді білем, ашулы отты көзімен тігіле жақындап келіп, түйіле қарап, майдан тартып шаба жөнелді. Ағызып келіп, атының тебіні қолының бар пәрменімен кіндігімнің басынан найза салды. Мен қалқанымды тоса қойдым.
Тізгін тартқанда кәнігі болған сар тұлпар тік секірді. Осы кезде ол өте шапшаңдықпен жанды жерімнен әлденеше рет найза салды, мен де қалт кетірмей тостым. Ақыры ол кезек беруге мәжбүр болды. Ағызып келіп найза салдым. Шіркіннің күштілігі мен шапшаңдығы-ай, өзім-өз болып найзамның қатты қағылғаны осы еді, кезек тағы бір айналып маған келді. Мен ойқастатып шыға бергенімде, серіктерімнің ұран салған дауыстары естілді. Менің басыма «бір қарақшыны ала алмағаным ба» деген намыс орала кетті. Қалай келгенімді білмеймін, қылышпен қатты ұрғанымда қалқаны қолынан ұшып кетті. Қайта қайрылып қылышын ұшырып жібердім. «Басын шауып тастайын» деп қайырылғанымда менің екі батырым да келіп қалған екен. Ақбоз үйден еңірей жүгірген әйел келген беті үзеңгімді сүйіп, жалынып:
– Жанын қиып кет, батыр, – деп өтінді. Бөгенбай мен Қабанбай да:
– Осының тілегін бер, – деп сұрады.
– Ал бердім, – деп майданнан шыға бергенімде:
– Мені өлтіріп кет, – деп айқайлап маған қарай тұра шапты әлгі батыр, – мен елсіз мекенсіз едім, енді серіксіз қалдым, басымды сүйер жан қалмаған екен, енді қаңғыртпа, мені өлтіріп кет, – деп ұштыртып келеді. Көзінен от шашырайды. Ашу-кектің ұшқыны ма? Әлде өкініштің қамырығы ма, кім білсін?! Оны мен сонда байқадым. Қасында қорғап қоршап жүрген екі жүздей адамның бірде-бірі қалмай қашып кеткен екен.
– Бердім жаныңды мына үшеуіне, – деп қайталадым мен. Осы кезде жаңағы әйел жан ұшырып келіп, оның шылбырына оралды. Батыр әйелге бұрылып:
– Біткен екен менің уақытым, сүйенер елім де, жанкүйер жолдасым да жоқ, енді мен үшін өмір сүрер жер де жоқ, құрыдым. Мен құрыдым, – деп атын ұра жөнелді. Тықыршып тұрған тұлпар сауырына қамшы тигенде шылбырға оралған әйелді екпетінен түсіріп кетті. Жан ұшырып түрегелген әйел:
– Өлтіріп кет, -деп айғайлап тұра жүгіріп, екі-үш қадам аттай беріп, құлап түсті. Жаңағы ашу-кектің қан-майданын енді сорлы әйелдің мұң-наласы басты. Оның жан даусы құлағына жеткенде ғана ес жиды ма, қалай, әлгі батыр қайта ағызып келді де, орынынан тұра берген әйелді іліп алып шатқалды өрлей тартты. Біз соңынан қарап тұрмыз. Әйелдің білегі оның мойынына орала кетті. Олар тау айналып кеткенде ғана Бөгенбай маған бұрылып:
– Мынаның кім екенін білесің бе? – деп сұрады.
– Білмеймін, – дедім мен.
– Білмесең жоңғар хандығының ең білікті жас батыры. Осы қайтер екен дегізіп, жүрек шайлықтырып келген батыры. Жоңғар хандығына бір қылығы жақпай қағажу көрген соң, кеудесін бастырғысы келмеген асау жүрек жас батыр, ақыры бой көрсетіп шығып кеткені осы ғой, – деді.
– Бақ қайтудың басы осы сұлу әйелден басталса керек, – деді Қабекең сөзге араласып.
– Бұл сұлу әйел ханның қызы ма, әлде жесірі ме онысын біле алмадым. Әйтеуір осы батыр жігітпен көңіл қосыпты. Сол себепті хан ашық жазалай алмай орда төңірегінен жылжытып жіберіпті. Ол өзіне қарасты әскерін бастап, осы әйелді жапан түзге алып кетіпті. Хан әскері қуып келіп соғысып, мұны ала алмапты, – деді жол бастаушы.
– Біз сенің білегіңді бір көрсетіп қоя берейік деген едің, – енді Бөкең сөзін жалғап, – себебі, мынау тірі кетсе жоңғар хандығы екі ұдай болып, тозғындай берер еді. Бірақ, мынау тірі кетпейді. Менің адам танитыным рас болса, оның жаңа әйелін ала жөнелгендігі жүрісі – өлім есірігі басқан адамның жүрісі. Ендігі өліп те болған шығар-ау.
Осыдан кейін біз бір-бірімізден сөз байласқан адамдай әлгі тұлпардың ізімен жүріп кеттік. Көп ұзамай олардың өліп жатқанын бір жартастың басында тұрып көрдік. Олар жартастың ұшпа жеріне келіп (тегі жатар орындарын көрсе керек), атты қыдыртып айнала шауып, жартастан қарғытып кетіпті. Батырдың бір қолы атының тізгінінен айырылмапты да, әйел батырдың мойынынан құшақтаған беті түсіпті. Талай-талай соғыстарда болғаныммен осы батырдың өзін-өзі өлтіруі мені көп ойландыра берді. «Халқынан айырылған қан құсады» деген осы ғой. Халық дегеніміз қара таудай иеміз емес пе? Оның ашу-ызасын мен мұң-наласы қорқаққа үрей, батырға күш қосады, тіпті ол саған жеңіс әпереді. Мен басын алмағаныммен де оған жасайтын орын қалмады ғой. Ел-жұрттың ортасы ғана алтын орда. Батырдың батыр атын шығаратын да, аруағын көтеріп, құрмет тұтатын да халық ғана.
Жиырманың жуан ортасына келіп, батыр атағым жұртқа таралып, ел басқарып, қол бастап, жұрт ағасы болып қалған кезімде қайыныма ұрын бардым. Қайын жұртым аса бай ауылдар еді. Үлкен көгіл жазыққа, тойға бола топтана қоныпты. Бізді бастап келе жатқан еліміздің үлкендері әлгі ауылдарға таяй бере іркілмей жүріп кетті де екі жолдасыммен қарсы ала шығатын жеңге, балдыздарымды күтіп тұруға бұйырды. Бір кезде ақ шылауышты жеңгелер мен қызылды-жасылды киінген қыздар ауылдан бізге қарай жүрді. Сонда: «Алыстан жау емес, айтыстан дау емес, мыналар нені сұрап, мен не айтармын» деп жол көрген жолдасымнан сұрай берсем керек. Жолдасым:
– Бәрекелді, Жәнібек! Жарақты жауға шабарда ақыл салмағанда, мына елдің қыз-қатындарының жүзін көрмей қарасынан-ақ ықтай бердің ғой, – деді.
– Пәле, жігітім, олар төбесін көрсетпей жатып-ақ бізді аттан түсірмеді ме? Қамалы берік алып батырдың, алдырмас шешенің дәл осылар болмағай, – дегенімде жолдасым күліп:
– Бұл да ер азаматтың бір кешуі, ер азаматтың туда нағашы жұрты, ата жұртты дейін екі жұрты болса, қайын жұрты өсе келе, жүре келе өзі тауып алатын жұрты емес пе, – деді.
Елден ерекше мен мұндалап, шошақ төбелі, үкілі тымақты киіп мен тұрмын, менің жел шықпаса басқа жан шықпаған тұлпарымды екі-үш бала мінгесе ойқастатып жоғалды.
Жаңағы теңге-моншағы сылдырап келген жеңгелер бізді ақ боз отауға бастап кіріп, шымылдығы құрулы қайқыбас төсек алдына отырғызды да, екі жолдасымды менен бөліп, төр алдына алып кетті. Әзіл-қалжыңға өткір ашық-жарқын жеңгелер де аз сөйлесе де, ақырын сөйлесе де ұтып сөйлейтін, зейінді бойжеткендер де бар екен. Бұлар қан майдандағы батырлықтан да ары сынайды. Сынағанда қандай, сенің ең әлсіз жеріңді көреді. Қалжыңнан бір кетірсең «өлдім» десеңде тұрғызбайды. Және сені өмір бойы сені сыйлап отырады. Бірі сенің жүзіңді көргісі келіп тымағыңды шалқайтып кигізіп кетсе, бірі «қасқаюын батырдың», «мынау жоңғардың майданы емес, құдайдай атаңның ауылы» деп еңкейтіп, қайтадан нұқи кигізіп кетеді. Біреуінің қабырғасынан мытып қалайын десең, ол қабырға майдандағы батырдың білектей қабырғасы емес, қатты тиіп қате кете ме деп және қорынасың, сен қорынған сайын олар басынады, күледі, ішек-сілесі қатқанша күледі. Үлкендерді де өздеріне еліктіріп, қоса күлгізеді. Ыза болайын десең олар қандай байқағыш, үшеу-төртеуі бас қоса қалып:
– Қой деймін, Жамал, батыр атқа мініп ұран салып шығып кетпесін, – деп қитығыңа тие, тіпті сыңғырлай күледі. Ақыры осылар жеңбей қоймайды. Иілдірмей, тізе бүктірмей, шаршатпай тынбайды. Өмірімде қысылып, қымтырылып, адам еркіне көнген бір кезім сол екен. Үлкенсимін дегенмен үлкенси алмайсың, өйткені ата-салты бәрінен үлкен. Оған халықтан басқаның пәрмені жетпейді.