Кітапхана

ХХ ғасырда Алтайда өткен ақын Оянған Ыңғайұлының сатиралық бір өлеңі.

Оянған Ыңғайұлы. (1914-1972) Қытайдың Алтай аймағы, Буыршын ауданында өмір сүрген ақын. ХХ ғасырдағы қытай қазақ әдебиеті өкілдерінің бірі. Ақынның жазбаша және ауызша тараған бірқатар шығармалары бүгінге жетіп отыр. Оянған Ыңғайұлының «Мұңлық жыр», «алтыншы айдың он төрті», «Баянның бетке басарларына», «Шөпке түскенде», «Нұрғабылға», «Күшіктің зары», «Ыдырыш пен қасқырдың айтысы», «Екі құрдас», «Жалқауға» секілді өлең толғаулары бар.

Бүгін сіздерге ақынның сатиралық үлгіде жазылған «Алтыншы айдың он төрті» атты өлеңін ұсынып отырмыз. Бұл өлең қазір Текелі қаласында тұратын Нұрлан Темірханұлының қолжазба дәптерінен алынды.

 

Алтыншы айдың он төрті

 

Алтыншы айдың он төрті,

Аралдан шықтым егінге.

Бір-екі суын суғарып,

Жұлмақшы болдым шөбін де.

Екеу ара бір көлік,

Жаяулап жүрдік көбінде.

 

Екеу ара ортада,

Қарагер тай көлігім.

Жетектеген көз үшін,

Алдымда балам серігім.

Жүрмеген жерде оттатып,

Көлікте болды-ау ерігім.

 

Сұмдайрыққа кеп түстік,

Өтіп жатты көшкен ел.

Көккейкеңнен қайқая,

Күн күркіреп құйды сел.

Беткейлерден су ағып,

Ойпаң жерге орнап көл.

Екі бассам сүрініп,

Арқамнан шықты ашты тер.

Тян-Шаннан асқандай,

Көккейкең болды-ау асқар бел…

Бұйдахмет молла кез болып,

Асырып тіктен тастады.

Онымен бірге жүрерге,

Қарагер әттең баспады.

ілеспек түгіл Көксайдан,

Күн батқанша аспады.

 

Жақындап едік  ауылға,

Төрт ит шықты абалап.

Оянғанда қамшы жоқ,

Шылбырмен келем сабалап.

Мұсаның үйі осы-ау деп,

Бір үйге түстік жобалап.

 

Басқа үйге түспей әдейлеп,

Келгендей іздеп Мұсаны.

Салбырап түсіп Оянған,

Қарагер тайын тұсады.

Қарындасы даярлап,

Отырғандай боп ұшаны.

Сонда үйден шықты бір әйел,

Ағасы келгенге құсады.

 

Амансыз ба,- деп едім,

Бұл үйге, деді қонбайсың.

Жазғытұрым жауында,

Далаға жатсаң тоңбайсың.

Оқудан келді күйеуім,

Бәрің қайтып орнайсың.

 

– Қарындасым түн болды,

Қонуға тұрмыз бұрылып.

Жауынмен бірге жаяулап,

Әрең жеттік сүрініп.

Біраз ғана алайық,

Отыңызға жылынып.

Күйеуіңіз келсе кетеміз,

Күн ашылса түріліп.

 

– Айда қазақ! Жол анау,

Жүрген жоқсың мен үшін.

Ұрықтыға үй тігіп,

Отырғам жоқ сен үшін…

 

Мұсаның мына келіні,

Үгітті қалай ұқпаған.

Мұса жігіт емес қой,

Үйінен ұзап шықпаған.

Тәлім алып әкеден,

Тәрбиесін ұқпаған.

Самырсын құрлы болмады-ау,

Жауында келіп ықтаған.

 

Жетім қап Мәди ұзатқан,

Оны неге ұмытты екен.

Жол үстіне үй тігіп,

Қанша жұртты күтті екен.

Қуаяқтау көрінет,

Мұсаға қайдан бітті екен.

 

Келінімен Мұсаның,

Біраз тұрдық салысып.

Құрдан – құр бекер тірестік,

Кіргізер емес алысып.

 

Онан шығып тағы да,

Бір қосқа жеттік тепектеп.

Қара ала тайды жетектеп.

Сары ала менен бөрі ала,

Майтабан, Құтпан, қар ала,

Меніменен бес ит боп,

Осы маңды арала…

Шық! Дейтін бір кісі жоқ,

Оянғанды жарала!

 

Онан шығып тағы да,

Бір қосқа келдік тепектеп.

Қара ала тайды жетектеп.

Шыға келді бір кемпір,

«Мынасы кім, көтек»,-деп.

Келінінше Мұсаның,

Қуаласам кетет деп.

Тоңған балам алдымда,

Тоқтамай тұр секектеп.

 

Кемпір айтты қонбайсың,

Үйде ауыру балам бар.

Елдің шеті осы ауыл.

Одан ары далам бар.

Шеруші Мұса ауылынан,

Үй таппадым паналар.

 

Бұл түн де өтті таң атты,

қорғады мені орманым.

Орманды қорға дейші еді,

Партия дейтін қормалым!

 

Дайындаған: Ретбек Мағаз

Теги: , , , , , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*