Жәркен кеткенде…
Мұрат Шаймаран
Өшіпті дейді бір шырақ, бататын күндей қан қызыл.
Көшіпті дейді тым жырақ Жайырдан келген жалғыз ұл.
Қар жауған сәуір қаралы, шомғандай шүңет мың ойға,
Жалғыздар керек екен ғой өзі де жалғыз Құдайға.
Ажалдың жүзін көремін – безбүйрек беті бозарып…
Кеткендей болды өлеңнің өмірге ғашық көзі ағып.
Естіртем қалай Ертіске, Ілені қайтып жұбатам?
Жәркенің сенің жоқ енді, Қатудан атқан бұла таң…
Жәркенің сенің жоқ енді, жылаңдар бұлақ бұрымдар,
Боғданың биік шыңдары шайқалып бір сәт тұрыңдар!
Емендер түнде бүрлеген, шулаңдар алып шырқымды,
Мен енді кімге беремін қалтамда жарты құртымды?!
Мұңдана неге қарайсың жоғалтып сәби жанды ізгі,
Бүлкілдеп екі иығы теңселіп тұрған Жалғыздық.
Айта алман тоқтау саған мен
(онсыз да күйген жанып іш)
Ақынның әппақ шашындай ағарып кеткен Сағыныш…
Жайырға бүгін жай түсті
Мақсат Қизатұлы
Жайырға бүгін жай түсті,
Жалғызы жарға құлады!
Жайырға бүгін қар жауды,
Селкілдеп тоңып шынары!
Жырыма бүгін жай түсті,
Ұзылды өлең тұмары!
Жырымның кетті алыбы,
Қаталап көңіл құмары!
Жайырға бүгін жай түсті,
Екпеттеп қалды құрағы!
Жайырдың кетті жалғызы,
Суалды жырдың бұлағы!
Жылама жұртым, қазағым,
Алланың бұл да сынағы,
Өмірден өтті жыр аға,
Бейыштен болсын тұрағы!
Жайырда бүгін ақ жаңбыр,
Көзінің жасы сел Екен!
Алматы қалды құлазып,
Бұл да бір жалтаң жер екен!
Арғы беттен арқалап,
Келіпті қабдеш жетелеп.
Ағаңның қалмай соңынан,
Кеттің де қалдың төтелеп!
Қалың елің қазағың,
Көз жасын жұтты кеселеп!
Сендерге қарап өсіп ек,
Кәріміз болсын жасымыз.
Жәркен еді жырымыз,
Қабдеш еді басымыз.
Тарбағатай тауының,
Қос өркеші құлады!
Тасырқап қалды құланы,
Бауырымдап қалды-ау ұланы!
Майлы, жәйір, құлыстай,
Құлазып қалдың не дейын?
Топырағыңды уыстай,
Қос төбеге себейін!
Бірі қабдеш дарабоз,
Сөзінен маржан төгіп түр!
Бірі жәркен дара бөз,
Жүрекке өлең егіп түр!
Селдете бер құйа бер,
Жәйірімнің жәңбірі,
Жәйір емес қазақтың,
Өмірден өтті жалғызы.
Дүбырың мәңгі тоқтамас,
Сұлу жырдың дүлдүлі,
Күбірің мәңгі басылмас,
Сағыныштың бұлбұлы!
Жайыр тау енді қаралы!
Жақсыбек Қалелбек
Жалғызы жырдың аттанды,
Сағыныш деген хат қалды.
Қазаға белі қайысып,
Туған жер шулап жатқанды.
Тұнжырап аспан қабағы,
Жасурап жырдың жанары.
Өксігін тұрған баса алмай,
Жайыр Тау енді қаралы.
Бөкендей желіп қырды асқан,
Жалғыздықпенен сырласқан.
Тұманға орап тағдырын,
Аяқтап кетті бір дастан.
Арманда бәрі арманда,
Қанаты болмай самғауға.
Тіршілік күйі тым мұңлы,
Туған жер қиыр қалғанда.
Серігін іздеп тапсада Ай,
Жаркен-жыр жалғыз ақ сарай.
Туған жерінде әр адам,
Ғұмыр кешеді патшадай…
Қыран болсаңда құның жоқ,
Күрсінген күйсіз күнің көп.
Отаны жарық маңдайдан,
Сипамай қойды ұлым деп.
Жағымпаз қара жарыста,
Қолыңды бердің намысқа.
Аяңдап жүріп ар сақтап,
Үлгердің ұшып алысқа.
Бақыл бол!қайран Тұлпарым,
Маған бер жырдың мұң тағын.
Самғасын енді далаңда,
Сағыныш өлең Сұңқарың.
Кім дермін сені кім дермін?
Жырдағы жарық күн дермін.
Сарылған ұзақ түн дермін,
Мақсаты биік мұң дермін.
Кім дермін сені кім дермін?
Сарыала Қаз салған үн дермін.
Жарық дүниесі даңықты,
Өлеңі өлмейтіндердің…
Апыр-ай, шайыр кетіп, Жайыр қалды…
Аңсауға дос еткендей бауыр-маңды.
Шалынып боз жусанның биігіне
Бала кез, жоқтап тұр-ау,
Тауында əлгі…
Жалған-ай, Шайыр кетіп, Жайыр қалған…
Сайрангүл Даханқызы
Жалған-ай, Шайыр кетіп, Жайыр қалған…
Демімен үзілгендей дəуір-жалған.
Тұлғасы туған елдің иісіндей,
Жүрісі, енді қалған бауырға – арман.
Дүние – ай, Жайыр жоқтап қалды -ау дей ме?!
Ғашығына жетпеді -ау,
Арман кеуде,
Алматы тоқтау айтып жатқан шығар,
Шайырді Жайыр жоқтап қалған кезде…
Иманыңыз жолдас болсын!
“Аңыз” атам -ай…