Аспан әлемінің шексіз кеңістік құпиясы адамзат баласын ежелден-ақ, өзін тануға ынталандырып, қызықтырып келеді. Бүгінге дейін бұл үрдіс бір сәтке тоқтаған емес.
Ерте замандарда адамдарда уақытты, бағыт-бағдарды дәл көрсететін белгілі құралдары болмағандықтан, Күн мен Айға, аспандағы жұлдыздарға қарап жыл мерзімі мен уақытты айыратын болған. Сондықтан да, олар осы қажеттілік салдарынан аспан денелерінің қозғалысын үнемі бақылап отырған.
Бағзы Қытай астрономдары б. э. д. ІІ мыңжылдықта Ай мен Күн қозғалысын зерттеп толық Күн және Ай тұтылуларын жоғары дәлдікпен есептей білген. Ал, ежелгі Грекияда астрономия біршама дамыған ғылымдар қатарында болды. Қазақ халқы үшін де, күндіз Күннің, түнде Ай мен жұлдыздардың өзгерісі мен орналасуына қарап, өздерінің көшіп-қону бағытын туралап, уақытты мерзімдеп, ауа райын болжауда аспандағы жұлдыздардың маңызы ерекше болған.
Мысалы, аспанда орнын ауыстырмайтын «Темірқазыққа» қарап, қазақтар сапар шеккенде жол бағдарын анықтайды. «Темірқазықты маңдайға ал» немесе «Темірқазық сол иығыңда болсын» деп жолаушыға жол сілтеген. Қазақ ұғымында бұрыннан қалыптасқан қазақша атау бар планеталар мен жұлдыздар мыналар: «Темірқазық» – Полярлық жұлдыз; «Жетіқарақшы» -Үлкен Аю; «Шолпан» – Венера; «Үркер» – Плеяды, «Ақбозат, Көкбозат» – Кіші аюдағы ең үлкен ақшыл және көгілдір екі жұлдыз; «Таразы» – Ориондағы қатар тізіліп тұрған үш жұлдыз, кейде оны «Үш арқар» деп те атайды.
Астрономия ғылымы туралы қазақ тілінде шыққан тұңғыш кітапты Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов жазды. Ол, 1926 жылы Мәскеудегі «Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасында» төте жазумен жарияланған «Дүниенің құрылысы» (Астрономия) оқулығы еді. Орыстың академик жазушысы Д.Грабенің еңбегін қазақшаға аударған. «Әлихан Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген лақап атпен жариялаған «Дүниенің құрылысы» еңбегін таза аударма деуге де болмайды, негізінен қазақ оқушыларының талап-тілегіне лайықталған кезеңдік оқулық деуге әбден болады. Онда Әлихан Бөкейхановтың өзіндік дүниетанымы мен қазақ халқының дүниетанымына тән түсініктерді баяндайтын тұстар жиі ұшырасады», – деп жазады филология ғылымдарының кандидаты Гүлжиһан Көбденова өзінің зерттеу еңбегінде.
Қазіргі заманғы астрономия аспан денелерін зерттеудің тәсіліне қарай бірнеше бөлімге бөлінеді. Астрометрияда аспан объектілерінің орындары мен қозғалысы анықталады. Жердің айналу заңдылықтары зерттеледі, астрономиялық тұрақты шамалардың мәндері анықталады. Сфералық астрономияда аспан нысандарының орны мен қозғалысы математикалық тәсілдермен анықталады. Ал тәжірибелік астрономияда бұрыш өлшейтін аспаптардың жаңа теориялары жасалып, уақытты, географиялық координаттарды (бойлық пен ендікті), белгілі бір бағыттағы азимуттарды анықтау әдістері жүйеленеді.
Аспан механикасында бүкіләлемдік тартылыс күшінің әсерінен болатын аспан денелерінің, соның ішінде жасанды денелердің қозғалысы, сондай-ақ аспан денелерінің тепе-теңдік жағдайы зерттеледі. Жұлдыздық астрономияда біздің Галактиканы (Жұлдызаралды) құрайтын жұлдыздар жүйесі, ал галактика сырты астрономиясында басқа галактикалар және олардың жүйелері қарастырылады. Құрамына астрофотометрия, астроспектроскопия, т.б. бөлімдер енетін астрофизика аспан денелерінде, олардың жүйелерінде және ғарыштық кеңістікте болып жататын физикалық құбылыстар мен химиялық процестерді зерттейді. Радиоастрономияда ғарыштан келген радио толқындардың қасиеттері және олардың кеңістікте таралуы зерттеледі. Жердің жасанды серіктері, ғарыштық кемелер мен ғарыштық телескоптардың (мысалы, америкалық «Хаббл» телескопы) жасалуы астрономиялық зерттеулерді атмосферадан тыс жүргізуге жол ашты.
Біз, төменде дәл осындай адамзат баласы талай ғасыр бойы сырына үңіліп, құпиясын ашып тауыса алмай келе жатқан, сан қатпарлы, аса күрделі ғылымды меңгерген қазақ ғалымы жайлы тың ақпарат ұсынбақпыз.
Жарқын Есімбекұлы 1967 жылы Қытайдың Алтай қаласында дүниеге келген. 1985-1990 жылдары Шыңжаң университетінің физика факультетінде оқыған. 2006 жылы Бейжің университетінде астрономия ғылымдарының докторы атағын алды. 2008-2009 жылдары АҚШ-тың Гарвард университеті Симпсон астрофизика зерттеу орталығында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты.
Бүгінгі күні ол Қытай ғылым академиясы Шыңжаң астрономия обсерваториясы бастығының орынбасары, аспиранттар мен докторанттардың жетекшісі сияқты жауапты жұмыстар атқарып, жемісті еңбек етуде. 1997 жылы Жарқын Есімбекұлы жетекшілік жасайтын «тұрақты жұлдыздардың пайда болуы және оның өзгерісін зерттеу» ғылыми тобы Үрімжі қаласынан 100 км қашықтықтағы, теңіз деңгейінен 2080 м биік үстірт жерге 25 метрлік радиоастрономиялық телескоп орнатып, «Нәнсән» зерттеу базасын құрды. Қазіргі кезде бұл орталық техникалық базасын барынша кемелдендіріп, солтүстік жарты шардың құсжолы жүйесіндегі аммония молекуласын бақылауды бастады. Бұл әлемде әлі зерттелмеген тың тақырып болып отыр. Сондай-ақ жас ғалымның біліктілгін мойындаған Қытай ғылым академиясы өздерінің «батыс нұры» жобасына да жетекшілік жасауын міндеттеген. Осы уақыттарда талантты қазақ ғалымы тұмандық астрофизика, астрохимия, радиотехника, радиотелескоп параметрін өлшеу, компьютерде астрономиялық бағдарлама жасау сияқты зерттеумен шұғылданып елеулі табыстарға қол жеткізді.
Қытай қазақтарынан шыққан тұңғыш астрономия докторы Жарқын Есімбекұлы 2007-2012 жылдар аралығында Қытай мемлекеттік жаратылыстану ғылыми қоры ұсынған «1,3 см қабылдағыш жүйеге зерттеу жүргізу және құсжолы жүйесіндегі аммония молекуласын спектр сызығы арқылы бақылау» жобасын сәтті орындап шықты. Осыдан кейін, 2014 жылдан бастап, 5 жылдық «құсжолы экваторындағы аммония молекуласын бақылау және зерттеу» ғылыми жобасын зерделеуге кірісті. Сонымен бірге қазіргі күні өзі басшылық жасайтын ғылыми топтың 20-дан астам зерттеушісі және докторанттарымен бірігіп «құсжолы жүйесіндегі тығыз тұмандықтың кең көлемде қалыптасуын бақылау және зерттеу» ғылыми жұмысымен де айналысуда. Бұл да әлемде тұңғыш рет жасалып жатқан зерттеу саналады.
Астрономия докторы Жарқын Есімбекұлы АҚШ, Австралия, Испания сынды әлемнің 20-дан астам елінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, ғылыми мақалаларын оқыды. Оның зерттеу еңбектері Қытайдағы беделді ғылыми басылым «Ғылым саласындағы қытайлықтар» журналында арнаулы таныстырылды. Осындай ұлағатты еңбектері үшін 2010 жылы Қытай ғылым академиясының «Уаң куанчың» атындағы сыйлығымен марапатталды.
«Қиын іс жоқ жаһанда, ықылас қойған адамға» демекші, астрономия саласы біз үшін тылсым сезілгенімен, ықылас қойған адам бұл ғылымның да биік белесін білімімен бағындыра алатындығын жастарымыз ұғынуы тиіс. Елбасымыз мақсат еткен дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін қазақ жастары осындай озық техникалық мамандықтарға ден қойып, әлемдік бәсекеде биік белестерден көріне білуі керек. Ал, қарым-қабілетімен ғарыш көкжиегіне көз тіккен, ой санасы аспан әлемін шарлап, құпиясы көп астрономия ғылымында жаңалық ашып жүрген қазақ ғалымына ақжол тілейміз!
Дайындаған: Бақытжол Кәкеш