BAQ.KZ тілшісі. «Отандастар қоры» КЕАҚ 30 жыл ішінде қанша қандас көшіп келгенін хабарлады.
Елімізге көшіп келген қандастардың бейімделуіне, жәрдемдесу және шетелдегі отандастарға ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету мақсатында 2019 жылдан бастап «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» құрылған болатын.
“Орталық қызметі «Байланыс орталығынан» және облыстардағы «Фронт-кеңселерден» тұрады. Қандастарымыз «Отандастар қоры» біріңғай ақпараттық орталығының 1404 телефон нөмеріне тегін қоңырау шалып, кеңес ала алады. 2019-2021 жылдың маусымына дейінгі аралықта Орталыққа елімізге қоныс аударған қандастар мен шетелде тұратын этникалық қазақтардан барлығы 10690 өтініш келіп түсті, – делінген ақпаратта”.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, билбордттар әзірленіп өңірлердегі әуежайлар мен теміржол вокзалдарында, автобекеттерде, әлеуметтік нысандарда және негізгі көшелердің бойына орналастыру жұмысы жүріп жатыр.
“Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 77,3 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, яғни 76,3% – Өзбекстаннан келсе, 10,4% – Қытайдан, 6,2% – Түрікменстаннан, 2,7% – Моңғолиядан, 1,2% – Қырғызстан, 0,5% – Иран, 0,3% – Ауғаныстан және қалған 2,5% басқа елдерден қоныс аударған. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,5%), Түркістан (15%), Маңғыстау (17,7%) және Жамбыл (8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (11%) қаласына қоныстанды, – деп мәлімдеді «Отандастар қоры”.
2019 жылы 17 661 этникалық қазақ немесе 9 993 отбасы тарихи отанына оралды және қандас мәртебесіне ие болды. Елімізде жыл сайынғы қандастарды қабылдау квотасы тоқтаған жоқ. ҚР Үкіметінің қаулысымен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2019 жылы 2031 адам болды.
2020 жылы 13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.
2020 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (53,1%) ҚХР-дан, 31,3% – Өзбекстаннан, 8,7% – Түркіменстаннан, 3,7% – Моңғолиядан және 3,3% – басқа елдерден келген. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (51,3%), Маңғыстау (13,3%) және Түркістан (5,6%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент (3,9%) қалаларында қоныстанды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 57,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 11%-ды құрайды.
2021 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, елімізде 6935 адам «Қандас» мәртебесіне ие болды. Олардың ішінде 404 қандасымыз бүгінгі күні Қазақстан азаматтығын алды. 2021 жылға арналған қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 1 426 адамға жоспарланған. Олар: Ақмола облысына – 258 адам, Қостанай облысына – 350 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 195 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 123 адам және Павлодар облысына – 500 адам.
Гүлжан Раманқұлова
Фото: Ашық дереккөз