Бұл талантты ақын Талапбек Азанбайдың тырнақ алды жыр жинағы. Қолыма тиісімен тәптештеп оқып шықтым. Жинақ үш бөлімнен тұрады екен: Бірінші бөлімі – Өлеңдер; Екінші бөлімі – Тоғау және баллада; Үшінші бөлімі – Поэмалар мен дастандар. Ақынның дастандары тарихи тақырыптарға жазылыпты, әрі Сайыттарда, порталдарда жарияланып жұрттың талқысына түсіп жүр, оқырманның берген бағалары да жоғары, сондықтан ол жөнінде тоқталмаймыз.
Ақынның өлеңдері негізінен дәстүрлі қара өлең формасымен жазылған, ішінара шалыс ұйқас, қала берді өзінің меншікті ерекшелігі етіп бес тармақты өлең формасымен де жазған. Ондағы алдыңғы екі тармақтың соңғы екі бунақтары мен төртінші, бесінші тармақтардың соңғы бунақтары бір ұйқасқа құрылады. Бұдан автордың зорланбай ойды мәнерлей алатын, тынысты, ұйқас тапшылығын сезінбейтін ерекшелігін көруге болады. Онан соң, өлеңдерінің ұйқасына, буын сандарының бір ығайлығына , бунақтарына өте мән берітіндігін байқаймыз, нақтап айтқанда, автордың дәстүрлі өлеңге құрметі күшті.
Ақын Талапбектің өлеңдерінде қозғалған тақырыптар жан жақтылы: Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктер, түрмыс түйткілдері; Ата – анаға, туғандарына , сүйген жарға, туған жерге деген махаббаты; Әдеп – ғұрып, мөрал; Айналасындағы немесе өзі құрмет тұтатын адамдарға деген сезімдері және оларға деген риясыз мадағы; Ата – бабаларының жүріп өткен жолдарын ұлықтау арқылы кейінгі ұрпақтарға үлгі қалтыруы т.б.
Жинақтың бүкіл тұлғасынан алып қарағанда, ақынның арнау өлеңдеріне көбірек ден қойғанын көруге болады. Арнаулары негізінен мадаққа құрылған, онда арналып отырған адамның негізгі белгілері, кісілік тұрмыстағы келбеті, қоғамдағы орны, олардың айналасындағы адамдармен болған қарым – қатынасы, автордың оған деген құрметі көрнектілендірілген. Осы арқылы өзінің айналасындағы жақсы адамдардың, әсіресе, өзі ұнататын адамдардың көп екендігін, олардың артықшылықтарын үлгі ету, соларға қарап бой түзеу керек екенін дәріптеген. Адамның бойында өзін көрнекілендіретін жақсы жағы мол болмаса, оған қайтіп ода оқуға болады, баға беруге болады, қысқасы, автор қоғамда кездескен қарапайым адамдардың қарапайым өмір жолын жақсы жағынан жырға әдемі қосып отырған. Мысалы, “Сен болмасаң” деген өлеңінде:
Күн нұрындай жер бетін аймалаған,
Дәл өзіңдей асыл жар қайда маған?
Өтіп жатқан бақытты өмірімнің,
Сен болмасаң ләззатын қайдан ұғам? – Міне бұнда ақын өзінің сүйікті жарын күн деңгейіне дейін жеткізіп, өзінің оған борышытылығын көрсете біледі, әрі өз махаббатының баянды, терең екендігін сездіреді.
Ақынның өлеңдерінде тіршілік сапары барысында ойына түйген, білген, сезінген мәселелер айшықталып, сәтсіздіктерінен сабақ алуға болатын қоғам, тұрмыс елементтерін айқара көрсетіп, айналасына ескерту жасап отырады. Бұндай өлеңдерге “Күндестік”, “Біл ағайын” сияқтыларды жатқызуға болады.
Ақын кей өлеңдерінде, тұрмыстағы, өмірдегі, салт- санадағы кейбір кедіргек, кілтең мәселелерді басқаларға қарапайым әрі айшықты өлең жолдарымен жеткізіп, сол арқылы оған деген өзінің қандай сезімде екенін емексіте білдірген. Мәселен: “Анама” деген өлеңінде автор, Қазақтың үлкен баласын атасына кенже етіп беретін, осыдан соң бала мен әке, бала мен ана арасына сызық тартылып, бір өмір ана мен бала арасында сезіну, сағыну, кіналай қарау, бірақ, ата салтынан аттай алмау сияқты өмір арпалысы жақсы бейнеленген.
Бұдан тыс жинақтан, махаббат туралы өз деңгейінде ой қортқан, махаббаттың мәнін ұғындырып, оны ұлықтаған “Қалыңдық”, “Жан серігім өзіңсің”, “Махаббат туың биік” қатарлы өлеңдерді; Өмірден қортқан ойлары мен ой қортындыларын өлең өрнегіне салған “Кешіріңдер ағайын”; Өзінің өмір кешірмелерін өзінше сараптай көрсеткен, басқаларға айқарыла ашылып, мәнді ескертулер жасай алатын “Отызымда туған ой” қатарлы өлеңдерін жақсы атауға болады.
Арнасы кең болса да өзен бір алып,
Бұлақтардан жатпай ма әне құралып.
Адам деген бір терінің ішінде,
Жүреді екен мың семіріп мың арып.
Өткен ғұмыр азғана осы күнімде,
Жатқан шығар бір терең сыр түбінде.
Жамандық та жүреді екен қалыспай,
Басқан мына екі аяқтың бірінде. – Өте керемет шумақтар. Біз бұл өмір қортындысын білеміз, бірақ, ақын оны обыраздап өлең жолдарына түсіргенде тіптен басқа деңгейге көтеріліп кеткен.
Осылардан тыс, ақынның туған жерге деген сағынышы, ондағы қоғамға алғаш қадам қойған жалынды кездер; Сол бір мезгілдегі ақындық жолға қадам басып, оның күрделі ауыр жол екенін сезіну, ол жолдан қайтпауға өзін қайрау т. б. тақырыптар жинақта тамаша сезімдермен өрнектеледі.
Па, шіркін әлемдегі не сұлулық,
Бойыңа қалай жатыр сиып сенің?!
………
Күйік тартып жатқан тек ұғар әлем,
Күңіренген ақынның зарын, нала.
………
Ақынның өлең жолдарына түскен бұлар ғана емес, ата мекенге оралғаннан кейінгі өзінің ақындық шабытпен толғанған күйініштері мен сүйініштері бейнеленген терең тебіреністері өз алдына бір үлкен тақырып.
Солардың бірі ретіндегі, қоғамда болып жатқан дерт дербездерді, ақсап тұрған экологиялық мәселелерді тілге тиек еткен мына жолдарды мысал етсек те жеткілікті:
Киімі жоқ қайыршыдай тоналған,
Қайда орман бұта менен бүргенің?! – Расында түптің түбінде адамзаттың өз түбіне өзі жетуіне алғы шарт болатын мәселенің бірі экология, біз жердің киімін жұлмалап шештіріп жатырмыз, ақын осыған да ашынады.
Талапбек ақынның “Бабалармен Сырласу” деген лирикалық поэмасы оның ішкі жан дүниесінің айнасы дерлік, ұзақ толғаныстан шыққан, өмірден қортқан ой қортындысы деуге боларлық шығарма.
Ешбір егей ашпастан жанға сырын,
Жоғалмаған мұрада бар ма шығын?
Жатқан мына аузы ашық аңырайып,
Ескі мола куәсі сан ғасырдың. – Осылай басталған поэма батыр бабаларымыздың ғасырлардан бергі ерліктерін, туған жердің төсінде қаншама қан кешіп, ұрпақ үшін оймақтай жерге де өз қанын төгіп, жанын тігіп өткен жанкештілігін жырлайды. Сонымен бірге саналы ұрпақтың санасына бабалардың тұлғасын сомдап, кейінгі болып жатқан келеңсіздіктерден ескертулер жасайды.
Түссек тағы бел шешіп дара сынға,
Кейде айналып қалады жала шынға.
Қайшылықпен бұл өмір өтеді екен,
Арамдық пен адалдық арасында. – деп қортынды да жасайды. поэма сезімнің тереңдеріне ойын матырып, бастан – аяқ бір келкі толғаныспен төгіліп отырады. Былайша айтқанда, ақынның өміріндегі айтпағын осы шығармасына сиғызған десек те болар еді. Поэманың тілі жаттық, еркін екпін жасап отырған.
Талапбек Азанбайұлы бергенінен берері көп ақындар қатарына жатады. Арнауларын азайтып, өмір толғаныстарына көбірек бой ұруын қалар едік, үйткені, лирикалық тербеліспен жазған өлеңдері оның ақындық лебін көбірек айшықтап отыратын сияқты. Уақыт байланысымен ақын шығармаларына азырақ аялдадық, кемістіктерін теріп отырмадық, толықтырулар мен талқыларды тағы да оқырмандарға қалтырдық.