Тамырын тереңге жайған түркі жұртының жер бетінде ежелгі мәдени жұрнағы көп. Солардың бірі – Моңғолияның Дундговь аймағы Ногоонтал (жасыл дала) аумағынан анықталды. Күні бүгінге дейін беймәлім болып келген көне түркі ғұрыптық кешенінен биіктігі 2 метр, төрт тік сына тас табылған.
Көне түркі жұртына тән кешеннің жалпы аумағы 2.5х2.5 м, шаршы пішінде орналасқан. Ескерткіш иесі ежелгі түркі ақсүйек бекзадасы болуы мүмкін деп болжануда. Кешен ішінде орналасқан тастаттық тасқа гүл мен мүйіз бейнелі ою-өрнектер ойылып бедерленген.
Бұл сүйіншілі хабарды Халықаралық Түркі академиямысының президенті Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялағаннан кейін, жұрт жарыса жазды.
– Негізінен бұған дейін түркі ханзадалары мен бектерінің ірі кешендері Моңғолияның орталық аймағы Орхон, Туул өзені алқабынан табылып келген еді. Елдің солтүстік тарапындағы Гоби шөлі аймағынан мұндай ескерткіштер аса сирек кездесетіндіктен, оны тиянақты зерттеу көне түркі мәдениеті ареалын кеңейте түсуге мүмкіндік тудырады. Бұл жәдігерлерді зерттеп зерделеудің түркі тарихына олжа салары анық», – деп жазды Академия басшысы.
Моңғолия жерінен осыған дейін де орхон жазба ескерткіші қатарлы талай-талай олжалар табылған болатын. Түркі академиясы Моңғолияның Ұлттық музейімен бірлесіп 2016 жылдан бері «Керулен» жобасы аясында Хэнтий аймағы Дэлгэрхаан сұмынында Хаяахудаг, Гүнбүрд түркі кешендеріне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Ежелгі мұра табыла берсе елге олжа болмақ.
Қызырбек Дүргінбайұлы