Бүгінгі таңда елімізде жүзден аса этнос пен этникалық топтың өкілдері өмір сүріп жатыр. Қазіргі Қазақстан халқы этникалық құрамының бұл болмысы соңғы бірнеше ғасырда еліміз бастан өткерген ерекше тарихи кезеңдерде қалыптасты. Қазақ халқының төл ұлттық мемлекеті саналған Қазақ хандығы жойылып, әуелі Ресей империясының, кейіннен КСРО құрамына кіруі Қазақ даласын қоныстанған халықтың бұрынғы бірегей этникалық келбетіне өзгерістер туындатты. Қазақ хандығы дәуірінде Қазақстан жерінде бір ғана қазақтар қоныстанып келсе, алдағы жерде бұл жағдай өзгеріп, Ресей империясының еуропалық бөлігінен келген көптеген этникалық топтардың шоғыры пайда бола бастады. КСРО дәуірінде қоныс аудару үрдісі тіптен тездеді. Бұл топта орыстар, украиндар, Шығыс Азияның корейлері, кавказ халықтары, Орта азиялық байырғы тұрғындардың уәкілдері ерікті-еріксіз ағылып келіп көшті.
Қазіргі кезеңде тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан этникалық топтардың бірі дүңгендердің қазақ жеріне келуі мен қоныстануы дәл осы Қазақстан отарланған дәуірде орын алды.
Ғылыми әдебиеттерде Қазақстан мен Орта азиялық дүңгендер деп аталып жүрген мұсылмандар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларында өмір сүреді. Қазақстан мен Орта азиялық дүңгендердің аталған аймаққа қоныс аудару оқиғасы XIX ғасырдың соңынан бастап орын алды. Олар бұл аймаққа қоныс аударудан бұрын Қытайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі провинцияларды мекендеген қытай тілді жалпылама «хуэйхуэй» (Huihui) деп аталып келген мұсылмандар болатын. Түркі тілді халықтар оларды «дүңген», «туңган», «дұңған», т.б. деп атап келді. Сөйтіп, дүңгендердің Қазақстанға алғаш аяқ басуы XIX ғасырдағы Қытай-Цинь патшалығының қысымына байланысты болды. Қытайдың мұсылман дүңгендері – хуэйхуэйлардың (Huihui) этногенезі мәселесі аса күрделі тарихи тақырып болып саналады. Олардың этногенезі туралы әлем дүңгентанушылары арасында әр алуан пікір бар. Дегенмен, аталған этностық топтың қалыптасуы мен даму тарихының Қытай топырағында орын алуына байланысты қытай дүңгентанушыларының пікірін негізгі орынға қоюға тура келеді. Себебі Қытай дүңгентанушыларының пікірін деректік негіздері, тарихи фактілері қай жағынан болса да толыққанды деуге болады.
Қытай дүңгентанушылардың пікірін жинақтар болсақ, Қытай мұсылман қауымының қалыптасуы мен этнос ретінде қалыптасуына ең әуелі арабтар мен парсылар, сонан соң моңғол дәуірі кезеңінде Қытайға барған – Орта Азиядағы мұсылман түркі халықтары негізгі рөл атқарған деп санайды.
Түрлі тарихи деректерге негізделгенде VII ғасырдың ортасынан бастап ислам әлемінің күллі Азиядағы ықпалының еселеп артуына байланысты олардың дақпырты алыс-жақын аймақтарға жете бастаған. Мұсылмандардың теңіздер мен мұхиттар арқылы саяхат жасау қарым-қабілетінің артуына байланысты мұсылмандар Азия мен Еуропаның, Африканың қиыр аймақтарына құрлық арқылы ғана емес, теңіз жолдары арқылы бару мүмкіндігі еселеп арта бастаған. Осыған байланысты арабиялық, персиялық мұсылмандарының алдыңғы легі VII ғасырдың ортасынан бастап Қытай жағалауларына дейін барып сауда жасап тұрған. Бұл тұста олар Батыс Азияның түрлі өнімдерін Қытайға, Қытай тауарларын Таяу Шығыс пен Батыс Азияға, одан әрі Еуропаға жеткізіп отырды. Осы саудагерлердің кейбірі Қытай жерінде ұзақ уақыт тұрып, жергілікті халықпен сіңісіп, отбасын құрып, мекендеп қалды. Қытайлар оларды «Фанкэ» (fаnkе, яғни «шетелдік қонақтар») деп атап оларға ерекше жеңілдіктер жасап отырды. Олардың ұрпақтары сонда өсіп-өнді. Бірақ, мұсылман әлемімен болған байланыс та өз жалғасын тауып жатты. Мұсылман ретінде қажылық сапарларда болып тұрды, өзге аймақтағы мұсылман саудагерлері де ат ізін жиі салып тұрды.
Мұсылман арабтар мен парсылардың Қытай елімен арадағы бұл қарым-қатынасы VII-XII ғасырлар арасында тұтастай жалғасын тауып отырды. Қытайлық дүңгентанушылардың пайымдауынша мұсылман қауымының алғашқы тобы осы кезеңде қалыптасты деп санайды. Дегенмен, бұл мұсылмандардың қоныстары Қытайдың Оңтүстік-Шығыс теңіз жағалауларындағы порт қалаларымен ғана шектеліп отырды. Солтүстік Қытай жеріне тіпті де әсер ете алған жоқ.
Қытайда мұсылмандар санының еселеп артуы, сондай-ақ бүкіл Қытай аумағында ауқымды түрде таралуы Моңғол жорығынан басталды. XIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап Шыңғыс хан мен оның мұрагерлерінің күллі Еуразия жеріне жасаған жорықтары Шығыс Азияның халықтарын Орта Азия мен Батыс Азияға, Шығыс Еуропа жеріне алып барғаны сияқты, сол аймақтардың халқын Қытай жеріне алып барды. Моңғолдар Батыс Азия, Орта Азия, Персия және Арабияға жасаған жорықтарынан кейін жаулап алынған елдер мұсылмандарынан арнаулы қосындар жасақтап, оларды Қытайды жаулап алу мақсатындағы жорықтарға аттандырды. Мұндай мұсылмандардың қатарында жауынгерлер ғана болған жоқ, ғұлама ғалымдар, діни адамдар, түрлі саланың білікті мамандары, қолөнер шеберлері, архитекторлар, құрылыс шеберлері, қару-жарақ жасаушы ұсталар, дәрігерлер, ірі саудагерлер, талантты қолбасшылар және т.б. болды. Бұл мұсылмандар моңғолдар билеушілерінің Қытайды жаулап алуы кезінде теңдессіз үлестер қосты. Олар Қытайды жаулап алу жорықтарына ғана атсалысып қоймай, Шыңғыс ұрпақтарының Қытайда құрған мемлекетінің дамуы мен кемелденуіне де айтарлықтай үлес қосты.
Құбылай құрған Юань патша-лығы дәуірінде (1271-1368 жж.) мұсыл-мандардың қоғамдық орны басқаларға қарағанда жоғары болды. Себебі, империяның бірінші деңгейлі халқы моңғолдар болды. Мұсылмандар болса империяда моңғолдардан кейін екінші санаттағы азамат саналған «Сымужэнь» тобына жатты. «Сымужэнь» тобына жатқандар арасында арабтар мен парсылар, моңғол дәуіріне дейін Орталық Азияда билік еткен бірқатар мұсылман түркі тайпалары, соның ішінде қыпшақтар, қаңлылар, қарлұқтар, арғындар, жетісулық басқа-да түркі тайпалары, Сырдария мен Амурдарияның бойындағы отырықшы шаруалар, қала тұрғындары болды. Кавказдық халықтардың уәкілдері, орыстар, Шығыс түркістандық түркі тілді мұсылмандары, асуттар да «Сымужэнь» тобына жатқызылды.Жоғарыда атап кеткеніміздей, Оңтүстік-Шығыс Қытай теңізі жағалауындағы қалалар мен оның маңына қоныстанған мұсылман этникалық топтың қалыптасуына араб-парсы саудагерлерінің үлесі басым орында тұрды. Олардың Қытайдағы тарихы, Солтүстік қытай мұсылмандарына қарағанда біршама ұзақ болғанымен, Оңтүстік Қытайдағы мұсылмандардың бірегей этникалық топ ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқара алған жоқ. Бұл процестің орындалуына моңғол дәуіріне жеткенде олардың қатарына мұсылмандардың көптеп келіп қосылуы түпкілікті әсер еткен еді. Бұл процесс кейін келе Мин және Цин династиялары кезіндегі Солтүстік Қытайдағы мұсылмандардың оңтүстік аймақтарға қоныстануымен онан әрі жалғасып отырды. Юань патшалығының тұтас кезеңінде мұсылмандар империяның әскери, саяси, әкімшілік, сауда-саттық, шетелдермен арадағы дипломатиялық қарым-қатынас, т.б. салаларында маңызды міндеттерді атқарды. Мұсылмандардың империяның барлық маңызды салаларында шешуші міндеттер атқаруына қарай олар патшалықтың барлық аймақтарына кең таралды. Олардың арасынан аса көрнекті мемлекет қайраткерлері шықты, әрі мемлекеттік деңгейдегі тарихи тұлға ретінде есімі мәңгілік сақталды. Қорытып айтқанда, мұсылмандар тұтас империяның саяси, әскери, әлеуметтік-экономикалық сала-ларында теңдессіз үлестер қосты.
Мұсылмандардың Юань патшалығы-ның саяси, әлеуметтік, экономикалық өмірінде ерекше беделге ие болуы, олардың өз діни наным-сенімін сақтауына, оны насихаттап, дамытуына қолайлы орта қалыптастырды. Ислам дінінің жеткілікті деңгейде уағыздалуы әсерінде дін догмалары мен рәсімдерін тарататын Ислам орталықтары қалыптасты, мұсылмандар бар жердің бәрінде дерліктей мешіт-медреселер бой көтерді. Мұсылмандарды жаппай «хуэйхуэй» деп атау ресми түрде орныға бастады. Дүңген халқының Қытайдың Солтүстік-Батыс провинцияларында шоғырлана қоныстануы мен бүкіл Қытай аумағына шашырай қоныстануы моңғол дәуіріндегі тарихи жағдаймен тікелей қатысты еді. Жоғарыда атап өткендей, хуэйхуэйлердің негізгі бөлігі Орта Азия мен Алдыңғы Азиядан қоныс аударған мұсылмандардан құрам тапты. Олардың көбі түркі тілді, парсы тілді және араб тілді халықтардың уәкілдері болды. Олар қытайлық мұсылман қауымы – хуэйхуэйлардың (дүңген) негізін қалауға ат салысты. Қытайлық мұсылмандар қатарының артуына мұсылмандықты қабылдаған жергілікті қытайлар, таңғыттар, қидандар, моңғолдар мен ұйғырлар да атсалысты.
Юань патшалығының дәуірінде мұсылмандар Орталық және Алдыңғы Азия халықтары арасындағы түрлі байланыстардың сақталуына дәне-кер болды. Бұл байланыстардың күшеюі мұсылмандардың Меккеге қажылыққа баруымен тіке қатысты болып отырды. Моңғол дәуірінде қалыптасқан қажылыққа бару дәстүрі бастапқы кезде Қазақстан, Орта Азия аумағы арқылы болса, кейін теңіз жолы арқылы жүзеге асты. Мұндай қажылық сапар соңғы Мин және Цин патшалықтары дәуірінде өз жалғасын тауып отырды.
1368 жылы Юань патшалығы жойылып, Моңғол ақсүйектерінің Қытайдағы билігі құрдымға кетті. Қытайда этникалық қытайлар құрған Мин династиясы орнады. Моңғол ақсүйектерінің бір бөлімі Моңғолияға көшіп кетті. Алайда моңғолдармен бірге Қытай жеріне келген мұсылмандардың ұрпақтары Қытай жерінде қала берді. Олар Қытайдың Солтүстік Батыс және Оңтүстік Батыс аудандарында шоғырлы түрде қоныстанып отырды. Олар Юань дәуірінде қалыптасқан дәстүр бойынша хуэйхуэй деп аталды. Кей жерде «хуэйжэнь» деп аталды. Юньнань провинциясы аумағына қоныстанған тобы «хань чуан хуэй» (қытайша киінетін мұсылмандар) деп те атады.
Манжүрлердің Цинь патшалығы билік жүргізген дәуірде (1636-1912 жж.) күллі мұсылмандарды жаппай «хуэйхуэй» немесе «хуэйминь» (Huіmіn) деп атады. Қытай дүңгентанушыларының болжамы бойынша бұл этноним қытайдың Батыс өлкелердегі бөгде халықтардың қытайша аталымынан пайда болды, сондай-ақ Х-ХІІІ ғасырларда Батыс аймақтан, яғни Арабия, Парсы және Орталық Азиядан келген қоныстанушыларды анықтау үшін қолданылды. XVIII ғасырдың екінші жартысында Цин патшалығы Қашқарияны жаулап алғаннан кейін ондағы түркі тілді мұсылмандарды (кейін келе бір тұтас ұйғыр атанған мұсылман түркілер) Қытай жеріндегі мұсылмандардан парықтау мақсатында «чань хуэй» (Chаn huі) немесе «чаньминь» (Chаn mіn) деп атай бастады.
Цинь патшалығы дәуірінде дүңгендердің негізгі бөлігі Шаньси, Ганьсу және Юньнань провинцияларында шоғырлы түрде қоныстанды. Бұдан тыс Қытай елінің барлық жерінде олардың шағын топтары, елді мекендері болды, ірі қалаларда мұсылмандардың шағын аудандары болды. Дегенмен, олар өз ата-баба тілін бірер ұрпақ өткеннен кейін мүлде ұмытып, қоныстанған аймақтарындағы этникалық қытайлардың жерлік диалектісінде сөйлейтін болды.
XIX ғасырдың екінші жартысында хуэйхуэйлар Цинь империясының барлық өлкелерінде өмір сүрді. Соның ішінде: Солтүстік-Батыста – Ганьсу, Нинся, Шэньси, Цинхай; Оңтүстікте – Юньнань; Шығыста – Хэбэй, Хэнань, Шаньдун провинцияларында жиі қоныстанды. Олардың қоныс аударушы топтары Синьцзянда, әсіресе Қазақ елінің Жетісу аймағына көрші орналасқан Іле өңіріне де келіп жетті. Дүңгендер ауылдық жерлердегі жеке қоныстар мен қаладағы жеке аудандарда тұрды. Қытайдың Солтүстік-Батысында дүңгендер негізінен жер өңдеу және бау-бақшамен, сондай-ақ ауыл шаруашылығына байланысты сан түрлі кәсіптермен айналысты. Сондай-ақ сауда-саттықпен айналысу да олардың әріден жалғасып келе жатқан ата кәсібі болды.
Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін ресми Пекин оларды «хуэйцзу» деп атап, «ұлт» мәртебесін берді, әрі ресми түрде елдегі 56 ұлттың бірі деп санады. 2010 жылғы санақ бойынша Қытайда хуэйцзулардың (дүңген) саны 10 586087 адам болған.
Қазіргі Қазақстан мен Орта-Азиялық «дүңген» этносы Қытайда қалыптасып, «хуэйхуэй», «хуэйжэнь» немес «хуэйцзу» деген атпен аталып келген мұсылман азшылықтардың өкілдері (диаспорасы) болып табылады. Олардың Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан аумағына қоныс аудара бастауы ХІХ ғасырдың соңында орын алды.
XIX ғасырдың екінші жартысында қытайдың Шэньси, Ганьсу, Синьцзян, Цинхай провинцияларындағы Цинь патшалығы билігінің салығы жыл сайын өсіп отырды. Патша билігіне қарсылық патшалықтың қытайлық емес жерлердегі экономикалық саясатына, биліктің мұсылмандарға бағыттаған әділетсіз, адам төзгісіз шаралары мен формаларына болған наразылықтан туындады. Цин билігі тарапынан орын алған мұндай кемсітушіліктер елдің Солтүстік-Батыс аймағында тұратын дүңгендер мен басқа да халықтардың ашық көтеріліске шығуына түрткі болды. 1862 жылы Шаньси-Ганьсу провинциясындағы мұсылман дүңгендердің көтерілісі баста-лып, оның соңы алапат ауқымды қантөгіс шайқаспен жалғасты. Цин патшалығы үшін көтерілісті жаныштау оңайға түскен жоқ. Соғыс 10 жылға жуық уақытқа созылып, 1873 жылы қанды қырғынмен аяусыз жанышталды.
Көтерілістің бастапқы кезін-де дүңгендер айтарлықтай жеңістерге жетіп отырды. 1865 жылдың көктемінен 1867 жылдың желтоқсанына дейін үш жыл аралығында, дүңген көтерілісшілері Цин әскерлеріне күтпеген жерлерден соққы беріп күйретіп отырды. 1868 жылдың қазан айынан бастап патшалықтың Шаньси-Ганьсу генерал губернаторы Цзо Цзунтан көтерілісті жаныштауға бел шеше кірісті. Бірақ көтерілісшілер Цзо Цзунтанның жазалаушы әскеріне жиі шабуылдап тұрды. Көтерілісшілер бұл кезде өз отбасы – бала-шағасы мен қарияларды қауіпсіз аймақтарға жіберіп, ер азаматтары жазалаушылармен үздіксіз соғысып отырды. Ганьсудің шығысындағы шайқаста жазалаушы әскерлердің екі генералы мен мыңдаған солдаттары опат болды. Алайда Цин патшалығы армиясы көтерілісшілерді бірте-бірте ығыстыра бастады. Олар әуелі Хэчжоуды басып алды. Аталған қаланың қолдан кетуі Ганьсудің шығыс бөлігін толықтай Цин үкіметіне тиесілі етті.
Осыдан кейін көтерілісшілердің қалған бөлігі Ганьсу провинциясының орталық аймақтарына, одан соң провинцияның батыс бөлігіне өтіп, ақыр соңында Сининь қаласына шегінді. 1873 жылы қыркүйекте Сучжоу қаласы да патшалық армияның қолына өтті. Бұл уақиға Шаньси-Ганьсу провинцияларында он жылдан аса уақыт созылған дүңген халқының ұлт-азаттық қозғалысының жеңіліске ұшырауының көрсеткіші болды. Міне осылай Шэньси-Ганьсу провинцияларындағы дүңгендер көтерілісін жаныштауға Цзо Цзунтан бес жыл ғұмырын жұмсады.
Осыдан кейін көтерілісшілердің қалдық топтары Шығыс Түркістанға қарай бет алды. Алайда, 1874 жылы Цин патша үкіметі Цзо Цзунтанға Шығыс Түркістанда орын алған ұлт-азаттық күрестерді жаныштау міндетін тапсырды. Мұсылмандарды жаныштаумен аты шыққан генерал Цзо Цзунтан мен көтерілісшілердің басшылары Биянху (Бай Яньху), Ма Дажэн, Ма Ахун, Да Сыфулар арасындағы шайқас Шығыс Түркістанда өз жалғасын тапты. Бұл кезде Шығыс Түркістанда Якуб-бек басқарған Жетішаһар мемлекеті (1864-1877 жж.) болатын. Шаньси-Ганьсу көтерілісшілері Шығыс Түркістанға келгеннен кейін Якуб-бек мемлекетімен бірлесе отырып Цин патшалығына қарсы одақ құруға ұмтылды. Мұндай одаққа Жетішаһар билеушісі де мүдделі болды.
1875 жылы көктемінде Цин әскері Шығыс Түркістанның шығыс бөлігіндегі қалаларды басып алды. Маусым айында олар Гучэнь қаласына табан тіреді. Биянху амалсыз Манасқа шегінді. 1876 жылдың тамызында Лю Цзиньтан Манасқа шабуыл жасауды бұйырды. Биянху Манасты тастап, Тянь-Шанның оңтүстік жағына өтіп кетті. Цин патшалығы әскерлері Манаста қалған дүңгендерді аяусыз қырды.
1876 жылдың күзінде Цзо Цзунтанға «дүңген қарақшыларының көзін бір жола құрту» туралы патша жарлығы түсті. 1877 жылдың сәуірінде Цзо Цзунтан Шығыс Түркістанның оңтүстік аймақтарына жазалау тобын жіберді. Жазалаушы топ екі бағытпен – Тұрфан мен Тоқсунға қарай жылжыды. 1877 жылдың 24 сәуірінде генерал Лю Цзиньтан Тоқсун қаласын басып алды, ал 16 мамырда Тұрфан қаласын алды. Көтерілісші дүңгендер батысқа Ресей шекарасына қарай жылжыды. 1877 жылы қыркүйегінде генерал Лю Цзиньтан Тарым өзенінің аңғарына қарай бет алып, Биянху бастаған шаньсилік көтерілісшілердің ізіне түсті. Генерал Лю Цзиньтан 1877 жылдың қыркүйек-қазан айларында Корла мен Қарашәр қалаларын басып алды. Сол жылы қазанда Кучарды алып, одан әрі Ақсуға жол тартты. Биянху бастаған дүңген көтерілісшілері отбасыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды алдыға жіберіп, өздері Цин әскеріне тосқауылдан шабуылдап отырды.
Дүңген көтерілісшілері Ақсуға жеткеннен кейін екі топқа бөлініп, Ма Дажень басқарған топ Маралбашы арқылы Яркентке қарай беттейді, ал екінші топқа Биянху мен Да Сыфу басшылық етіп, олар Үш-Тұрфанға қарай бет бұрды.
1877 жылы қазан айында Лю Цзиньтан басқарған армия Ақсуға жетеді. Бірақ, олар Бай Яньхуді қолға түсіре алмайды. Оның ізіне түсіп Үш-Тұрфан қаласына келеді. Бірақ көтерілісшілерді ол жерде де қолға түсіре алмайды. 1877 жылдың соңында Цин әскерлері Ақсу, Үш-Тұрфан және Қашқарияны толығымен басып алғаннан кейін, шекаралық аймақтағы ұйғыр мен дүңгендердің барар жері, басар тауы қалмады. Енді оларға Ресейге (Ресейге тәуелді Орта Азияға) қашудан басқа амал жоқ еді.
Ма Дажэнь (Ма Далао-е) басқарған дүңгендер жазалаушы қосындардан жеңіліп, 1000 адаммен Ош қаласына келіп жетті. Да Сыфу (Дидао Аде немесе Юсуф Хажы) бастаған гансулық дүңгендер Үш-Тұрфан қаласына жеткеннен кейін екіге бөлініп, Бедель, Иштык-Саши, Кашкасу арқылы жол тартып, 1878 жылы көктемде 1130 адаммен Пржевальск қаласына (Қаракөл) жетті. Биянху бастаған топ (3314 адам) Қырғызстан аумағындағы Тоқмаққа келіп жетті. Одан Жетісу жеріне қоныс аударған дүңгендерге қазақ халқы ыстық құшағын ашып, жерінен енші бөліп берді. Атап айтқанда Қордай ауданына келген дүңген жұртының алдынан шығып, қазақ халқының туа бітті дарқандығын танытқан, шұрайлы жерінен жер бөліп беріп қоныстандырған Ноғайбай бидің (Ноғайбай Дәулетбақұлы) жомарттығы мен ізгі істері күні бүгін ел аузында аңыз болып айтылып келеді.
Дүңген көшінің екінші легі 1881 жылы Ресей мен Қытайдың Іле аймағындағы шекара мәселесін айқындауға арналған «Петербург шарты» негізінде мүмкін болды. Аталмыш келісім-шарттың тармақ-тарында дүңгендер мен ұйғырлардың Қытайдың Іле аймағында қалуына немесе Ресей аумағына қоныс аударуына болатыны туралы нақты құқықтары қарастырылған. Осы тармақтарға байланысты Жетісу өңіріне дүңгендер мен ұйғырлар келе бастады. Себебі, дүңген көтерілісін жаншу кезіндегі Цин жазалаушыларының қатыгездігінен әбден түңілген Құлжа атырабындағы ұйғырлар мен дүңгендердің белгілі бөлігі Цин патшалығының тағылық билігінен құтылу үшін ата мекендерін тастап, Ресейге кетуге ынталы болды. 1884 жылғы мәлімет бойынша Іле (Құлжа) өлкесінен Жетісу өңіріне 4 682 дүңген қоныс аударып, Жаркент, Верный, Пішпек уездеріне қоныстанған.
Дүңгендердің Қазақстанға келуі өткен ХХ ғасырда да жалғасты. Бұл жолғы қоныс аударушы дүңгендер негізінен синьцзяндық дүңгендер болды. Олардың елеулі тобы 1950-1966 жылдары КСРО мен ҚХР қарым-қатынасында қалыптасқан жағдайларға байланысты Қазақстанға қоныс аударып, Алматы қаласына, Жаркентке және т.б. жерлерге орнықты.
Дүңгендер Қазақстанға қоныс-танғаннан кейін олардың өмірі қазақ халқының тарихи тағдырларымен сабақтасып кетті. Жергілікті қазақтар оларды барынша бауырына басып, олардың ұрпақтарының осы топырақта бейбіт өмір сүруіне, өсіп-өркендеуіне аса зор қамқорлық жасады.
150 жылдай дүңгендер мен қазақтар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, достасып, ағайын-туыс болып келеді. Дүңгендер қазақтармен XX ғасырдың басында орын алған жұт пен ашаршылық қиыншылығын бірге көрген.Ресей патшалығына қарсы көтерілісте дүңгендер қазақтармен бірге белсенділік танытқан. Мысалы, дүңген этносының батыры Мағаз Масаншы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, атақты батыр Амангелді Имановпен бірге болған.
Дүңгендер қазақ жеріне орнық-қаннан бері қазақ халқының өздеріне жасаған бауырмалдығы мен жанашырлығын бір сәт естерінен шығармай, ылғи да жақсылыққа жақсылықпен жауап қатып келеді. Бұл ретте әсіресе, дүңген халқының батыр ұлы Бұлар Магуевтің қазақ халқына жасаған жақсылығын айрықша атап айтуға тиіспіз. Бұлар батыр1870 жылы Қытайдың Шаньси өлкесінде өмірге келген. 1877 жылы дүңген көтерілісшілерінің басшысы Биянху батыр бастаған 3314 адамнан тұратын босқын топтың ішінде Бұлардың әкесі Магуй батыр да бар еді.
Қазақ, қырғыз, дүңген халықтарының тәрбиесін тең көріп, мәдениеті мен дәстүрін тел еміп өскен жас Бұлар іскер, шешен, әділетшіл, батыр болып есейеді. Өсе келе Бұлар Магуев Қарақоңыз (Николаев) болысына болыс болып сайланады. Ол қазақ-қырғыздың Шабдан Жантаев, Дүр Сауранбаев, Ғали Өзбеков, Барлыбек Сырттанов, Ыдырыс Садыбеков, Бекболат Әшекеев, Сәт Ниязбеков, Ыбрайым Жайнақов секiлдi белгiлi кiсiлерiмен тығыз қарым-қатынаста болып, Жетiсу өңiрiндегi саяси және мәдени-көпшiлiк шараларға да белсендi түрде қатысып отырады.
1916 жылғы көтерiлiс басталғанда дүңгендердің басым бөлiгi қазақ-қырғызға тiлеулес болды. Дүңген-дердің қазақ-қырғызбен бiрiге қимылдауына әсіресе Қарақоңыз болысы Бұлар Магуев те көп еңбек сiңiрдi. Верный уезiне қарасты Қазақ-қырғыз бас қосқан жиындарда дүңген болысының басшысы Б.Магуев жастарды майданның қара жұмысына бермеуге шақырады, егер өкiмет тарапынан мәжбүрлеу күшейiп кетсе, қарулы көтерiлiс жасап, қарсылық бiлдiру қажеттiгiн айтады. Әрі қазақ көтерілісшілеріне азық-түлік, қару-жарақ, адам күші жағынан көптеп көмек көрсетеді. Қазақ халқы күйзелiске ұшыраған сол тауқіметті жылдарда, Бұлар батыр 40 үй тiгiп, 40 қазан көтерiп, аш-жалаңаш халықты азық-түлікпен қамдап, жұмыс берiп, жұртты Шудан берi қарай тартылған канал мен арықтар қазуға жұмылдырып, 3 жыл бойы елді шығынға бермей пана болғаны тарихтан белгілі. Сол жылдары Бұлар Магуевтiң басшылығымен ел болып, жабыла жүргiзген суландыру жүйелерi қордайлықтарға әлi күнге қызмет етiп келедi.
Қазақстандағы дүңгендердың 70 пайызына жуығы Қордай өңiрiнде тiршiлiк етуде. Соның бiраз бөлiгiн Бұлар батырдың ұрпақтары және ағайын-туыстары құрап отыр.
Сондай-ақ,Бұлар батырдың тікелей ұрпақтары Қазақстанның ғылым, білім, өндіріс, ауылшаруашылығы салаларында да жемісті еңбек етуде. Ол туралы тарқатып айтсақ сөзіміз ұзап кетпек. Солардың бірі көрнекті қоғам қайраткері Бұларов Ильяс Юсупұлы. Ол 30 жасында-ақ «Коммунистический» (қазiргi Сортөбе) ауылының колхоз төрағасы қызметiне көтерiлiп, нарықтық экономикаға көшудiң алғашқы қиындықтары тұсында басшылық қызметте болды. Әрісі тұтас еліміздегі, берісі Қордай өңіріндегі көптеген қайырымдылық iс-шараларына мұрындық болған Iлияс Юсупұлы республикамыздағы екi бiрдей жоғарғы оқу орнын бiтiрген инженер, ұзақ жылдар «Казтрансгаз-Алматы» акционерлiк қоғамында абыройлы қызмет етті. Бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Жалпы дүңген халқы Қазақ халқының, оның ішінде Ноғайбай би бастаған ел азаматтарының қамқорлығы мен жақсылығын ешқашан естен шығарған емес, керісінше дүңген халқының уәкілдері өздерінің алғаш қазақ арасына келген кездегі азып-тозған тағдырын әлі күнге жиі еске алады, әрі қазақ халқының «бауырым» деп ашқан ыстық құшағын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, мәңгі есте сақтауды насихаттап келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл-дарында Қордайдағы дүңгендер Ноғайбай Бидің басына ескерткіш орнатып, жанынан шағын мешіт салды. 2013 жылы дүңгендер қазақ халқына тағы бір ерекше құрмет көрсетті. Бай Яньху батыр ұрпақтары мен халық бірігіп, «Сиань – Масанчи» атты қашықтығы 6300 шақырым болатын халықаралық велошеру өткізді. Велокоманда Масаншы ауылына қайта оралған сәтінде «Ұлы қазақ халқына дүңген этносынан» деген ескерткіштің ашылуын жасады. 2018 жылы «Вэнхуа» дүңген этномәдени орталығы, ақсақалдар және әкімшілік бірігіп Сортөбе ауылында Ноғайбай биге ескерткіш орнатты.
Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында, яғни 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы дүңген халқының саны 30165 адам болатын. 2014 жылғы соңғы мәліметтерде дүңген халқының саны 62029 адамға жеткен. Бұны Қазақстан дүңгендерінің тарихында дүңгендердің басына «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» бейбіт заманы орнап, бай-бақытты өмір кеше бастағандығының нақты дәлелі деуге болады.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Жанымхан ОШАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент