Елімізде қазақ даласы, қазақ жұрты бастан кешірген зұлмат, нәубеттің, қасіреттің ізі қалмаған бірде -бір жер жоқ. Қаншама жыл құпия күйінде қалып келіп, сыры елге бертін ғана белгілі бола бастаған «Ақнайман қырылған» оқиғасы 1931 жылдың шілдесінде Күршім ауданында болған.
Жол жиегіндегі ескерткіш басында
Күршім ауданына сапарлай барған «Дидардың» журналистері түс ауа Қаратоғайдан әрі Марқаға қарай бет алып, жолай Күршім -Марқакөл күре жолының бойында тұрған «Ақнайман қырғыны» ескерткішіне тоқтағанбыз.
Сәнінен айырылып сұрғылт тарта бастаған атырапқа төгілген күн сәулесі азайып, қыркүйектің салқыны сезіліп тұр. Әудем жердегі ойпатқа көлбей құлаған қыратты алқап аты тарихта қалған «Қойтүбек» екен. Жолдың сол жағы қараған, бұта қаптап өскен еңіс, арғы жағында ұзын жоталы тау сілемдері созылып жатыр. «Пыр» етіп ұшқан торғайдан басқа мүлгіген тыныштықты бұзар бір жан жоқ, меңіреу дала, боз жусанды құба жондар. Сол белдерге, сол қыратқа, сол Қойтүбекке қарап, үнсіз тұрмыз. 1931 жылдың шілдесінде қызылдар, кеңестік шекарашылар ұжымдастыру науқанының ауыр зардаптарына, аштыққа шыдамай, қашып, Қытай аспақ болған қалың ақнайман елін осы жерде бір түнде қырып салған.
Тасқа қашап жазылған «Ақнайман қырғыны» ескерткіші былтыр шілдеде «Ақнайман қырылған» оқиғасына 85 жыл толуына орай кәсіпкер ел азаматтарының бірінің қолға алуымен осы жерге орнатылған болатын. Қуғын-сүргін жылдарын, «Ақнайман қырылған» оқиғасын ұрпақ есінде қалдыру үшін орнатылған жол шетіндегі бұл кішкентай ғана ескерткіш тас төбелі қаптаған қорымдарда төмпешік болып жатқан сол бейкүнә жандардың, бала –шағаның басына, рухына қойылған бір белгі.
«Ақнайман қырғыны» туралы кезінде Күршім ауданының Қалғұты өңірінде тұрған шежіреші, ұстаз Ақаш Жүнісов, журналист Меңғали Мусин біршама тарихи тың деректер жазып, қалдырған екен. Өкінішке қарай облыс орталығындағы Пушкин атындағы, басқа да кітапханалардың бірде-біреуінен Ақаш Жүнісовтің «Шежірелі тау қойнауы», ел мен жердің тарихы туралы өзге де ешбір кітаптарын таба алмадық.
«Қаратоғайда туып-өскен шежіреші, ұстаз Ақаш Жүнісов «Ақнайман қырылған» оқиғасы жайында: «1931 жылы шілде айында бес жүз үйлі Ақнайман елі Қытай жеріне өтпекші болып, Бөкенбай тауы, Қалғұты жеріндегі Егіндібұлақ ауылынан он екі шақырым аралықтағы Бестерек деген жерге шоғырланды. Бұл шекараға Былғарытабыты тұсымен бір күндік жер… Ауған елдің дүрбелеңі басталғаннан-ақ белсенділер де қарап қалмай, аудан орталығына, шекара бекінісіне хабар берісті… Шекарашылар мен оларға қосылған жиынтық күштер Қалжыр өзенінің бойынан тосқауыл жасап, пулеметін құрып, биіктен бақылау жасап отырды» деп жазады өз естелігінде. («Қызыл қырғын» іздері. Ғалым Байбатыров).
Соғыс ардагері, белгілі журналист Меңғали Мусиннің «Түнекте тұншыққандар. Унесенные в небытие» кітабында баяндалғандай, ол кезде елден босқындарды «көш» демеген, ресми тілде «банды» деп атаған. Біздің қолымыздағы «Қызыл тулы Зайсан шекара отрядының жылнамасы» жазылған ақпараттық мәліметте сол уақыттағы «Майқапшағай», «Алексеевка», «Орловка», «Өрел» шекара заставаларында кеңестік шекарашылардың қаншама рет осындай «бандылар» тобына тосқауыл қойып, жойғаны туралы деректер көп көрсетілген. Солардың ішінен бір ғана мысал келтіре кетейік. «В период 1929-1930гг. пограничный отряд имел 54 столкновения с бандами, общей численностью 1157 бандитов. Трофеи: огнестрельного оружия-236, холодного оружия-180 , крупного и мелкого скота-71 420 голов,» деп келтіріледі шекара отрядының тізбектелген тарихи шежіресінде.
«…Шетелге (Қытайға) бұрынырақ өткендер жерлестерінің, туған-туыстарының мүшкіл халдерін естіп, білмеді емес. Міне, колхоз құрылған жылғы ауыр қыстан өлдім-талдым деп шыққан жұрт Қытайдан өздері ғана білетін ирелең соқпақпен бері өткен шабармандармен шүйіркелесіп қалды. Әңгіме төркіні неде еді? Ана жақ жат жер болса да пана боларлық. Қамқорлық жасайтын ағайындар, жамағаттар бар.
Ақыры өзен бойымен жоғары өрлей отырып, арғы жаққа Қарой арқылы аспақшы болды да, соңынан бұл бағдарларын өзгертіп, Қойтүбектен шығуды қалады. Алда жүріп, жан-жақты шолып, көшке белгі беріп отыратын барлаушылар тағайындалды. Қойтүбекке жақындаған тұстағы таң сәріде бұлар тағы бір аса жіті шолу үшін биік жотаға көтерілген еді. Жан-жақ иен көрінгенімен, олай болмай шықты. Міне, жұпыны теңін атқа, бірен-сараң түйеге артқан, ұсақ баласын теңге отырғызып, ұсақ малын шұбыртқан көш алды Қойтүбекке ілікті-ау, әйтеуір. Осынау жазықта іркіліп те, шоғырланып та қалды.
«Огонь!» деген жарлықты көштегілер, әрине, естіген жоқ. Кеуделеріне оқ қадалған алғашқылар тіпті, жер жаңғыртқан мылтық, пулемет гүрсілін де естімегені хақ. Есі шыққан адамдар азан-қазан болып құлай берді, дөңбекши берді, еңкейген кәрісі бар, еңбектеген баласы бар өле берді, өле берді, сайдан шығып үлгермеген көш арты дүрліге кері қашты» (Меңғали Мусин. «Түнекте тұншыққандар. Унесенные в небытие»).
Қойтүбектегі қырғыннан кейін жанұшыра артқа қарай қашқан жұрт терең сайда айыл босатып демалып жатқанда, Күршім өңіріндегі болыстық военком Яков Кондауров бастаған топ іздеріне түсіп, елді тұтқынға алады.
Тағы да Меңғали Мусиннің кітабынан үзінді келтірейік: «Еркек кіндікті ересектер бөлініп алынды. Оларды жаяулатып таудағы Тополевка селосына атқа қонған Кондауров өзі айдап әкетті. Жиынып, буынғандарынша сор болған арттағы кәрі-құртаң, бала-шаға араға едәуір уақыт салып соңдарынан аттанды. Көш жарты шақырым ұзады ма, жоқ па, өліп жатқан адамдардың үстінен түсті. Оқтан өлген. Көштегілер «әкетайым-ау» деп шулады да қалды. Жиырма-отыз адымнан кейін тағы да осындай өлік, тағы у-шу. Тополевкаға жеткенше айдап әкеле жатқан талай адамды осылай жол бойы атып отырған Кондауров бала-шағаны айдап, соңынан жеткендерге қарап: «Адаспадыңдар ма? Мен сендер адаспасын деп жол бойы белгі қалдырып отырдым», – деп ыржия мәз болады».
Қырғыннан аман қалғандар
Иә, ел алдында, кір жуып, кіндік кескен жер алдында, өкімет алдында еш жазығы жоқ жандар болса да, азаппен өлтірілген ерлердің, әйелдердің, балалардың есімін әлі күнге дейін ешкім білмейді. «Тополевкаға баратын сай ішіндегі сүрлеу бойындағы төмпешіктер осыдан 15-20 жыл бұрын ап-анық көрініп жататын. Уақыт шіркін оларды да тегістеп-ақ тастапты» деп Меңғали Мусиннің жазғанындай, бұл маңдағы біз білмейтін басқа да содыр- сойқанға толы азапты күндер бір ру қазақты қойнына алған боз далаға ғана белгілі. Оны әрі қарай зерттеп, жазу, естен шығармау – өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпаққа аманат.
«Ақнайман қырылған» оқиғасына, Қойтүбек қырғынының 80 жылдығына орай Марқакөл өңірінің тумасы, танымал ақын Көпен Ерқасов 2011 жылы «Ақнайман қырылған» поэма-реквиемін жазып, осы тарихи оқиға туралы ең алғашқы әдеби туынды өткен жылдары «Дидарда» жарияланған болатын.
«Ащы басы» қыстауы қонар қоныс,
Долаңқара жайлауы болады өріс.
Мырзабай мен Марғиша қос перзентін,
Еңбекке ерте баулыған Омар болыс.
…Ақшидің, Қалғұтының ақнайманы,
Алашпен бірге кеткен жағдайлары.
Отыз бірде, шілдеде жолға шықты,
Қытай болып, бағыты, маңдайлары.
Қалғұтыны жағалап көш келеді.
Қара көзге мөлтілдеп жас келеді.
Алла айдап келе ме, ажал айдап,
Ақнаймандар білмейді ештеңені…»
деп жырланған «Ақнайман қырылған» поэмасы сол қырғынның куәгерлері, бұл күнде марқұм болып кеткен марқакөлдік Оспан ақсақал мен Қатира қарияның әңгімесі мен мұрағат көздері желісінде жазылған.
«Оспан қартты өзімнің көрді көзім,
Өз аузынан естідім шерлі сөзін.
Домбырасын ақырын тыңқылдатып,
Қиялында ойнайтын нұрлы сезім.
Жұмыс істеп бес алты малын баққан.
Қай шаруаның істейтін жолын тауып,
Тығырыққа Оспанды көп тіреген,
Деген сұрақ «көштіңіз мұнда неғып?»»
Поэмада «Ақнайман қырылған» оқиғасы кезінде пулемет оғынан жер жастанған әкесінің бауырына тығылып аман қалған Ақши ауылының он жасар Сағат есімді қызы туралы да айтылған. Қанға бөккен мың адамның мәйіті ішінде тірі қалған қызды жақын маңдағы Шығанши ауылында тұратын Таңсықбай, Қали атты адамдар асырап, жеткізген. Бұл күнде Оспан ақсақалдың да, Сағат апаның да тараған ұрпақтары бар көрінеді. Қырғыннан аман қалған сол жандардың өздері, ұрпақтары туралы да деректер өте аз.
“Дидар” газетінен: Жанаргүл Мұқатай