Жәке Қойтанұлы. 1830 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Сайқан тауы өңірінде дүниеге келген. 1914 жылы, Қытай жеріндегі Сауыр тауы өңірінде өмірден өткен. Абақ Кередің Меркіт руынан шыққан би, шешен.
***
Бір жолы Сауырда Найман мен Керей ортасында кісі өлімі болып, даугерлер Жәке бидің алдына келіпті.
Сонда Жәке би:
*Аманша болса, Уаңда,
*Естемес болса,
Орыстан қорқып Дуанда,
Мәми болса, ат жетпейтін *Қыранда,
Сонда сендердің кісілерің өлгенде кім тұрыпты қасында,-деп жолға салыпты.
***
Кезінде меркіт руынан шыққан Дәмежанды ұстап беруге қатысы бар делінген Мамырбек төре бір кезде Тарбағатай елінің қысымына ұшырап, Сауырдағы Жеңісхан төреге келіп паналапты. Жеңісхан оның бұрынғы өкпесін тарату үшін Жәке бидің үйіне ертіп барыпты. Қонақтарға қонағасы әкелініп, бата тіленіпті. Батаны өзіңіз істеңіз, – депті қонақтар жасы үлкен Жәке биге жол беріп. Сонда Жәке би: А, құдай, жас бер дедім, жас бердің. Бас бер дедім, бас бердің. Алдыма қызыл, артыма қара көк тас бердің. Көгекемнің аруағына көкқасқа тайымды айттым. Кейіс көрген төреге бейістен шыққан қойды айттым. Аллаһу акбар, –деген екен.
- Аманша – Тарбағатай ұлығы. Торғауыт уаңының билігіндегі адам.
- Естемес – сол кездегі орыс жеріндегі Жәнтекейдің төрт болысының төбе болысы. Тізгіні Орыстың қолында.
- Қыран – өзен атауы.
Дайындаған: Мағаз.Р