Әнші Майра Мұхамедқызы 1969 жылы 5-қыркүйекте Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Өмірге шыр етіп келгенде оның даусы бүкіл бөлмені жаңғыртып жіберіпті. Сонда әкесі анасына «Дүниеге сенің ізбасарың келді» деген екен. Майраның әкесі Мұхамед Әбдіқадырұлы – композитор, профессор, музыка зерттеу саласы бойынша көптеген кітаптардың авторы. Анасы Камал Қуанышқызы әнші, Қытай Халық Республикасының халық артисі.
Өнерлі отбасында туып-өскен әнші қыз өзінің өмірін музыкасыз елестете алмайды. Дүние есігін ашқаннан-ақ оның әнші болатыны айқын болған. Отбасында музыкалық аспаптың барлық түрі болыпты. Домбыра, баян, пианино, гитара, т.б. «Кешке тамақ ішіп алғаннан кейін әкем сол аспаптарда ойнайды, біз билейтінбіз. Оның үстіне әкем «фортепьяноға үйрене бер, келешекте әншілігіңе бәрібір керек болады» дейтін. Бәрі сол фортепьянодан бастау алды. Әкемнің айтқаны тура келді. Кейін музыкамен айналысқанымда қандай дауыс ырғағын болсын тез меңгеріп алатын болдым. Ал бала кезімде көрші-қолаңның кішкентай балаларын жинап алып, жеке дауыста ән шырқап, концерт беретін көрінемін» деді Майра балалығын еске түсіріп. Ата-ана тарапынан ерекше көңіл бөлініп, тәртіпке бағынып өскен. Сабақтан кейін балалардың бәрі ойнап жүрсе де, кішкентай Майра музыкалық аспапта 1-2 сағат дайындалып, сосын ғана ойын балаларына қосылады екен.
Ол 1988 жылы Бейжің Ұлттар университетінің музыка факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірді. 1996 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (профессор Н.А.Шарипованың сыныбы) тәмамдап, тәжірибеден өтті.
1988 жылы Қытайда өткен «Алтын айдаһар», 1997 жылы Португалияда өткен «Томаз Алкайде» байқауларында 1-орын, ал 1998 жылы Мәскеуде өткен П.И.Чайковский байқауында 3-орын иеленіп, М.Я.Давыдова атындағы арнайы дипломмен марапатталды. 1999 жылы Елена Образцова байқауының арнайы сыйлығын қанжығасына байлады. 2000 жылы «Үміт» аталымы бойынша «Тарлан» тәуелсіз меценаттар сыйлығының, «Қазақстан жыл таңдауы – 2004» байқауының «Алтын Адам» сыйлығының және басқа да көптеген беделді халықаралық сыйлықтардың иегері атанды.
Ұзақ жылдар Францияның «Гранд Опера» ұлттық театрында келісімшартпен жұмыс істеді. 2001 жылы «Опера ариялары» атты CD альбомы Францияда шықты. 2008 жылы Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрімен халық әндерінен тұратын «Інжу-маржан» таспасын жазып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Жақында аналық махаббатымның туындысы деп қызы Аида арқылы «Әлем бесік жырлары» атты әлемдік классиканың жауһар жырларын қазақ балаларына тарту етті. Вольфган Амадей Моцарт, Франц Шуберт, Иоганнес Брамс секілді танымал тұлғалардың бесік жырларын қазақша орындап, қазақ ұлтының рухани қазынасына сүбелі үлес қосты.
Тарихи Отанына 1994 жылы оралған Майраның биыл сахнада жүргеніне 20 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін елі үшін жасаған еңбегі де бағаланып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып үлгерді. Қазақтың ең атақты опера әншісі (сопрано), Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан жалғыз тұңғыш әншісі деген ел сүйсінерлік атақтары тағы бар.
Әнші шығармашылығының шарықтау кезеңі Францияның «Гранд Опера» театрымен (Opera National de Paris) келісімшарт жасауынан бастау алады. Әлемдік операда Пуччинидің «Богемасындағы» Мюзетте рөлімен шығып, опера жұлдыздары Роберто Аланья, Марсело Альварес секілді әншілермен бірге ән салды. Гаэтано Доницеттидің «Махаббат дәрісі» (L’Elisir d’Amore) атты комедиялық операсында Адина рөлімен Opera National de Lorraine, Opera de Rennes, Theatre de Caen, Grand Theatre de Reims және Opera National Bordeaux сахналарында өнер көрсетті. Операның әйгілі жұлдызы Пласидо Домингоның шақыруымен АҚШ опера сахнасына көтерілді. Вашингтон Ұлттық опера театрында П.И.Чайковскийдің «Орлеан Бикешінен» Агнесс Сорель партиясын орындады, аты аңызға айналған әлем опера жұлдызы Мирелла Френимен бір сахнада ән салды.
Әлемдік классикалық операның үздік үлгілеріне қатысып, жетекші партияларды орындап, қол жеткен жетістіктерін бүгінге дейін жалғастырып келеді. Осылайша тың ізденістерінің нәтижесінде Еуропанын биік шыңын да бағындырды. 2015-2016 жылдан бастап Париждегі «Гранд Опера» театрымен арадағы келісімшартын ұзартып, жұмысын әрі қалай жалғастырмақ.
Қазақ елінің намысын ту етіп көтеріп жүрген Майра Еуропада Майра Керей есімімен танымал. Қазақ қызы шетелдік тыңдармандарының да жүрегін жаулап алған әнші. Gay City News ақпарат құралы «Майра Керей – керемет орындаушылық шеберлігімен қоса табиғат берген ажары мен өнері астасқан дарынды әнші» деп тамсанса, «Тамаша дауыстың иесі Майра Керей бірегей дарынымен, табиғи қуатты, ашық таза, жағымды да әдемі даусымен көрермендер жүрегін жаулап алды. Майра Керей Вашингтон операсына үлкен рөлдермен қайта оралатынына кәміл сенеміз» деп жазады The Washington Times.
«Қазақтың әнші қызы Майра сомдаған бейнелер ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын өзіндік ажар-айшығымен ерекшеленеді. Кейіпкерлерінің бойына табиғи сұлулық пен ішкі жан-дүниесі мен сыртқы келбетінің астасып адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, көрермендер жүрегін әншілік шынайылығымен, орындаушылық шеберлігімен баурап алады» деді Altamusica.
Майра Мұхамедқызы Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сопрано дауысты жетекші әрі беделді әншісі. Оның театрдағы репертуарында Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек, Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, Вердидің «Травиатасындағы» Виолетта, «Риголеттодағы» Джильда, Бизенің «Кармен» операсындағы Микаэла, Доницеттидің «Лючия ди Ламмермурдегі» Лючия, Гуноның «Фаустындағы» Маргарита, Пуччинидің «Турандот» операсындағы Лию және басқа да партиялары бар. Сондай-ақ Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсындағы басты партияны Opera National de Lorraine опера театрында, Доницеттидің «Дон Паскуале» операсындағы Норина рөлін Grand Theatre de Geneve және Theatre de Caen сахналарында, Пуччини «Богемасындағы» Мюзетта партиясы және Гуноның «Фаустындағы» Маргарита партиясын Opera National Bordeaux опера театрында, Бритиннің «Жазғы түндегі түс» операсында Титания рөлін Opera National de Lorraine, Grand Theatre de Тoulon және Opera National Bordeaux сахналарында сомдады.
Майраның орындаушылық тәжірибесі Бетховеннің 9-ыншы симфониясын, Гайднның «Әлем жаратылысы» ораториясын, Мендельсонның «Elijah» ораториясын, Моцарттың «Exultate Jubilate», Перголезидің «Stabat Mater», Россинидің «Кішкене Салтанатты Месса», Вилло-Лобостың «Bachianas Brasileiras No. 5», т.б. қамтиды.
Елімізден шыққан контральто дауысты әнші Ерік Құрманғалиевпен де бірігіп ән салды. Әріптесі жайында «Әлемде контральто дауысты төрт үлкен әнші болса, соның бірі – Ерік Құрманғалиев еді. Ерік екеумізді қазақтың талантты пианисі Теміржан Ержанов таныстырған. Теміржан қазір Америкада тұрады. Бір өкініштісі, Ерік өмірден ерте кетті. Өзінің мінез-құлқымен, нәзік жүрегімен өнердің бұл түрін халқының бағалай алмағанына қапалы. Дегенмен, сол заманда Қазақстанның халық артисі атағын алды. Мұның өзі Ерікке берілген үлкен баға деп есептеймін» деді.
Майраның концерттік репертуары өте бай. Әнші әлемдік классикалық операдан бөлек, оперетта, мюзикл, камералық вокалды шығармалардан, халық әндерінен тұратын репертуарын үнемі толықтырып отырады. Кез келген шығарманы асқан талғампаздықпен таңдап, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетуде.
«Ана болғаннан кейін адамның тұла бойы өзгеріске түседі. Қазір өзімді өмірде басқаша сезінемін. Балаңды қолыңа алғандағы аналық махаббатқа не жетсін?! Бұл кездері дауыс үйлесімділігі де өзгеруі заңдылық. Осы өзгерістерден кейін репертуарымды қайта қарап, жаңартып жатырмын. Кішкене драмаға жақындау, лирикалық сопраноға қарай өтетін шығармын деген оймен дайындық үстіндемін» деген әнші әрі қарай: «Мен 300 жыл өмір сүргім келеді» деді күліп. «Себебі бір жазбаның жоғалып кетпеуіне сонша жыл уақыт, яғни бір әнді ұмытпау үшін үш ғасыр керек екен. Сондықтан мен қазір үлкен жобаны қолға алдым. Менің өнер адамы ретінде өз еліме, бала-шағама қалдыратын мұрам – қазақтың халық әндері. Қазір қоржынымда 50-ге тарта ән бар. «Майраның 100 әні» дегізіп, сол әндерімді 100-ге толтырсам деген үлкен арманым бар».
Биылғы өнер жолындағы жиырма жылдығында әнші алдына үлкен мақсат қойып отыр. Ауыл-аймақты, ел-елді, жер-жерді аралап, өзінің тамаша үнімен алыс өңірлердегі тыңдармандарымен қауышпақ ниетте. Жанды дауыспен, оркестрмен қазақтың әнін, өзге елдердің ең тәуір деген үздік шығармаларын шырқасам, сол сапарларыма Астанадан, Алматыдан жырақтағы облыс әкімдері қолдау көрсетсе, болмаса демеуші болатын қалталы азаматтар табылса екен деген үмітте.
Сахна төрінде жүргеніне біраз жыл болғанымен, ауылдағы халық Майраны тек теледидардан ғана көреді, даусына сүйсінеді, елінің атын шығарып жүргеніне марқаяды. Осыны түсінетін Майра өзінің сапарын 21-22 наурызда Шымкенттен, оңтүстіктен бастамақ. Ол жыл бойына жалғасып, жылдың соңына таман Алматыда, Астанада, Пекинде, реті келсе Парижде жеке концертін өткізуді жоспарлап отыр.
Өне бойы қарапайымдылыққа тұнып тұрған қазақ әйелінің бет-бейнесін Майрадан көресіз. Еңбекқорлығы өз алдына, биязы да көркем мінезі мен қазақы әзіл-қалжыңы, сөз өнерін, сөз қадірін жете бағалайтыны әңгімесінен анық байқалып тұр. «Білдім, толдым» деп отырған Майра жоқ. Әрдайым ізденіс үстінде. Орыс, ағылшын, француз, қытай тілдерін жақсы меңгерген. «Итальян тілінде ән айтқаным болмаса, сөйлей алмаймын. Уақыт тауып итальян, неміс тілдерін үйренсем деймін» деп алдағы жоспарларынан хабардар етті.
Майра Мұхамедқызы спортқа да уақыт табады. Спорттың көптеген түрімен айналысады. Шаңғы тебу, суда жүзу, жүгіру, теннис… қайсысы да жанына жақын. Жылқыны да жанындай жақсы көреді.
Қазақылықты жаны сүйетіні, ұлттық салт-дәстүрлерді ештеңеге айырбастамайтыны, елінің болашағына алаңдайтыны әңгіме барысында айқын көрінді.
«Біздің салт-дәстүрлеріміздің өзі отбасынан басталады. Ата-әжелеріміздің, әке-шешеміздің тәрбиесімен өстік. Ата-анамның еңбекқорлығының арқасында біз ештеңеден қиналмадық. Әкем өте қайсар, мінезді адам болды. Соларға қарап бой түзедік. Әкеміз дастарқанға отырмай, біздер тамақ ішпейтінбіз, анамның әлдиін естімей, маңдайымыздан сүймей біз ұйықтамайтынбыз. Осындай тәрбие берген, қазақылықты бойыма сіңіріп өсірген ата-анама ризашылығымды білдіремін» деді.
«Ана тілі» газетінің оқырмандарына шынайы тілегін жеткізді. «Алдыңа нақты мақсат қойып армандасаң, сол үшін еңбек етсең адамның жеңбейтіні жоқ. Тек шаршамау керек. Шалдықпау керек. Ең бастысы балаңызды ана тілінде тәрбиелеңіз. Ана тіліндегі газет-журналды оқыңыз. Біздің жеріміз қандай кең болса, құшағымыз да сондай ашық, дәстүрге де баймыз. Ата-бабамыздың бізге қалдырған өсиеттері, дана сөздері – тәрбиеде темірқазық болуы тиіс».
Жас кезінде ләңгі теуіп, ер балалармен бірге өскен Майра жолдағы сызықтарды көргенде балалықтың бал дәурені еске түсіп «секіріп» өтетінін айтып бір күліп алды.
Қазақ қызының жүріп келе жатқан жолы – үлгі-өнеге. Ол қазақ елін әлемге танытып жүрген мақтанышымыз.
Бағдагүл Балаубаева
Дереккөз: “Ана тілі”