Жаңалықтар

Анадолы анамдай болып кетті…

«Жанарынан нұр, жүзінен әр таймаған Сәлима апаны басынан талай зұлматты өткерген, көрмеген құқайы, тартпаған азабы қалмаған 735жан деп әсте ойламассыз. Ажал шашқан, асу бермес Гималайды жылдан аса жағалап жүріп, арып-ашып Үндістанға құр сүлдері жеткендерінің өзі жаза берсең бірнеше томға симас еді. Әңгіме оқырманға түсінікті болуы үшін мен Сәлима апаның түнді таңға ұрып, бір жылап, бір күліп, тебірене айтқан өмір дастанынан үзінділерін бірнеше тақырыпқа бөліп, ықшамдап беріп отырмын»,-деп бастайды әңгімесін журналист Зәуре РАХЫМОВА. 

a7c5571b25167bc38d228ccfbc10c6c1

Қытайдан қашуға мәжбүр болдық

– Апа, қазақ жерінен қай жылдары, не үшін кеттіңіздер? Айтыла беретін «кәмпескеге» қатысыңыз бар ма? – деп сұрадым ападан.

– Атамыз Зұқа батыр Сарысүмбе Алтайдан 1929-шы жылдары көшкен екен, – деп бастады әңгімесін Сәлима апа. – Себебін біле алмадым. Ол кезде мен дүниеге келмегенмін. Ат басындай алтынын алып қашқан байларға қатысымыз жоқ.
Қытай асқан жылдары өзі бастаған көштің баскөтерері болған Зұқа атам қытайларға бірден ұнамапты. Қыспаққа көне қоймаған апайтөс дала батырына анархист деген жала жабылып, геотинмен (гильотина болар) басын алады. Бұрын «Қаракөпір» аталған аттылы-жаяулар көп өтетін көпірдің тұсына Зұқа батырдың басын іліп қояды. Бұл жантүршігерлік көрініс басқаларға сабақ болсын десе керек. Содан бастап ол көпір «Зұқа көпірі» аталып кетіпті деседі. Зұқа атамның соңынан талай қазақ батырларының басы алынған көрінеді.
Мен 1944-ші жылы Қытайдың дүнгендер мекендеген жерінде, «Жарта» жайлауында дүниеге келіппін. Ес білгенде Үрімшіге жақын Баркөл деген жерде отырдық. Қолдағы азын-аулақ малды күнкөріске жаратып, бала-шаға ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашып, қоңырқай тіршілігімізді шүкір көріп жүріп жатқан жайымыз бар еді. Қытайдың белсенділері, оның ішінде Абай деген найман бар, ауылға жиі келіп, жік шығара бастады. Бала-шаға қытай оқуына барсын деп, біздерді Маоға табындыруға тырысты. Бұған үлкендер үзілді-кесілді қарсы шықты. Содан берекеміз қашып, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмедік. Қарақытай қайдан шыға келеді деген үреймен күндеріміз өтіп жатты. 1950-ші жылы Баркөлде 61 адам жанымызды шүберекке түйіп, екінті уағында үдере көштік.

Әкем жолда қаза тапты

Аттылы-түйелі 61 адам ас-ауқатымызды артып алып, күншығысқа беттедік. Бір кездері сарқыраған тау өзеніне келіп жеттік. Өткел жоқ, ағыспен арпалысып, атпен жүзіп өтуге тура келді. Артымыздан мылтық даусы естілді. Қытай кеп қалды деп зәреміз ұшып, атқа қамшы бастық.
Әкемнің алдында үш жасар інім Дәлелхан бар еді де, артынан белінен қапсыра құшақтап 13 жастағы ағам Жанымхан отырған еді. Жақын маңнан гүрс ете қалған мылтық даусынан үрейлене артымызға қарағанда әкем аттан құлап барады екен. Артқа қайырылуға шама жоқ, әкем құлаған бойы қала берді. Анам аңырап, біз жамырап жылап, атқа қамшы бастық. Әкемнің жүзін де жасыра алмадық. Кейіннен білдік, әкемді өлтірген қытайлар емес, өз қазағымыз болып шықты.
Зұқа атамның үш әйелі болған екен. Бәйбішеден туған Солтан-Шәріптің қызы Фазилені тасбике-керейлер айттырған көрінеді. Қызын бермей көшіп барады деп көшті қуа шыққан беті екен. Қыз дауы әкемнің өліміне себепкер болды. Сол жақта қалған ағайындар түнделетіп жасырынып келіп әкемді жерлепті.
Гималайға жеткенше қытайдың 500 әскері соңымыздан қуып отырды. Аттар болдырып, әбден шаршап, өзегіміз талғанда ғана сүт пісірім уақыт аялдаймыз. Әйелдер мосыда шай қайнатады. Шай деген аты ғана, ішіне бір шымшым тұз салады. Ал шешем байғұс бір бүйірін мақтамен тығындап қойған тесік құманын шығарып, ішіне бір уыс бидай салады. Мақтаға от тимесін деп бір бүйірінен ғана от жағып, үрлеп отырып қара суға салған қара бидайды пісіріп беретін. Бес түйір бидай бойымызға қуат беріп, әлденіп қалушы едік. Оны қара көже етіп беретін себебі, түйірдей жесек, жұмырымызға жұқ болмайды екен ғой.
Осы күнге дейін көз алдымнан кетпейтін бір көрініс бар. Қашып келе жатырмыз. Соңымызда – қуғыншылар. Сөйтіп келе жатқанда айнадай жарқыраған тау өзеніне тап болдық. Маржандай ұсақ тастар анық көрініп, күн нұрына шағылысқан осынау тау өзенін бұдан кейін қайтып көрмейтінімді бала көңіліммен сездім. Көмейіме жас кептелгендей. Ең болмаса соңғы рет шөлімді қандырғым келді.
– Апа, су ішемін, – дедім. Апам ат үстінде, мен түйе үстіндемін.
– Қарғам-ай, енді қайттім… – деп абдыраған апам аттан секіріп түсіп, аяғымдағы етікті шешіп, қонышын суға толтырып, түйе үстіндегі маған ұсынды.
Шыныдай тау суын рахаттана сіміріп, суға малшынған етігімді аяққа сұға сала көш соңынан шаба жөнелдік.
Соңымыздағы қуғыншылар әр тоқтаған жеріміздегі күлді ұстап көріп, ол жылы болса, ентелей түсіп, шабады екен. Араларында қытайшаға жүйрік бір қазақ болыпты, сол қытайларды тоқтатыпты деседі. Ұзынқұлақтан Гималайдың асуынан тірі шыққандар жоқ, есіміз барда елімізді табайық деп құтырынған қытайларды райынан қайтарыпты деп естідік.

Гималайдан, Тибеттен өтіп, Кашмирге жеттік

Сонымен қуғыншыдан құтылып, ай жүріп Гималайдың етегіне де іліктік. Қабағынан қар жауып түксиген тау шыңдары мынау жанынан безгендер кім болды екен дегендей сілтідей тынып, бізге таңырқап қарап тұрғандай әсер берді.
Тау жағалап жүріп келеміз, жүріп келеміз. Үлкендердің бір білгені бар шығар. Көш бастаған еркектерге қатын-бала үнсіз ілесіп келеміз. Азық-түлік те таусылуға жақын. Бірнеше күн өтіп, Гималайдың құшағына дендеп енгенімізде жантүршігерлік жұмбақ өлім басталды. Сап-сау, зіңгіттей еркек табан астында аузы-мұрнынан қара қан атқылап, аттан құлап түседі. Осындай жұмбақ өлім жиіледі. Осылай бір күнде қатарынан сегіз адам жан тапсырған күндер де болды Ани өлімнің (кенеттен жантәсілім ету) себебін кейін білдік. Адам оксижен (оттегі) жетпей өледі екен.
Тірі қалғанымыз тырбанып, алға ұмтылдық. Ұшы-қиыры жоқ тау сілемдері. Асау толқыны өткел бермеген небір тау өзендерінен де амалдап өттік. Сіңірі шығып болдырған арық түйелер қиралаң етіп құлайды да, қайтып тұрмайды. Еркектер оны бауыздап жібереді. Етін жабылып отқа қақтап жейміз. Ет деген аты болмаса, шандыр бірдеңе. Оны тұздайтын тұзымыз да таусылған болатын.

Бұл кезде бізде ат атаулы қалмаған. Зорығып өлді, талайы жүк-пүгімен шыңырауға құлап кетті. Аман қалған аз түйенің де жағдайы мәз емес. Өйткені тіске басар шөп жоқ. Еркектер оларға бір жапырақ түйе етін иіскетеді, олар бастарын ала қашады. Аштықтан әбден көздері қарайса керек, кейіннен берген етті бір-ақ асайтын халге жетті.
Түйенің қақайып қатып қалған тулағын тіліп-тіліп, суға қайнатып жеген күндеріміз де болды. Құдайдың құдіреті, сол тар заманда бала болып жыламаппыз, суық тиіп ауырмаппыз да. Арамызда Арыстан Тосын да бар еді. (Әйгілі «Қара жорға» биін билейтін, аты жұртқа белгілі Арыстан). Оның әке-шешесі де жолда шейіт болған.
Күн жүріп, түн жүріп, бедірейген, аяқ басар бүдірі жоқ жалтыр тау шатқалына жеттік. Төменгі жақ – көз жетпес шыңырау. Не өтеміз, не өлеміз, басқа жол жоқ. Ілдебайлап өтіп алған бірлі-жарым жігіттер артта қалған бізді бір-біреулеп амалдап өткізуге кірісті. Төменге қарауға болмайды, жалаңаш жартасқа жабысқан күйі демімізді ішімізге тартып, «құлхуаллалап» әрең дегенде өттік-ау.
Сол маңайда тауға өрмелейтін франсыздар (француздар) жүр екен, арқансыз, құрал-саймансыз, жылтыр тасқа жармасып «жаһаннамның қыл көпірінен» өтіп жатқан біздерді суретке түсіріп алыпты. «Не деген өлермендік, не деген өмірге құштарлық! Суретке түсіріп алмасақ, бұған ешкімді де сендіре алмас едік» деп жазыпты.
Әу баста жолға шыққан 61 адамнан 31-іміз сүйретіліп Төбетке де (Тибет) жеттік. Ашпыз, ауылдардан тамақ сұрап жедік. Берсе қолынан, бермесе жолынан тартып жедік. Бала-шағаны аман алып қалу үшін еркектер барын салды. Елді мекендерге жеткенде қарнымызды бір тойдырып алып, ілгері жылжи бердік.
Жолда кездескен елді мекендерді зар қақсатып, бермегенін тартып алып, аттарына жаудай тиген бір қарақшылар пайда болды деген сөз сол кездегі Үндістанның басшысы шейх Мұхаммед Абдулланың құлағына жетеді. Ол Бексайф (әскербасы) бастаған он әскер жібереді. Олар ауыл-ауылдарда аттарды ауыстырып мінгізіп, біздерді Кашмирге жеткізді. Шейх Мұхаммед Абдуллаға Алла разы болсын, бізге баспана беріп, қарнымызды тойдырды. Мұсылман деп бауырына тартқандары екен ғой.
Бұл өлкеде біз екі жыл тұрдық. 1952-ші жылы Бағдат арқылы Түркияға өттік. Кемемен, пойызбен жүріп отырып Анадолыға жеттік.

Анадолы анамдай болып кетті

Стамбұлдың Зейтінбұрны деген жерінде біз сияқты қашқан-пысқандарды паналатып отырған бірнеше үй бар екен. Олар Ауғанстан, Қытай, Иран, Үндістаннан ауып келген қазақтар болып шықты.
Бізді 1952-ден 1956 жылға дейін өкімет асырап-бақты. 1957 жылы ішкі Анадолы тарапынан бізге арнап жер бөлінді. Ниде қаласына жақын жерден Алтай көйі (ауылы) салынды. 160 отбасы сол ауылға орналастық. Адам басына 30 гектардан жер берді. Бізге де 90 гектар жер тиді. Ақшалай көмек те берілді. «Егін саласыңдар ма, мал өсіресіңдер ме, тіршіліктеріңді жасаңдар», – деді өкімет.
Бірақ біз егін егіп ұқсата алмадық. Жер жыртуға берген трактырды бір түксиген түрік айдаушы еді, қалай болса солай дырылдатып, әп-сәтте бітіре салады бәтшағар. Бойы бір тұтам, тырбиған бірдеңе өсіп шықты әйтеуір. Бидай өсіріп қатырмадық, бала-шаға жабылып масақ тердік. Көрші ауылдың егіні кісінің белінен келеді, жайқалып тұр. Олардың да трактыршысы осы адам.
Бидайымыздың нашар бітуінің сыры кейіннен белгілі болды. Әлгі пақырдың баласы айдың-күннің аманында жем тартатын мәшиненің пышағына жұтылып кетіп өлді. Кейіннен ауылға келіп, үлкендерге: «Хақыңды хеләл ет. Елді, жерді қызғанып, сендерге қараулық жасаған едім. Өзіміздің егістікті екі қайтара жыртып шықсам, сендердің жеріңді егіс шықпай, елден безсін деп қалай болса солай жырта салушы ем. Сөйтіп Құдай жазамды беріп, баламнан айырылып қалдым», – деп өкіріп жылапты.
Өмір өтіп жатты. Еркектер мал бақты, қатын-қалаш алаша-кілем тоқып сатты. Сөйтіп жүріп әйтеуір ес жиып, ел қатарына қосылдық. 17 жасқа толғанымда шешем кестелі көйлек кигізіп, өзімнен 18 жас үлкен Нұрсалбай дегенге ұзатты. Ол Стамбұлда сауда-саттықпен айналысады екен. Өзім бірінің артынан бірі үйелмелі-сүйелмелі бес баланы дүниеге әкелдім. Ерім 1984-ші жылы дүниеден өтті.
Қызымның біреуі Шүкіран Франсада тұрады. Күйеуі Мұрат Авропа қазақтары диаспорасында қызмет істейді. Бір ұл, бір қыздары бар. Сәкине – Алманияда, оның екі баласы бар. Күлсін Стамбұлда. Үш баласы бар. Күйеу балам Мұстафа Бұйырған былтыр қайтыс болды. Қызым Хадиша да Стамбұлда. Күйеу балам Әбдіқадыр «Көшпенділер» фильміне ұлттық киімдер тігуге атсалысып, Назарбаевтың қолынан Алғыс хат алған. Ұлым Ибраһим Стамбұлда тұрады.
Баяғы әкеме оқ тигенде атқа мінгескен екі бауырымның үлкені Жанымхан беріде Стамбұлда қайтыс болды. Бала-шағалары осында тұрады. Дәлелхан Австрияның Вена қаласында тұрады. Үш баласы бар. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын ұлтжанды азамат. Жұмыс бабымен Авропаға барған көптеген қазақтар сол кісінің үйінен дәм татады.
…Оралмандар көшімен шеттегі қазақтар елге орала бастағанда ата жұртты көрсем-ау деген арман жетегімен 2004-ші жылы Сәлима апа да Қазақстанға бет алған көшпен ілесіп Алматыға барыпты.
– Обалы не керек, сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алды, – дейді апа. – Келгендердің біраз бөлігі Алматыда қалып, біздерді Талдықорғанға жіберді. Текелі деген қаласынан екі бөлмелі үй берді, ақшалай көмегі де бар екен. Сөйтіп ата жұрттың да дәмін татып, ауасын жұтуды нәсіп етті Алла. Шүкірден басқа не дейміз?
Текеліде екі-үш ай тұрып, алайда Түркияға қайттым. Қыздар алаңдап, телефон соғады да жатады. Жүрегім нашар, соны уайымдайды да. Дәм-тұзың таусылса, қай жерде болса да кете саласың ғой. Әйтеуір Алла иман берсін.
Қажылыққа үш мәрте бардым. Алғашқы рет өзім үшін, кейіннен сол қасиетті жерге бару нәсіп болмаған әке-шешем үшін бардым. Зейтінбұрныдағы «Vakіf» қазақ қауымдастығында әйелдер қоғамын 1986-дан 1994 жылға дейін басқардым. Қазақтың қолөнерін дамыттық, білмегендерді үйреттік. Кесте тоқып, қыздың жасауын жасап, Авропа қазақтарына жібереміз. Одан түскен қаражатты мұқтаждарға бердік, қоғамның керегіне жараттық. Стамбұлда, Анкарада болған жиындарда екі мәрте Назарбаевты көрдім. Қасына барып, келе алмағандардың ыстық сәлемін жеткізгенмін.
…Таңғы шайдан кейін:
– Апа, диванға отырыңыз, суретке түсіріп алайын, – дедім апаға.
– Қоя тұр, – деген ол бөлмесіне кетті де, қазақша қамзол киіп, ақ жібек орамал тағып келді.
– Анда-санда өстіп сәнденетінім бар, – деп қояды күліп.
Қоштасарда:
– Апа, аман болыңыз. Сіздің үйге келіп бір жасап қалдым. Өлем дегенді айтпаңыз. Мен келгенде есікті әрдайым өзіңіз ашыңыз, – деп қоштастым.
Төменге түсіп, балконға қарасам, Сәлима апа қол бұлғап тұр екен. Көзіме жас келді. Ойлап қарасам, шешем өмірден өткелі өзгеше бір құрметтеп, баптап шай құйып берген ешкім жоқ екен ғой…

Baq.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*