Руханият

Базарбек Атығай. Керейде батыр Жәнібек

bazarbek

ХVIII ғасырдағы Жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы қаһармандарының бірі – Ер Жәнібек Бердәулетұлы.

Ер Жәнібек жоңғар-қалмақ жоғалған, жау қайтқан уақытта қаптап кеткен көтерме көп батырдың бірі емес, ұлт тарихында өшпестей орны қалған. Аты – алыс жақын қазаққа әйгілі болған.

Ұлан-ғайыр ұлы даланы мекен қылған қазақ халқының ғұмыры жаугершілікте өткен. Қытаймен қақтығысқан, қалмақпен қидаласқан, орысқа айбар шеккен, жоңғарды жойған, өз ішінде де шабысқан. Сол себепті батырдың көп болуы заңды да. Дегенмен, тарихта аты қалған, ұлттың ұранына айналған қолбасы батырлардың жөні бөлек қой.

Халық арасында жолбарыс жүректі, қайтпас қаншама жеке батырлар өткен. Көбінің аты сақталмады. Хан алдына бармаған, жыраудың сөзіне ілікпеген, жалғыз атты аламан қалың қол ішінде жүріп, қапылыста оққа ұшты немесе жекпе-жекте шәйіт болды. Атының асқақтамағаны аз атадан, ұсақ рудан шыққандығы болар. Жастай кеткен шығар. Батырдың да, бидің де аруағын арттыратын, абыройын көтеретін артындағы қалың жұрты. Соңынан ерген елі көп, қолы қалың болса, батырдың да алапасы артық болады.

         Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Ер Жанатай, Баян, Наурызбай батырлар берісі – он мың қол, әрісі – жиырма мың қолды бастаған батырлар.

         Ірі рулар қазақ қолының негізгі бөлігін құраған. Сол себепті ұрыстың тағдырын жан бере шайқасқан жеке батырлар емес, қалың қол әкелген батырлар шешетінге есептелген.

         Қазақ халқының шынайы архиві ілгеріде өткен жыраулар сөзі. Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара тағы басқа жыраулардың толғауларында көмескі болса да өткен заманның шынайы көрінісі жатқан жоқ па?!

         Ер Жәнібектің есімі ескі аңыз-әфсаналардың барлығында дерлік, ертедегі ақын-жыраулар шығармаларының бірсыпырасында кездеседі.

         Атақты Үмбетей Тілеуұлы өзінің бір толғауында Абылай ханға:

         Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаракерей Қабанбай

Сол бесеуі болыпты-ай,

         Абылай сенің тұсыңда.

         Кейі батыр, кейі би,

         Тәңірім берген сондай сый,

         Ұмыттың ба соны Абылай?!

– деп жырлаған.

         Ер Жәнібек жайлы азды-көпті жазылған мақалалар, жекелеген сөздер әр жерлерде басылды. Ер Жәнібектің өміріне қатысты, ерлік істеріне байланысты бай мұра шет ел қазақтары арасында сақталған. Ол туралы циклды дастандарды Алтай, Бай-өлке, Түркия қазақтары жатқа айтады екен.

         Ер Жәнібек жайлы, қазір бізге белгілі көлемді дастандардың үш түрлі нұсқасы бар. Батырдың өмірі бұл шығармалардың әрқайсысында әртүрлі суреттелген. Солардың ішінде әсірелеу боямасыз, тарихи шындыққа жақындауы Ыбырай Ботайұлының нұсқасы. Бұл дастан 1927 жылы жазылған. Ы.Ботайұлы көне шежірені жақсы білген білімпаз адам болған.

         Ер Жәнібектің тікелей ұрпақтары Абақ керейлер ерте заманнан Алтай, Бай-өлке аймағын жайлады. Батырдың қара шаңырағы да сол жақта қалған. Сондықтан болар, Ер Жәнібектің өміріне байланысты мәліметтер ілгеріде жарыққа шыққан әр түрлі басылымдарда қате берілген.

         Мысалы, Тілеубаев Хамит деген азамат Ғылым Академиясының «Қазақ әдебиеті мен сирек қолжазбалар» бөліміне тапсырған жазбасында Ер Жәнібек Ашамайлы Керейдің аз ауыл атасы – қырғыз деп көрсеткен. Б.Адамбаевтың «Қазақтың шешендік өнері» атты кітабында Ашамайлы Керейдің аз атасы – Абақ» деп жазылған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбалаларында да Ашамайлы Керейден таратылады.

         1711-1714 жылдары аралығында дүниеге келген Ер Жәнібек Бердәулетұлының асыл тегі – Абақ Керей Жәнтекей – Сүйімбай, Ақсары. Тарата айтсақ, Сары Керейден қара би, Ашамайлы Абақ.

         Абақтан Алдаберді, Құдаберді, Асанберді туады. Осы Абақтың үшінші ұлы Құдайбердіден туған Бағаналыдан Байлау және Қойлау атты екі ұл туады. Жәнтекей осы Қойлау мен Байлаудың ұрпағы. Жәнтекейдің бір табы Сүйімбайдан Алты, Қалке туған. Алтыдан Сары, Сарыдан: Бердәулет, Кердәулет. Бердәулеттен: Күшіғұт, Жидебай, Өмірбек, Жәнібек туады. Жәнібектің өзінен: Ноғай. Ноғайдан Елубай, Күшіғұттан: Бәйтес, Жалқабай, Дәулет тарайды. Ер Жәнібектің ата-тек шежіресі қысқаша осылай келеді.

         Жоғарыда айтып өттік, Ер Жәнібектің өміріне, ерлік істеріне құрылған үш дастан бар деп. Осы үш дастанда Ер Жәнібектің нағашы жұрты туралы үш түрлі мәлімет кездестірдік. Бірінде нағашысы – Үйсін Өмір деген батыр делінсе, екіншісінде – Қаз дауысты Қазыбек дейді. Тағы бір аңыздарда Қабанбай батыр деп те айтылады.

         Ы.Ботайұлының дастанында Шақшақ Жәнібек деп берілген. Ер Жәнібектің анасының есімі – Шәше. Тарихшы, ғалым Ахмет Тоқтабаевтың қолында сақтаулы Шәше анамыздың тас ұршығы бар. Тас ұршықты ғалымға берген Зайсанда тұратын батырдың ұрпақтары. Шәше – Шақшақ Жәнібектің қарындасы деген екен.

         Ел ішінде Ер Жәнібектің атын қойған, батасын берген Шақшақ Жәнібек деген сөз бар.

         Керей деген елің көп,

         Ел айналар шешен бол!

         Шалғай да шалғай жерің көп,

         Иелікке көшер бол!

         Бұзатын қамал шебің көп,

         Ақылын тауып шешер бол!

         Жағаласар жауың көп,

         Жауға шапсаң есер бол!

         Жабылған жауды жапырып,

         Шайқасқанда есен бол!

         Жекеге шықсаң желденіп,

         Жауыңның басын кесер бол!

         Долданғанда тоқтамас,

         Сіркіреп жауған нөсер бол!

         Ер топтайтын, ер жықпайтын

         Белдескенде жығатын

         Алып жерге ұратын

         Азулы сырттан өсер бол! – деп, Ер Жәнібекті батасымен алқаған Шақшақ Жәнібек жиенінің астына көк дөнін мінгізіп, үстіне көк берен сауыт кигізіпті. Ұрыста атына оқ тиіп, жаяу қалған Абылай ханға Ер Жәнібектің түсіп беретін тұлпары осы көк дөнен. Алтайдың атақты күйшісі Мергенбай «Жәнібектің көк дөнені» атты күй шығарған. Осы күнге дейін көптеген жазушы ғалымдар Ер Жәнібек пен Шақшақ Жәнібекті жиі шатастырады. Көбінесе, Ер Жәнібектің өміріне қатысты оқиғалар мен ерлік істер Шақшақ Жәнібекке телінеді.

         Себебін жоғарыда айттық. Ер Жәнібектің тікелей ұрпақтары Абақ Керейлер Алтай ауған, Моңғол асқан. Бұланай бойлаған, Ертіс өрлеген. Әйтеуір Қазақстаннан тыс, шет елдерде тіршілік етеді. Ата қоныста қалған қазақ арасында ер Жәнібектің аты сақталғанымен, естелік әңгімелер қара жұртпен кеткен.

         «Жәнібек – Абылай» – деп айтылатын әңгіме аңыздардың көбі Ер Жәнібекке байланысты жайттар деп түсінуіміз керек. Шақшақ Жәнібек негізінен Кіші жүз Әбілқайыр ханның маңында болған адам. Заманында Ер Жәнібек қазақ ордасының атынан Қытайға елшілікке барған жан. Бұл елшілікке байланысты шыққан жеке жыр да бар.

         Орысты да, қалмақты да, қытайды да көрген батыр 1771 жылы ұрпақтарын көк Түріктің ту тіккен жері, құт мекен өр Алтайға бастап әкетеді. Ұрыс-соғыс сала отырып, қытай-қалмақты ығыстырып, жайсаң жерлерді жайлайды.

         Мына жақта орыс бар,

         Қызыңды берсең қоныс бар.

         Мына жақта қырғыз бар

         Жүрегінде бір мұз бар.

         Мына жақта қалмақ бар,

         Басыңды кесіп алмақ бар.

         Мына жақта қытай бар,

         Кең қолтық қытай елінің

         Ырысы бар, құты бар! – дейтұғын аталы сөзін ер Жәкең ұлы көш тұсында айтса керек.

         Қаз дауысты Қазыбектің немересі Тіленші би де ер Жәнібекпен Керейлер көш-шеруі Арқадан асып, Алтайға бет алғанда жол үстінде кездескен болуы керек.

         Алдымен сөзді Тіленші би бастапты.

–         Ақсақал кім боласыз?

–         Мұсылманбыз.

–         Мұсылмандығыңызды мұрт қойысыңыздан танып тұрмын.

–         Қазақпыз.

– Қазақтығыңызды тұмағыңыздан танып тұрмын, атыңызды осыншама жасырдыңыз, түбіңізде бір шикілік бар-ау – деп сырдаңси сөйлеген Тіленшіге ер Жәнібек:

– Бекболаттан тілі мен жағына сүйенген бір қызыл бет қалмақ туды деп еді, сен сол шығарсың» – депті.

         – Болсақ, болармыз, – дейді Тіленші.

Ары қарай қысыр сөзді созбай, ашуланған Ер Жәнібек былай деп, ат үстінен төге жөнеліпті:

Өзенді өлке тұрғанда

Өзге жерге қонған ит.

Өзі болған адамның

Түп атасын қазған ит.

         Мен жаралы арыстан,

Жаулассам, жармай кете алман.

Кекті болған жауыммен,

Кескілеспей біте алман.

Қара бұлтты дауылмын,

Қар боратпай ашылман.

Көзіме кердең кездессе,

Сазайын бермей басылман.

Наданнан қорқып қаймығып,

Аруағымды қашырман.

Басымнан сөз асырман.

Тантырақтап сөйлейсің

Талға жалғап қайыңды

Арда күрең астыңда

Білдірмейді-ау арыңды.

Бекболаттан мен тусам,

Бердәулеттен сен тусаң

Қызыл бетті қалмағым

Көрер едім жайыңды! – дегенде, Тіленші атынан түсіп, қателігін түсініп, тымағын Жәнібектің алдына тастап:

– Батаңызды беріңіз, не өлтіріп кетіңіз, – деп шылбырына оралады. Ер Жәнібек сонда біраз ойланып тұрып:

– Кештім, жолың болсын! – деп жүріп кетіпті.

Ер Жәнібектің Тіленшіге айтқан тағы бір сөзі жоғарыдағы толғауымен мазмұндас. Мүмкін бір-ақ сәтте айтылған шығар. Бәлкім, өзгеріске түскен болар.

– Тіленші рас айтасың,

Мен не көрмедім

Қалмақты да мен көрдім,

Қазақты да мен көрдім

Он бесімде бурадай

Үюлі тасты төңкердім.

Жиырма бесімде қазақтың

Ұлын – құл, қызын – күң етеміз деп даурыққан қалмақты

Қызыл қанмен жуған ем.

Мен Бекболаттан тусам қандай болар ем,

Сен Бердәулеттен тусаң қандай болар ең,

Мен шынарға біткен оқпын ғой,

Сен жақсыдан туған боқсың ғой, деп келеді бұл толғау.

Ер Жәнібектің кішігірім қауғадай ағаш саптаяғы Қазақстан Республикасының Орталық мұражайында сақтаулы тұр. Жәнібектің ақ туы Алтайдағы ұрпақтарының қолында деп естиміз. Баз біреулер айтады, ол туды қытайлар ұрлап алған, қазір ішкі Қытайда сақтаулы деп. Елдің айтуынша, Қабанбай батырдың да сауыты ішкері Қытайда көрінеді.

Ер Жәнібектің ағаш төсегін, ер тоқымын көрдік деген азаматтарды да кездестірдік. Анығы әлі айқындала жатар. Ал біз білетін анық ақиқат Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы маңына жерленген Ер Жәнібек басының жалаңаш жатқандығы. Қалқима қара тастан басқа белгінің жоқтығы.

1798 жылы Қызылсу, Шар бойында қалған ұрпақтарын Алтайға көшіріп әкетуге келген Ер Жәнібек қайтыс болып, сол жерге қойылған. Соңғы жылдары пәленбай биге, түгенбай батырға дүрілдетіп ас беріліп, ат шаптырылып жатқанда Ер Жәнібектей іргелі бір рудың ұраны болған қаһарман батырдың ұмыт қалғаны, ауызға алынбағаны қалай? Басқа емес, ұрпақтарының ата алдындағы парызы қайда?

Ер Жәнібектің ұлт тарихындағы орнын дәлелдеп жату артық болар. Қасында жүріп, көзбен көргендей жоңғардың батырып “олай түйреп, былай шапқан!” деп келетін ертегі айтудан аулақпыз. Ер Жәнібек жайлы әңгіме деректерді жинақтаса қалың бір роман жазып шығуға болады. Бірақ, біз алдымызға ондай мақсат қоймап едік. Бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз Ер Жәнібекті таныстыру ғана емес. Оның басына мазар тұрғызуға ұрпақтарын, жағдайы келетін исі қазақ баласын шақыру еді.

“Қазақ батырлары” газеті. №2 (19) 2000 жыл.

 

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*