Шежіре

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ. Ерен ерлікті Ер Жәнібек

Биыл алты алашқа мағлұм болған Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталуда. Осы орайда батыр жайлы зерттеу еңбектерін жазып,атаулы шараға белсене ат салысып жүрген белгілі қоғам қайраткері, жазушы Жәди Шәкенұлымен сұхбаттасудың орайы туған еді. 

– Жәди аға, қазақта атақты Жәнібек үшеу: ноғайлы жұртының ханы – әз-Жәнібек, Абылайдың қолбасшыларының біреуі – Шақшақ Жәнібек және Ер Жәнібек.  Өкінішке орай, үшеуін шатастырып, ажырата алмай жүргендер бар.  Ендеше Ер Жәнібектің шыққан тегі, руы, әке-шешесі туралы таратып айтып беріңізші…

–  Ер Жәнібектің өз жұрты Керейдің Жәнтекей руынан. Жәнтекейден Сүйіндік, одан Алты, Алтыдан Сары, Сарыдан Бердәулет, Бердәулеттің Жәнібек болып жалғасады. Ал нағашы жұрты – ұлы жүз сары үйсін Досымбек, Өмірбек деген атағы бүкіл қазаққа таныс екі батыр. Жәнібектің анасы – Қадиша сол батыр Досымбектің туған қызы.

–  Кейбір аңыздарда Жәнібекті арғын Қаз дауысты Қазыбектің жиені дейді…

– Бұлай делінетіні, Жәнібектің әкесі Бердәулеттің алғашқы жұбайы – Ұлболсын – Қазыбек бидің әкесінің інісі Тыныбек бидің қызы делінеді. Қазақ тектілік туралы сөз еткенде «жігіттің нағашысы кім еді?» дегенді көбірек сұрайды. Олай болса Жәнібек батырдың нағашыларының да осал болмағаны ғой.

–  Әкесінен жастайынан айырылған Жәнібек батыр нағашы атасы – Қазыбек бидің қолында өскен екен… Бұл рас па?

–  Иә. Ер Жәнібек өмір сүрген дәуір жоңғар шапқыншыларының қазақ даласына талай рет қанды жорық жасаған кезеңіне тура келеді. Жәңгір хан дәуірінде қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас болады. Міне, осы шайқастардың бірінде Ер Жәнібектің арғы атасы – Алтының ауылын жоңғарлар шауып, ерлерді түгел қырғындайды. Сонда Алтының бір жасқа толмаған баласы Сарыны шешелері ошаққа жасырып, аман алып қалады. Ер жете келе батыр, балуан болған Сары да жау қолынан қаза табады.  Жәнібектің әкесі Бердәулет те қаза табады. Сөйтіп Жәнібек әкесінен жастай жетім қалғандықтан Қазыбек би жиені Жәнібекті өз қасына алады. Сөйтіп Жәнібектің балалық шағы нағашы атасы – Қазыбек бидің қолында өткені туралы аңыз көбірек айтылады.

–  Жәнібектің есімін Шақшақ Жәнібек қойған екен…

– Иә, Жәнібек батырдың әкесі мен анасы Қадиша үйленгеннен кейін бірнеше жыл бала көтермей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана қуныштарын елмен бөлісіп, жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, ат шаптырып, бесік тойын жасапты. Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан тосып, сәлем беріп, үйіне қонақ етеді. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, қой сойып, адал ниетімен қонақты күтіп, балаларына ат қойып беруін сұрайды. Ата-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, көрпесін ашып көріп, былай деп бата берген екен:

Керей деген елің көп,

Ел айналар шешен бол!

Жағаласар жауың көп,

Жауға шапсаң, есер бол!

Ел ішінде дауың көп,

Жұрт алдында көсем бол!

Жабылған жауды жапырып,

Шайқасында есен бол,

Жекеге шықсаң желденіп,

Жауыңның басын кесер бол! – депті. Сосын: «Бесігін көтергенде көңілім толды. Өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын. Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа! –депті. Жақсы адамдарға ат қойғызу немесе ақ батасын алып «аузына түкірту» халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі саналады.

–  Батырдың төрт әйелі болыпты… Әйелдері кімдер болған? Әйелдері туралы қандай деректер білесіз?

–  Алғашқы жары найман Кекілік ана Ақбай деген байдың қызы делінеді. Соңғы алғаны арғын Тіленші бидің қарындасы болып келеді. Ал басқа әйелдері туралы жазбалар да бар, дәл қазір есіме түспей отыр.

–  «Өзіме тартпай төрт ұлым,

Қайраты қайда Құдайым?

Қайратын беріп қызыма,

Армандатқан Құдайым.

Ұл болып туса жалғыз қыз,

Қан майданда серік ет.

Қыз болып туды амал не?

Болды маған бұл дерт» деген екен Ер Жәнібек. Батырдың перзенттері жайында не айта аласыз?

–  Батырдың ұрпақтарына келетін болсақ, Жәнібектің өз кіндігінен: Ноғай, Балжан, Бәйтік атты үш ұл және Аймен атты жалғыз қызы болған. Төрт  ұлдан тараған ұрпақтары күні бүгінге дейін бар.  Батырдың ұрпақтары Өытайдың Шыңгіл ауданында, сондай-ақ Үрімжі қаласында, Мори, Сауан аудандарында, Шығыс Қазақстан жерінде тұрады. Ал Жәнібектің жалғыз қызы Аймен шеше Ыбырай Алтынсариннің үлкен әжесі болып келеді. Аймен шеше сөзге шешен, шежіреші болып өсіпті. Бойжеткен соң Орынборлық Балқожа деген жігітпен некелескен.

Жәнібек туралы айтылатын аңыздардың бірінде кеудесіне өрмелеп шыққан жыланның басын тісімен қыршып алып, бүркіп тастағаны сөз болады. Сонда Жәнібек: «Әттеген-ай, жыланның басын жұта салуым керек еді, батырлық ұрпағыма дарымай өзіммен ғана кетер ме екен» депті. Батырдың  кейінгі ұрпақтарынан ел көзіне ерекше түсетін батырлар шықпағанымен басын игісі келмейтін жау жүректер көп болған.

Ер Жәнібектің қызының батырлығы туралы өз сұрағыңызда айттыңыз. Тіпті Ер Жәнібектің жиендерінің Құнанбай әулеті екендігі туралы да шежіре көп.

–  Батырдың өмірінің соңы қалай өтті? Қанша жасында дүниеден өткен?

– Жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы өз еңбегінде «Жәнібек батыр 1792 жылы сексеннің үстіне шығып қайтыс болды» дейді, Ал Шынай Рахметұлының «Моңғолия қазақтарының ата-тек кітабының «Жәнтекей» тарауында Ер Жәнібектің туған-өлген жылы 1714 – 1794 жылдар деп берілген. Ал Шыңжаң қазақтарындағы Ер Жәнібек туралы бірден-бір ізденіс жасаған әрі «Ер Жәнібек» атты тарихи роман жазған жазушы Шәміс Құмарұлы «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар»  сериясымен шығып жатқан ұласпалы монографиялық еңбектің «Ер Жәнібек» аталатын кітабында Ер Жәнібектің 1714 жылдың қысында дүниеге келгендігін тілге тиек етеді. «Ер Жәнібек» атындағы тарихи жырлардағы айтылатын деректер және Асқар Татанайұлының жоғарыдағы тұжырымы батырдың 1714 жылы дүниеге келгенін терістемейді. Ал оның 1792 жылы қайтыс болғандығы талассыз шындық.

–  Қай жерге жерленген? Зираты қай жерде?

– Батырдың сүйегі ШҚО Жарма ауданының Ортабұлақ ауылының қасында. 2009 жылы 23 қыркүйекте басына көрнекті кесене-ескерткіш орнатылды.

Ер Жәнібек атында Зайсанда, Алматы қаласында, Ақмола облысында көше аттары бар.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазуышлар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы

Сұхбаттасқан: Самал Әдігенқызы

«Алты алаш»

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*