Жаңалықтар

ЕУРОПАДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

26b9bfb40a480a223c3196735f6635d3

6-8 маусым күндері Германияның Берлин қаласында Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясы мен Берлин қазақ қоғамының ұйымдастыруымен өткен алқалы басқосуға Атажұрттың сәлемін жеткізіп, біраз ағайын қатысып қайтты.  Аталған жиында Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы аталып өткенін естіп, «Ер Жәнібек» қорының вице-президенті Жеңіс Түркия мырзамен әңгімелескенбіз.

– Берлинде өткен Еуропа қазақтарының құрылтайы несімен ерекшеленді?

– ХХ ғасырдың басындағы қилы кезеңдерде Алтай ауып, Пәмир асып, Түркияға жеткен аталарымыздың ұрпағы бұл күнде көптеген Еуропа мемлекеттерінің тұрғыны болып отыр. Олардың жыл сайын бас қосып, базынасын айтып, бір-бірімен қауышып жатуы, әрине, қуантарлық жағдай.  Ұлыбритания, Франция, Германия, Венгрия, Австрия, Швейцария, Швеция, Дания, Норвегия, Нидерландия, Түркия сынды он елдегі этникалық қандастарымыз бас қосқан билығы жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының президенті Әбдулхаюм Кесижи мырзаның сөзімен айтсақ, бұл шара, ең алдымен, Еуропадағы қазақ жастарының тілі мен дінін ұмытпауы үшін, бір-бірімен жете танысуы үшін, Атажұрттағы ағайынмен қауышу үшін қажет екен. Шетелдегі қазақтар түгілі өзіміздегі жастардың ұлттық құндылықтарды ұмытып бара жатқанын ескерсек, Еуропадағы ағайынның бұл қадамына «бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

– Алқалы бас қосуға Қазақ елінен кімдер қатысты?

– Біздің елдің өкілдерін Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев мырза бастап барды. Делегация құрамында  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқар, Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ерәлі Тоғжанов, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, «Ер Жәнібек» қорының президенті Махсұт Темірбаев , «СК-Астана» коперативтік қор директорының орынбасары Әсел Шілдебаева,  «Дарын» жастар сыйлығының иегері, суретші Гүлназым Өмірзақ, дәстүрлі әнші Арай Асқапқызы және «Серілер» тобы қатысты.

 

– Қандай іс-шаралар өткізілді?

– Атажұрттағы ағайын мен Еуропадағы бауырларымыз «дөңгелек үстел» басында пікір алмасты. Онда Қазақ елінің қазіргі жайы, даму жолы, Еуропадағы жас ұрпақтың болашағы, олардың Атажаұртпен байланысы сөз болды. Сондай-ақ, «Сезім шуағы» сурет және кітап көрмесі, футбол турнирі, Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған «Асық ату», қазақша күрес ойындары мен «Ана тілім – парызым» атты жас жеткіншектер арасындағы сайыс өтті. Марқұм Мұстафа Шоқай бабамыздың басына барып, зиярат еттік.

Бір айта кетерлігі, құрылтайдың осындай мазмұнды өтуіне Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов пен  Берлиндегі қазақ қоғамының басшысы Бешіретхан Малабахан айрықша атсалысыты. Сүйінші сұрайтын бір жайт, елші Нұрлан Онжановтың мұрындық болуымен Берлин қаласынан Қазақстан Республикасының экономикалық және мәдени орталығы ашылыпты. Бұл, әрине, Еуропадағы қандастарымыз үшін қазақтың ұлттық құндылықтарын паш ететін қарашаңырақ болатыны сөзсіз. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ерәлі Тоғжанов мырза алдағы күнде шетелдегі қазақ диаспорасымен қоян-қолтық жұмыс жасайтындарын айтып, ағайынның көңілін бір серпілтіп тастады.

– Өзіңіз не түйіп қайттыңыз?

– Байқағаным, ондағы ағаларымыздың шыр-пыр болып жыл сайын құрылтай өткізіп жатуына, ең алдымен, ұрпақ мәселесі себеп болып отыр. Жасыратыны жоқ, көп санды қаракөз бауырларымыз өз тілдерінен айырылып бара жатыр екен. Ал қуантарлығы барлығы да әр саланың тізгінін ұстап, қажетті маман болып қалыптасыпты. Меніңше, ғылым-техникасы дамыған Еуропа жұртымен істестік байланыстарда бірінші кезекте қандастарымызға назар аударсақ, солардың атажұртымен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаруына жағдай жасасақ нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, Еуропадағы аз қазақты түп қотарып елге әкеле қою мүмкін емес шығар. Тіпті сол мемлекеттерде тұрып-ақ, Қазақ елінің шашбауын көтеріп, кәрі құрылықтағы бір отауымыз болып тұрсада артық емес. Тек көзден тасада жүрген ағайынды көңілден өшіріп алмасақ болғаны да… Айтпақшы, біздегі қазақ сайттарының барлығында латын қарпіндегі нұсқасы болғаны дұрыс екен. Алыста жатқан ағайын тек ғаламтор арқылы ғана Атажұрттың тыныс-тіршілігімен танысып отыр.

– Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған іс-шаралар жыл басынан бері дүркіреп өтіп жатыр. Ертең Астана қаласында айтыс өтетін көрінеді. Ендігі атқарылатын іс-шаралар жөнінде айта кетсеңіз…

– Иә, жыл басынан бері «Ер Жәнібек» қорының ұйтқы болуымен біраз шаралар атқарылды. Конференциялар өтті, кітап шықты, Республика сарайында концерт өтті. Rixos қонақ үйінде ас берілді. Енді, міне ертең Астанада Бейбітшілік сарайында  кәсіпкер Толқын Ақанұлымен, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының ұйымдастыруымен және Астанадағы кәсіпкер азаматтардың қолдауымен халықаралық ақындар айтысы өтеді. Бас жүлдеге темір тұлпар тігіп отырмыз. Ал 19 маусымда Еуразия университетінде «Мәңгілік ел идеясы және Ер Жәнібек батыр» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіледі. Бұған қоса, Қоянды ауылында белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының ұйымдастыруымен қазақ күресінен жастар арасында белдесу болып, ас өткізіледі. Маусымның 21-22 күндері бабамыз  жатқан ШҚО, Жарма ауданы, Ортабұлақ жерінде көлемді ас беріледі. Онда қазақ күресі, ақындар айтысы, ат бәйгесі және өзге де ғылыми-мәдени іс-шаралар өткізілмек.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Хазірет Әбділда

Abai.kz 

Теги: , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*