Руханият

Бапай Ұлан. ЕР ЖӘНІБЕК РУХЫНА ДЕГЕН ЕЛ ҚҰРМЕТІ

Ер Жәнібек Бердәулетұлы – қазақ тарихының ең бір қиын кезеңі саналатын XVIII ғасырда, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қанды қырғыннан бастап, ел еңсесін тіктеген «шаңды жорыққа» дейінгі заманды басынан өткізді. Хан Абылайлармен үзеңгілес жүріп жоңғарларды жеңді, ел іргесінің бүтіндігі үшін елдің шетінде, жаудың өтінде жүрді. Қорыта айтқанда, елі мен жері үшін үлкен еңбек сіңірді.

«Ер қанша көтерілсе, қамы сонша көбейер» деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, екі ғасырлық соғыстан кейінгі азып-тозған елдің жоғын жоқтау, ежелгі қоныстарына қайта көшіру, рулар арасындағы қарым-қатнастарды реттеу ісінде Ер Жәнібектің атқарған еңбегі ұшан-теңіз.

Тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін дәріптеу – қоғамның қажеттілігіне байланысты  рухани дүниелерге пайдалану үшін жасалады, –  деп санайды әлеуметтанушылардың бір тобы. Өз басым бұл пікірге келіспеймін. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ер Жәнібектің ұрпақтар санасындағы орны жайлы бірнеше дәйекпен таныстыра кетейін:

Атының аталмауы. Халқымызда құрмет тұтқан адамдарының атын атамайтын тамаша салт бар. Күнделікті өмірде әрбір адам өзінің қызмет орнына, зейін-зердесіне, айналасындағы адамдарға көрсеткен қайырымына қарай, түрлі дәрежеде құрметке бөленіп жатады. Бұл айтып отырғанымыз, көбінесе тұлғаның тірі кезіндегі «сәке, мәкеден» ары аспайды. Ал, Ер Жәнібекті халқы бүгінге дейін «Жәнекем» деп атап келеді. Әлі есімде, бесінші класта оқып жүрген кезім еді. Мұғалім Жәнібек батырдың ерліктері туралы ата-аналарыңнан сұрап келіңдер деп тапсырма берді. Сабақтан келе сала, атама Жәнібектің ерліктері туралы айтып беріңізші, –деп  қолқа салдым. Жәнібек деген сөзді ести сала, кенеттен атамның өңі өзгеріп сала берді. –Тәйт, ары, не дейді, атама олай батырдың атын, – деді. Артынан түсіндірді, Жәнібек аруақты кісі, олай атауға болмайды деп. Өсе келе мұндай атау үрдісі тек қарапайым адамдар арасында ғана емес, әдеби шығармаларда да көптеп кездесетінін көрдім.

Бір күні ұйықтап жатып көрдім түсті,

Түсімде бек шаттандым қуанышты.

Келіп тұр Жәнекемнің өзімін деп,

Ақ сақал, ақ шапанды үлкен кісі.(«Арқалық батыр» жыры)

Тарихшы А. Тоқтабай балалық шағын былайша еске алады: Зайсан өңірінде Сарытерек деген ауылда тұрушы едік. Ауыл ақсақалдары бізге: «Сары –Жәнекемнің(Жәнібек батырды айтып отыр. автордан) руының аты, оны атауға болмайды, Шикілтерек деп айтыңдар», – деп ескертетін. Өз басым мұндай құрметті бұрын-соңды естімеген екемін.

Ақ туының қастерленуі. Әлемдік тәжірибеде, өз әскерін жау әскерінен ажырату үшін сырыққа, жауынгерлердің найзасына, дулығасына матадан қиып арнайы тағылатын жалау болған. Кейінде мұны біз оның көлеміне қарай, байрақ, немесе ту деп атап жүрміз. Жоңғарларға қарсы соғыс кезінде, Абылай хан өзінің батыр қолбасыларына ақ матадан тігілген, қара тамақ найзаға сапталған ту берген. Бұл туды батырлар мен сарбаздар жау қолына берместен, жасақ алдында желбірете тік ұстап, жеңістен жеңіске жетіп отырған. Мұндай туды Абылай хан ерлігі үшін Ер Жәнібекке де сыйлаған. Шомба молданың мына бір өлең шумағына қарайық:

– Өр Алтай ел үмітін ақтаған ел,

Тарихтан ар-намысын сатпаған ел.

Елі мен жерін жаудан қорғау үшін,

Ақ туын Жәнібектің сақтаған ел, – деп батырдың ақ туы туралы мәліметтер береді.

Ы. Ботайұлының «Ер Жәнібек» дастанында:

Бар қауым Жәнібекке алғыс айтты,

Жеңіспен кейінгі елге қайта қайтты.

Ту алып, сарбаз ұстап, таңба алсын деп,

Абылай дабыралы жарлық айтты, – деп жырланса, Есімхан, Оспан батыр туралы айтылатын өлең-жырларда:

«Қорлатпан!» –деп, ата-баба мазарын,

«Тоқтатпан!» – деп, қазағымның базарын.

Қолыңа алып Жәнібектің ақ туын,

Соңыңа ерттің Түркістанның қазағын, –деп айтылады.

Ақ ту ел арасында ерекше бір қасиетті зат ретінде саналған. Ту өткен ғасырдың ортасына шейін батырдың ұрпағы Зардыхан деген кісінің үйінде сақталған. Олар ақ туды арнайы сандыққа салынған. Ту төрдің қақ алдында тұратын. Оның маңына кісілер отырмайтын. Үйдің айналасында айғай -шу болмаған. Көші-қон кезінде сандықты арнаулы түйемен алып жүретін болған. Салт бойынша туды алып шығу кезінде құрбандық шалып «туды қандау» рәсімін өткізетін болған.

 Ер Жәнібектің ақ туын кейінгі заманда ұрпақтары бірнеше рет жорыққа алып шыққан. Естуімізше, бірінші рет, 1868 жылдар шамасында Көбеш батыр бастаған азаматтар Алтайда бас көтерген «қызылаяқтарға»( 1860 жылдардың орта мезгілінде, Алтай өңіріне «қызыл аяқтар» деп (аяқтарын қызыл матамен орап алатындықтан халық солай атап кеткен) аталған бір топ әскер келеді. Олар жөнінде Олар негізінен ішкі өлкелерден босып келген қытайдың батыс өңірін бұлап-тонау сияқты қарақшылық әрекеттермен айналысатын қылмыскер бұзақылар болып табылады.)  қарсы соғыста туды көтеріп шықты. Одан кейін 1940 жылдардың ішінде, Өр Алтайдағы ұлт азаттық көтерілісшілері бірнеше рет туды көтеріп халықты күреске шақырған.

1958 жылы туды ҚХР Алтай аймағының орынбасар уәлиі Бәделхан және сақшы мекемесінің бастығы Тескенбей екеуі мұражайға сақтаймыз деп алып кеткен. Қазір тудың қайда екені белгісіз.

Аруағына жұрттың сыйынуы. Аруаққа сыйыну – тәңіршіліктің сарқыны ма, әлде халықтың жаңылыс басуы ма одан басқа да біз білмейтін қырлары бар ма ол жағын дінтанушылар мен қоғамтанушылардың еншісінде. Ал, жырларда кездесетін осындай тіркестер батырға деген құрметтен туған. «Арқалық батыр» жырында:

Тоқтатпай бара жатыр көзім тұнып,

Жібермей бірін тірі қырмақ болып.

Сыйынып Жәнібектің аруағына

Қатулы тұрған топқа кеттім кіріп, –деп келсе, 1940 жылдардағы Өр Алтайдағы ұлт азаттық көтерілісінің маршында:

Айқай ел, туған жер,

Туысқандар, бізге кел.

Сауырдан біз бет алдық жер Қабаға,

«Жәнібектей» сыйынып ер бабаға!

                        … деп айтылады.Б

Есімінің ұранға айналуы. Ұран – адамдарды ерлікке, бірлікке шақыратын айбатты сөз. Бұрынғылар ұранды жауға қарсы аттанарда халықты жігерлендіру, олардың рухын көтеру үшін пайдаланған. Абайдың отыз тоғызыншы қара сөзінде, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың екі түрлі жақсы мінезі бар, оның бірі – намысқорлық. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе-араздыққа қарамайды, жанын салысады делінген. Жәнібек Бердәулетұлы есімі де кейінгі заманда Абылай, Қабанбай, Бөгенбай батырлар сияқты елдің намысын көтеретін  ұран айналған.

Атыма иә Құдайлап қамшы бастым,

Белінен Нарынқара келіп астым.

Құдайға не болсада тәуекел деп,

Айқайлап “Жәнібек” деп қабақ аштым(«Арқалық батыр» жыры).

Ел-жұрты қастерлеп сақтаған батыр мұраларының бірі – оның жорық саптыаяғы. Наурыз, құрбан айт мейрамдарында ауыл адамдары Жәнібектің саптыаяғынан дәм татуды үрдіске айналдырған және кие санаған. Саптыаяқ 1946 жылы Республикалық Орталық мұражайға тапсырылған.

Ер Жәнібектің ұрпақтарына қалдырған мұраларының енді бірі – оның кездігі. Халық оның даулы мәселерді шешуге қолданған.

Абақ керейдің билік ережесінде, сорғалаған қаны жоқ, сойдақтаған ізі жоқ кісі өлімі, ұрланған мал-мүлік қатарлы даулы істерді шешуде жоқшы күмәнданып, ел басылары қағуылдап жалалы болған адамды мойындата алмаса, жоқшының талабы бойынша, “мырза күмәнда ұстау” делінетін ереже қолданылған. Адам өлімі туралы белгілі біреуге жалалы болса, даугер жақ жалалы болғандардың ең беделді, ұрлық істеп, өтірік айтпайтын төрт адамын таңдап мырза күмәнға ұстайды. Ережеде осы мырза күмәнға ұсталушылар қастерлеп, қадірлейтін немесе көлемінде аса жоғары абыройы бар үлкен үй есептелетін шаңыраққа түсіп аттануы шарт. Оның түсетін шаңырағын, күнін сол ауылдың ақсақалы белгілейді. Мырза күмән ұсталушы белгіленген шаңыраққа түсіп аттанса, дау бітеді. Ал, ақтайтын адамы сенімсіз болып, мырза күмәнға түсуден бас тартса, он қойлық малға, сегіз қойлық малды күмәнді болған адам төлейді. Бір ауыл тіпті бір ру өрбіп шыққан үлкен үйін ерекше қастерлейтін. Сол шаңырақты сыйламау, қадірлемеу ақыры үлкен зардап тудырады деп қарайтын. Сондықтан қара іске бола сол шаңыраққа түсіп аттануға батылдық ете алмайтын. Ал, түсіп аттанса, жоқшылар да риза болатын.

Жәнібек батыр өмірден озғаннан кейін ұрпақтары оның кездігін дәл осындай игілікті іске пайдаланған. Сол өңірдегі билер істеген қылмысын мойнына алмаған күмәнді адамдарға Жәнібектің кездігімен шыбық кесуді талап етеді. Айыпталушы егер күнәсі болса Жәнекеңнің аруағынан аттап жалған айтуға батылы жете бермеген. Ел сыйлаған қасиетті адамдарды халық, міне, осыншалықты құрметтеген, олардың артында қалған мұраларын кие тұтқан, қажетке жаратқан.

Ер Жәнібектің зираты қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты Ортабұлақ деген жерге. Халық оның басына зиярет етіп, құран бағыштағалы барған кезде, ат дүбірі естілмейтін жерден жаяу баратын болған. Бұл да батыр рухына деген ел құрметі.

Ер Жәнібектің өмірден өткеніне екі ғасырдан астам уақыт өтсе де оның ізгілігі мен батырлығынан тәлім алған ұрпақ олар қорғаған байтақ даламызды, тіліміз бен дінімізді сақтап келеді.

«Ескі шапан қанша жыртылса да, қараған баулауға жарайды» деп даналарымыз айтпақшы, батырдың есімі ел рухына медеу болса, оның артта қалған мұралары әлі күнге дейін халық игілігіне жарап келеді. Жаныңыз жаннаттық болғай, батыр баба!

Теги: , , , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*