“Еліне ұран болған Ер Жәнібек” – бүгін, яғни 11 мамыр күні осындай атпен Алматыда RIXOS-Almaty қонақ үйінің конференция залында Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына орай жарық көрген басылымдардың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл XVIII ғасырда өмір сүрген, қазақ халқының жоңғарларға қарсы соғысында үлкен ерлігімен, қол бастаған батырлығымен еліне аңыз, жұртына саялы тұлға болған Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған шаралардың бірі. Тұрсаукесерде «Ер Жәнібек – 300 жыл» анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинағы, Моңғолиядағы қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы, сондай-ақ «Керейде батыр Жәнібек» аудио-бейне жинағы оқырманға жол тартты.
Кітап тұсаукесерінде ғалым, сыншы, әдебиетші. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, «Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Мақсұт Темірбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын-жыршы Баянғали Әлімжан, тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошан, «Ер Жәнібек» халықаралық қорының вице-президенті Жеңіс Түркия, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері Базарбек Атығай сынды тарихшы-жазушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, батырдың елдік, ерлік және біртұтас Алаш елінің тәуелсіздігі жолындағы күресі жайында дәйекті пікірлер айтылды.
Тұсаукесер соңында аталған қонақүйде батырдың рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет және видео: М.Әуелханұлы
2 пікір