Руханият

Қазақ әдебиеті мен руханиятының абызы Мұхтар Мағауин 75 жаста

photo

Бұл адам түркі-қазақ жұртына әдебиетінің ортағасырлық тарихын танытты, көпшіліктің қазіргі тарихи санасына хандық дәуіріне қатысты кеңістік пен уақыт образдарын орнықтырды, совет кезеңінде-ақ шаблоннан шығып “міндетті жағымды кейіпкердің” жағымсыз қылықтары суреттелген көркем шығарма жазды, сөзден эпикалық картиналар салатын жазушылық зор әлеуетінің арқасында көзі тірісінде-ақ оқырмандары классик деп атады, бүгінгі қоғамдық-саяси мәселелер бойынша ақыл мен сезім таразысына дәл тартылған әділ пайғам айтушы анық ақсақалға айналды. Бұл кісіні пост-советтік аласапыран шақтағы дәстүрлі қазақ дүниетанымының діңі дер едім. Мына бір өзім тартқан суретте классик жазушы Мұхтар Мағауин Прагадағы үйіміздің дастарқанынан дәм татқан сайын жасайтын ырымы бойынша жауырын қарап отыр. Құжат бойынша бүгін 75-ке толған (шыны қаңтардың 29-ы екен) бұл ақсақалдай қазақтың болашағына қатысты оптимистік көзқарас ұстанған адамды сирек кездестірдім. Өзі жауырын қараған сайын қазаққа тілейтін барша жақсылықты бүгін Мұхтар атамыздың өзіне арнаймын. Я, Алла тағала, ақсақалдың ғұмыр жасын ұзақ, денсаулығын берік, төрт құбыласын түгел, үш жұртын аман, дос-жаранын бейілді, шабытын шалқар, көңілін орнықты, қаламын қуатты еткейсің!

Galym Bokash Ғалым Бөқашұлының парақшасынан



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*