Руханият

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы: Қазақ ұлт боламын десе, ұлттық намысты басты қағида етуі керек

20140405100439

– Дулат аға, өзіңіз шығарып отырған «Мәдениет» журналына он жыл толып отыр екен, алғашқы мерейтойларыңыз құтты болсын! Редакция ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Он жыл дегеніңіз де бір белес, алдымен өткенге шағын шолу жасап шықсаңыз.
– «Мәдениет» журналы шыға бастаған он жыл ішінде республикаға белгілі болып, қалың көпшіліктің көңілінен шыққан басылымдардың біріне айналып отыр. Әуел баста бұл журнал қазақтың Мәдениет және Өнертану ғылыми-зерттеу институтының жанынан әр тоқсан сайын бір шығатын ғылыми-сараптамалық хабаршы ретінде жарық көріп келген болатын. Ол кезде мен аталмыш институттың директоры едім. Күндердің күнінде сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары боп қызмет етіп жүрген қазіргі министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлы осы хабаршыны өз алдына дербес журнал етіп шығару идеясын ұсынды.Өзімнің де іштей арманым болып жүрген бұл ұсынысқа мен де бірден қуана-қуана келіскен едім. Міне, содан бері он жылдың өте шыққанын байқамай да қалыппыз.
Сөйтіп, міне, «Мәдениет» журналы жыл сайын қаржы тапшылығын бастан кешіре отырып, журнал қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегінің ар­қа­сында төл мәдениетіміздің өткені мен бүгінгі хал-ахуалына деген шынайы жанашырлығы мен ұлттық мәдениетіміздің болашағына деген зор сенімі мен сүйіспеншіліктерінің нәтижесінде он жылдық мерей­тойға аман-есен жетіп отырмыз. Өкінішке орай, қаржы қыс­пағының салдарынан алғашқы ұжымда жұмыс істеген қызметкерлеріміздің көпшілігі басқа жұмысқа ауысып кетті.
Мәдениетсіз адам болса да, мәдениетсіз ел болмайды. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын, ұлтымыздың терең тарихымен қоса өрілген сол көне мәдениетімізден бастап, оның жетістігі мен кемшін тұстары, жалпы бүгінгі хал-ахуалы қалың оқырмандардың назарынан тыс қалмауы керек. Әсіресе, төл мәдениетінен гөрі шетел мәдениетіне сырттай еліктеп ержетіп келе жатқан жас ұрпаққа өз ұлтының тілі мен ділін, өзгелерден артық болмаса кем түспейтін ұшан-теңіз бай рухани қазынасы бар екенін зерделеріне құюды асыл мақсатымыз деп түсіндік. Өз ұлтының салт-дәстүрін бойтұмардай қастерлейтін нағыз ұлтжанды азаматтардың жанқиярлық еңбектерінің арқасында журнал төрт аяғынан тең тұрып, еліміздегі өзге де іргелі басылымдардың қатарына қосылып отыр.
– Нарық жағдайындағы қаражат және өзге де қиындық­тарға қарамастан алған бағытта­рыңыздан таймай, негізгі мақ­сат­тарыңызға жеткендеріңіз қуантады. Мәдениет дегеніміз ауқымды да кең ұғым, қандай мәселелерді қамтып жатырсыздар?
– «Мәдениет» журналы қазақ мәдениетінің барлық саласын – кино, театр, сурет, сәулет, музыка, археология, көрермен мәдениеті, қолөнер, қысқасы, саясат мәдениетінен бастап тұрмыстық мәдениет аралығындағы мәселелерге дейін проблемалы мақалалар жариялап келеді. Қазақ мәдениеті қай кезден бастау алады? Шыңғыс-хан қай тілде сөйлеген? Ислам дініне дейін қазақ мәдениеті қай деңгейде болды? Дін мен мәдениеттің қандай байланысы бар? Дін мен ұлттық дәстүрдің ара қатынасы қандай? Жалпы, мәдениет дегенді, мәдениетті адам дегенді қалай түсінеміз? Өз ұлтын, өз тілін сыйламайтын адамдарды мәдениетті деген категорияға жатқызуға бола ма? Өз ұлтының ұлы тұлғаларын білмей, шетелдік әншілер мен актерлердің өмірбаянын ғана емес, олардың иттерінің атына дейін білетін жас ұрпақтан болашақта қандай мәдениетті адам шықпақшы? Ұлттық театр, ұлттық музыка, ұлттық кино деген не және олар қандай үрдісте дамып келеді?..
Міне, осы аталған сан алуан сауалдарға оқырман қауым журнал беттерінен толық жауап тауып келді деп айта аламыз. Бүгінгі таңда қазақ мәдениетінің жай-күйін жан-жақты сөз етіп келе жатқан қазақ тіліндегі жалғыз журнал да осы басылым болып отыр.
– Сөзіңіздің сыңайына, ойыңыз­дың орамына қарағанда журнал алдымен ұлттық мәде­ниетімізді насихаттауды басты мақсат тұтқаны бірден байқалып тұр.
– Әр ұлт ең әуелі өз тілін қас­терлеп, өз мәдениетін танып, оны басты байлығы деп түсіне білуі тиіс. Өз тіліне, өз мәдениетіне немқұрайды қарайтын адамдардан ешқашан ұлтжанды азамат шыққан емес, шықпайды да. Өз ұлтының дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңіріп өспеген жас ұрпақтан болашақта өз ұлтының қамын жейтін патриот шығуы екіталай. Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, ұлтын сүйген, оның болашағы үшін басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалардың бәрі де жөргегінде ана әлдиімен есейіп, ата дәстүрімен ержеткендер екен. Осындай факторлардың өзі бізге үлкен сабақ болса керек.
Діл мен саясат тақырыбы да журнал назарынан тыс қалған емес. Өйткені бұл екі фактор бүгінгі әлемдік бәсекелестікте басты дау-дамай мен халықаралық ірілі-уақты қақтығыстардың негізгі себептерінің біріне айналып отыр. Жер көлеміміз жағынан әлемде тоғызыншы орындамыз деп мақтанамыз. Иә, ұлан-ғайыр қазақ даласына бүкіл Еуропа сыйып кететіні рас, бірақ халқының саны жағынан алақандай Нидерландымен тең. Осыдан келіп, демография мәселесі де біздің басты тақырыптарымыздың біріне айналып отыр. Кеңес өкіметі тарағаннан бері ха­лық саны ең баяу өсіп келе жатқан республикалардың бірі Қазақстан екен. Мұның басты себебі не? Көші-қон саясаты неге тоқтап қалды? Қазақ халқының өсуіне не кедергі келтіріп отыр? Журнал бетінен осы тақырыпқа да байланысты өзекжарды материалдар жарияланып тұрады.
Мәдениет – елдің өткені, мәдениет – елдің бүгінгісі, мәдениет – елдің ертеңі. Қазақ халқының рухани өсуіне, оның ұлтсүйгіштік қасиеттерінің дамуына, өзге жұрттың арзанына еліктеуді тоқтатып, өз елінің қасиеттеріне бас июді, бірінші кезекке ұлттық намысты қоя білудің қажет екенін журнал авторлары он жыл бойы қалам құрғатпай жазып келеді. Қазақ ұлт болам десе, ең алдымен, ұлттық намысты басты қағида етіп ұстана білуі керек. Халқының саны көп елден гөрі саны аз елдің ұлттың санасы мен намысы әлдеқайда биік болуы тиіс. Намысы мен білімі, мәдениеті мен санасы дамыған ел ғана өзгелермен иықтаса шауып, тарих шаңына көміліп, жоғалып кетуден өзін аман сақтап қала алады. «Мәдениет» журналы өзінің алғашқы нөмірінен бастап жас ұрпақты осындай рухта тәрбиелеп, қалың оқырмандарына ой салып келеді.
– Әрине, жасыратыны жоқ қазіргі басылымдар қалай десек те қаржыға тәуелді болып отыр. Дегенмен, қалтасы қалың болғанмен оқырманына ой салмаса ол да оқылмайды, өзіне тартпайды. Көлденеңнен көмек күтпей, көпшіліктің қолдауына, оқырманның сеніміне қалай ие болдыңыздар?
– Әрбір газет-журнал алдымен халыққа қызмет етеді, яғни қалың оқырманы үшін жұмыс істейді. Солармен ой бөліседі, солармен ақылдасады, солармен сырласады. Сонда ғана оқырман өзінің жанына жақын, пікірлес басылымды таба алады. Бізге оқырмандар тарапынан көптеген хаттар келіп, қоңыраулар түсіп жатады. Мысалы,«Әрбір мәдениетті отбасында – «Мәдениет» журналы болуы тиіс» деп журнал оқырмандарының бірі осыдан екі жыл бұрын редакцияға хат жолдаған болатын. Жарнама үшін жазылғандай осы бір ыстық ықыласқа толы оқырман лебізін бүгін тағы қайталап айтсақ жалаң насихат боп көрінуі мүмкін. Алайда, өз ұлтының мәдени тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, әлем жаңалықтарын біліп отырғысы келетін әрбір адам әлгі оқырманның лебізіне көңіл бөліп қарағаны артық болмас еді деп ойлаймыз.
«Оқырман ойы» деген тұрақты рубрикамыз арқылы оқырмандардың ыстық лебіздері мен ұсыныстарын он жыл бойы журнал бетінде жариялап келеміз. Ол ұсыныс-тілектер мен ыстық лебіздер біздің қызметкерлердің шабытына шабыт қосып, өздерінің алған бағыттарының дұрыс екендігіне сенімдерін нығайта түседі.
Бұдан былай да «Мәдениет» журналы оқырмандардың сенімді серігі бола береді деп нық сеніммен айта аламыз. Он жылдан бері бізді қолдап келген оқырмандарымыздың қатары бұдан да арта түседі деп үміттенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Зейнолла АБАЖАН

Лебіз

Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
– Қазақ ұлтының төл мә­де­ниеті, төл өнері сияқты киелілерінің көне замандардан бастау алып бүгінге жеткен қызықты да қым-қуыт тағдыр-тарихы туралы ең сүйіп оқылатын, ең тартымды және осы салада қазақтың төл тілінде шығатын жалғыз басылым «Мәдениет» журналы деп білемін. Бұл кеудесінде ұлтым деп соғатын жүрегі бар әр қазаққа өте қажет, бүгінгі ұрпақтың жанына ұлттық ұстанымдар мен ұлттық намыстың нәрін құятын басылым деп білемін.

Рымкеш ЖҰМАДІЛОВА, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Өзім Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында қызмет істейтіндіктен опера жанрының көпшілікке қолжетімді емес екенін байқаймын. Сондықтан осы журналды оқып, опера мен балет әлемінде қандай жаңалықтар болып жатқанын халық оқып-біледі. Өйткені, журнал алыс шалғайда жатқан ауылдар мен аудандарға, біз гастрольге бара алмайтын жерлерге таратылады. «Мәдениет» журналы жалғыз әншілерге ғана қатысты материалдарды жарияламай, өнердің көп тармақтарын қамтиды. Мәдениетпен қатар әлеуметтік өзекті мәселелерді көтеріп, көне өнерімізді, ұмытылып қалған тұлғалар мен елге аты таныла қоймаған әншілердің, ақын-жазушылар мен суретшілердің өміріне, шығармашылығына қатысты қызықты мәліметтерді жариялап тұрады. Осы журнал арқылы халыққа, елге танылып жатырмыз.

 

2015 жылдың 21-ақпанында Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Мәдениет» журналының 10 жылдығына арналған «Әсем ән мен тәтті күй» атты үлкен концерт болады. Басталуы кешкі сағат 19.00-де.
Билеттер Студенттер сарайының кассаларында сатылады.

Телефондар: 394-41-79; 274-20-62.

qazaquni.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*