Бұл әңгімеде қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлына жиырма жеті жыл жолдас болып, адал қызмет еткен Көкше Қиқымбайұлы Қарасақаудың қалай атшабары болғаны туралы айталған. Хикая Б.Байғалиев құрастырған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» Абай туралы естеліктер жинағынан алынған.
1877 жылы шамасында Абай болыс болды деген ұзынқұлақ хабар таралып жүрді. Абайдың болыс болуына қуанғандар да, күйінгендер де көп болды. Қуанғандардың көбі біреуде есесі кетіп, қолы жетпей жүргендер. Олар Абайдың әділдігінен мархамат күтетіндер. Ал, кейіп, күйінгендер – ел ішіндегі ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықты кәсіп еткендер еді. Осының екінші тобына жататын Құсайын Абайдың ұрыны жек көретініне қанық болатын. Ол үйіне келіп, әкесіне: Абай болыс болатын болыпты деп еді, әкесі: Ендеше саудамыз біткен екен, қара құлақ қасқырдың соры деп, біздің кәсібіміз Абайдың шиқанының аузына тиеді, – деп әкелі-балалы ұрылар қатты сасады. – Балам, бұл елде отырып, енді жан сақтай алмаймыз, онанда осы бастан мына көршілес Сыбанға көшіп кетелік, – деді. Құсайынның әкесі әрі-бері ойланып оытрды да: «Туған жер мен өскен елді тастап, Сыбанға барғанда не күйде, қандай халде боламыз, онан да сол Абайдың өзіне барайын» деп Қарасақау Абайдікіне келеді.
Қоңыр күз. Абай ауылы күзектен қыстауына кеше ғана көшіп-қонып, күздік соғымын сойып жатқан екен. Қарасақау сәлем беріп, кіріп келсе, Абайдың үйі лық толы кісі екен. Абай оның бетіне қарайды да:
– Сен кімсің? – дейді.
– Мен Көкше Қиқымбайдың баласымын.
– Қиқымбайдың ұры Қарасақауы сен бе едің?
– Иә, Абай аға.
Абай бұдан басқа сөз айтпайды. Үйдегі кісілермен сөзге айналып кетеді. Шай ішіп, ет жейді. Бірақ көңілдегі арман айтылмайды.
Күн кешкіреді, көп кісілермен бірге Қарасақау да қонып қалады. Қонақтардың сөз әлпеттеріне қарағанда, ішінде Абайға атшабар болғысы келетіндері барлығы байқалады. Олар ел жайын, қызмет жайын білетіндіктерін айтып отырады. Тамақ ішіп болған соң барлық қонақтар қонақ үйге барып жайласты. Алдарына салған шөпті тапалап шашып, көп ат қорада тыпыршып тұр, түн ұзақ, уақыт бір ұйықтап оянған мезгіл еді.
Қарасақау киімін киіп, аттарды жаюға қорадан шығып келе жатқанда, қасында қолына фонарь ұстаған бәйбішесі бар, тысқа шығып келе жатқан Абай қарсы жолығып:
– Қайда баруға жиналдың? – дейді.
– Алдарындағы шөбін жеп қойып, аттар тықыршып тұрған соң дәтім шыдамай, далаға шығарып жаяйын деп едім, – дейді.
– Онда жарайды, бірақ аттардан айырылып қалма, жем-шөп жеп жүрген аттар ауылына қашып, ит-құс жазым қылмасын – қонақ аты қолда тұрса игі еді, – деп үйге кіріп кетеді.
Абаймен бетпе-бет сөйлескенге төбесі көкке тиіп, төңірегі төрт құбыла болғандай болып Қарасақау қорадағы аттардың бәрін далаға апарып, таңертең шай ішетін мезгілде ауылға айдап келіп, кең қораға кіргізіп, аузын бекітіп шығады. Соны шөпке бүйірі шығып, тойынып келген аттарды көріп, Абай Қарасақауға риза болғанда, жылы шырай көзқарасын білдіріп, үйге қарай аяңдады да, бір тың ойды қорытқан пішінмен шайға отырады. Етке тойып, түні бойы қаталап шыққан қонақтар да қою шайды ішуге кіріседі.
Шайдан кейін қонақтардың қайсы бірі аттанып кетеді. Көбі сол күні тағы қонады. Кеткендердің орнына бір топ кісі тағы сау ете түседі. Күндіз-түні қойылған самауырдың, ішілген шайдың, асылған еттің есебі жоқ. Сырт көзге не бір ас беріп, не бір той жасап жатқан үйге ұқсайды. Бұрын бұл үйдің сырын білмегендер осындай қонақбастылыққа қалай шыдап отыр дейтіндей. Ал, шынында сонша топтылы қонақ үшін берілген мол тамақ Абай үйіне бір шәугім шай бергендей де болмайтын. Шайға келген қонақты қарсы алу, күту, аттандыру ауылдың сән-салтанатына айналған сияқты. Ол күні Абай Қарасақауға ешнәрсе айтпайды. Ол да өздігінен батымдылық істей алмай, Абай өзі бастап, өзі айтпас па екен деген үмітпен ұзақ күнді оздырады. Кеш қарайып, күн батқан соң, кешегі әдетімен Қарасақау ат бағайын деп тысқа шығып келе жатқанда Абай тағы жолығады.
Ол күні аттарды жайырақ айдап келіп, қонақ үйге барып шешініп жатқанда Абай оны шақыртады.
– Я, сәт, өзі бастап бірдеме дейтін болды-ау, – деп зор қуанышпен үйге кіріп барады.
– Отыр, Қарасақау, шай іш, – дейді Абай оған.
Олар шай ішіп отырғанда Абайдың інісі Оспан келеді. Амандықты сұрасқаннан кейін Оспан:
– Абай аға, атшабар алдыңыз ба? – дейді.
– Мен жақсымын дегендер толып жатыр, бірақ олардың аттарын бағуға бір-бір атшы керек көрінеді. Қиқымбайдың мына ұры баласы осында екі қонып еді, ешкім тапсырмай, өзі түн ортасында барлық қонақтың, ауылдың аттарын бақты. Түбінде ұрлығын қойса, осы адам бола ма деймін.
– Я, Қарасақау, сен ұрлығыңды қойып, Абай ағама атшабар бол, бұрынғы ұрлығыңды сұраса, шыныңды айт. Оны төлеуге өз малың жетпесе, борышыңды мен төлеймін. Борыштан құтылып, таза арық болсаң, жетіліп адам болып кетесің, – дейді.
Қарасақау қуанғанна: – Жарайды, еңбектен жанымды аямаймын, бір ауыз өтірік айтып, біреудің ала жібін аттамаймын, – деп шын уәдесін береді.
– Олай болса, қорадағы семіз көк атты ерттеп мініп, Арқатқа почта апар, – дейді Абай. Ол орнынан ұшып тұрып, көк атын ерттеп мініп, тайын жақын ауылдағы бір құдасына тапсырып, әкесіне: «Құдай жарылқады, мен Абайға атшабар болдым. Қорыққан адамның өзі пана болды» – деп сәлем айтады.
Содан былай Абайға жиырма жеті жыл жолдас болып, адал қызмет етеді.
«Құсайынов Хасеннің есінде қалғандары»
(«Жүрегімнің түбіне терең бойла» Абай туралы естеліктер жинағынан. Құрастырған Б.Байғалиев)
“ҚазАқпарат”