Руханият

Қажымұқанға қаржылай қолдау көрсеткен ағайынды екеу

Астана қаласына жол түсіп, біраз күн бас шаһарды араладым. Онда да ежелгі таныстар, ағайын-туыстар бар дегендей, бір аптаның төңірегінде соларда қонақ болдым, қаладағы мәдени, тарихи ескерткіштерді тамашаладым, қысқарта айтқанда, жаңа шаһардан үйге қанағатты сезіммен оралдым.

Осы жайлардың ішіндегі бөле-жара айтарым – әйгілі жазушы, қоғам қайраткері, бәрімізге бала жасымыздан өзінің «Тоқаш Бокин» романымен таныс Зейін Шашкиннің шаңырағында болғаным дер едім.

Жазушының зайыбы Мәриям Нұрланқызы жасы сексен жетіге келсе де, әлі күнге сергек, ширақ, бақуатты күйде екен. Менің назарымды үйдегі қабырғаға ілінген суреттегі даңқты балуан Қажымұқанның жанында тұрған екі адам аударған болатын.
– Бұл менің әкем Нұрлан мен оның інісі Абдолла, – деп жымиды Мәриям апай суретке бір қарап қойып. – Екеуі де Семейдегі белгілі көпестер болған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы атақты киізші Бейсеке деген бай бар емес пе, сол – менің атам. Оның балалары да өзіне тартып кәсіпкерлікпен айналысты.

1914 жылдың жазында әкем інісімен бірге Ресейдің Нижний Новгород қаласында өткен айтулы жәрмеңкеге қатысады. Осы жәрмеңкеге Шмидт деген немістің балуаны өз циркімен келіп, неше күн күрес өткізіп жатса керек. Үйреншікті қарсыластарының бірі келгенін естіген Қажымұқан да ат арытып жетіпті бұл тамашаға. Бірақ бай Шмидт Қажекеңмен күресуден қашқақтап, мынадай шарт қойған екен. Өзі сөреге 100 сом (целковый) тастаған неміс Қажымұқанның да осынша ақша тігуін талап етіпті. Ол тұста бір жылқының құны 3 сом екен. Отыз үш жылқының құны кедей Қажекеңнің қалтасында қайдан болсын, ашуланған балуан аренаға жүгіріп шығып:
– Әй, халайық! Маған жүз сом тігіп, мынаумен күрестіретін бір мұсылман бар ма араларыңда, жоқ әлде жігеріміз құм болып қала береміз бе?! – деп айғай салыпты.

Сол кезде залда отырған ағайынды екі жігіт қатар шығып, Қажекеңнің қолына екі жүз сом ақша ұстатқан екен. Осыдан кейін айбар бітіп, күреске шыққан Қажымұқан немісті әп-сәтте алып ұрып, жүлдені қанжығасына байлайды. Ел тарай бастағанда сол күрес киімімен жүгіріп шығып, өзіне қолдау көрсеткен екі бауырын іздеп жүріп тауып алған балуан оларға шынайы ризашылығын білдіріп, ол уақытта әркімнің қолы жете бермейтін фотосуретке түсуге шақырған екен.

Кейіннен балуан ағалары Семейге әдейілеп келіп, Бейсеке байдың балаларына арнайы қонақ болып кетіп жүріпті. Сөйтіп, ағайынды кәсіпкерлердің арқасында халқымыздың мақтанышына айналған даңқты балуан өз өнерін жат жұрттың алдында тағы бір мәрте көрсету мүмкіндігіне ие болған екен.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Естелік didar-gazeti.kz сайтынан алынды


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*