Руханият

Өтепқали Құралов: Олимпиада ойындарын ең алғаш түркілер өткізе бастаған

Олимпиада ойындарын алғаш рет гректер емес, түркілердің ата-бабалары өткізген. Қазақстанның Еңбек сіңірген бапкері Өтепқали Құралов осылай дейді. Өз зерттеулерінің нәтижесінде тұтас кітап жазып шыққан автор тарихи дәйектерді де келтіреді.

«Прототүркілер және антикалық ойындардың өмірге келуі» деп аталатын 135 беттік кітап еуразиялық көшпенділердің тарихына арналған. Басылым авторы 150-ге жуық анықтаманы, сөздіктер мен мұрағат материалдарын зерттей келе, Олимпиадалық ойындардың бастамасы болған спорттық жарыстарды алғаш рет ежелгі тәңіршіл номадтар өткізуі мүмкін деген тоқтамға келген, деп жазады khabar.kz.

«Олимпиада ойындары алғаш рет біздің дәуірімізге дейінгі 776 жылы өтті. Ал тәңіршілдік ойындар мыңдаған жыл бұрын болған», – дейді ҚР Құрметті спорт қайраткері, Еңбек сіңірген бапкер Өтепқали Құралов.

Автордың пікірінше, прототүркілер жабайы атты үйреткен соң, спорттық жарыстар өткізе бастаған. Ежелгі көшпелілерде тек ат ойындарының 39 түрі болған.  Бұған күрес, асық пен садақ атуды қосыңыз. Көне ойындардың кейбір түрлері қазіргі Олимпиада ойындарында да кездеседі. Спорт қайраткері Грекияға бұл дәстүр номадтармен бірге барды дейді.

Өтепқали Құралов олимпиада алауы енді Афиныда емес, Астана не Алматыда жағылатынына сеніңкіремейді. Дегенмен еңбегінің елеусіз қалмайтынына үмітті.

«Олимпиада ойындарын түркі-гректік олимпиада ойындары деп атауға болады. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш болады», – дейді ол.

Тек Халықаралық Олимпиада комитетінің шенеуніктері қазақстандық автордың еңбегімен танысып, бастаманы қолдайды деу қиын. Құраловтың кітабының таралымы небары – 3 мың дана.

ҚазАқпарат


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*