Руханият

Еуропадағы ер жасайтын қазақ

Темірхан – Гималай асқан қазақтың ұрпағы. 10 жасынан тері киім тігіп, 25 жасында Еуропаға барған. Қазір Kieffer generations of excellence-те ертоқым жасайды.

Қасиетті туған жер топырағынан тарыдай шашыраған қазақтың баспаған жері, бармаған елі жоқ шығар. 19 ғасырдың 80-90 жылдары Алаш қаласы Жетішатырдан Алтай мен Сауырға ауған елдің бір түйір тұқымы – бүгінгі кейіпкеріміз.

“Шөбін жеген төрт түлік мал құтырған” Жетішатырдың (Семей) қара топырағының нәрін емген аталарының тектілігі қанына тулап, Еуропаға жеткенде де өз орнын тауыпты.

Қазақтың екі қанатының бірі – ат десек, атқа керек ертоқымның орны бөлек. Қазақта “айырылысар ер ердің артқы қасын сұрайды”, “ертоқымның алдыңғы қасын есікке қаратып қояды” делінетін қарапайым ырымның өзі таным мен түсінікті, ерлік пен адамгершілікке жетелейтін тәрбиені білдірсе керек. Жалпы “ұлы халық қана ырымдайды” дейді көшпелі дала халқы.

Сол киелі ертоқым жасаудың қыры мен сырын меңгерген қазақ баласы бүгінде Германияда тұрады. Толық аты-жөні –Темірхан Тәтейұлы.

“Арғы аталарымыз Зайсанда тұрған”

Ұлы аталары Зайсан төңірегін мекендеп, кейін Алтайға ауған атақты Зуқа батырдың ауылының адамдары. Кейін тағдырдың тауқыметімен Қытайға қараған Алтай беті “Зуқа батырдың шаһит болуымен” бірге бастарынан бақтары да таяды.

Қайда барып арқа сүйеп, кімге барып паналарын білмеген ел жан-жаққа ауа бастады. Гоминдаң Қытай мен Моңғол үкіметінің тепкісіне түсті. Кейін Гоминдаң Қытай мен коммунистік қытайлар арасындағы соғысқа айналған зобалаң кезде ол жақтағы қазақтың екі түйенің ортасында қалған шыбын секілді қорлық көргені белгілі.

Зайсаннан Алтайға, Алтайдан Баркөл арқылы Құмылды басып, Гансу мен Шиңхайға ауған елдің көрмегені жоқ еді. Сол кездегі жергілікті билік таласында қазақ екі жаққа да көздеріне шыққан сүйел болып көрінді. Оған енді Гансу мен Шиңхайдағы Дұнған әскери дара билеушілері қосылды.

Заман бораны айдаған ауылдың ақыры Тибетті артқа тастап, Гималай асып Кашемирге жеткені белгілі. Сол көштің ішінде Темірхан ағамыздың әкесі Тәтей марқұм да болыпты. Іскер де шапшаң, қысылтаяң кезде тез ақыл табатын Тәтей атамыз Зұқа батырдың ұлы Сұлтаншәріп тәйжінің (ауыл басы дәрежелі мансап) туысы ғана емес ең сенімді серігінің біріне айналған.

Бұл туралы Қытайда тұратын, жасы желпісті желкелеген немере қарындасы Күмісай Нұрпейісқызы былай деп еске алады.

“Ел ауа көшкенде біздің ауыл көшпеуді ұйғарып қалып қойды. Сұлтаншәріп атамыз “Тәтейді қалдырмаймын” деп ертіп кетіпті. Әрине бірге көшкен елдің амандығы үшін мұндай азаматтардың қолдан келгенше көмектескені белгілі және аталас інісін қимаған болса керек”.

Бұл 1950 жылы болатын.

Тәтей қажының Түркияға көшіп келгенде тіркеу орнында алынған суреті. Суретте жұбайы Зиза мен шешесі

Тәтей қажының Түркияға көшіп келгенде тіркеу орнында алынған суреті. Суретте жұбайы Зиза мен шешесі / Жеке мұрағаттан

“Түркияға көшіп келгенде алғаш туған балалардың бірімін”

Ауыл 1950 жылдың қыркүйегінде ауыпты. Артта жау. Бүйірден Тибет әскері тағы тықсырып, елдің Кашемирге ауған жолын бөгеп тастапты. Ел ақыры мұзды таудан асуға мәжбүр болған.

Кашемирге барып қоныстанған қазақтардың ең үлкен мәселесі “әйелдердің бала көтермеуі мен түсік тастап, ұрпақ ермеуі” болды деп еске алады көнекөз қариялар.

Сонымен Сұлтаншәріп Зуқаұлы бастаған ел ақыры ұрпақ үшін көшкен соң, ауасы мен климаты жақпаған Кашемирден де кетпекші болып шешеді. Сұлтаншәріптің Біріккен Ұлттар ұйымына жазған өтінішіне жауап 1953 жылы келеді. Бұл кезде елдегі оқыған білімді азамат Дәлелхан Жәнімханұлы қатты көмектесіпті.

Осылайша босқын ел ақыры түбі бір түркі жұрты Түркияға келіп, естерін жиыпты.

– Мен 1955 жылы 15 шілдеде Түркияның Ыстамбұл қаласында туылыппын, – деп бастады әңгімесін Темірхан Тәтейұлы. – Түркияға көшіп келгеннен кейін бір жылдан соң. Сосын осы жылы Түркия үкіметі Ниде қаласынан жер және үй беріп, қазақ босқындарын сонда орналастырды. Менің балалық шағымның 15 жылы сол жерде өтті.

Әрине, аттың жалы, түйенің қомында есейіп, таулы-аңғарды мекендеп, көшіп үйренген ел үшін қалаға қоныстанудың қажеті шамалы еді. Сонымен көшкен елдің өтінішіне сай Түрік үкіметі таңдаған жерлерінен ойып отырып, ауыл салып берді. Бұл – Алтай ауылы болатын.

Әкесі Тәтей қажы, інісі Өмірхан және қарындасы мен үлкен қызы

Әкесі Тәтей қажы, қолындағы немересі Арай, інісі Өмірхан (оң жақ шеткі) мен Тұран (ортадағы) / Жеке мұрағаттан

10 жасынан бастап киім тіге бастаған

– Әрине, өмір сүру керек ғой. Әкеме ілесіп, тері қолғап, байпақ тіктім. Оқуды да тастаған жоқпын.

Қолына тебен мен бізді қатар ұстаған баланың еңбекшілдігі мен табандылығы көпті риза қылған. Тәтей атамыздың отбасы 1970 жылдары тіршіліктің жағдайына, сауданың ыңғайына қарай Ыстамбұлға көшіп келіп, орналасыпты. Темірхан енді үлкен тері тон мен тері шалбарларды тігуді үйреніпті. Нәпақасы да жаман болмаған.

Түркияда әскери міндетін өтеген ағамыз 1980 жылдарға дейін киім тігумен шұғылданған.

Түркиядағы қазақ футболшылары. Артқы қатарда солдан 3 адам Темірхан

Түркиядағы қазақ футболшылары. Артқы қатарда солдан үшінші тұрған Темірхан / Сурет жеке мұрағаттан алынды

“Аустрияда да 17 жыл тері киім тіктім”

Темірхан Түркияда да тұрақтап тұрмапты. Бұл – Еуропадағы өндіріс саласына еңбеккүш көптеп керек болған дәуір болатын.

Атасының көшпелі ғұмыры оны енді Еуропаға барып бағын сынап көруге итермелеген. Сонымен Тәтей отбасы 1980 жылы жұмыс күші ретінде Аустрияның Вена қаласына келіп топ ете түскен. Әрине туысқан ағайындарымен бірге.

Мұнда да өз кәсібі – тері киімдерін тігумен шұғылданған. Аустрияның ұлттық киімдерін теріден тігіп, шығарыпты. Тілді де үйреніп, қоғамға да сіңіскен. Балалары оқуға барып, жағдайлары да жақсарыпты.

Мұнда табаны күректей 17 жыл өмір сүрген. Аустрия азаматтығын да алған.

“1996 жылы Германияға көштім”

Сонымен қанымызда бар көшпенділік тағы да көшуге сүйреген. Темірхан ағамыз осымен үшінші рет, бұл жолы Германияға көшіпті. Ондағы себеп – жұмысқа шақырыпты. Бір жағынан ет жақын ағайындары да сонда тұрады екен.

“Құдай берген екі ұл, бір қызым және немерелерім бар. Жұбайым Зейнеп Мюнхендегі бір бала бақшада қызмет істейді. Екі қызым тұрмыста, өз кәсіптерімен айналысады. Ұлым Германия телекоммуникация компаниясында істейді”, – дейді Темірхан ағамыз.

Сонымен 1847 жылдан бері ертоқым жасаумен айналысатын немістің атақты Kieffer generations of excellence компаниясына жұмысқа орналасады.

– Компаниямызда ағылшын, мексика және басқа үлгідегі ерлер, басқа да ат әбзелдері, атқа арналған сабындар шығарылады. Әр ердің зауаттан шыққандағы бағасы 800-900 еуродан басталады. Әлемнің түпкір-түпкіріне дейін жеткізіліп отыр.

Бәйге аттарының арқасына қона қалатын ағылшын және неміс ерлерінің өтімі де керемет, – дейді ол.

Темірхан жұмыс орнында

Темірхан ағамыздың жұмыс орны / Сурет жеке мұрағаттан алынды

Kieffer generations of excellence – әлемдегі ең мықты ертоқым зауыты

Темірхан ағамыздың айтуынша, Англияның ханзадалары мен ханымдары пайдаланатын ертоқымды да осы компания шығарады. Ағылшын патшайымының ат фирмасының өткен жылғы тапқан пайдасы 30 млн еуроға жуықтапты. Міне бұл Еуропа елдерінде де ат мәдениетінің және атқа байланысты жарыстар мен бизнестің жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек.

Оның үстіне еуропалық байлар ат ұстап, бәйгеге жаратуды – ақсүйектіктің белгісі және бабаларға жасаған құрмет ретінде қарайтыны белгілі. Kieffer generations of excellence компаниясы – осы ат құмар тұлғалардың ертоқымын дайындайтын бірегей кәсіпорын.

220 жылдан бері ертоқым жасаумен айналысатын компанияға жұмысқа Темірхан кездейсоқ келген жоқ. Компания басшыларының арнайы сынағынан өткен соң, алынған. Тәжірибесі мен табандылығы, жұмысқа мығымдығы әрі қызығатыны ұнаса керек.

Темірхан – бұл компанияда ең үздік қызметкер болып танылыпты. Оның үстіне ердің сапасын жақсартып, өзгерістер енгізу барысында “көшпенді халықтың ұлы” ретінде Темірханның ақыл-кеңесіне де жүгінген кездері де аз болмапты.

Содан бері осы компанияда жұмыс істейді.

Ағылшын ері мен қазақ ер-тұрманының салыстырмасы

Ағылшын ері мен қазақ ер-тұрманының салыстырмасы / Сурет жеке мұрағаттан алынды

Ерді арнаулы тапсырыспен де тігеміз

– Ертоқымды стандарт бойынша да, тапсырыспен де тігеміз. Себебі әр жылқының бойының биіктігі, шоқтығы мен жаясының аралығы, кеудесінің кеңдігі, қапталының үлкендігі қатарлы параметрлерін өлшеп алып, сол жылқыға арнап ертоқым жасаймыз, – дейді кейіпкеріміз.

Қазір әлемде жылқы түрлері көп болған соң, олардың өз параметрлері бар екен. Онда ағылшын, мексика, HUAWEI ері деген маркалары мен спорттық ер, классикалық ертоқым түрлері бар.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда көбінесе қазақ ері мен орыс ері пайдаланылады. Қазақ ерінің ерекшелігі ертоқымның ағаш қаңқасы бітеудей немесе қарағайдан және басқа қатты ағаштардан ойып шабылады. Ағаштың астына киіз тоқым, ағаштың үстіне көпшік немесе ер көрпесі бекітіледі. Атты ерттеген кезде ердің астына терлік салынады. Үзеңгі орнатылып, төс айыл мен шап айыл, өмілдірік пен құйысқан салынады.

Балаларға арнап ашамай ер жасалады.

Ол көбінесе өте жұмсақ иленген теріден жасалады екен. Ерге зат байлау үшін қанжыға бекітіледі.

Әйелдерге арналған ертоқым көбінесе алтындап, күмістеп жасалады. Міне бұл біздің халқымыздың ертоқым мәдениетінің өте жоғары екенін білдірсе керек.

Қазақ ерінің еуропалықтан айырмашылығы

Қазақ ерінің айырмашылығы – қаңқасы ағаштан әрі екі қасы биік келеді. Себебі, қазақ таулы жерлерде көп жүретіндіктен ер үстіндегі адамның тауға шыққанда және түскенде алға не артқа сырғымауы үшін жақсы, әрі ердің қасынан ұстауға керек.

Оның үстіне шу асау аттарды үйреткенде де осындай ерлер өте қолайлы. Үзеңгі бауы да теріден қабаттап тігіледі. Бұл үзеңгіні шірене тепкенде үзіліп кетпеуі үшін керек.

Ер адамның ерінің қасы ұстауға қолайлы болады. Ал әйелдерге көбінесе жуас ат мінгізілетіндіктен ердің қасы жалпақ әрі биік етіп жасалады.

Еуропа елдерінің ерінің сүйегі қатты емес, жұмсақ болады. Себебі, олар көбінесе бәйге үшін немесе жазық жерде көбірек жүретіндіктен болса керек. Десе де мексика ерлерінде қасы ағаштан орнатылатындары да бар.

Қазақ ері мен Еуропа ерінің қаңқа сүйегі

Қазақ ері мен Еуропа ерінің қаңқа сүйегі / Фото informburo.kz

Әкеміз мұз құрсанған Гималайдан асыпты

Тағдыр тәлкегімен домалаған қазақтың басы қайда бармаған. 1950 жылы Сұлтаншәріп көші Қайыз сахарасы арқылы Тибетке өтті.

Ол туралы әкесі Тәтей марқұмның айтуынша “Арттан қуған жау, сол бүйірден қыспаққа алған Қаратау моңғолдары мен тибет әскерлері де қаша көшкен елге ауыр шығын әкелді. Жаугершілікке үйренген азаматтар бір жағынан соғыса шегініп, бір жағынан ауылды жылжытып көшіріп отырған екен. Ал алды барлау үшін шолғыншылар жіберген”.

Тибет жоталарының қарлы бораны мен сиреген ауасы да елге ауыр тиген. Қардан қашып, жота-жоталардың жалымен ілгерілеген кезде жазыққа үйренген түйе малына жүру аса қиынға түседі.

Әкем Гималайды асқан қазақ

Әкем Тәтей қажы – Гималайды асқан қазақ / Сурет жеке мұрағаттан алынды

Түйелердің табаны тайғанақтамасын деп мұзға киіз төсепті

Онсызда табаны жалпақ шөл қайығы енді Гималай жоталарының басында тізіліп кетіп бара жатыпты. Тайып кеткендері жүгімен қоса шатқалдарға құлап күл-талқаны да шыққан.

Мұндай қысылтаяң кезде ер-азаматтар мұзды беткейлерді шауып, тар соқпақ жол салған және сақтық үшін оған киіз туырлықтар мен үзіктерді кесіп-кесіп, төсеп отырған.

Бұлай істегенде түйе де, басқа ел де таймайды екен. Алайда ауыр жұмыстан терлеген азаматтар бірден суық боранға ұрынғанда тер қатып, өкпені суық алып, ауырып қайтыс болыпты.

– Сирек ауадан тұншығып, ыс тиіп (биік жерде оттегі жетіспейді және жолда жерде жатқан нәрсені көтергенде астынан улы газ шығып, адамдарды уландырады екен), денесі тесіліп ауырғандардың көбі сол мұзды шатқалдарға беті жасырылып қала берген. Ондай кезде тек сәбилердің кіші дәреті ғана “Ыс тиуге қарсы дәрі” ретінде көмектесті”, – деп еске алады Темірхан ағамыз.

Әкемнің бес баласы мен алғашқы жары Гималай тауында қалды

Фәзилә Сұлтаншәріпқызы ел ауғанда 16-17 жастарда болған екен.

– Гималайдан асқан кезде соғыспен бірге қарлы боран мен мұздан көп қорлық көрдік. Тіптен, малға жейтін шөп табылмай қалғанда түйе мен жылқыға малдың етін берген кездерімізде болды. Ашыққан түйе мен жылқы бәрін жей беретін. Себебі, біздің бар сенген көлігіміз осы түйелер мен аттар еді.

Тәтей ағамның да Гималай тауында бес баласы мен алғашқы жары қалды. Кашемирге келгенде Сұлтаншәріп әкем өзіне қарасты ауылдағы барлық бойдақтар мен жесірлерді үйлендірді. Себебі, кейбірінің әйелі қайтса, кейбірі жесір қалған. Сұлтаншәріп олардың барлығын әмеңгерлік жолымен үйлендіріп, қайтадан түтін түтетіп, ұрпақ қалдыруына мүмкіндік жасады. Сонда әкем Тәтей ағама “Ұрпақты боласыңдар. Ұрпақтарың бақытты болады” деп айтқаны әлі көз алдымда. Сол айтқаны шынымен келді ғой. Жарықтықтардың жаны жәннатта болсын”, – деп есіне алады 82 жасқа келген кейуана.

Фәзилә Сұлтаншәріпқызы. Астанаға қонаққа келгенде. 2017 жылы

Фәзилә Сұлтаншәріпқызы. Астанаға қонаққа келгенде. 2017 жыл / Жеке мұрағаттан

Түрік ағайындардың көмегін ұмытпақ емес

Қазақ ұрпағы үшін өмір сүреді. Сол көзі жасқа, көкірегі мұңға толған қаймана ұрпақты түбі бір түрік ағайындар құшағына алды. Көшіріп алып, жер берді. Үй салды. Оқытты, тоқытты.

Темірхан ағамыз да – сол оқыған-тоқыған жандардың бірі. 10 жасынан іс тігіп, еңбекпен шыныққан бала өз қазағымен қоса түркі жұртына алғысын жеткізіп отырды.

Біз үшін қазақтың тәуелсіздігінен артық қуаныш болған емес

– Біз қазақтың тәуелсіздік алғанын Еуропада естідік, – деп еске алады Темірхан аға. – Бізге мұндай ұлы қуанышты інім Өмірхан Алтын жеткізді. Өмірхан інім – ол кезде Азаттық радиосының қазақ бөлімінің тілшісі болатын. Еуропа мен Түркиядағы ағайын-туыстар бір-біріне телефонмен хабарласып, құттықтап жаттық. Еурпадағы көп қазақтар қуанышты хабарды естігеннен кейін ертесі жұмысқа шыққан жоқ. Тойлады.

Ал ақсақалдарымыз бен ақсамайлы әжелеріміз “шүкір намазын” оқып, тәуелсіздіктің мәңгі болуын тілеп жатты. Тіптен, Түркияда хан көшенің ортасында мал бауыздап, құрбан шалғандары да болыпты.

Темірхан жұбайы Зейнеппен бірге қазақстанға туысшылай келгенде

Темірхан жұбайы Зейнеппен бірге Қазақстанға туысшылай келгенде / Сурет жеке мұрағаттан алынды

“Інім – қазақтың тәуелсіздігін алғанын әлемге ең алғаш жариялаған қазақ”

– Өмірхан інім сол күні, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда (дүйсенбі) кезекші журналист ретінде Азақттық радиосының студиясында болыпты. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаны туралы хабар Алматыдан жеткеннен кейін жарты сағат ішінде хабар дайындап, тікелей эфирде бүкіл әлемге сүйіншіледі.

Міне, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш еді, – дейді Темірхан ағамыз.

“Қазақстанға көшіп кеткім келеді”

– Еуропадағы қазақ жастары еуропалық білім алып, тәрбие көрді. Отбасымызда қазақша тәрбие береміз. Алайда ол да жеткіліксіз.

Бабаларымыздың құтты мекені – Семей, Зайсан өңірі. Оның үстіне кіндігімізді қазақ жеріне байлағымыз келеді. Сол үшін Қазақстанға да жиі барамыз. Туыстарымызды аралаймыз. Енді кейінгі ұрпақты солай бейімдеу керек.

Өзім де зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қазақстанда тұрсам, білген өнерімді өз қазағыма үйретсем деп ойлаймын. Әрине, аталарымыз ұрпақ үшін қан төкті, Гималай асты. Ал олардың ұрпағы – біз қазақтан алыстап, басқа ұлтқа сіңіп кетсек үлкен трагедия емес пе?! Ата-бабаларымыздың аманаты мен өсиеті қайда қалады? – деген Темірхан тарыдай шашылған қазақтың біреуі ғана.

Тағдырдың жазмышымен әр елде жүрген қазақ ұлының кішкентай жетістігі үшін ата жұрт – қазақ еліндегі ағайындар да қуанады. Мақтанады. Тілектес болады.

Біз де Темірхан сынды ағайындарымыздың ата жұртқа оралып, елінің құшағында, байтақ жерінің төсінде еркін де елеулі болып өмір сүргенін, ұрпақтарының ата жұртта тамыр жайғанын қалаймыз. Әрі елге шақырамыз!

Тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз аман, алыстағы ағайындарымыздың маңдайы жарық болсын!

informburo.kz

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*