1940 жылдары Қытайдағы ұлт-азаттық күресінің белді сардар батыры, Оспан Ісләмұлының қанды көйлек серіктерінің бірі болған атақты Нұрғожай батырдың естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз. Кітапты баспаға дайындап ғылыми түсініктемесін жазған: Ыстамбұлда тұратын ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара.
МҰСА МЕРГЕННІҢ ШӘЙІТ БОЛУЫ
Үлкен Қаптыққа барсақ, алдымызда Көксеген тобы бар екен. Сонымен мыңға таяу адам болдық. Кіші Қаптықтан Үлкен Қаптыққа бара жатқанымызда, жолдан қашып келе жатқан екі Сарбас жігіт кезікті. Оларды жер шарлауға үкімет жіберіпті. Оларды ұстап алдық. Бірақ, олар шынын айтқандықтан қоя бердік. Үлкен Қаптыққа бардық. Онда аң көп екен. Қорымыз болмағандықтан ашығу шықты. Гансуға бару да қиын болды. Ал тіпті Алтайға барудың өзі де қымбатқа түсетіндей. Сондықтан Баркөл елін бұзуды ойладық. Мұса мерген мынаны айтты:
– Мен Қалқаны шалып келейін. Артымызда не бар екен? Сендер бір күн тұрып біз келген соң кетіңдер.
Осыны айтқаннан кейін ол 60 адаммен жүріп кетті. Ертеңінде ерте Мұсаның әскері мен Қалқа әскерінің соғысып жатқан хабары жетіп келгендіктен Ырысхан біраз адаммен жәрдемге жүріп кетті. Оның артынан біз бара жатқанда, жиырма неше адам бір адамды өңгеріп келе жатқанын көрдік. Мұса мерген оққа ұшып кетіпті. Барлығымыз жыластық. Жыласып жатқанымызда екі айырплан келіп бізді көріп кетті. Біз Мұсаны аманат Қойсу дейтін жерге қойдық. Бұл жер түнкелі, шилі өзен болып кеткен жер еді. Айтылуына қарағанда Мұсаның оққа ұшқаны былай болыпты: “Осы жерге бізді іздеген Монғол қарауылы келіп түседі. Оның үстіне Мұса да қарауыл жібереді. Мұса келіп олармен атысып төрт адамды алып түсіреді.
Монғол қарауылы жатқан жер қалың ши болғандықтан Монғол әскерлері шидің арасына кіріп жатып алады. Мұса мерген қандай жерде ши бүлкілдесе, сол жерді дәлдеп атып отырып барлық әскерді өлтірді. Ең ақырда жас бір бала:
– Ағатай мен қазақ едім. Бағынам, – деп айғайлайды.
– Онда мылтығыңды тастап өзің кел, – деп Мұса кеудесін көтергенде, оның жанында жатқан екінші бір адам Мұсаны атып жібереді. Оқ Мұсаның дәл маңдайынан тиеді.22 Мұсаның атқан оғы оның мылтығының аузынан кіріп құлағынан шығып кетеді.”
Сонымен Мұса өлді. Орны толмас қайғылы қаза болды. Бүкіл армия болып жер бауырлап жылап аза білдірдік. Тағдырдың ежелден бізді аямағандығын түсінетін едік. Бір Мұса бір дивизия жауды тоқтататын мерген әрі батыр еді. Алланың Мұсаға жіберген қазасының кімді аяғанын түсіну қиын. Жантүршігерлік езгіге ұшыраған біз қазақтарға Алланың тигізген бір көмегі осы болды. Мұсаны жерледік. Жеті қой сойып хатым шығардық. Оның үстіне әскерлер арасында аштық кіре бастады. Біреудің тамағын біреу ұрлап жеді. Семіз малдарды ұрлап сойып жедік. Жағдай ауырлап барады. Ырысхан, Ақтеке “Гансудағы Адубай еліне барсақ” дейді. Екінші біреулер (27) “Ат арық, жолда су жоқ. Азық жоқ. Елге баралық. Ел ішіне кіріп әлденіп алып ат семіргенде, қыста жердің бәріне қар жауғанда кетелік” десті.
Осындай тартыс кезінде Масғұт, Қапсәмет молдалар кітап ашып “Мұндай өлу шәйіт емес, қатын-баланы қорғап жүріп өлсең шәйіт” деп шариғат сөйледі.
Мұса мерген өлгеннен кейін Ырысхан оның орнына Жәметті белгілеп:
– Мұсаның аталарынан тарихтан бері мерген кетіп көрген жоқ. Алда тағы бір мерген туғызып берер. Мына Жәметке дұға қылыңдар деген еді. Көпшілік дұға қылған. Ал енді Мұса өлтірген әскер бар. Артынан жәрдем келсе ол жердегі мылтықты ала алмаймыз. Осындайда мылтықты алалық. Осыған кім барады? – деді.
Бірінші болып мен жазылдым. Онан соң тағы Кәрім, Қинаят, болып төрт жігіт жазылдық. Арғынбек пен Ырайысхан моллалар көздерінен жас ағызып бата берді. Мен қарауылға барғаннан кейін төбеден жауған қардай ыра жөнелдім. Тақыр жыраның үстінде, төбенің ортаң белінде Қалқаның әскері шатыр тігіпті. Жүгіріп барып шатырдың ішіне кіріп кеттім. Қалқаның оғы құйып тұрды. Шатырдың ішінде екі жәшік оқ, бір былғары қоржын оқ бар екен. Шатырға кірген соң оқ атылмай қалды. Шатырда одан басқа зат жоқ екен. Шатырдың іргесінен Қалқаның әскері жатқан шиге қарасам сары жарғағымен (28) теңкиіп өліп жатқан әскерлерді көрдім. Мылтықтары да жанында екен. Біраз ойландым. Мергендердің оғы азайып еді. Соларға Алла жәрдем етсе осы оқты жеткізейін дедім де, қоржынды мойныма салып 1.800 оқты көтеріп алдым. Сөйтіп шатырдан шығып, қайта Ырысханның жанына жетіп келдім. Барлығы шулап:
– Оқ бер, – деді. Ырысхан екі жәшік оқты оларға бөліп берді. 600 оқ өзіме қалды. Ырысхан тағы мынаны айтты:
– Нұрғожай 1.800 оқ әкелді. Өлген әскерлер көп екен. Барлығы мылтығымен жатыр дейді. Қалқадан әскер келіп құтқарып кете ме екен? Осыған тәуекел деп көретіндерің бар ма?
Ырысхан маған қарап:
– Нұрғожай сен қайтесін? – деді.
– Аллаға тәуекел мен кірейін, – дедім.
Сонымен он екі адам жазылдық. Біз он екі адам төрт жақтан бөлініп алып, ұран салып кірдік. Оқ жауып кетті. Сонда да аман-есен шиге барып, ілініп жата қалдық. Талғатбек жаралы болып қалды. Ол маған:
– Бұлардың арасында тірі адам бар көрінеді. Сақ болыңдар, – деді.
Өлген бір әскердің иығына мылтық қойып бір адам бізді атып тұрды. Ол маған жақын жерде тұр еді. Мен тәуекел деп соған ұмтылдым. Арт жағынан жетіп барсам, ол жаралы адам екен. Ол бұрылғанша, қылышпен ұрып қалдым. Құлап кетті. Мойнындағы нағанын, қолындағы мылтығын тартып алдым. Монғолдың бүкіл әскері түрегелгенде, аңдып отырған мергендер бірден бірден атып жібергенде, алдымызда жау қалмай қалды. Шидің арасынан үш бесатар алдым. Оның екеуін ағайындарымыз алды. Жаудың барлығы 46 адам болып біртұтас жойылды. Ішінде екі пулемет, екі миномет, бір автомат, бір маузер бар жиыны 48 құрал түсірдік. Одан 33 құралды біздің Шақабай тобы алды.
Жауды жеңіп, артқы қосымызға қайтып келдік. Екі күннен кейін Ырысхан жеті түйе сойғызып, Мұса мергенге хатым түсіртті. Бүкіл әскерлер жиналып (29) болғаннан кейін Ырысхан сөз сөйледі. Ішімізде ел адамдарынан Ақтеке үкірдай, Шамғұн мерген, Үмітбай батыр, Оспан батыр, Есімхан үкірдай бар еді. Ол кезде Ақтеке мен Есімхан екеуі де сырқат еді.
Ырысхан өз сөзінде:
– Жолдастар қан кештік. Қаза көрдік. Қатын балалардан айрылдық. Сонымен қатар бұл жолы бізге ерекше ауыр тиген жағдай, соғысқа бел шешіп қатынасқан ержүрек батыр, атқан оғы жерге түспейтін Мұса мергеннен айрылдық. Бізге ауыр қаза, тіпті орны толмайтын қаза осы болды. Мұсаның ата-бабасынан мерген бір үзілмеген еді. Сондықтан Мұсаның орнына баласы Жәметті, Мұсаның атына мінгізіп, қаруын асындырып қойдым. Алдарыңыздан өтсін. Дұға қылыңыздар. Осы жолғы, Мұса мерген оққа ұшқан соғыста, өте қиын бекіністе жатқан және осы замандық қарулармен мұздай қаруланған жауды Нұрғожай, Ақтайлақ сынды екі адамның батырлығымен жойып, соншама қару-жарақ түсіріп алдық. Бұл -осы екі адамның батырлығы. Көзбен көрдіңіздер. Сондықтан осы екі адамды батыр деп таныдық. Батырлық атақ бердік. Отырған көпшілік дұға қылыңыздар, – деді.
Хатым аяғында бүкіл халық, бүкіл армия осы үш адамды алдарынан өткізіп бата берді.