Шежіре

Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр(5)

1940 жылдары Қытайдағы ұлт-азаттық күресінің белді сардар батыры, Оспан Ісләмұлының қанды көйлек серіктерінің бірі болған атақты Нұрғожай батырдың естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз. Кітапты баспаға дайындап ғылыми түсініктемесін жазған: Ыстамбұлда тұратын ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара. Басы өткен жариялымда

АЛТАЙ ТАУЫНА ШЫҒУ

Осы кезең үшін жау әскерлерімен үш күн атыстық. Төртінші күні өзіне қараған 200 адаммен Көксеген үкірдай бағынып кетті. Оның бағынып кетуі біз үшін ауыр, мұңды жағдай болды. Сөйтіп отырғанда, Тақырбастау, Сарбастау жағынан Сүлеймен батыр өз адамдарымен жетіп келді. Олар қыс бойы тыныш жатып, аттарын семіртіп алған екен. Сүлеймен келгеннен кейін жау әскерлері шегініп Шіңгіл ауданына кетіп қалды. Біз Сүлейменмен бірлесіп, өзеңді құлдап Ақыт мешітіне барып жиналып, сол жерге жұма оқыдық. Шағыролдың аузымен Секпілтайдан кесіп өтіп жайлауға шықпақ болып, мидай жазыққа жүрдік. Жау әскерлері бізді Алтайға шығармаудың барлық тәсілін істеп жатты. Алтайдың жері қиын. Ондағы қалың орманға шығып алсақ, жау үшін қымбатқа тоқтайтынымызды олар да әбден түсінген. Жау жолдың бәрін алып қойған.

Бізге қандай шығын берсек те жауды жарып өту керек болды. Көп адам шәйіт болды. Ақыт ұлы Ибат молла, Кәбіл Шөкеұлы, Нұрнейіс батыр (молқы), Зал зәңгі жаралы болды. Біздің осы хабарымызды естіп үкімет Секпілтай, Шанқаңда отырған елді айдап, Шіңгіл ауданына апарып жинады. Ақыт қажы тұрғын елдерін, Салық елдерін Көктоғай қаласына апарып қамады. Ырысхан әскерімен бірге Шеруші, Қарақас Қалел ауылы еріп бірге шықты. (33) Біздің ішіміздегі доғалы ауылдары Құжырты Доржыға шығып кетті. (Ол жер Тұрғынның басы еді.) Осындай жағдайда Ырысхан:

– Партизан күштерді ел арасына бөліп сіңдіріп, жер-жерден атыс қозғап, жаудың есін шығару керек. Және ел ішіндегі мықты жігіттерді құралдандырып, оларды атысқа тәрбиелеу керек. Алтай тауының жері мықты. Жау болса жер сырын білмейді. Сендер жер сырын білесіңдер. Қаша соғысу, қуалай соғысу, жарды орманға қамап төрт жақтан бірдей жою, жауды шаршату, қажыту керек, – деп жер сырынан мықтап пайдалануды баса көрсетті.

Қолдағы құралдарды теңшеп байланыс жасап отыратын адамдарды белгілеп қоя берді. Біз Ырысхандардан бөліндік. Ағамыз екеуміз Арал Шақабайының ішінде едік. Қарашораға бекініп алдық. Ол жерде сегіз күн жаттық. Сол жылы сол тауды қыстаған Қыбырбай Майтас деген Шыбарайғыр бар екен. Сонан бір қой алып жедік. Тоғызыншы күні түнде жүріп Қалелдің Тасбастауынан өтіп, Түнкенің арасындағы бір төбеге келдік. Сонда түнеп таңертең тұрсақ күн тұман екен. Жанымызда жақын жерде жаудың қарауылы бар екен. Арғылтай жақтан музика даусы естілді. Бағып қарасам қарауыл төбеден бір әскер бізге қарап түрегеліп сиіп тұр екен. Ағамды оятып көрсетіп едім.

– Атып жібер, – деп бұйырды.

Атып жібердім. Құлап түсті. Арғы жағынан тағы біреу шыға келді. Оны атып жібердім. Екеуі де өлді. Бұл әскер атты әскер екен. Олар мені қуалады. Ағамыз бөлек қашты. Мен қашып отырып Тасбастаудың бас жағындағы Есенқараның бір үлкен жырасына түсіп кеттім. Екі көк атты, бір қарагер атты әскер мені өкшелей қуды. Дәлдеп отыра қалып бір атып едім, қарагер атты құлап түсті.

Жау тоқтап қалған орайды пайдаланып Есенқараға шығып кеттім. Мен бекініске жеткеннен кейін жау тоқтап қалды. Айналып қоршап алған жаумен күні бойы атысып 600 оқ шығардым. Бір әскер батып жаныма келе алмады. (34) Күн бата түн жамылып қаштым. Шұлғау қараның етегімен жүріп отырып Тақырбастаудан шығып, Тұрдыбек бастауына келдім. Бұл жер қамысты, айналасы қара адыр еді. Сол жерден демалып су іштім. Онан соң атымды суарып біраз отқа қойдым. Таң ата ағам да сол жерге жетіп келді.

– Сенің атқан мылтық даусыңды естіп отырдым, – деді.

Ағайынды екеуміз Бұраты ішін құлдадық. Бұл сайдың іші сойыл мен шоқпарға үйіліп қалыпты. Біраз сонда бекініп алдық. Ертеңінде өз алдына қашып бекініс іздеген Қарақас Сасықбай, Имам Ахмет қатарлы төрт адам келді. Олардың айтуынша, ел аман екен. Үйін сағынғандар жауға барып бағынып жатыр екен. Қаһарман, Зал зәңгі бағынды дегендіктен ағам:

– Олармен еріп мен де бағынайын. Сөйтіп елдің ішкі ахуалын білейін, – деп кетіп қалды.

Ертеңінде қарауылдап бір жартасқа шықсам әкем келе жатыр екен. Әкемді көріп айғайлап едім.

– Әміре қайда? деп сұрады. Мен:

– Үйге қайтып кетті, – дедім. Әкем маған:

– Мылтығың болса, бағынба. Сүлеймен, Шамғұн бағынбай Жыраты басында қалып қойды. Соған бар, – деді. Сол жерден бір доғдуадақ атып, алдымен оны пысырып жеп, бетке барып бекініп алып ұйықтадым. Сол түні Сүлеймен Қабдұл деген баласымен, Шамғұн Қопай деген баласымен мен тұрған бастауға келді. Енді қайтадан бес адам болдық. Сонымен Итекке барып бекіндік. Сүлеймен бізге:

– Қапсәмет үш жүз адаммен бағынып кетті. Оспан өз адамдарымен Аралда. Оспан бағынатын емес. Олар Жазықбай Кілби, Мардан сайының аузын және Сарсүмбе мен Көктоғай екі арасындағы жолды тосу үшін Ышқынты, Тұлтыда бекініс алып жатыр, – деді.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*