Руханият

Ат сыншының баласын

Ертеде атақты Танабай деген сыншы өмір сүріпті. Танабайдың бір ұл, бір қызы бар екен. Ұлы 11 жасқа келгеннен бастап әкесінің сыншылық өнерін үйреніп, жылқы ішінде жүріпті. Бір жылы жылқыға жау тиіп, Қалмақтар жылқыны айдағанда ішінде жүрген бала да жылқымен бірге кетіпті.

Еліне барғаннан кейін қалмақтың батырлары:

– Қазақтан әкелген жылқымен бірге еріп бір бала келді,- деп ханға тапсырып береді. Хан баланы азаптау үшін түйенің жас терісінен тон-шалбар кигізіп, қой бақтырып қояды. Күн ысыған сайын киім баланы құрыстыра қысып қинайды.

Бала бір күні қой жайып жүріп ай даладан бір жылқының қу басын тауып алады. Сыншы бала бұның әдеттегі бас емес тұлпардың басы екенін жазбай таниды. Басқа мұң шағатын ешкімі болмағандықтан, қу басты құшақтап:

– Сені тұлпардың басы деп кім айтады, мені Танабай сыншының баласы деп кім айтады,-деп күнде жылайды екен. Баланы сыртынан бақылап жүрген біреу: әлгі бала жылқының қу басын құшақтап, бір сөзді қайталап күнде жылайды,-деп ханға айтып келеді.

Хан баланы шақырып алып: – сенің жылқының қу басын құшақтап алып күнде жылайтының қалай?-деп сұрайды. Бала кезінде өзінің әйгілі Танабай сыншының баласы екендігін, қу бастың нағыз тұлпардың басы екенін айтады.

Хан: – сенің әкең сыншы болса, өзің әлде қашан қурап қалған қу басты танысаң, онда сен нағыз сыншы болдың. Олай болса маған осы елден бір тұлпар танып тауып бер. Мен сені азат қылып қоя берейін,-дейді. Бала мақұлдығын беріпті. Сонымен хан баланың қасына екі адам қосып беріп елін аралатып қоя береді. Бірақ бала ханның елін қанша араласа да тұлпар таба алмайды. Дағдарған бала бір өзеннің жағасына келіп демалып отырса, су бетімен жылқының жалғыз қу құмалағы ағып келе жатады. Құмалақты судан алып қараса, тұлпардың құмалағы екен. Жазбай таниды.

Бұл күн Баланың басы кетуге жақын қалған соңғы күн еді. Бір кезде ханның жасауылдары да келіп қалады. Олар балаға: – хан сені шақырып жатыр,-дейді. Бала қорқа-қорқа ханның алдына келеді. Хан ақырып: – сенің бір тайпа елден бір тұлпар таба алмадым дегенің өтірік,-дейді.

Дәт тақсыр, мен тұлпардың өзін таппасам да, құмалағын таптым,-дейді бала.

-Оны қайдан таптың?

-Су жағасында отыр едім, суда ағып келе жатқан тұлпардың құмалағын көрдім.

Бұл сөзді естіген хан дереу жасауылдарын шақырып, өзенді өрлетіп сұрау салдырады. Жасауылдар өзеннің басы жағында ағаш кесіп жан бағатын бір отбасының жалғыз торы шолақ аты бар екенін анықтайды. Мұны естіген бала «сол атты барып кқрсем» дейді. Сөйтіп бірнеше адаммен әлгі кедейдің үйіне келеді. Расында оның арқасы жауыр жалғыз торы шолақ аты бар екен. Бала көрген жерден аттың мойынынан құшақтап; «міне тьұлпар деген осы» дейді. Бала астына мініп барған семіз атын кедейге беріп торы шолақты алып қайтады.

Ханға қайтып келген соң:

-Мына аттың сүйегіқара кемік, қанжілік болып кеткен. Мұның өнері үш жыл баққаннан кейін шығады. Үш жылғы бағымына үш арық ат бересіз. Оны осы атты баптауға істетемін,- дейді.

-Егер бұл тұлпар болмай шықса қайтесің?

-Онда менің басымды алыңыз.

Хан баланың айтқанын істейді. Бала торы шолаққа үш арық ат қосып, шөбі соны, суы тұнық бір жерге апарып бағады. Бір жылдан кейін үш арық аттың біреуін сойып, жілігін шағып көреді. Екінші жыл және бір атты сойып көреді. Бірақ әлі де сүйегі ағармаған, жілік майынан қан арылмаған екен. Үшінші жыл ақырласып қалғанда, қалған бір атты жіне сояды. Сонда оның сүйегі бірақ ақ жілік, ішінде таза тұнық май болып бабына келген екен. Бала атты алып ханға келеді.

-Мен тұлпардың өнерін елге көрсетемін. Сіз үлкен бір той істеп, еліңіздегі атақты жүйріктерді түгел жинаңыз. Бұл ат сол жүйріктермен бәйгеге қосылады. Атты мен өзім мініп шабамын. Бір шартым, бәйгеге шабардың алдында олай-бұлай шауып қыздырып, аттың терін шығарып аламын,-дейді.

Хан баланың сөзіне мақұл болып дүбірлі той жасайды. Еліндегі не бір саңылақтардың бәрін жинайды. Бала өзі баптаған тұлпармен уәде бойынша олай-бұлай желіп жүріп, етін әбден қыздырып алғаннан кейін ханның харсы алдына келіп, хан отырған шатырдың пердесін қамшымен қайырып тастап:

– Жә, ханеке, сіздің қолыңызда он жыл тұрдым. Оның көп бөлігін қорлықпен өткердім. Енді хош болыңыз,- деп тақымын бір қысып тұра шаба жөнеледі. Ханның жиналған көп сәйгүліктері жабылып қанша қуғанымен, бала мінген торы тұлпар шаңын да көрсетпей адастырып кетеді.

Баласының қайғысынан Танабай сыншы да, бәйбішесі де қайтыс болып кеткен еді. Үйде жалғыз апкесі ғана қалған болатын. Әпкесі ұйқтап жатып түс көреді. Түсінде жалғыз бауыры ойпа, жерден орғытып, белең жерден қарғытып келе жатады. Және ол былай дейді:

«әпке, мен елге бір күншілік жер қалғанда құлағыңды салып тыңдасаң, дүбір естіледі. Сол дүбір естілген кезде жібек арқан тауып керіп қоярсың. Мен мінген тұлпар соған иегін сүйеп барып тоқтауы мүмкін. Егер арқан керілмесе тұлпар өзін-өзі тоқтата алмай не өзі жазым болады, не мені мерт қылады»,- дейді. Әпкесі сол күні а, құдайлап ақсарбас айтып түрегеліп, «Жалғыз бауырым туралы жақсы түс көрдім, дереу жібек арқан дайындайық»,-дейді. Біраұ мұның сөзіне біраз ел сенбейді. Тек бір қаря: «Танабайдың тұқымында бұрыннан сәуегейлік қасиет болушы еді, осы қыздың айтқанын істеп көрейік»,-деп ауыл адамдарын жинап жібек арқан дайындатып қояды.

Қыздың айтқанындай бір кезде тұлпардың дүбірі естіледі. Жібек арқанды керіп тұрғанда жарым күн дегенде, ауызынан ақ көбігі бұрқырап, екі алдыңғы аяғы төсіне тарс-тарс тиіп, үстіндегі баланың тартқанына бой бермей келе жатқан тұлпар, жібек арқанға келіп иек артып барып өзін әрең тежейді. Сөйтсе баланың қолы тарта-тарта әбден қарысып қалған екен. Топталғандар баланың қолын тізгіннен әрең ажыратып, аттан түсіреді. Бала ел-жұртымен амандасып көрісіп, ұлы дүбір той жасап, аттың сыншысы болып әкесінің орынын басып, кейінгі өмірін бақытты өткізіпті.

Ел аузынан жазып алған: Бидақмет Мұқайұлы.

«Алтай қаласының халық аңыз ертегілері кітабынан»

 

 

 

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*