Руханият

Семейдегі “Алаш арыстарының” үйі

Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай. Абай заманында Әнияр Молдабаевтың үйі болған. Абай Семейге келген сапарында осы үйге келіп тоқтаған. Әнияр Молдабаев1856-1934 жылдары аралығында өмір сүрген. Абай ауылының азаматы, Шыңғыс болысы, Тобықты ішінде Әнет руынан. Әкесі Қожабай ағаштан түйін түйген бесаспап шебер болған.

Әнияр ұлы Абайдың тәрбиесін көрген адам. Данышпан ақын дарынды бала Әниярды Семей қаласына әкеліп, «Русско-киргизское училищесіне» оқуға табыс етеді. Бұл  оқу орнын ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ балаларын оқытуға үкімет әдейі арнап ашқан. Патшаның кеңселеріне керекті қазақ тілмаштары мен көмекшілерін, жалпы ұсақ шенеуніктерді сондай мектептерде әзірлеген.

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Әниярдың прототипі Данияр Қондыбаев деген атпен берілген.

Абайдың талап етуімен Әнияр Ресейде біліп алып, адвокат куәлігін алған соң елге оралады. 1917 жылдың сәуір-мамырында «Алаш» партиясына кірген. 1917 жылы Ә.Молдабаев Семей облыстық қазақ комитетінің съезіне қатысып, оған мүше болып сайланған. Алаш облыстық комитетінің қазынашысы. Семей облысы Земствосы жиналысының мүшесі, Семей уездік қазақ соты жиналысының мүшесі, Земск банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Ә.Молдабаев Семей қаласында көпес Москвиннің үйін Абайдың көмегімен сатып алған. Кейін Абай өзі бала-шағасымен келіп тоқтайтын үй болғаны мәлім.

Абай және Шәкәрім, Абайдың балалары Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай Семейге келгенде осы үйге тоқтаған. 20-жылдары мұнда М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов тұрған. Ә. Молдабаевтің өзі Алаш зиялыларының бірі болған.

Әниярдың үйі 1944-67 жылдары Абай мұражайы болды, одан 1988 жылға дейін балалар кітапханасы болып, 1990 жылы Абай мұражайына қайта берілген. 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» атты жаңа мұражай экспозициясы ашылды. Абай мен Алашты байланыстыратын бірден-бір үй осы болып табылады.

Қазір ғимарат Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына қарайды.1969 жылы осы әсем үй қиратылатын нысаналар тізіміне еніп, бұзылып кете жаздады. АбайтанушыТөкен Ибрагимов облыстық атқару комитеті төрағасы Екейбай Қашағановтың қабылдауына кіріп, үйді аман алып қалды.

Оның өтінішіне Қашағанов мырза «Остановить, восстановить!» деген бұрыштама соғып берген. Сөйтіп, ғимарат қиратылатын үйлер тізімінен мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне енеді.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*