Ақын өлеңдерiнiң екi томдық жинағы таяуда Түркияда Кониа қаласында жарық көрдi. Оны баспаға философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Омарова дайындаған. Кiтапқа Ақыт қажының Түркиядағы қызы Мәстураның ұрпақтары демеушi болған. 1300 беттен тұратын екi томдыққа ақынның көптеген өлеңдерiне қоса өмiрбаяны және ғылыми қосымшалар да енген.
Ақыт Үлімжіұлы жинағы Түркияда кириллицамен баспа көріп отыр. Бұған дейін Моңғолияда, Қытайда және Қазақстанда ақынның еңбектері жарық көрген еді. Кітап Түркияда жарық көргенімен Қазақстанда тарату жоспарланған.
Ақыт қажы ХХ ғасырдың бас шенінде Қытай қазақтары ішінен шыққан ғұлама, тарихшы, ақын тәрбиеші, жаңашыл ойшыл, қоғам қайраткері. Оның шығармалары бір ғасыр бойы Шыңжаң, Моңғолия және Түркия қазақтары арасында құндылығын сақтады.
Ақыт қажы және еңбектері, өкінішке орай, Кеңестік кезеңде Қазақстанда оқытылған жоқ. Зерттелген жоқ. Сондықтан ол Қазақстан үшін тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім тұлға болып келді. Негізінде ол қазақ әдебиетінде Абай мен бірге аталуға тиіс маңызды тұлға еді. Өйткені ол, кітаптары Ресей патшалығында, тіпті Абайдан бұрын жарық көрген некен-саяқ қазақ ақындарының бірі.
Міне, осы жәйтке тоқталған белгілі ғалым, әдебиет зерттеуші Тұрсынбек Кәкішев былай дейді: “Ақыт қажыны қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы әдебиетіміздің үлкен көрнекті өкілі ретінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихына кіргізуіміз керек. Ол Абайдың алғаш кітап шығаруына дейін өзінің 9 кітабын 17 рет жариялаған болатын. Мұны ескермеуге болмайды. Қазан төңкерісіне дейін осындай кітап шығарған дарын иесі қазақта өте сирек. Сондықтан Ақытты Абай деңгейлес дарындар қатарында көргеннің ешбір әбестігі жоқ. Ақытты әдебиетіміздің ірі қайраткері ретінде тануымыз керек.”
Оның кітабын Қазанда басып шығаруына жас кезінде Алтай мен Қобда арасындағы почта бекетінде қызмет істеуі себеп болған. Ол осы қызметі барысында, Қытайдың Еженханы мен Орыстың патшасы арасында болған почта тасымалдауына да үлес қосқан екен.
Осы қызметте жүріп жас Ақыт көптеген адамдармен танысады. Олар арқылы Қазанда басылған діни, тарихи жане әдеби кітаптарды алғызып оқып жүреді. Сөйтіп почта қызметіндегі Ақыттың білімі одан әрі тереңдей түседі. Сонымен қатар, оқыған кітаптарынан шабыт алған Ақыт өзі де өлең кітап жазып жүреді. Сондай кітаптарының бірін Жиһанша деп ат қойып, жараса бассын деп, Қазандағы баспагерлерге жібереді. Баспагерлерге өлеңдер ұнайды да баспадан шығарып береді. Сөйтіп Ақыттың және Шығыс Түркістан қазақтарының тұңғыш кітабы 1897 жылы баспадан жарық көреді.
Содан кейін Ақыттың көптеген өлеңдері, қысса және дастандары жарық көреді. Кейбіреуі қолжазба күйінде халық арасында тарайды. Соңғы жылдарға дейін оның өлең – дастандарын айтушылар Қытай, Моңғолия және Түркия қазақтары арасында кездесетін.
Өткен ғасырда, малдың соңында, барымтаның артында өмірін өткізген қазақ халқын дін және білім арқылы береке-бірлікке шақырған ұлы ақын осы мақсаттағы ойларын өлең қып баяндаған. Ол өлең сөзді жақсы көретін қазақ халқына сөзімді осылайша тиімді де әсерлі түрде ұқтырам деп ойлаған.
Өлеңдерімен халқын тура жолға, имандылыққа шақырған Ақыт 1868 жылы, Алтай аймағының Көктоғай ауданына қарасты Қайырты деген жерде дүниеге келді.
Ақыт алғашқы тәлім тәрбиесін ауылдағы моллалардан алады. Өзінің немере ағасы Садық Жибенұлы мен құсман Молладан сауат ашады. Осы моллалардан әліп биді жаңа меңгеріп қолы енді жазу білді деген шақта, өлеңдерін кітап шетіне жаза бастайды. Алғашқы иман шартының шетіне мынадай өлең жазған екен:
Үлімжі – біздің атамыз,
Құдайға көп тұр қатамыз.
Ғылым нұрын бір көрмей,
Қараңғы қайтып жатамыз.
Кейін Бұхардан келген Махбұболла деген ғұламадан оқуын одан әрі жалғастырады. Бұл ғұламаны, сол кездегі Молқы руының үкірдайы (болыс дәрежесіндегі шен) Жота қажы деп аталатын Жуанған ауыл балаларын оқытуы үшін шақырған екен. Ауылдағы 60 баламен бірге Ақыт осы кісіден оқиды. Ақыт өзінің осы оқу күндерін бір өлеңінде былай деп суреттейді:
Пақыр Ақыт сөйлейді әрбір тұстан,
Жастан түркі танытты молла Ғұсман.
Садық аға үйретті әліп би деп,
Танытты қат-қағазды асығыстап
Ержетіп дамолладан алдым сабақ,
Есімідұр Махбұболла асыл талап.
Бұһардың ақ сүйегі дәл өзінен
Шығады демі сайын ғылым тарап.
Оқуда, балалар ішінде, Ақыт, зеректігі және оқуға бейімділігімен айрықша көзге түседі. Балалардың алды болады. Махбұболла ғұлама да Ақытты жақсы көреді. Сөйтіп молланың ерекше ықыласына ие болған Ақыт, молланың берген Ыстанбұл жане Қазан баспа кітаптарын оқып білімін арттырады және арап тілін үйренеді.
Көзі ашық білімі молайған Ақыт жігіт болған шақта, Жуанған үкірдайдың көзіне түседі. Бір жергілікті үкімет қызметкері, үкірдайдан, почта таситын сауатты екі пысық жігіт сұрайды. Сонда Жуанған үкірдай Ақыт пен Ақыттың құрдасы Қобдабайды шығарып береді. 1890 жылы Ақыт, осы қызметіне жүрерде, әкесі Үлімжі ақсарбасын сойып ақсақалдардан бата сұрайды. Сол кездің батагөй ақсақалы Сағид былай деп бата берген екен:
Көкірегің ашық болсын,
Пәлекетің қашық болсын.
Абылайдай айбарлы бол,
Қабанбайдай қайырлы бол.
Жәнібектей жағымды бол,
Елден асқан дарынды бол,
Елді сүйер жалынды бол,
Елінің еркесі бол,
Есейгенде серкесі бол.
Ақыттың білімі терең молла деген атақ-даңқы шығады. Ауылдың балалары үшін молла іздеп жүрген Қобдадағы Ботақара руының үкірдайы Бардам мен Лайық Ақытты шақырады. Сөйтіп Ақыт бала оқыта бастайды. Сол ауылда мектеп медресе ашады. Мешіт салады.
1908 жылы Алтай, Қобда жане Жайырдан 60 адам қажыға ниеттенеді. Олардың арасында Ақыт қажы балаларын оқытқан Лайық пен Оразбек бастаған сегіз адам да болады. Артық дәулеті жоқ, қолы қысқа Ақытта қажыға баратын шама болмайды. Тек, қасиетті қажылық сапарға шығарып салу үшін ауылдың адамдарына бір күндік жерге дейін ілесіп отырады. Енді ауылға қайту үшін қажылармен қоштасқанда, олар Ақытты жібермейді. “Өзің молласың және арапша білесің. Бізге еріп жол баста. Шығынынды біз көтерейік” деседі. Қажыға мал-дәулеті шалқыған емес, Алла шақырған барады дегендей, аяқ астынан, ойда жоқта пайда болған осы ұсынысты қабылдаған Ақыт қажылық жолға түседі. Сонымен үйіне бала-шағасына ақылдасуға мұршасы болмастан, Ақыт қажы жол-жөнекей қажылармен құтты сапарға бірге аттанады. Сонда Ақыт 39 жаста екен. Мұны біз оның мына шумақтарынан біліп отырмыз:
Илаһи, саған жылап қалам алдым,
Тәуекел бар ісімді саған салдым.
Жарандар атым Ақыт –молла Тайиф,
Жасымда отыз тоғыз Мекеге бардым.
(Бұл жерде тайиф – жағымды деген сөз. Қажылық сапарында бәдәуилер оған солай ат қойған екен.)
Қажылық ғибадатын орындағаннан кейін Ақыт жолдастарымен бірге елге қайтпайды. Білімін одан әрі толықтыру үшін араб елдерінде қалады. Ол Мәдине және Шам шахарларын аралап, кітапханаларында білім іздейді. Арап тілін толықтырады. Сөйтіп айлап жатып осы білім ордаларында жүреді.
Қажылық сапардан оралғаннан кейін Ақыттың бет-беделі өседі. Өр Алтайдың төрт биі атап айтқанда, Тары, Жуанған, Бітімші жане Бұратай ақылдасып Ақыт қажыны қазылыққа сайлайды. Сонымен Ақыт қажы ел бірлігін қамтамасыз еткен әділ қазы болады. Оның ел берекесі мен тыныштығын жоғары ұстаған билігіне мысал ретінде мына оқиғаны атап өткен жөн. 1920 жылдардың іші. Шәкүрті деген жерде ұрыс-жанжал болып, Жәдік руының жігіттері Шеруші Жіптелбай деген кісіні өлтіреді. Мұның аяғы дауға айналып мәселе Ақыттың алдына келеді. Шерушінің жуандары “біз кісіге кісі аламыз, малға бітіспейміз” дейді. Ақыт Қажы бұл сөзді оғаш көріп былай дейді: “Қазақ арасында ерегес пен айқаста қате тиіп оқыс болмаса, дәл өз қолымен кісі өлтіріп өлім жазасы берілген емес. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш. Егер кісі орнына кісі аламын десеңдер, онда бітіспес, түгемес лаң туылып, сылайы раһім мейірбандық қатынас бұзылып, шабыс пен жанжал көбейеді.” Осы сөзден кейін Шерушілер райынан қайтады. Сонымен жәдік жағы жүз жылқы құн төлеп дау аяқталады.
Ақыт қажы ғылым мен, әдебиетке қатты берілген жан болғандықтан, кітапты көп жиыпты. Ақыттың ұлы Ғазездің айтуына қарағанда, Шың Шы Сай әскері Ақыттың кітабын тартып алғанда, оның 800-ден астам кітабы бар екен.
Ақыт қажы осы кітаптарды көзінің қарашығындай қорғап сақтап жүреді екен. Қысты күндері кітап сөрелерінің бетін матамен жабады. Бірақ балалары алып оқимын десе оларға таршылық қылмайды. Алайда олар кітапты жыртып, шимайлап немесе жоғалтып бір зиян келтірсе, қатты ашуланады.
Ақыт қажы халықты елдікке, береке-бірлікке, өнер-білімге, әдеп пен адамгершілікке, дінді жане салт дәстүрді құрметтеуге шақырған көптеген өлеңдер жазды. Оның кейбір кітаптары: «Кысасы Сейфүлмәлік», «Таржимайі Ахид бин Вәледі Үлімжі», «Кыссайы Ғабдүлмәлік», «Қыямат ахуал», «ерей Ишаны Мұхаммед Мүмин Хазрет».
Ол өлең жазуда өзіне қазақтың ұлы ақыны Абайды үлгі алды. Мұны былай деп тілге келтіреді:
Ақындар бізден бұрын өткен талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Солардай өткір сөзді таппасам да,
Ойымды жеткізейін құрай, жамай.
Ақыт өлеңдерінде көбінесе елді білім үйренуге шақырады. Былай дейді:
Ғылым-сәуле нұр, жарық,
Оқымай болмас құр қалып.
Термелі ғылым оқысаң,]
Жүрегіңе тоқысаң,
Көрерсің сәуле бір жарық.
Ата заңым деп қазақ,
Әр тараптан құр қалып.
Ай мен күнді ұға алмай,
Алысқа ұзап шыға алмай
Неге мәз боп жүр халық.
Осындай парасатты ғалым болған Ақыт қажының өмірінің соңғы күндері қатты аянышты жағдайда өтті. Ол 1930 жылдарда Қытайда басталған лаңда, Шың Шы Сайдың әскерлері, көзі ашық адам болғаны үшін Ақытты қамаққа алды. 1940 жылы Шың Шы Сайдың тар есік, тас босаға қараңғы түрмеде қинау мен аштық салдарынан 72 жаста шәйіт болды.
Ақыт қажының рухани мұралары әсіресе бүгінгі таңда Қазақстан үшін аса қажет болып отыр. Өйткені оның еңбектері қазақтың дәстүрлі мұсылманшылығын анықтауға темірқазық рөлін атқара біледі. Сондықтан Түркияда ақынның екі томдық жинағының жарық көруі құптарлық. Енді бұл еңбектердің электрондық нұсқасы жасалып интернет арқылы оған қолы жетпей отырған оқырман қауымға ұсынылса, нұр үстіне нұр болар еді.