Кітапхана

ЖӘНІБЕК БАТЫР – “Бабалар сөзі” 59 том

Жазайын бісмілла деп қисса бастап,
Керейдің әруақты ерін мақтап.
Жасымнан үлкендерден көп естіген,
Бұл өзі хикая еді жазса жасқы-ақ.
Жәнтекей сүйіндіктен алды тарар,
Алтыдан туған сары ру болар.
Сарыдан Бақдәулет, Бердәулет боп,
Бердәулеттен туған бір батыр ұл бар.
Дейді екен оның атын ер Жәнібек,
Бұл жайлы кеңес жаздым бір тәуір деп.
Ол бұдан екі жүз жыл бұрын өткен,
Көз көрген ісім емес дәл қазір боп.
Жазаным естігенім аңыз болған,
Сонша жыл ел керейге маңыз болған.
Сөкпеңдер мен пақырды әлдене деп,
Демеймін мұның бәрі табылды ойдан.
Бәрі де болған дейді білген қауым,
Білекпен, тілімен де ол түрген жауын.
Ат жалын тартқаннан-ақ көз жұмғанша
Есінен шығармаған елдің қамын.
Жәнекең он алтыға келген жасы,
Бұлшық етті, бура сан, зор тұлғасы.
Жауырынды, иықты, қас-қабақты,
Ер жүрек батырдың бар нышанасы.
Денелі, еңгезердей сұңғақ бойлы,
Кеуделі кеңнен толғар, терең ойлы.
Кішіпейіл, кең мінезді, кешірімді,
Тарыққанда табар ер тура жолды.
Тілеген еліне ерек берекені,
Түсінген жаудан келер әрекені.
Желбуаз жесір сөзге жан семіртпес,
Танылған жасынан-ақ ер екені.
Танылып өзі туған ел-жұртына,
Көндіріп алғаннан соң елді ырқына.
Сары үйсін нағашысын іздеп шықты,
Бірі деп үш жұртымның шыдар сынға.
Нағашысы Досымбек, Әмір деген,
Үш жүзге танылған ер сенімменен.
Дулыға, сауыт киіп, қылыш асып,
Ел жауын бет қаратпай жерге илеген.
Бүкпеген сайыстарда ол тізесін,
Жан еді тектеп мәнді сөз білетін.
Жер шалғай жалғыз қыздан туған ұлды,
Күтетін туар кезді бір көретін.
Сексенге келіп аттан түскен кезі,
Ауылдан аттап шығып түстенбейді.
Тарайды өз алдынан елдің ісі,
Тебір мен тентекке әлі күш бермейді.
Жәнекең осыларға бармақ болды,
Олардан бата, тәлім алмақ болды.
Күн туса ел басына зәуде ғалам,
Арқа тұтып салмағын салмақ болды.
Жанекең нағашымды көрейін деп,
Бір барып амандасып келейін деп.
Жүргенде жол жолдасқа Кебеш ерді,
«Жалғыз жүрме мен ертіп жүрейін» деп.
Жол алды екі сабаз дара аттанып,
Тобышақ тұлпар мініп қанаттанып.
Секілді Жанекеңнің түлеп ұшып,
Қырандай жүрген кезі аяқтанып.
Жанекең, Көбеш екеуі
Осылай жүріп кетеді.
Жүрер жолы тым алыс,
Уақыт зырлап өтеді.
Атын екі тағалап,
Киімді неше шешеді.
Сырмалы кепештен
Түгі тұтам өтеді.
Ат арық бап, өң тозып,
Тау асып су кешеді.
Ай сегіз күн жол жүріп,
Сары үйсінге жетеді.
Нағашы тегі толымды,
Досымбек пен Өмір-ді.
Жиенім іздеп келді деп,
Көңілі толып семірді.
Жиенін көріп қуанып,
Досымбек жылап егілді.
Нағашысын көрген соң
Жәнібек болды көңілді.
«Нағашы жұртың кім еді?» деп,
Сұрайтын заң бар тегіңді.
Бөгенбайлап білгіштер,
Ұқсаған байқар өңіңді.
Нағашы көңілі қуанды,
Жиенін байқап сынады.
«Ержүрек батыр болар» деп
Жиенге көңлі тынады.
Ер тұлғалы келбеті,
Досымбекке ұнады.
Аман-сәлем жауабы,
Сары үйсінге ұнады.
Сары үйсіннің кісісі,
Сәлемге келіп шығады.
Аралатып ауылды,
Қадірлеп қонақ қылады.
Мұның бәрін сол ұлы ел,
Досымбек пен Өмірдің,
Құрметі деп ұғады.
Сондай шақта бір жұмыс,
Елді қайран қылады.
Жәнібектен бір кәрі,
– Ұраның кім? – деп сұрады.
Жәнібек бұған сөз таппай,
Мүдіріп қалып тұрады.
«Абақ -керей елі» деп,
Досымбек жауап қылады.
– Ұрансыз елде береке,
Болмайды деп ұғады.
Ел басына күн туса,
Ұрандап жауға шығады.
Ұрансыз болса абақ ел,
Онан да бір туады.
Күні ертең соның есімін
Елі ұран қылады.
Сол ұран – бойдың тұмары,
Сол ұран – ойдың шырағы.
Сол ұран бүкіл халықты,
Бір төбеге жияды.
Деп қария толғайды,
Толғауында бар қайғы.
Жәнібекке бұл кеңес
Жаймашуақ болмайды.
Жанын жердей бір жегі,
Ішкен ас бойға қонбайды.
Қайран елдің түңлігін,
Қайтып қана оңдайды.
Торғайдағы шиқылдап,
Шақырады торғайды.
Атқа қонса айғайлап,
Аты ұран неге болмайды.
Осыны ойлап тықыршып,
Түнде үйге қонбайды.
Далаға төсек салғызып,
Далада жатып толғайды.
Түні бойы көз ілмей,
Түске шейін тұрмайды.
Бір күні түнде Досымбек,
Жиенін жайша барлайды.
Таңға жақын жанынан
Көреді екі арланды.
Бірі бас, бірі аяқтан
Жәнекеңді аңдайды.
Көкбөрі дарып жүргенін
Досымбек ұғып таңданды.
Жәнекеңнің тұлғасы,
Онсыз да оған ұнаған.
Екеу болса бірі осы,
Бірі болса өзі деп,
Досымбек, Өмір сынаған.
Кеудесі асыл бөксесі,
Жасық па деп жылаған.
Ақылы асқан данышпан
Азулы кәрі арыстан,
Досымбекке жиеннің
Басқа ісі түгел ұнаған.
Жәнібек сол жаз серуендеп,
Нағашы жұртта тұрады.
«Күз басында қайтсам» деп,
Көк бестіні сұрады.
Көк бестіні беруге
Балалары қимады.
«Бермесең де алам» деп
Жәнібек жиен тулады.
– Бір тайға тұрмас жиенді,
Жиен деме нағашы,
Дос-дұшпаның демей ме,
Тай құрлы жоқ бағасы.
Осы сөз жетсе құлаққа,
Жаулардың қанар табасы.
Деген кезде Досымбек
Ұлдарға кеңес салады.
– Сырты түк, іші боқ бір тай,
Жиенге шын жарады.
Бермесек мұндай бір тайды
Еліне не деп барады.
Көк бестідей жылқының
Желі де бар ғой бараны.
Соның бірі күні ертең,
Жақсы ат болып жарайды.
Жиен назы қиын-ды,
Түскен екен жанары.
Бермесеңдер қолыңнан
Еліңді ертең шабады.
Көкбөрі дарып жүр екен,
Есесін елден алады.
Осындай ер мінгенге,
Көк бесті шын жараса,
Болмағаны арманы.
Деп Досымбек қария,
Шын көңлін шертеді.
Баласының кенжесі
Сөзге көнбес ерке еді.
Соған тиген бәсіре,
Жылқы ішінде серке еді.
Оны күшпен зорласа,
Ол да тулап кетеді.
Ашуланшақ туласа
Шорт сынатын морт еді.
Сонда қатты қиналып,
Көңілін ой өртеді.
– Балаларым көнеді,
Қолқаң бір тай бермеді.
Сары үйсінге тұлға боп,
Досымбек қалай келген-ді.
Деп кінәлап жиенім,
Сөге көрме сен мені.
Тұғырдан түсіп отырмын,
Құрметтейді ел мені.
Іштен шыққан ұлдарым
Қадірімді білмейді.
Ел шетіне жау келсе,
Ат ерттеп олар мінбейді.
Әкеге бала тартпаған бұл
Бұл заман сондай күн, – дейді.
Аттан түсіп отырмын,
Тағдырыма көнгелі.
Алпыс жылдық жолдасым,
Сауытымды бергелі.
Қалқан, найза, қылышым,
Есіңе салар шал мені.
«Ат тұяғын тай басар»
Ата сөзі бар ма еді.
Көкбестінің інісі,
Көк құнанды ал енді.
Осы болды, қарағым,
Нағашының бергені.
Разы болып атқа мін,
Айтпайды теріп ел нені.
Келер жылы Абылай
Қол құрып жорық қылмақшы.
Жауына кеткен қазақтың
Кегін қайта қумақшы.
Жар салған барлық қазаққа,
Осында бір күн тумақшы.
Жарақтанып, жабдық қып,
Осыған барсаң тым жақсы.
Абақ та жатқан жалпақ ел,
Жауына жасақ құрмақшы.
Он сегізге шығасың,
Батамды бердім мен саған
Белдескенді жығарсың.
Бәлкім осы шайқаста,
Ел аузына шығарсың.
Армандаған мұратың
Қабыл болар ұғарсың!
Қазақты үш жыл бұрын жауы шапқан,
Қан төгіп малды жаулап ықсыратқан.
Айналып Алатауды, Арқаны асып,
Дайындық соған Абылай құрып жатқан.
Досымбек ұқтырған соң осы жайды,
Бергенін нағашының қабыл алды.
– Нағашы, кәрің төкпей бата бер, – деп,
Жәнекең шарт жүгініп қолын жайды.
Бата алып суыт жүріп елге келді,
Ауылдан алмас шығып жер де көрді.
Керей ел жасап құрмет жатқан ел ед,
Көбі тайқып біразы жөнге келді.
Көк құнан қыс айналып шықты дөнен,
Қысырдың сүтін беріп күтті ерен.
Құндыздай жүні түлеп, шоқтығы өсіп,
Алды-арты дөңгеленген болды берен.
Абылай жарлық шашты батыр терең,
Жиылды төңірегіне көп пен көлем.
Үш жүздің атқа қонды бар саңлағы,
 Белгісіз тынатыны арты немен.
Жосылған жарақты ерлер дүрмек құрды,
Бір толқып жүрген жерін сүрең қылды.
Керейден бар шыққаны он екі адам,
Жанекең солармен бір жүрмек болды.
Жанекең көк дөненді мініп алды,
Сауыт-сайман құралын іліп алды.
Сауыт киіп, сайланып жарақтанып,
Сыртына түгі шығып айбаттанды.
Абылай бас қолбасы, әскер басы,
Мөлшері қырыққа келген оның жасы.
Хан болып таққа мініп, үкім сүрген,
Қазақтың сол тұстағы патшасы.
Жай жатқан елін жау кеп шауып кеткен,
Елін жаулап малдарын алып кеткен.
Сол үшін бұл жолы ол кек алмақшы,
Жасақтанып жауына болып өктем.
Қалың қол жүріп кетті Алатауға,
Олжа алып келеміз деп жұртқа сауға.
Көтеріп Абылайдың алтын туын,
Ұран сап батырлары кетті жауға.
Абылай көк атты бір бала көрді,
Анықтап байқап алмай шала көрді.
Жанекең көлденеңдеп өтіп еді,
Абылай көзін салып қала берді.
Көк аты тұлпар текті жылқы ма екен,
Баланың көрінеді сұрқы бөтен.
Көк атты көкжал бөрі мінгендей-ақ,
Абылай ойға батты бұған төтен.
Бар екен қосынында нелер мықты,
Мінгені өңкей саңлақ, тым жүрісті.
Топ ішінде сыртынан байқап қалып,
Жанекең мен дөненге көзі түсті.
«Япыр-ау, мынау батыр болар ма екен,
Болмаса ат арытар томар ма екен.
Бір сынап бүгін кеште көрейінші,
Сыныма батыр болып толар ма екен».
Деп ойлап екі батыр шақырыпты,
Оларға берді былай тапсырысты.
«Бүгін кеш қоналқамыз ағаш бейіт»,
Деп сонда сол екеуін жасырыпты.
– Баланы сол молаға жібертемін,
Моладан отын ал деп үйретемін.
Әруақ боп барғанда оны шошытыңдар,
Байқайық батыр ма, ез бе мұның тегін.
Ер болса танытар ол ер екенін,
Талабы қамал бұзар зор екенін.
Жаудан олжа алмаққа бара жатса,
Бармай-ақ біліп өлсін қор екенін.
Олжа үшін балалықпен бара жатса,
Жау емес өз қолыңмен жайқап таста.
Бірің ат, бірің сауыт олжа алыңдар,
Көзім түсіп қалып ед сол көк атқа.
Қос батыр елден озып кетіп қалды,
Барды да көрге кіріп жатып қалды.
Ақшам түсе қалың қол шеру тартқан,
Молаға таяу жерге қона қалды.
Қалың қол түсіп жатыр су бойына,
Жарлығы Абылайдың тұр ойында.
Қатыбас көпті көрген отағасы,
Жұмсады Жанекеңді бір қиынға.
– Ей, балам, сенен жасы көрінбейді,
Жұмса деп тұрғандайсың өзің мені.
Қылтанақсыз далаға түнемекпіз,
Ханға бір қызмет қылар кезің келді.
Жолдағы ағаш бейіт молаға бар,
Қолыңа мықтылау бір арқан ап ал.
Ханға арнап тамақ істер отын әкел,
Осылай қызмет қылсаң сонда жарар.
Жанекең сол молаға жетіп барды,
Түсе қап көк дөненді байлап салды.
Жүгініп отыра қап Құран оқып,
Тұрды-дағы моланы талқандады.
Қабырдан екі батыр қарғып шықты,
Айғайлап, кең әлемді тар қып тіпті.
– Моламды неге бұзып жатырсың? – деп,
Ақ кебінмен ұмтылып салды күшті.
Жанекең ол екеуін ұстап енді,
– Хақыңды Құран оқып бергем, – деді.
Өлген әруақ сен түгіл тірі Абылай,
Өлгелі аштан онда жатыр, – деді.
Сөйтті де ол екеуін лақтырды,
Көрмеді тырбанғанын лақ құрлы.
Отынды теңдей қылып өңгеріп ап,
Қосқа әкеп аттың басын бір-ақ бұрды.
Осы алғаш Жанекеңнің байқалғаны,
Жүрегін қос батырдың қайтарғаны.
«Жас бала екеумізді лақтырды» деп,
Арланып Абылайға олар айта алмады.
Өздері Абылайдан тайсақтады,
Жуымай аулақ жүріп жан сақтады.
Басқаға болған істі мәлімдеуден,
Қорынды, қорғалады, ар сақтады.
Мол қосын Алатауды сағалады,
Тау асты ормандарын саялады.
Түн жүрді, күндіз жатып кей шақтарда
Ыстықта су бойына паналады.
Жанекең жатса жалаң жататұғын,
Ұйқыға үш күн, үш түн бататұғын.
Қосының алды жүріп өткен жерден,
Төрт күнде арты әрең асатұғын.
Жанекең қатты ұйқыға батқан кезде,
Демалып бір түс көріп жатқан кезде.
Кеудесінен бір суық өрлеп келед,
Жылан көрді ол көзін ашқан кезде.
Қозғалса жылан оны шағып алмақ,
Қозғалмаса кім білер қайда бармақ.
Аузын ашып Жанекең жатады еді,
Жылан кірді ауызға ін деп барлап.
Дәл сол кезде басын ол қыршып алды,
Ирелеңдеп денесі шоршып қалды.
Жанекең оның басын шайнап бүркіп,
Жаңғыртып күліп кетті Алатауды.
Бұл қосын Алатауды барлай жүрді,
Алды-арты бір-бірінен қалмай жүрді.
Жақсы ат мінген жайтаңдап топ алдында,
Жабы мінген кейбірі жандай жүрді.
Жанекеңнің көк дөнені арындаған,
Аяңына желісті ат шалынбаған.
Сол үшін озып келіп бір түбекке,
Ер Жакең белін шешіп дамылдаған.
Бір жатса үш күн, үш түн ұйықтар шағы,
Ол шақта сезінбейді ешбір жанды.
Жатады төрт борбайы төрт жағында,
Үстіне лыпа жаппай ұйықтайд тағы.
Таңғы шақ ұйқы тәтті мезгіл еді,
Бір күш көп Жанекеңді езгіледі.
Сасық дем қолқа жарып кетіп барады,
Илектеп, домалатып жез бүрленді.
Байқаса балпаңдаған аю екен,
Болғанда да ғажайып алып екен.
Тұрыстық бермей келіп түрткілеп жүр,
Аң болса да сұмырай залым екен.
Жанекең оны келіп сүйреп көрді,
Өңгеріп көк дөненге жүрмек болды.
Сол кезде артта жеткен бір тобына,
Сауға үшін қанжығаңа іл деп берді.
Оларға айтты: – Мен мұны ұрғаным жоқ,
Терісінен тебендей жарғаным жоқ.
Бір ақырған үнімнен шошып өлді,
Одан басқа бұған қас қылғаным жоқ.
Деді де көк дөненмен жүріп кетті,
Жорықтың бағытына бұрып бетті.
Сойғандар қара аюдың ішін жарып,
«Айтқаны бұл баланың дұрыс» депті.
Аузына Алатаудың қосын келді,
Дабырсыз тау сағалап тосын келді.
Соғысты ертең сәрі бастамақ боп,
Жауына Абылай хан хабар берді.
Абылай хабар берді хан Суанға:
– Келіп тұр қазақ қолы кек алғанға.
Қайтарса бар шығынды айыбымен,
Тимейміз тыныш болар біткен жанға.
Болмаса тұрысатын жерге келсін
Жөн айтпақ сауыт киген ерге жосын.
«Ысқырып атқан киік обал болмас»,
Суан хан екіден бір жөнге көнсін.
Дегенге Суан қатты ширығыпты,
Салам деп Абылайға қиғылықты.
Таң ата қалың қолмен қарсы шауып,
Аламын деп жарлапты бір биікті.
Түнімен жаудың қолы жиылыпты,
Кейі атты, кейі жаяу үйіліпті.
Кейбірі үйлерінде отыра алмай,
Орданың маңына кеп тығылыпты.
Сайланған қазақ қолы атқа мінді,
Садақ тартып, найза ұрып, сапқа кірді.
Көк қуып, кезенген қол тисін бе оңай,
Таң ата жаудың қолын қойдай қырды.
Жаулары қамын жасап болмай жатып,
Қазақтар қырғын салды ойбайлатып.
Жауы қашып, орнын қазақ басып,
Өктем күтіп сәт-сағат тұрды аңдатып.
Күні бойы соғыс болды қиян кесті,
Шақ келді қосынға да тынар кешкі.
Жауынан қалың малды олжаға алып,
Тыныш күшті қазақ қолы шығар көшті.
Бозамықтап таң атты,
Таң астына қараса,
Будақ-будақ шаң шықты.
Шаң астына қараса,
Қисапсыз көп жау шықты.
Араласып екі жақ
Қызыл қанға малшықты.
Садыр шықты бұрқырап,
Жосыды қан сырқырап.
Долан жирен астында,
Оққа ілгізбейді сырқырап.
Он сегізде жасы бар,
Отау үйден басы бар.
Қазақтан барған ерлерді,
Жер қалмады жасырар.
Садыр шықты ақырып,
Әруағын судай сапырып.
Қазақтан барған батырдың,
Айдады бәрін жапырып.
Найзасын сілтеп ұрып жүр,
Жүрген жағын сырып жүр.
Қарсы келген батырды,
Шырпыдай көрмей қырып жүр.
Жаудың қолы басты ғой,
Қазақтың қолы қашты ғой.
Ақтаңгерге оқ тиіп,
Абылай хан жаман састы ғой.
Жанекең айтты: – Барайын,
Найзамды қолға алайын.
Садырменен кезігіп,
Бір шайқасып қалайын.
Садырды жер құштырып
Долан жирен алайын.
Көбеш:
– Тоқтай тұршы, ой, балам,
Емес мынау той, балам.
Өзің оқыс боласың,
Бар ма бұған қой, балам.
Жәнібек:
– Садырменен алыспай,
Ақсүңгіні салыспай,
Іздеп келген жауменен,
Бір шайқасып қалыспай,
Тұрғыны алып атыстай,
Тұрыстық бермес тақыстай,
Босқа қайтсам ұят қой,
Қызыл қанға батыспай!
Қылыш алды қынынан,
Ойын емес шынынан.
Шу дегенде көк дөнен
Жұмырланды қырынан.
Жанекеңнің мінгені,
Бөктергілі көк дөнен.
Келе жатқан Садырға,
Тұра қалды көлденең.
Ителгідей ілісті,
Түрікпендей түрісті.
Бурадайын шайнасты,
Бұқадайын тіресті.
Айғырдайын алысып,
Сарт-сұрт етіп қалысты.
Бірінші қару жұмсалып,
Шашақты найза салысты.
Дарытпай найза қағысып,
Аңдысты да алысты.
Жұлқысқан екі арыстан,
Намысына қарасты.
Садыр сонда ілгізді,
Ерлігін елге білгізді.
Шауып келіп шанышқанда,
Көк дөненнің көтіне,
Жәнібекті мінгізді.
Ерге мініп алады,
Ашумен қайраттанады.
Сұрқылтайың осы-ау деп,
Садырға найза салады.
Садырды жер құштырып,
Долан жиренді алады.
Айбаттанып аттанып,
Айғайлап ұран салады.
Өлтірдім деген Садырды,
Дауысы жер жарады.
Долан жиренге мінген соң,
Қосынға таман қайтады.
Абылай жаяу жүргенін
Жәнекең көріп байқады.
Көк дөненді қосарлап,
Көлденең әкеп тартады.
Ханның алдын Жәнекең
Қосарымен орады.
Дөнен де болса мінің деп,
Ханға талап қояды.
Атынан түсіп құрметтеп,
Аттандырмақ болады.
Бірақ оған Абылай,
Басын бірақ шайқайды.
Қараның атын мінбейтін,
Қараны теңі білмейтін,
Төрені Жәкең байқайды.
Жол-жосын қуар шақ емес,
Елдің іші тағы емес.
Жау ішінде жүргенде,
Бұлай кергу бап емес.
Мұны жауы сезгенде
Қаптап бәрі келмей ме.
Қазақтың ханы қолды боп,
Яки мерт боп өлді деп,
Қылмай ма елді шерменде.
Соны ойлаған Жәнекең,
Әмір қылды зәрі өктем,
Абылай ханды жөндеуге.
– Мынау атқа мінбесең,
Менімен бірге жүрмесең,
Өлтіріп жауың кетед деп,
Қазақты сайқы өтед деп,
Мұндай қараң күн туса,
Сүйектен намыс өтед деп.
Бұл атаққа қалмайын,
Дауға сені салмаймын.
Жауға сені бергенше.
Ондай қорлық көргенше,
Қылышымды қандаймын!
Деп Жәнібек шамданды,
Қылышына қамданды.
Сұрқын көрген батырдың,
Ханда тақат қалмады.
«Сабыр, батыр, сабыр!» деп,
Дөненнің жалын тартты хан.
Астына ат тиген соң,
Қосқа таман тартты хан.
Жәнібек оны қорғаштап,
Жеткізіп салды қосына.
– Қауымың аман тұрғанда,
Деді ханға, – шошыма!
Соны айтып ер Жәнекең жүре берді,
Жауларын ысқыратып түре берді.
Аттан басқа олжадан оймақ алмай,
Қосқа кірді бел шешіп түнегелі.
Абылай қосқа келіп тыным алды,
Шақ қалды жан алуға мығым жауы.
Сол үшін өз адамы қылыш кезеп,
Қиюға да аз қалды шыбын жанды.
Әйтеуір не болса да болды амандық,
Сейілді басқа төнген бұл жамандық.
Ат беріп, арашалап алып шыққан
Ендігі кезек болды сол баланы ұқ.
Мінгені сол баланың Долан жирен,
Аты ғой ол кәдімгі Садыр мінген.
Садырды алып, өзімді құтқарған сол,
Оң болар сол баланың жөнін білген.
– Ей, шабарман, сен қазір атыңа мін,
Саған бір ерек жұмыс тапсырамын.
Көк дөненді майданда берген біреу,
Кез келді тапсыратын ат-тұрманын.
Жетектеп көк дөненді барып келші,
Иесі балаң жігіт тауып келші.
Атыңды хан қолынан алыңыз деп,
Шақырып оны осында алып келші!
Жетектеп көк дөненді ол аралады,
Жылқыда мұндай тұлпар санамалы.
Аралап қос біткенді жүргенінде
Жәнібек атын танып жағалады.
– Танысаң ханға барып атыңды ал,
Бұл жайлы ханның саған айтары бар.
– Ханға несін барамын бір тай үшін,
Келмеді деп ханыңа бар да айта сал.
Бармаймын шақырсаң да ханнан не алам,
Не айтпақ шақыртқанда ханың маған?
Дегеннен соң бар деп ел айтып еді,
Деді ол: – Оң тізесін берсе барам.
Хан менің елім үшін тізе берсін,
Әз басым бір құрбандық түзде өлетін.
Елімнің терезесі елмен тең боп,
Түтіні кез туса екен түзелетін.
Деген соң шабарманы кетті қайтып,
Батырдың ханға арнаған сөзін айтып.
Қалдырмай тілегенін сөйлей берді,
Бұлжытпай айтқанының өзін айтып.
Хан айтты: – Неге ертпей келдің мұнда,
Ерлігін көрсеткен ол осы сында.
Батырға кішілік қып ертіп әкел,
Сұраған оң тіземді бердім шында.
Әуелі ол Садырды алды жекпе-жекте,
Онан соң ел қорғады шығып шетке.
Оны десең қауіптен мені ап шықты,
Оғаштау сөйлегені тұрса да есте.
Сол үшін өзім барсам керек еді,
Демесін батыр мені елемеді.
Орданың ісі мені бұрылтпады,
Ертеңгі жұмыстары жеребелі.
Шабарман жетті қайта желдей ұшып,
Тізе бүгіп тәлім қып жерді құшып.
– Хан өзі сізді келіп көрмек еді,
Бұрылтпады орданың ісі қысып.
Өзің жүр жолың кіші, батыр бала,
Талабың орындалды сәтін сала.
Хан сізге оң тізесін бермек болды,
Кеп тұрмын сол хабарды айтуға да.
– Тілегім орындалса барайын деп,
Хан берсе оң тізесін алайын деп.
Атына мінді дағы жүрді солай,
Кездесіп хан сыйына қалайын деп.
Ордаға таяу келіп аттан түсіп,
Ибамен ханның келіп қолын қысып.
Қисайып оң тізеге жата кетті,
Келгендей дымы құрып мұрттай ұшып.
Жатып ап енді жөнін баяндады,
Абақтың бар жайына аялдады.
Бірі деп алты арыстың түлеп өскен,
Сол орнын әпер деп тамамдады.
Абылай бұл сөздерге мақұл деді,
Бердім бұл тілегімді ақыр деді.
– Керейді өзің жиып басқара бер,
Ордаға сүйеніш боп батыр, – деді.
Сол кезде ханға ақылшы,
Тіленші деген би еді.
Бұл жұмыстың жөн жайын,
Елден естіп біледі.
– Жерден шыққан жетіген,
Мынау неткен қу еді
Шыға сап алса оң тізе,
Ертең бәрін түреді.
Керей деген аз ғана ел
Көш соңында жүр еді.
Етектен орда тігеді.
Бір қулығы болмаса,
Басқа жоқ па тілегі.
Бүйте берсе кәрібоздың
Шайылмай ма жүрегі.
Уығы жоқ орданың
Шаңырағын не тірейді? –
Деп кәрленіп Тіленші,
Абылай ханға кеп еді.
Есіктен кіре елеуреп:
– Абылай! Абылай! – деп еді,
Сұлап жатқан тізеңде,
Мынауың кім? – деп сөгеді.
Абылай оны аңғарды,
Айтқанында мән бар-ды.
Батырға қылға сыйымды
Қызғанды деп таң қалды.
– Мұның өзі серім ғой,
Қамал бұзған ерім ғой.
Тіленші би, нең кетті,
Еркелеткен өзім ғой.
Қамал алған ерім ғой,
Мың кісілік перім ғой.
Тіленші би, нең кетті,
Еркелеткен өзім ғой.
Мұның өзі керейім,
Жаңа туған мерейім.
Жас та болса бас болған,
Жәнібек атты өренім.
Берерім бұған көп әлі
Орны да мұның жоғары.
Бұзам деме, Тіленші,
Мен істеген жораны.
Тілегін бердім батырдың,
Майын берем атының.
Ақ ту бердім қолына
Елім деген қақыңның.
Өзіне бердім бес қару,
Дулыға, сауыт таңдап ал.
Адалдық үшін төс қағу,
Батырдың серті ханға адал.
Сыйларым бұған көп әлі,
Қызметі мұның жоғары, –
Деп Абылай батырды,
Ұшпаққа бір шығарды.
Сол кезде тұрып Жәнібек,
Көтеріп басын алады.
Сөйлеуге жылдам оқталып
Назарын ханға салады.
Қанға толып кеткендей
Жалын атқан жанары:
– Рұқсат берсең, хан тақсыр,
Бір тіл қатып қалайын.
Сөз кезегі көп еді
Кезегімді алайын.
Өзіңіз берген орынмен
Бағаңызға болайын.
Елім үшін, сіз үшін
Есейейін салайын.
Қорлығы шер боп кетпесін
Тіленші деген томардың.
Деп батыр тіленгенде Абылайдан,
Тұтанып кетті батыр қоз боп жанған.
– Ал, – деді хан Абылай, – тілегіңді
Батырым, алдынңа әр кез бөгеу салман.
Жәнібек:
– Ей, Тіленші, қу аршам,
Қайдасың жауға ту алсаң?
Ер болсаң осы шайқаста
Қайдасың қайрат шығарсаң?
Жауын жеңіп елімнің,
Бодауына төрімнің,
Тізесіне ханымның,
Нең кетті сенің құласам?
Жөнімді менің сұрасаң
Он екі керей арыспын,
Аузым кере қарыспын.
Тезге салсаң түзелмес,
Ағаштан шыққан шалыспын.
Жылқыдан туған мүкіспін,
Неге көп маған бітістің?
Пендеде жоқ өштігім,
Қойда қоңыр тоқтымын.
Елім үшін айқасқа
Құрбандық үшін көп тұрмын.
Ел иесі ханымнан
Жеңілді деп жауыңыз,
Қорғалды деп тауыңыз,
Қайтты деп елге малыңыз,
Қуанды деп кәріңіз,
Үлкен-кіші бәріңіз,
Шүйінші сұрап кеп тұрмын.
Пышақ салма жетесіз,
Қансырап онда кетерсіз.
Хан сөзіне таласпа,
Туылған жансың некесіз.
Өз әкеңді сұрасаң
Бекболат деген құл еді.
Шешеңді менен сұрасаң,
Сары үйсіннің күңі еді.
Олжалап әкеп Досымбек
Шу аяқ күң қып жүр еді.
Теңім деп танып Бекболат
Нағашымнан тіленді.
Сауғаға сонда берген-ді
Туылған содан сен деді.
Сен маған мұнда сұстанар,
Хан алды қайран жер ме еді.
Бердәулет пен Досымбек
Бекболатпен тең бе еді?
Жаныңды сақтап, Тіленші,
Қыздырмастан сен мені
Жоғал мына ордадан
Тұрмасаң қазір өлгелі.
Сақалыңды демесем,
Сыбағаңды отырмын
Сілейтіп мен бергелі.
Бұл жолғы соғыс солай тынып еді,
Кек қуған қазақ жеңіп шығып еді.
Қайтарып шабындыда кеткен кегін
Қазақтар олжаға мал жиып еді.
Олжалы қосын қайта кешіп еді,
Олжа мал жерге сыймай жосып еді.
Жәнібек аулақ жүрді мына олжадан
Жүрегі бір себеппен шошып еді.
Жағалай бір өзенді ел кеп қонды,
Бірер күн сол арада еру болды.
Жәнекең өзен өрлеп жуынбаққа
Түбіне бір бәйтерек келіп тұрды.
Отырды беті-қолын жуайын деп,
Шомылып бір тынығып шығайын деп.
Қаруын шешіп ағаш басына ілсе,
Бір қыз отыр суға енді құлайын деп.
Ол қызға жалт қарады батыр сонда:
– Япыр-ау, қалай түстің мұндай торға.
Перизат секілдісің күн тимеген
Жолықтың, қалқатайым, нендей зорға?
– Жау шапты елімізді жақын күнде,
Болмады сонан бері тыным бізге.
Жан тәтті, жан сауғалап жалғыз өзім
Келіп ем осы араға кеше түнде.
Жөн білмей, жол айтуға болмас еді,
Ағат сөздің орны толмас еді.
Жөніңізді білген соң жөнімді айтам
«Жаушылықта әйел – ер олжасы» еді.
– Бәрекелді, перизат, сөзі өктем,
Айтқыздың-ау, атыңды не бір күшпен.
Менің атым – Жәнібек, ұлтым – қазақ,
Сырласайық, перизат, жерге түссең.
– Жәнібек болсаң саған айтарым бар,
Қылыш үсті серт берер жай шағым бар.
Алдымен уәде берсең сөйлесемін
Болмаса кезім емес ер сағынар.
– Уа, бәле, перизатым, тілегіңді ал,
Екі айтса ердің жүзі болмай ма қар.
Өкінбен, не тілесең бердім саған
Қалмасын көңіліңде зәредей зар.
Ендеше ер деп ұғып сырымды айтам,
Имандай өмірдегі шынымды айтам.
Өлімге бекініп ем неше күндей
Тіршілік қымбат екен соны байқайым.
Сүйгенім Садыр еді өмірлігім,
Серт еткен бір көтермек өмір жүгін.
Ол кетті елі үшін болып құрбан,
Мен қалдым тепкісінде шегір күннің.
Сол үшін мен тірліктен көшіп келгем,
Не таппақ талайсыз жан нәсіп көрген.
Кезіктің бақ пен сордың бірі боп сен,
Әуелі тілегіме жосық берсең
Соғыста әйел олжа жеңген үшін,
Кім бұзбақ жеңімпаздың мұндай күшін.
Болар ем елге серік, сөзге ақылшы
Замандас, жүрек сезіммен түсін.
Қор қылма қорға теліп жанымды ұқсаң,
Болайын мәңгі адал жар мені құшсаң.
Қадір білмес түскенше жан қолына
Ризамын қара жер қазір жұтсаң.
Зорласа атағы зор әлде кімдер,
Тілемен маған сәтке жақсы күн бер.
Басымды сол заматта шауып таста
Салмай-ақ өміріңде қырсық шідер.
Өкінбен өз жолыңа жанды берсем,
Жасаман енді тірі қанды көрсем.
Қылыш жүзі серт болсын осы айтылған
Тірліктің неге сәні арды берсем.
Серттесті осы сөзге екеуі де,
Ағаштан қыз толықсып түсті жерге.
Жәнекең алақанмен қағып алып,
Сұлуды құшырлана құшты белге.
Екеуі қолтықтасып қосқа келді,
Бұларды қосын көрді, дос та көрді.
Деген соң «ер Жәнібек қыз әкелді»
Абылай көрейін деп қосқа кірді.
Сұлуды көрген жерден көзі тұнды,
Болғандай сәт сағатта өзі жынды.
«Сауға батыр, сауға бер, – деп, – біздерге»
Хан, төре қызды сұрап көп өтінді.
– Хан тақсыр, мыңы сіздің, бірі біздің
Серті бар қызға берген ініңіздің.
Беріп ем қылыш үсті қиын бір серт
Жанына рақым қыл сорлы қыздың.
– Ей, батыр, бізге сауға бермедің бе,
Жаныңды қыздан абзал көрмедің бе?
Мен оған берген үшін баста бір серт
Айтылған албырттықпен арашамыз.
Дегенде «дат, тақсыр!» деп қыз жүгінді,
Сылдырап шолпылары тез бүгілді.
– Датыңды айт! – деп Абылай рұқсат берді,
Ел болмас қыздың сиқы тез білінді.
– Берсең айттым датымды,
Ел біліп қалсын затымды.
Олжа да болса әйел зат
Додаға салма қатынды.
Суға да түсіп жоқ болмай,
Келіппін ер деп батырды.
Оның да күні дәл қазір
Қыз менен төмен пақыр-ды.
Сертінен тайып сағатта-ақ
Салыны түсіп шатылды.
Мерт болып ерім сайыста,
Жеңіліп елім соғыста.
Басымнан бағым тайған соң
Барып ем бытқыл жынысқа.
Елімнен қалса бір тұғыр,
Қосылып саған бір ғұмыр.
Туайын бір ұл деп едім,
Әперер елдің кезегін.
Елімнің кегін алатын,
Табанға жауын салатын,
Бағайын деп ем бір ұлды
Садырдың жалғар санатын.
Жеткізбей Құдай тілекке,
Қасірет салды жүрекке.
Қасірет табын байлатып
Жеткізді ғой сүйекке.
Тоғайға сонан кіргенмін,
Құтылмасымды білгенмін.
Жастығымды ала жатпаққа
Жанымды шытқа түйгенмін.
Сол кездек елді Жәнібек,
Долан жирен танып ек.
Кек алар кезім келді деп
Сол шақта ойлап тауып ек.
Батыр аңғал алдайын,
Кеш батқанша арбайын.
Түнгі тыныш төсекте
Қанжарымды қандайын.
Садырым үшін кек алсам,
Болмас еді арманым.
Деп түсіп ем сәтті кез
Амалым қанша алдандым.
Берген өзің дәтімді,
Сөзімді айттым ақырғы.
Садыр ердің жоқтығын
Осындай ерлер ортасы
Жүрегіме батырды.
Елі үшін майданда
Жан берген Садыр батыр-ды.
Жоқтығың сенің осында
Кетірді-ау өзге хақыңды.
Найзаңның сабы сынбаса
Жау мінер ме еді атыңды,
Құл қорлар ма еді затыңды?!
Деп зарланып тұрғанда
Абылай хан ақырды:
– Алдырып ердің бетінен
Қоймаңдар мына қатынды.
Сайысып жеңген Садырды
Қорлайсың неге батырды?
Білетін болсаң ақылды
Былғайсың неге атымды?
Мынадай көңілі нәжіске
Былғатпаңдар шатырды.
Сұраған датын берер ем,
Сұрамады ақыры.
Қастыққа басып
Кек алам деп шатылды.
Кек алмақшы сылқымға,
Ұрыңдар қырық қамшыны.
Дегенде ер Жәнібек қылыш алды,
Тереңнен қыз да ышқына тыныс алды.
Жарқ етті қылыш жай отындай
Қыз басы босағаға түсіп қалды.
– Қосайын Садырыңа бара бергін,
Келмеді қыз жанына жаза бергім.
Егер сен жер бетінде тірі жүрсең
Жоқ екен ер мен елге маза бергің.
Сұлу қыз осылайша қаза тапты,
Батыр да, хан да оған жаза арнапты.
Жәнекең Абылайдың қосына әкеп
Сауғаға беріп кетті Долан атты.
Осы екен Жәнекеңнің сапары алғы,
Ерлігі егер тапқан шатағы әлгі.
Шығыпты он екі рет зор шайқаста
Бәрін де жаудан кегін қайтарады.
Жазбадым мұның бәрін қазір мақтап,
Жазғаным тек біреуі қазір нақтап.
Ол кезде сырда жүрген керей елін,
Келіпті Жәкең кейін Алтай бастап.
Жәнекең сексен жастан асқан екен,
Жауға жебір, болыпты досқа бекем.
Ақ туы ұрпағына мұра боп жүр
Тәуап қыл, елім онан нұсқа көрсең.
Атыңнан айналайын әруақты ер,
Бір кеңес өзің жайлы жазып көрдім.
Күй болған дөненіңде көк тұлпарың
«Кәрібоз» боп келеді саңлап перім.
Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,
Жауыңа жасыл түсер зордан болдың.
Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей,
Еліңді Алтай бастап Ордан келді.
Бар қазақ қасиетіңді ұғар болды,
Атыңды атап жауға елің шығар болды.
Шешендігің, ерлігің сәйкес келіп,
Әруақты атың елге ұран болды.
Осымен тәмамдалды жазған хатым,
Қазаққа ұран болған ердің атың.
Дұға қыл мұны оқыған, жамағаттар,
Алтай керей ақыны – Ақыт атым.
Теги: , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*