Майлы-Жайыр
Омарғазы Айтанұлы
Жамылған жасыл жібек Жайыр-Майлы,
Жазы бар жанға шуақ, жанға жайлы.
Баурайы күзде күзеу, қыста қыстау,
Жаз жайылау жұпар жоны кең шұрайлы.
Май аққан күреңселі бетегесі,
Бейне бір, ырсты елдің етенесі.
Болғанда майлы ағасы, Жайыр іні,
Секілді, Теректі оның тетелесі.
Шадыман шаруашы ауыл, Шаршыдағы,
Шымырлап шыңырау күй, ән шығады.
Кезеңде түйе жусап, сайда жылқы,
Қой қаптап жатыр арғы қарсыдағы.
Таза ауа, қоңыр самал беттен сүйіп,
Байшешек балбырайды, басын иіп.
Құлпырған жасыл текше, торғын беткей,
Тұрғандай қасиетін бойға жиып!
Тас бастау, бал бұлағы бал-шырындай,
Таза су-табиғаттың, ар-сырындай.
Арман не, ақын болмай малшы болсаң,
Осында жыр тұнығын аршып ұдай.
Тағы да Жайыр тау
Жәркен Бөдешұлы
Көңілім өзіңді ойлап босағанда,
Көз жасым айналады жоса-қанға.
Үсты-алтын, асты-мұнай, Қайран жайыр,
Төр түгіл, бұйырмады-ау босағаң да.
Тұратын желмен аңқып тұмса құм да,
Бұйырмады-ау, жалғыз түп жусаның да.
Топ етіп топырғыңа неге түстім,
Анамның жата бермей құрсағында …
Секілді өлең менің қарын бөлем,
Өзіңе асылымның бәрін берем.
Самайым бірге ағарып бара жатыр,
Жыл сайын жауатұғын қарыңменен.
Мен қайтып сенсіз жерде алшаңдаймын,
Санамды сарғайтты ғой сарсаң қайғың.
Жұт жылы аш қасқырлар жұтынғанда,
Арқаға ауып кеткен арқардаймын.
Қайыр жоқ қу тағдырға жауыққаннан,
Шындықтың бетін бірақ жауып қалман.
Несіне жасырайын, жайыр саған,
Әкем де осы Арқадан ауып барған.
Семірген жан емеспін қара суға,
Мәңгілік серік болмас жан ашуға.
Бір әулет күні бүгін сандалып жүр,
Жайыр мен Сарыарқаның арасында.
Тарихым ойлап тұрсам, майдан ғажап,
Күңірендік маңдайдан тайғанда бақ.
Ғасырлардан ғасырларға “Елім-ай “лап,
Көшуден көз ашпаған қайран қазақ.
Қайран қазақ жөнің жоқ болдыратын,
Қашан, қайда көшіңді қондырасың.
Асан бабам әлі отыр мұңға оранып,
Кезек шертіп қобыз бен домбырасын.
Майлы
Сәйден КӨКСЕГЕН
Сен де өткен киелі ата-бабам,
Алып қалған жүйелі бата балаң.
О, Майлы көлеңкелі гүл бетіңе,
Құшағындай анамның жата қалам.
Тіршілігім қаулаған тұнығыңнан,
Қасиетің көрінер бұл ұғымнан.
Таптым мен тарихыңды шындығыңнан,
Сақтанар атажаудың сұмдығынан.
Жаматы мен Жайырлар іргелесің,
Өмір бойы Барлықпен бір келесің.
Қоңыроба сазың тұр қоңыр салқын,
Бесігі боп рахаттың тербелесің.
Орқашар мен Алмалы, Лаба, Сүйек.
Өлеңіме оң, солың болған тиек.
Қимастықтың кеткемін кемесіне,
Қиялмастық асылын молдап тиеп.
Ірге теуіп қоныстап кең тыныстап.
Төгілмейтін бойыңнан ел ырыс ап.
Сары қымыз сапырып жатыр қазақ,
Жайып жомарт далаңдай кең бір құшақ.
Майлы сенің қоңыр дөң, төбелерің.
Бала күнде қудырған көбелегін.
Құс төсегім сияқты аунап өскем.
Көгің келіп көгінен керегенің.
Келбетіңе жарасып сұлуларың,
Көп тыңдатқан сырғаның сыңғырларын.
Осы жарық өзіңнің жұлдызыңнан,
Мәнін ұққан ғашықтық сырлы жаным.
Қыз боп өскен жан жарым қойыныңда.
Маржан салып алқалы мойынына,
Қалқып ұшқан қазыңдай қатарласып.
Ата мекен самғадық ой-қырында.
Ата-анамның өзіңде басы қалды,
Баспанамның құлаған тасы қалды.
Қиырдағы қандастар қашан келер,
Қазақ елі сол күнге асығады.
Жайыр тау
Серік Тұспханұлы
Көркем Жайыр, көсем тау, көне көзім, айбыным,
Саған жете жығылып жыламаған қай мұңым?
Өтті жылдар өмірден өз таңбасын қалдырып,
Оқиғаның қолына жетелетіп ай-күнін.
Құдыретті жайыр тау, жалғыз ғана асқарым,
Өте шықты жарқылдап өзіңдегі жас шағым.
Адыра қап арда күн, ақырында амалсыз,
Арман шоғын көседім қолыменен басқаның.
Қас қаққанша өтті ғой селтеңдеген сері күн,
Күбірлейді күйініп кеберсіген ерінім.
Алжып кеткен ақылды бала құсап алдадым,
Қожыраған үмітті сезімге әрең телідім.
Арман шыңым Жайыр тау, тарихы ну талғарым,
Өмірге кеп өзіңде ары қарай жалғадым.
Көтере алмай күндерім коргылыктің салмағын,
Өкінішім өртеніп тістеп отыр бармағын.
Айлы түнгі айқайдан дүр сілкініп байтағы,
Жартасынан жайырдың жаңғырығым қайтады.
Жоқ нәрсені бар санап кеудесімен кеткендер,
“тауық сауып, жылқының өтін іш “деп айтады.
Жалақтатып ауаны қысы қылыш суырған,
Тамыздағы тандыры құла құмды қуырған.
Тілсімдері сыр бермей қойнауынабұғынған,
Дәрі шөбін іздесең сұра барып суырдан.
Қасиетті жайыртау, жалғыз ғана биігім,
Тірлігіне қызығам сенде жүрген бүйінің.
Ала жаздай баласын арқасына таңы ап,
Бүркіп-бүркіп тастайтын
Ішіндегі күйігін.
Жайыр тауға
Мұрабек Сайлауұлы
Жайыр тау мәңгі қарлы, мұз бейнелі,
Сағынтты сұлу шоқың қыз кеуделі.
Құс қанатын талдырған құздарыңның,
Басына аспан жақын бізден гөрі.
Туған жер сеннен өзге не тілеп ем? !
Жер шетінен құшағыңа жетіп өлем.
Аманба бөрі кеуде батыр ұлдар,
Хоректенген көкпардың етіменен.
Жаралған асылдардың асылынан,
Аруларын айтсаңшы шашы құлаң.
Үкісінің үстінде торғай сайырап,
Аспанында жататын асылып ән.
Тасқыны тоқтау бермей жағасына,
Бұлағы да ағатын аласұра.
Айтар едім жайырдың тауларын мен,
Ескертікіш деп қазақтың даласына.
Қойғанша ақырғы рет омыр нүкте,
Өлеңім арналады өзіңдікке.
Атақты гіймалай мен кәвкәзің да,
Татымайды сен үшін көрімдікке.
Жасыл арша тұратын мәңгі көктеп,
Бөлтірігі ұлыйтын тауды көксеп.
Ханзада боп кетуші ем құшағыңда,
Қайыршыдай барсамда қәңғылестеп.
Қанатымен әуені сызып ұшып,
Аққу, қазы самғайтын тізілісіп.
Моржасы қисық болып тұрсадағы,
Тұтыны жататығыұн түз ұшып.
Дариға-ай! туған жерді шын сағындым,
Сағындым салған әнін сұрша қыздың.
Кезіп-кезіп қайтайын кең өлкемді,
Кербестіге ер салар туса бір күн.
Сәлем жайыр
Ерлән сарқыт ұлы
Жайыр саған жетуге әйтеу асықпын,
Көктеміңе, күзіңеде ғашықпын.
Көп болыпты-ау келмегелі өзіңе,
Көкірегімде сағынышым тасып бір.
Бұйрат-Бұйрат бура өркешті нардалам,
Белдер мынау қозы баққан қойнауы ән.
Қиял кетті қыдырыстап қырқаңды,
Қырандайын қос қанатын қомдаған.
Алақанға салып өскен осы өңір,
Ұл едім бір маңдай бағы бес елі.
Қарғам келді, қарғам келді дегендей,
Қарағандар қалбаң-қалбаң етеді.
Корген сәтте сонадайдан төбемді,
Көкше қоян көрімдікке жөнелді.
Етек-жеңі жиылмайтын неше күн,
Еркесі де, серкесі де мен енді.
Зарықтырып өтті екен қанша күн,
Сағыншты сәт сайын мен таусадым.
Сүйгім-ақ бар сүйіктімнің өзіндей,
Шопаныңның шопылдатып саусағын.
Саған жеттім сағынышым иіріп,
Қарап келем келбетіңе сүйініп.
Естілді де есімді антек жиғызды,
Үрген иыттың қыстау жақтан жиі үні.
Сәлем берем жайыр саған иіліп! ! !
Жайырға сағынш
Қуанышқан берікқан ұлы
Тауынан талай қыран қанат қаққан,
Жайырды кем көрмеймін жанәт бақтан.
Сескеніп темір тырнақ тірнегінен,
Төсінде бөрі аяғын санап басқан.
Аралап кең даланы жас қиялым,
Құшағын аңсап жұрмын бақты ұяның.
Жапырағы жамылғы шөбі төсек,
Бүлдіргені бояған ат тұяғын.
Қарақаты қабыланның жүрегіндей,
Сарымсағы балуанның білегіндей.
Жайыр сенде жантайсам қалақайың,
Жамбасыма төселген кілемімдей.
Саумалыңнан нәр жұққан қыз ұлыңа,
Әбілхаят жетпейді тұнығыңа.
Қойларың әрқарменен бір жайылып,
Тай малтап үйрек жүзген қымызыңа.
Жайырдың жаңаланған жұрты айына,
Нөсерлеп көшетұғын бұлты айына.
Басқаның ұлан байтақ кең даласын,
Жайырдың ауыспаймын бір сайына.
Дайындаған: Досбол Бейсенұлы