Әдебиет

МҰРАТБЕК МУСА: ТҮН АУНАҚШЫП ТЫПЫРШИДЫ КЕУДЕМДЕ (Өлеңдер)

АЛТЫН   ІЗДЕР

Түсім  бе  бұл?

Емес   мүлде

кіл   өңім,

Күміс  маңдай   тіршілігім   гүл   ерін.

Бура таудың бұйра бұлты  сияқты.

Жоқ қараған жолаушының бірі едім.

 

Балпаң басып бауырында жотаның,

Боз далада боздап өткен бота күн,

Көкжал мініп, соларды іздеп түсімде.

Қара Ертістен өтіп бара  жатамын.

 

Үмітімді қараңғыға жерлеуге,

Бесін ауып, іңір ерте келген бе?

Бейуақтың суық қолы жетелеп,

Түн аунақшып тыпыршиды кеудемде.

 

Бұлтқа ілініп салбыраған жұмық ай,

Түн беймаза, көкбөрі ерлік ұлымай.

Өмір қанша өкпелетіп жатса да,

Келер күннің көңілдерде тұнығы-ай.

 

Сапар алыс қар, жаңбырға малшынып,

Тұнып аспан кейде азайып таршылық.

Әр ғұмірдің таза басқан жолында,

Жарқыраған алтын іздер баршылық.

 

Алтын іздер айбаты асқақ түске еніп.

Қиял жатыр төсегінде түс көріп.

Тіміскілеп түрме түннің түбінде,

Қастандықтың қақпаны ұр тістеніп.

 

ЖИДЕ – ӨМІР

Құм қызына осы екен үйленуің,

Құмның мұңын шертеді күй көңілім.

Тікен тілін шаншиды тағдырына,

Құм бетінде қылтиған жиде  өмірім.

 

Әлі жүрмін адасып құла  құмда,

Құнарым да таусылды-ау бұл ауылда.

Көз ұшында сарғайып көкжиектер,

Байғұз үні талыққан құлағымда.

 

Жазған жырым дүренің жалтаңында,

Куә болсын сары ойпат сары таңына.

Жамбасынан жат елдің мың есе артық,

Туған жердің бір қасық талқаны да.

 

Ақын деген несі керек алтын аттың,

Бәрі өртеніп жатқанда атыраптың.

Күрең күздің құм жеген ғұмырынан,

Үзілуге таяған жапырақпын.

 

ҚЫЗЫЛ ІҢІР

 

Аяқтап күндізгі өмір сиы  мына,

Таяды қарбаластық тиылуға.

Жақындап келе жатыр көңілді ақшам,

Қонақтап қоңыр таудың иығына.

 

Ай сұлу арман егіп көңілдерге,

Төгіп тұр сүт сәулесін тегін жерге.

Зәруі сағыныштың жеттің бе  аман,

Аймала зіл кеудемді емін бер де.

 

Түн сапар, өмірім бар іздеріңде,

Үмітім бар таптым ғой іздедім  де  .

Күбір – күбір маусымдар құшағында,

Бір ғұмырмен сырласпыз біз де міне.

 

Иттер үріп жататын іргесінен,

Түмен бақыт қалтырған түн несібем.

Қызды көрсе қызғаншақ қызыл іңір,

Ол да аттанып кетті ме жыл көшімен.

 

Қоңыр тау, қожыр белде бұйратталған,

Олар кетіп, біз қалдық

миноттармен.

Қасиетті ғасырдың еркелері,

Мен іңірге әлі өлең силап келем.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*