Алтай тауы барша таудың бабасы
Қарт Алтайым, тау бабасы жал – құздар,
Жер көтермес жерден ауыр қайғың бар .
Жүрегімнің ашты зарын қозғайды,
Қара түнді қалжыратқан байғұздар.
Қоңыр таудың қасыса жел арқасын,
Ескірмейді ескі әуенім _ жартасым.
Қоңыр кеште күңіреніп қобыз үн,
Қоғалы Ертіс , алысқа жол тартасың.
Көкжал ерлік түнге білеп түмсығын,
Жанарына жасырады түн шығын.
Тау киесі, тау перісі _ Бөрілер,
Дала рухы _ сенің әр тал қылшығың.
Қарай-қарай қайран Алтай бұлдырап,
Ақ Қабаға мұңын қосқан мың бұлақ.
Арман далам аңырайды артымда,
Сағыныштан сарғайған бір, жыр құрап.
Жалғап жатқан Алтай, Сауыр арасын,
Жер түбі емес, Жеменей, құт даласың.
Мұзтауың тұр Демежандай қасқайып,
Сан тұлпарлар тасына ұрған тағасын.
Сары таңдардан сағым орнап санама,
Алтай… Алатау… бәрі алмасып бара ма?
Сағыныштан ішіп тұрмын У құйып,
Үңірейіп … Үліңгірдей шарама.
Жастық дәурен жарау аттай желгенде,
Өшкен үміт… өкініштер… ермен бе?
Қос жанардан құлдап егіз тамшылар,
Қос Шіңгілдей қосылады кеудемде.
Түс те көрем шым- шытырық мұнарда,
Араласып айғай, аттан, ұранға.
Кейде марқұм Өтемісше жыр төгіп,
Сайырды асып, жол аламын Қыранға.
Асқар Алтай, солай көзден өштің де,
Бұлт ғұмырлар, бұлаң қағып көштің бе?
Сұлу Қанас, Сұмдайрықтар қайда екен?
Бір суық жел үзілмеген Көксінде .
Көшіп келе жатқандай- ақ бау- бағым,
Керуен болып ауылдар мен ауданым.
Тыным таппай кезіп кетем қиалмен,
Көктоғайдың тыртық – тыртық тауларын.
Міне менде сағыныштар сан тарау,
Бәрі уайым жүрекке жүк артам-ау.
Өскен жердің өр тұлғасы тым бөлек,
Ең бақыт күн _ сағыныштан шаршамау !!!
Балбалдар мен сынтастар
Батыр бабам, қай тауда қалды арманың,
Биігінен биік болып заңғарлардың.
Қанатыңмен сүртсеңші қарылғаштар,
Сора- сора көз жасын балбалдардың.
Ау, сынтастар, балбалдар бөктердім мұң,
Жылайды жүрегімде өшкен үнім.
Ғұндар менен Сақтардың ескерткіші,
Панасы мен даласы көкбөрінің.
Солардікі балбалдар, куә бәрі,
Бөкен тау, боз адыр мен жуалары.
Кім біледі?
бей уақыт Балбал тастан,
Естіледі ескі күннің жылағаны.
Қосылып қоңыр кештің жылағаны,
Таратып түн қойнына бұлақ әнін.
Ысқырған садақ үні, еңіреп ел,
Ғұзар шыңнан көштердің құлағаны.
Керуен ғасыр, кербез таң, ғұлама күн,
Нені айтады мынау тас сұрамадым.
Нені айтпайды қара тас – балбал бабам,
Қағылған қара жердің сыналары.
Ессіз маң, егіліп мен қайда барам?
Ұлиды көкжал ерлік айналамнан.
Жүрегіңді кеміріп тасбауыр жер,
Топыраққа түбінде айналар жан.
Адыра қалып арман – ой, асау қайғы,
Өшер бәрі, уақыт жасармайды.
Көбелекке айналса ұлы рухың,
Қарақшыдай басыңа тас орнайды.
Ол да сынтас, балбал болып ертеңдерге,
Ғұмырыңның архивін көркемдеуде.
Тірлік үшін тынымсыз күресеміз,
Жауыздықтың қолында өртенбеуге.
2010 жыл. Көктоғай
Балқаш лирикасы
Айдыныңнан аққу зары – күй ескен,
Балық шоршып, байтағыңа гүл өскен.
Тұнығыңнан сусындауға кеп тұрмын,
Таңнан таза тәп – тәтті бір тілекпен.
Келіп тұрмын тәп – тәтті сол тілекпен,
Ақын аз ба айдыныңды жыр еткен.
Бейіш көктем сеуіп салқын сәулесін,
Сырғып жылжып кетіп жатыр түн еппен.
Тұрғаныңмен тымық, тыныш айна айдын,
Білем сенде шөгіп жатқан бар қайғың.
Нәр жеткізген гүл мен құмның ерніне,
Су перісі, саған өлең арнаймын.
Ғасырлардан толқыныңда мың қайғы,
Жағаң мүлгіп, іңір сыңсып тыңдайды.
Нұрдан таза тұнығыңды аймалап,
Кәусарыңді бар тіршілік жырғайды.
Жалғап жатқан екі өлкенің арасын,
Берекеңе зәредей жоқ таласым.
Сағынышын, орталатсын саған кеп,
Аңсаған жан Үліңгір мен Қанасын.
Жеткеніме, шүкір саған, тұнық көл,
Жүрегімнің әр лүпілін ұғып көр!
Көлдерге әкеп көлді жалға құдырет,
Қалған еді қара тауым сынық бел.
Қалған еді ортасында Жылым көл,
Жағалауын жәйлау еткен бұрынғы ел.
Шақырайын қоғаларды қобыз ғып,
Әулие мен Әмбиенің жынын бер!
Араласқан сол арманмен, жаспен де,
Лирикамның ақ мекені нақ сенде.
Жер жәннәті Жетісуға кеп тұрмын,
Ақыныңа Ана көлім, аш кеуде!
Мамық толқын, еркелейін жатсынба,
Емеспін мен жын мен пері, бақсың да .
Халық деген қара орманда жоқшымын,
Елеңдеген өлең тұлпар астымда.
Менің иттерім
Итаяқтан ақы тілеп үргенге,
Маң төбетім жатыр ұйқтап іргемде.
Мен несіне күзетпеймін даламды,
Кәрі төбетім есік бағып жүргенде.
Шыжың кейде көң қораны бұлғайды ,
Қолыма алып тұра қуам ырғайды .
Сару оның табиғаты екенін,
Ит бақпаған қайдан білсін бұл жәйді .
«Бассыз үйдің иті осырақ» дегенге,
Бар клеткам қосылады денемде .
Музыкасын тыңдап жатыр қаланың ,
Кейбір иттер біз баспаған еденде .
Шұбыртатын сілекейін таңдайдың ,
Бөріде емес, итте болар қам- қайғы .
Көрші ауылдың көк төбетін талайды ,
Менің итім шайындыға тойған күн .
Атпайтындай ақ даланың ақ таңы ,
Ол үрмесе, ішкен асым батпады .
Еркелікті көтере алмай иттігі ,
Байқаусызда балтырымды қапқаны .
Иттер ит қой, адам _ адам. екі есім,
Мәңгілікке отаспай-ақ өтерсің .
Адамбыз ғой , ит емеспіз ақылсыз ,
Айырмайтын атасы мен көкесін.
Сағыныш дәптерінен
Біреулер мәз, байлығына сүйіне,
Ал, жетім мен жесірлердің күйі не?
Құлағымда секонттардың шуылы ,
Айналамда мұздай суық дүние.
Көкжиекке қадам санап түн еппен,
Шамшырақтар барады өшіп жүректен.
Шырылдайды баба рухы – жетім құс,
Қанатына ізгіліктен гүл еккен.
Көріп күнде қақыраған ай нұрын,
Қоғалардың қобызында қайғылы үн.
Дүлдүл жылдар шоқтығына жармастым,
Уақыттың арқыратып айғырын.
Аспан мен жер, гүл менен күн сүйіскен,
Сен де сондай сағынышқа тиісті ең.
Амалсыздан ақылымды арбайды,
Боз жусандар бұрқыраған испен.
Балық шоршып, бақа ойнаған өзендер,
Қоңыр адыр, қоян қашқан кезеңдер.
Бәрі – бәріне өмір берген табиғат,
Тек, солардың тазалығын сезем мен.
Ақымақтар аязына қарылып,
Тентірейсің зарығып та, тарығып.
Жарық ғалам қызығына малынып,
Өлмей жүрсең, өр ғұмырдың бәрі құт.
Ғасырлар-ай, арман жылдар, апталар,
Әр минотта уайым көп, бақ та бар.
Дүркіреген тіршілікке ілесіп,
Әр сағыныш, әрбір таңға аттанар.