Алтай аңызы / Әдебиет

Талапбек АЗАНБАЙ: НАР ТӘУЕКЕЛ (Дастан)

Ақын Талапбек АЗАНБАЙ 1965 жылы ҚХР-ның Шыңжаң, Алтай аймағы Алақақ өңірінде дүниеге келген.Үрімжі Кәсіптік Кәдірлеруниверситетінің Экономика басқару мамандығын оқыған. Шыңжаң көлеміндегі түрлі басылымдарда поэма-өлеңдері жарық көрген. Белгілі ақын Өнерханұлы Талапбек АЗАНБАЙДЫҢ «Алтын тау салтанаты», «Қыран меруерті»,«Ғасыржыры»атты жыр алыманахтарында жәнетүрлі мерзімдібасылымдарда өлең-тоғау, баллада және поэма-дастандары жарық көріп оқырман қауымның жақсы ықыласына бөленген.

Түркия елінде бір топ өлеңі түрік тіліне аударылып «CURBETIN SESI» атты кітапқа еніп жарияланды. Ақынның қаламынан шыққан «Баһадүр Ботақара», «Аққаптал», «Қарагер», «Көкжалдар Жортқан Құбажон» дастандары, «Бабалармен Сырласу», «Далалықтың Дауысы», «Ақордам», «Қайрау», «Көкжал ақын немесе бір шумақ жыр» қатарлы Лирикалық поэмаларының орыны бөлек. «Алтайым-абыз мекенім»,«Қос жеңге»,«Бауырлар-ай», «Сағындым сені »,«Көтерген Алаш ақ туын» аты өлеңдеріне әндер жазылып айтылып жүр.

Республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері. «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл»медалының,  «ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі» медалының, «Қазақстан авторлар қоғамы»медалының, Халықаралық «Таңжарық» әдеби силығы медалының иегері.

«Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы» Энциклопедия еніп 1- дәрежелі Дипломмен мараппатталды. «Жүректен мың бір тіл қатып», «Көкжалдар жортқан құба жон» атты өлеңдер жинақтың авторы.

               ӘЛҚИССА

Алтайым – атамекен, ар асылы,

Өзіңде туған талай дана асылы.

Ғайыптың ішке жиған ырыс-бағын,

Сенде екен дүниенің бар асылы.

 

Үстің ну, астың алтын кен асылы,

Қашанда бірге өзіңмен ер асылы.

Әлемге танылса да алты құрлық,

Ішінде сен екенсің жер асылы.

 

Жазғаным ағат кетсе кешір менің.

Құны артар Тәңір берсе несібеңнің.

Бетінен нұр тайғанша күткен ару,

Елім деп жауға аттанған есіл ерін.

 

Шындықты жазар тарих бір күн елім,

Өткенің ғажап сенің  сылқым керім.

Құланды ат қып мініп атой салған,

Кезінде мекені едің түркілердің.

 

Қарайтын болашаққа сенімменен,

Жағынып әсте жауға берілмеген.

Данышпан туды талай көсем, батыр,

Езіліп қайран жұртым, елім деген.

 

Ақпас шың, тауың биік,  көк тіреген,

Өзің деп жазар мендік өткір өлең.

Жан беріп жан алысып қан майданда,

Кетті ерлер елім үшін деп түлеген.

 

Бабамның десі сенде асып туған,

Жататын ақ ордаң нан тасып думан.

Өзіңе қызықтырып дүниені,

Алтай ең  абыз мекен ғашық қылған.

 

Ұрандап, мен мұндалап салмай аттан,

Туған жер атың шықса қандай мақтан.

Шөктіріп желмаясын Асан Қайғы,

Сен бе деп,  жер жәннатты таңдай қаққан.

 

Тербетсе заман талай тар бесігін,

Кейінгі айтар ұрпақ ар кесімін.

Өмірден көшіп талай ердің ері,

Тарих боп бізге жетіп қалды есімің.

 

Басқа ешкім жетпесе де арыныңа,

Бір келкі тұрмас тағдыр қалыбын да.

Жас емес, екі көзден қан ағызып,

Дүние айналдырдың зарды мұңға.

 

Өзіңде алтын Алтай көшіп қонып,

Ел болдық Керей деген өсіп, толып.

Кір жуып, кіндік қаның төгілген жер,

Тербеткен қайран мекен бесік болып.

 

Ту ұстап тұлпар мініп төсіңде ерен,

Шапқан жер жасырамын несін сенен.

Жазылар арқауысың дастанымның,

Елісхан дара туған есіл ер ең!…

КЕҢЕС

Алтайдың жасыл кілем гүл құшағы,

Төкен күн мейрінен нұр құшады.

Мамырлап айдыныңда ақу-қаздар,

Қанатын жайып көлге бірге ұшады.

 

Жауса сел күн күркіреп жасын ұрып,

Қарайды қара жартас басын бұрып.

Өтпейтін ит тұмсығы бітік орман,

Ағады Ертіс нуға жасырынып.

 

Өзіңді жетемін деп танып, бойлар,

Тай-құлын шапқан төсте салып ойнақ.

Тұп-тұнық кілкіп аққан Ертіс ана,

Шоршиды тереңің де балық ойнап.

 

Ізі қалған өткенің, бабалардың,

Өзіңдей мекенді іздеп табалар кім?

Екі жақ жағасына қалың ауыл,

Жағалай қонған Ертыс, Ақаралдың.

 

Адамның ілінбесе сор басына,

Тайпалтып мінер жүирік, жорғасын да.

Ақ шаңқан сегіз қанат ақ орда тұр,

Тігілген ауылдың дәл ортасын да.

 

Бетке айтып кемшілікті  тік сынамай,

Не болар ертеңгі өмір ұқсын қалай.

Жамысбай үкірдайдың ордасы еді,

Тең өскен төрт түлігі лықсыған бай.

 

Олжадан қалтырмас ер, бауырды құр,

Соқса да сан құбылып дауыл-ғұмыр.

Жыйнапты атқа мінер азаматын,

Ақсақал, қарасақал ауылдың бір.

 

Келсе егер жұт жұтатып ел басына,

Қашанда болдың бірге сен қасым да.

Кеңеске шақырған соң жұртпен бірге,

Жүгіріп Қамыспай да келді асыға.

 

Жан барда күйбіңменен қалмас тірлік,

Тоныңды кисеңде өмір алмастырып.

Алдында игі-жақсы сөз бастады,

Үкірдай төрде отырған малдас құрып.

 

Кетседе «теңін тауып тегін қыздар»,

Түседі кейбір сәтте сенімге ызғар.

Рулы, бір үкірдай ел болдық біз,

Теңесер басқалармен жөніміз бар.

 

Өзеннің болмасақта арнасы біз,

Ұрпағы, текті атаның жалғасымыз.

Тарылып жайлау-қыстау, өрісіміз,

Жыл сайын келеді өсіп мал басымыз.

 

Дейсіңбе қайран жұртым жайшылық па?

Жөнім жоқ сылтау іздер жәй сыныққа.

Жер дауы, жесір дауы болып күнде,

Айналам толды бүгін қайшылыққа.

 

Ініде ізет, ағада жоқ бауырмалық,

Дендетіп барат бізді ауыр салық.

Тапқаны жетпей күнде ішер асқа,

Сіңірі шыққан кедей, жауыр халық.

 

Болсам да  бірге басым сендерменен,

Түс көріп түнім барма сенделмеген.

Былтырғы қыс қатты боп мал қырылып-

Жұт болды бұрын мұндай ел көрмеген.

 

Көкірек ашылған жұрт сарайың кең,

Тар жерде жолдас болдым талайыңмен.

Көшейік қоныс шалып басқа жерге,

Ала көз болмай тұрып ағайынмен.

 

Өткен жыл Баркөлге мен барып келдім,

Аралап қоныс шалып танып көрдім.

Туысшыл адамдардың пейілі кең,

Қоңырқай тұрмысы бар халық көрдім.

 

Ағайын көңілді елден суындырып,

Алмасақ берекенің туын жығып.

Көшейік малға жайлы майлы өлкеге,

Жері кең, шөбі шүйгін, суы тұнық.

 

Түскенде жүгің ауыр ел  есіме,

Болмайды шындықты айтып демесіме.

Рудың ақсақалды абыздары,

Сендерсің ақыл қосар кеңесіме.

 

Отырған ійгі-жақсы ағаларым,

Жол бастар қыйын күнде даналарым.

Ортаңа салдым халқым өздерің шеш,

Жауабын бұл сұрақтың табалар кім?

 

Қарады деп үкірдай көзін салып,

Болсада дауға шешен кезінде алып.

Сізбенен біз біргеміз деп орнынан,

Қамысбай түрегелді сөзін танып.

 

Үкірдай сен осы елдің тірегісің,

Ізгілік орындалсын тілегің шын.

Көшейік осы жазда елді бастап,

Нарға артқан жүгің ауыр білемісің.

 

Ойланып отырған жұрт қалды тынып,

Біледі жұрмесін ел салдық құрып.

Қарайды бір-біріне нар қасқалар,

Жатқандай жүрегіне арды ұқтырып.

 

Күн жылы, бомас биыл енді суық,

Ел едік батыр қылған ерді туып.

Барлығы келді түйін бір байламға,

Көшпекке осы жазда белді буып.

 

КӨШ

Алтайым алтын болған тасың иіп,

Көл қылан көзден ақан жасын тиып.

Қарайтын ай асылып иығыңнан,

Ақбас шың мұнар шалған басың биік.

 

Жаз-жайлау, той-думанмен халық бірге,

Әніне «Қара торғай» салып күнде.

Тақымдап жүйрікпенен жорға мінген,

Боз бала кезі еді бір Әліптің де.

 

Тышқандай мысық көрген інге кіріп,

Жатса да күндестік ит іргеңде үріп.

Елдегі дау-жаңжалға билік айтты,

Әкесі Жамысбаймен бірге жүріп.

 

Деп буып нар тәуекел белін енді,

Алдында қалың жұрттың сенім берді.

Бастады сығайланған азаматтар,

Баркөлге көшірмекке елін елді.

 

Туған жер арымсың сен асыл алқап,

Көрмеген досын түгіл қасын алдап.

Төгеді қарт аналар еккі көзден,

Көлдеген омырауға жасын парлап.

 

Қайран ел, жәннат өлке, қайран мекен,

Күнде той жүрген жерім сайранба екен.

Қарасаң қайшылыққа толы ғұмыр,

Бітпес дау өмір өзі майданба екен.

 

Кең өлке көз жетпейтін сағым дала,

Ашсын тек әр кез сенің бағыңды Алла.

Сенде Алтай арман барма төскейіңде,

Төрт түлік симай жатқан малың барда.

 

Біз көшсек боларсың-ау сенде жетім,

Бұрды деп ойлама сен елден бетін.

Аңсаумен қалың қауым өтермн екен,

Өзіңді сағынышпен өлгенше мың.

 

Тұлпардың өскен қазақ жалында ойнап,

Өзіне жігер берген арын қайрап.

Қалың көш шұрқырасып шықты таудан,

Төрт түлік алдыға сап малын айдап.

 

Осыма бізді Тәңір сынау деген,

Артық деп кім айтады мынау менен.

Күрсініп артта қалған қимай жерін,

Келеді қалың қауым жылауменен.

 

Малымен мамыра жай өскен халық,

Көрмеген тар кезеңде көштен қалып.

Адасқан ботасынан бозіңгендер,

Боздайды өткеніңді еске салып.

 

Жалғасып көшсе де ел күнді түнге,

Жетеді дүниенің кім түбіне.

Іргелес қонған ауыл азан-қазан,

Қосылған малдар келіп бір-біріне.

 

Болмаспыз өмір сенің сырыңды ашып,

Жүрсекте қыл көпірдің қырын басып.

Балалар айтақтап жүр қиа бетте,

Төбеттер жұлысады рылдасып.

 

Тоқтамай суыт көшті шықанша елден,

Жоғалған қойлар да бар ыққан желден.

Өзгеше ен-таңбасы малдар да көп,

Қосылып өзге ауылдан, сырттан келген.

 

Жазуы жазымыштың иә неткен,

Шыққандай шыбын жаның қыйаметтен.

Сіркіреп жауды жауын күн күркіреп,

Нар атан ақты келіп қиа беттен.

 

Дүние қарап тұрсаң жаған ғұмыр,

Мойныңа ұзын арқан, салған шылбыр.

Бұрынғы өтіп кеткен бабалармен,

Данышпан, даналардан қалған құрғыр.

 

Тоқтамай шұбырып ел барады үдеп,

Суытар аттың белін ара түнеп.

Ішіңде запыран боп қайнап жатыр,

Жүректе бір сағыныш санаңды жеп.

 

Туған жер қош аман бол өскен жерім,

Сәлем де бүгін қонған кештен керім.

Артында қала бердің қайран Алтай,

Бұлдырап сағым болып көшкен елдің.

 

ҚОНЫС

Туған ел қалып артта өскен жері,

Көрседе не қиындық сескенбеді.

Тізіліп қара таудан асып бері,

Шұрқырап қалың малмен көш келеді.

 

Бес күндік, шіркін, мынау жалған неткен,

Жеткізбей мұратына арманды еткен.

Алдынан көштің шықты Әліппенен,

Жігіттер қоныс шалып алда кеткен.

 

Тоқтатпай көштің алға бұрды басын,

Дегендей ақын неге жыр қылмасын.

Шөктірді қара атанды шилі өзекке,

Сел орған саймен бұта, қыр-жылғасын.

 

Қалың ел қонып жатыр үйін тігіп,

Боздатты домбырамен күйін жігіт.

Қауымды шаршап келген шалдығып бір,

Осы күй әкетті, әне, сүйіндіріп.

 

Өтетін күн болар ма мазаңды алмай,

Болса да құбылмалы заман қандай.

Жамысбай сегіз қанат тікті ордасын,

Ауылдың ішінде аппәқ шағададай.

 

Жеріміз келген Баркөл осы ма деп,

Тентектер шығармасын тосын әдет.

Қалқитып қараша жұрт тігіп жатыр,

Біреу үйін, біреуі қосын әкеп.

 

Алдына жоғын әкеп салып беріп,

Кім қандай көзбен бәрін танып көріп.

Тозыңқы жүдеу тартқан елді аралап,

Жүр, міне, үкірдаймен Әліп келіп.

 

Мінгені жорға-жүйрік тақымында,

Қашанда сүйеу болған жақынына.

Әліпке ел сүйсінген жас болса да,

Қиыннан шығар тауып ақылына.

 

Іс болса алма ғайып тосыннан бір,

Елімен жұмыс істер қосып ақыл.

Айырылмай үлкенге ізет білдіретін,

Атадан қалған дәстүр жосыннан бір.

 

Тұрғанда Құдай қолдап бағаң асып,

Үлкендер үйге кірді қадам басып.

Жамысбай үкірдайға орнықты ел,

Алыстан келіп жатыр амандасып.

 

Аман ба мал мен басың, келдің кімге?

Қайранбыз көшіп келген ерлігіңе.

Сүйініп жатыр бүгін осындағы ел,

Тасбике руының елдігіне.

 

Жем болып шашылмайық  тарыдайын,

Сақта енді бізді қолдап А, Құдайым.

Қалды елде құдандалы жекжат туыс,

Сол болды ендігі бір сары уайым.

 

Келсе ажал мойнын бұрып төте бізге,

Бір күні үстіп жүріп өтеміз де.

Жер шалғай бара алмасақ араласып,

Жат болып кім біледі кетеміз бе?

 

Өріске таңнан тұрып түйені айдап,

Жатушы-ек төр жайлау да бие байлап.

Суың бал, шөбің шүйгін атамекен,

Сен едің қайран, Алтай, киелі аймақ.

 

Түсінсін білмеген жан, сырын кімнің,

Жат жердің айырмасын бүгін білдім.

Сазан мен қызылыңның дәмін татқам,

Қанас пен Ертіс, Қыран, Үліңгірдің.

 

Қайран жер қимай кетім қарай-қарай,

Мекенді енді өзіңдей табам қалай.

Шикі өкпе бір ұлың ем кешір мені,

Өтсем мен бір кез сені бағаламай.

 

Адалдық, арамдықтың арасын да.

Айланып кейде қалар жала шынға.

Үкірдай айтып соны қалды тынып,

Көзінің жас толтырып шарасына.

ЕЛІСХАН

Ай аунап, жылдар жылжып, сырғып өтті,

Қонақтап келген түнді кім күзетті.

Жаратқан жоқтан барғып бұл ғаламды,

Құдайдың неткен күшті құдыреті.

 

Арта сап қара тауға түн иегін,

Маужырап мызғап кетті күн киелім.

Шыр етіп сәби келді іңгәлаған,

Есігін ашып жаңа дүниенің.

 

Жаралған аспан алып сен қара көк,

Маужырап жатқан жалпақ кең дала тек.

Самал жел кетті алысқа сүйіншілеп,

Бір сәби келді, міне, ер бала деп.

 

Бесік той ауылда үлкен жиын бүгін,

Кейде өмір ұмыттырар қиындығын.

Ақсарбас қой, көк қасқа тай сойылып,

Білдіріп жатыр Әліп сыйын бүгін.

 

Шындықтан  шыр айланса мына басың,

Досың ақтап, дұшпаның сынамасын.

Әкеліп төре табақ үлкендерге,

Жігіттер тартып жатыр сыбағасын.

 

Асырып той-думанның сәнін ерен,

Ақсақал карианың бәрі келген.

Сал-сері домбырасын қолына алып,

Халықты баурап алған әніменен.

 

Жеткендей шертілген күй шың басына,

Болмайды  мойын енді бұрмасыңа.

Әзілдеп айтып жатыр жұрт алдында,

Мендей сен ұл туғыз деп құрдасына.

 

Сексеннің сеңгіріне жасы келген,

Пір тұтып бүкіл ауыл қасына ерген.

Тіледі бата бер деп Әліп мырза,

Қария сіз едіңіз ғасыр көрген.

 

Атын қой сәби мына баламның да,

Асылды енді сіздей табамынба?

Елім деп еңіреген есіл ер ең,

Өзіңнің өткен бір кез заманыңда.

 

Елісхан болсын атың ел білетін,

Тең ойнап құрбысымен тең жүретін.

Қол тиіп жазылмаған ақ парақтай,

Өмірдің аштың жаңа сен  бір бетін.

 

Көсем бол батыр тұлға, алып мүсін,

Түйсігім біліп отыр, танып ішім.

Есіл ер елім деген бол азамат,

Қашанда жұмыс істер халық үшін.

 

Қаратқан аузына үлкен аталы елді,

Қария бекер босқа жата ма енді.

Бақ-дәулет қонған саған ортаймасын,

Деп кәрің қолын жайып  бата берді.

 

Болса да үзеңгі бау сегіз қабат,

Жүрген бар көлді көріп теңіз санап.

Той тарап қайтты үйіне жиылған жұрт,

Сөзінен қарияның негіз қалап.

 

Күн өтті айлар ауып, жыл артыннан,

Келбетің кең дүние сырға тұнған.

Елісхан келеді өсіп азамат боп,

Айырма,  Тәңір, енді мұратынан.

 

Ат мінді бесті асауға салып құрық,

Тең жүрді құрбылармен сауық құрып.

Қасында әке-шеше, ел мен жұрты,

Көрмеді ештеңені қауып қылып.

 

Өмірін қайта бастап жол басынан,

Ауылдың дәріс алды молдасынан.

Жүйрікті таңдап мінді серілікпен,

Тайпалтып қарагерді жорғасыннан.

 

Жалғасып өтседе өмір күнің түнге,

Жалғыз Хақ ер жігітті сүріндірме.

Бірге оқып, бірге тұрды бір неше жыл,

Елісхан Шәріпханмен* Үрімжіде.

 

Әскери оқып өнер алды білім,

Дегендей боз балалық қалды күнің.

Арнады бойлап ғылым тереңіне,

Жастық шақ жалын атқан бар ғұмырын.

 

Болсаңда бір туысқан, тағдыр бөлек,

Жігіт боп алдын танып қалды ілгерлеп.

Таң қалды ұстаздармен құрбылары,

Бозбала болғанан соң алғыр, зерек.

 

Өзгерген заман қалай біліп бәрін,

Ашкөз жан жасыра алмас былықтарын.

Құйылған жүрегіне жас болсада,

Ерекше таңғажайып тұнып дарын.

 

Келеді адамға сын, даңқ қайдан,

Жүрмессің күнде тойда салып сайран.

Бірде ішін, бірде сыртын беріп өмір,

Пісіріп жетілтетін алып майдан.

 

Жыр болып ағыл-тегіл төгіл қалам,

Қашанда жаны сірі, темір ме адам.

Елісхан кім біледі алдыңа әкеп,

Бір сынақ қойып тұрма өмір саған…

 

ҚЫРҒЫН

 

Күн шытқыл күздің кезі қара суық,

Қарайды сарғыш тартқан дала сынық.

Жылайды қоғалы көл сыңсу айтып,

Үскірік терістіктен аласұрып.

 

Жауса да күз жаңбыры бұлтқа оранып,

Шолып жүр азаматтар сыртты барып.

Шығарып елдің есін қара құйын,

Орманда жапырақ жоқ тұр тоналып.

 

Күз желі күнде соғып азынаған,

Айтар тек өткен өмір назын маған.

Төгілген күн мейірі шуақ болып,

Сағынар өтіп кеткен жазын адам.

 

Десең де жалған бес күн өтер, міне,

Ерерсің салса тағдыр жетегіне.

Жағалай қонған ауыл көрінеді,

Быдырмақ қара таудың етегінде.

 

Көтеріп сан қыспақтың ауырында,

Шыдаған соқан талай дауылына.

Дұшпандар сырттан көріп шолып кетті,

Дегендей бұл Әліптің ауылы ма?

 

Тігілген ақ орда тұр сегіз қанат,

Бақ-дәулет қонған басқа негіз қалап.

Заман не боп, барады деп сөз бастады,

Отырған топқа Әліп көзін қадап.

 

Ажалға келген алда басын тігіп,

Жата ма су түбінде асыл тынып.

Бастаған Қожанияз көтерлісі,

Оқ атты  ЖинШуын* ға карсы шығып.

 

Осы жел қорқам бір күн ала ма деп,

Ойлар көп жатқан күтіп санам да тек.

Ілінсе ЖинШуынның қанды қолы,

Қайтемін бір күн менің жағама кеп.

 

Отырған сендерсіңдер жақындарым,

Қысатын туыс десе тақымдарын.

Көшті, әне, Қожамберген елді бөліп,

Ел-жұртым, не дейсіңдер ақылманым.

 

Барам деп Моңғолияға бетті бұрып,

Аз елді соңына ертіп кетті жүріп.

Бір туған ағам еді қан жаласып,

Бізге бақ берген Алла текті қылып.

 

Қожақын інім едің соңыма ерген,

Әкенің бірге жүріп жолын көрген.

Өзіңді Елісханмен бірдей көрем,

Қашан да екеуіңнің орның өрден.

 

Соңынан бар, жатпа енді масаттанып,

Елісхан жүрсін бірге жасақты алып.

Тосыңдар Бәйтік-Қаптық тауын орап,

Алып кел көшкен елді азаптанып.

 

Аспаннан бермесем де айыңды алып

Басыңа салмайын мен уайым халық,

Елісхан, Қожақындар жүріп кетті,

Жасақпен таң сәріден дайындалып.

 

Салмай бір сынағыңа қиын мені,

Сақта деп, Тәңіріне сыйынды елі.

Жұрт тарап шаруасына кетіп жатыр,

Әліптің кеңес бітіп үйіндегі.

 

Дұшпанның түспесем де шырғасына,

Осы мен шыға алам ба қыр басына.

Ойланып жалғыз қалды үйнде Әліп,

Жамандық келе ме деп бір басыма.

 

Шығарып заман ақыр есебінің-

Сене ме ел, болады екен десе бүгін.

Ойыннан кетпей қойды бір жаман түс,

Көріп еді алдында осы неше күннің.

 

Қара тау, қара жартас өр төсіңде,

Ұқсайтын нардың жалғыз өркешіне.

Көшіп кеп ақорданы басып қалды,

Қаздиып тұрған ауыл  желкесінде.

 

Жатса егер қызыл шапақ түлеп іңір,

Бер Алла біз құлыңа тілекті бір.

Түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіді,

Сезгендей бір жамандық жүрек құрғыр.

 

Түссең де белді шешіп сан ағынға,

Дегендей темірден сен жаралдың ба?

Мал үркіп қорадағы иттер шулап,

Оянды шошып Әліп таң алдында.

 

Өртеніп жатыр ауыл, от  үйіріліп,

Кетті ерлер желкесінен шорт қиылып.

Жаңбырдай жауып кеті  дұшпандардан,

Сақылдап пулеметтен оқ құйылып.

 

Тосайын жаудың енді жолын барып,

Болсада бұл өмірдің соңы ғарып.

Қарайған дұшпандарды атты көздеп,

Әліпте бесатарын қолына алып.

 

Жол тауып қиындықың қандайынан,

Батыр ең биікке ұшар самғай қыран.

Өкіріп түсті жаудың атаманы,

Дәл көздеп атқан кезде маңдайыннан.

 

Тықсырып қоршаған жау барады алып,

Өртенген ауыл қалды дараланып.

Оқ тиіп кеудесінен Әліп батыр,

Құлады қара жерге жараланып.

 

Ел-жұртым, барымсың сен қалған аман,

Бермеді бүгін тағдыр талғам маған.

Дәм-тұзым таусылатын келді ме күн,

Басымнан өтіп барады жалған заман.

 

Деді, Әліп, қош, аман бол өскен елге,

Тізіліп аққу-қаздай көшкен жерге.

Сипаған маңдайынан таң самалы,

Қоңыр тау, қоңыр майда ескен желге.

 

Көз жұмды құбылаға бетін бұрып,

Қайтеді жеседе ит-құс етін жұлып.

Артында шулап қалды бір рулы ел,

Ботадай тастап кеткен жетім қылып.

 

Күн жауып күңіренді алып аймақ,

Кетеді көрген жанның қаны қайнап.

Деместен қатын-бала бәрін қырып,

Кетті, әне, ауылды өртеп, малын айдап.

 

*         *         *         *

 

Жол бастар азамат бар халықты енді,

Барлығы кім екенін танып көрді.

Елісхан, Қожақындар қолды бастап,

Бөлініп кеткен елді  алып келді.

 

Заман ба алдын бермей теріс біткен,

Елі жоқ алдан шығып жеңіс күткен.

Адамның жанын қарып қара суық,

Ысқырып боран соққан терістіктен.

 

Жүретін батыр ерден ығып пенде,

Жөні жоқ қарамайтын бұғып елге.

Елісхан ауыл жаққа көзін салды,

Биік дөң, үлкен асу шығып белге.

 

Бір жігіт келет шауып ауыл жақтан

Болса да өскен жерің, тауың мақтан.

Көргенде Елісханмен келген елді,

Өкіріп  түсті құлап, ауып аттан.

 

Елісхан мінген жүйрік тақымдама?

Тілеген берсін сенің хақыңды Алла.

Мал-жанды барымталап, ауылды өртеп,

Деместен қырып кетті қатын-бала.

 

Қолың бар жасақтанып қасың да ерген,

Домалап тұр ма бүгін тасың өрден.

Үкірдай шаһид болды сол майданда,

Атысып жауға жалғыз  қарсы келген.

 

Елісхан естіп жылап еңіреді,

Көрінбей қайғы-шерден төңірегі.

Осыма заман ақыр келген бізге,

Басына түспеген жан не біледі.

 

Жеткізбес бұл дүние ол ұшпаққа,

Жәннат боп айналсада қоныс баққа.

Батыр-ер жасағымен кетті жүріп,

Жауының алдын орап соғыспаққа.

 

Барады жау жылқыны айдап үйірімен,

Қой келеді, ілесе алмай сиырымен.

Атысты қуып жетіп батыр ерлер,

Құйындай тиіп бір жақ  бүйірінен.

 

Мұндайда жатады ерлер несін бұғып,

Дұшпандар білгенше бір десіңді ұғып.

Бытырай қашты жаулар соғыс сала,

Барарын білмей қайда есі шығып.

 

Батырлар жүрегі түк жетті тасып,

Тоқтатты қырғын соғыс кекті басып.

Барымтаға түскен жан, айдап малды,

Қанды қол жау әскері кетті  қашып.

 

НАР ТӘУЕКЕЛ

 

Қап-қара шөгіп тұман жер бетіне,

Бір зауал тиді келіп ел шетіне.

Айрылып ерден қатын, қатыннан ер,

Табиғат әжім түсті келбетіңе.

 

Жиналмас өткендей ел тамашаға,

Шулаған, жылап қатын, бала-шаға,

Бастайтын тозған елді серкесі жоқ,

Кімің бар келер түсіп арашаға.

 

Жоқтаса күңіреніп қозғалып ән,

Жартасқа өзін ұрар озған қыран.

Қайғырды қаймалы елі қайран ер деп,

Айрылып талай арыс, боздағынан.

 

Шықса иіс күлімсіген келдік біз деп,

Желкесі ұшса қарсы желге үзілмек.

Жүр, міне, аспан астын шыр аланып,

Қарқылдап қарға-құзғын жемтік іздеп.

 

Көзіңді салсаң қарап тұрып енді,

Аққу бар көре алмассың тұнық көлді.

Қиратып ауылды өртеп, барын талап,

Жау кетті қан жосағып қырып елді.

 

Мен бірге боламын деп қалған елмен,

Елісхан сөз бастады салған жерден.

Алдың да дұшпандар тұр аузын ашып,

Қашанда батыр шыққан талғамды елден.

 

Жүректе болғанан соң сенім асқақ,

Көз жұмған есіл ерлер ерін жастап.

Түріктер қандас біздің Түркияда,

Кетейік солай қарай елді бастап.

 

Берді Алла жерді бізге бесік етіп,

Жүрсең де халқым бүгін есің кетіп.

Үндістанға барайық алдыменен,

Циңхай-Шизаң үстіртін кесіп өтіп.

 

Қайсы дос біле алмаймыз кім дұшыман,

Бұл сөзді айтқан жұртым біл қысылған.

Бір көмек болар бізге аман барсақ,

Циңхайдің дені Дұңған, дін-мұсылман.

 

Ел-жұртым құлағыңды сал кеңеске,

Қашанда өмір жолы тар белес пе?

Өлсек осы соғыста жау қолынан,

Қалармыз айланып біз мәңгі елеске.

 

Таппасам елмен бірге панамды ақыр,

Жау тонап ит пенен құс талап жатыр.

Жас демей, кәрі демей бәрін қырып,

Түсірді ел басына заман ақыр.

 

Кетейік нар тәуекел белді буып,

Ел едік батыр қылған ерді туып.

Асқар шың басы биік мұз құрсанған,

Шизаңның көрінеді жері суық.

 

Дүние бұлынғыр бір болжатпаған,

Қарайды іштен шалып қол сап саған.

Шаһид боп өлсек қалып  бір шұңқыр да,

Шығармыз бір төбеге болсақ аман.

 

Жар болса Жаратушы тәмам ғалам,

Елім деген ерлер бар алаңдаман.

Азуын салса қасқыр алқымына,

Бұлаңдар түлкі болып заманда адам.

 

Елісхан елді бастап ауды халық,

Кезінде мекен еткен тауды барып.

Жасақпен сығайланған  соғыс салды,

Алдынан шыққан қандай жауды танып.

 

Тоқтатып уақыттың тосып алдын,

Боларма елге қайта қосылар күн.

Келеді ел суыт жүріп  зар еңіреп,

Кезіккен жұртқа тігіп қосын әр күн.

 

Арттағы қуғыншы жау қалды келіп,

Тоқтатты ер Елісхан алдын бөліп.

Шаһид боп есіл ерлер ел үшін бір,

Кеудесін оққа ұстады жанын беріп.

 

Жарылса бомба жерде  басын үгіп,

Әдіра қалар елден асыл үміт.

Қашқан ел малын айдап соғыс сала,

Орманға кіріп кетті жасырынып.

 

Өрледі ел желе жортып тау басына,

Келседе қуып жаулар дәл қасына.

Батыр ер Елісханның жасақтары,

Келтірді дұшпандарды тәубасына.

 

Жол күдір арып-ашып ел келеді,

Болсада жақсы- жаман тең көреді.

Білмеген не істерін қаралы жұрт,

Кей кезде ақыл таппай сенделеді.

 

Ақ тұман биік шыңның басын шалған,

Қара тау барма сенің тасыңда арман.

Зарланып жарлы, жайау ел келеді,

Дұшпандар алдындағы асын алған.

 

Таң атса түс болады бесін келіп,

Тәңертең тірілерсің кешінде өліп.

Көзден сен ғайып болдың туған өлке,

Өзіңде ел болдық біз өсіп-өніп.

 

Күн өтті жыл артынан айлар қалып,

Жайлау жоқ бұрынғыдай жайларға анық.

Келер ме өткен өмір қайта бізге,

Жүретін қызық қуып, сайран салып.

 

Өткенін өмірдегі бірден санап,

Сары жазык жатыр мйдай үлкен алап.

Елді әкеп тіресекте аттың басын,

Жат өлке жатыр бізге үрке қарап.

 

Шемен боп қалған іште кегін қайрап,

Жүрекке жылулықпен сенім байлап.

Боздаған ботасы өлген боз інгендей,

Келеді қаралы көш елім айлап…

 

АЙҚАС

 

Емес бұл таныс өлке, таныс халық,

Тағдырға не айтарсың намыстанып.

Бабамның басы қалған қайран Алтай,

Ел-жұртты сағындырдың алыс қалып.

 

Тігілген ақбоз үймен қара қосы,

Өң беріп тұрғандай бір далаға осы.

Тірлігін бастап қауым жаңа күннің,

Серпіліп ертең үшін барама осы.

 

Жігіттер сейіл құрған жатыр келіп,

Аң аулап арқарменен атып елік.

Сүйенер үлкен ұлық Мабуфаң* дай,

Елісхан генаралды тапты сеніп.

 

Аты бар қол бастаған өзі батыр,

Ішінде бір арамдық сезім жатыр.

Бірігіп ШыңШысай* ға қарсы тұрмақ,

Айтқан бір тұрса болды сөзінде ақыр.

 

Атанып Мабуфаң ер кетті жүріп,

Пысық-қу өзі сондай епті жігіт.

Қайтып кеп Елісханмен соғыспақшы,

Білдіртпей әскерді әкеп шепті құрып.

 

Шабарман  келді бір күн Елісханға,

Малға біз тарылмаймыз өріс барда.

Шақырды Мабуфаңдай мырза сізді,

Ақжолды ертең болар берсін Алла.

 

Сәтілік берседе Хақ бірден маған,

Мүмкіндік тумас мұндай күнде саған.

Күн бұрын ер Елісхан дайындалды,

Жүрмек боп қасына ертіп бір неше адам.

 

Барам деп сырын білмес жат ұяға,

Тұнжырап тұрды көзін сап қияға.

Әскерлер тұрған қоршап ұстап алды,

Қор болды қолға түсіп қапияда.

 

Қайырып қолын артқа алды байлап,

Кезінде өткен өмір қалдың тойлап.

Елісхан тыпыршиды кер тұлпардай,

Бойында буырқанған қаны қайнап.

 

Мабуфаң не деп едің кешегі күн,

Жөні жоқ бүгін қайтар меселіңнің.

Дос біз деп құран ұстап ант еткенсің,

Жазасын Алла берер есебіңнің.

 

Тұрмайма сертінде ер, батыр деген,

Күн салып қарасаң да шатыр белден.

Қойа бер босатып сен жігіттерді,

Есепті ал алар болсаң ақыр менен.

 

Торына түсіп құрған дұшпандардың,

Ел білді Елісханның ұсталғанын.

Шығарын ірге жау боп қайдан білсін,

Ішіне жатқан бүгіп мыстан барын.

 

Шықты ерлер жауға төте барамыз деп,

Басына ойран бүгін саламыз деп.

Қор болып қолға түскен жігіттермен,

Құтқарып Елісханды аламыз деп.

 

Қожақын жасақтарын шықты бастап,

Жеңілдеп ауыр сайман жүкті тастап.

Жау жүрек батыр туған егей ердің,

Баса алмас қандай дұшпан руқын асқақ.

 

Ұйқыға кеткен әскер, жатыр мына,

Қуат бер Тәңір енді батырыңа.

Қожақын жасақтармен ұран салып,

Түн жастап жаудың кірді шатырына.

 

Қашанда бірге болып текті елімен,

Өмірдің өткен қиын өткелінен.

Бауыздап қойша қырды дұшпандарды,

Тоз-тозын шығарып бір  шеттерінен.

 

Елісхан айланып ел ұранына,

Батырлар кірді дұшпан тұрағына.

Қандай жау тең келеді қан майданда,

Қызыл көз ұлы таудың қыранына.

 

Шарлаған қиялменен көңіл көкті,

Зұлмат күн бастан талай өмір өтті.

Шатырлар отқа оранған сай ішінде,

Шарпиды қызыл жалын төңіректі.

 

Жігіттер шайқас салған арны тасып,

Қызуын кеткен кектің алды басып.

Жосадай қызыл қырман, төгілген қан,

Сүйегі дұшпандардың қалды сасып.

 

Жігіттер бәріде есен, аман екен,

Пендеңе қырын қарар заман екен.

Елісхан аға деді Жапар ием,

Сыйлапты тағыда өмір маған көкем.

 

Енді біз тұра алмаймыз бұл арада,

Әккі жау қайта шауып құн ала ма?

Кетейік Үндістамен Пәкістанға,

Тәңірдің берер әлі тұрағы алда.

 

Алдыға елді салып, бастап қолды,

Бұрынғы келген артқа тастап жолды.

Қоршаған жаудың шебін бұзып-жарып,

Ары қарай Гималайдан аспақ болды.

 

 

ГИМАЛЛАЙ АСҚАН КӨШ

 

Болса деп “қазаным тоқ, жағамыз көк”,

Дұңғандар дін мұсылман ағамыз деп.

Жиылып ислам туын көтермекке,

Барған-ды, пана-қорған табамыз деп.

 

“Болар деп тонға жаға, басқа бөрік”,

Ел көшін дұңған жаққа бастап едік.

Ағайын алакөзді жау боп шықты,

Болмады ау, бауырда құт, баста ерік”

 

Деп налып ер Елісхан атқа қонды,

Кекпен жанған жанары жасқа толды.

“Үндістан, Пәкістан да мұсылман” деп,

Тағыда таппақ болды басқа жолды.

 

Осылай Гималайды асам деді,

Тағдырдың тас кезеңін басам деді.

Қалжырап қалғып жатса қара қоста,

Түсінде әулие ата Асан келді:

 

Тұр балам, алдыңда асқақ Бұланды тау,

Бұланды тау бұлт мінген жыланды тау.

Жыланды тау жылғасы ысқа толы,

Тұмшалап тұр жолыңды

Тұман құрсау…

 

Одан ары айдаһар ысқырады,

Ысқырады

Арыстан күш қылады.

Жаз ыстығы жаныңды күйдіреді,

Тоздырады тағыда қыстың қары….

 

Соның бәрін басасың, асасың да,

Көресің төбесін де, тасасын да.

Батыр туған түріктің ер баласы,

Бұлантаудан бұғынып қашасың ба…

 

Одан ары беймәлім жолың бұлдыр,

Көре алмай тұр қалғанын көңіл құрғыр.

Ұрпағыңның қаласың таңдайында,

Көріп тұрмын сен жайлы төгілді жыр ..

 

“Ел бастаған Елісхан атың қалар,

Ақ қағазда өшпестей затың қалар.

Балаңның да баласы Хәкім болар,

Хакім болар һәм жүйрік ақын болар…

 

Шаршатса да шаң мен қан – қатал жалған,

Жүк қалмайды ер жолы атандардан.

Тұр орныңнан құлыным дамыл таппа,

Ұлым болып қаларсың батамды алған…”

 

Осыны айтып ақсақал Асан кетті,

Түс көріпті

Тұрды тез – шапшаң епті.

Ер Елісхан ерленіп атқа қонып,

Бұлантаулан бұлт мініп асам депті……

 

Нар тәуекел жүк қалмас нар жолын да,

Нар тәуекел шаһид біз  ар жолын да.

Нар тәуекел асамыз Гималайды,

Нар тәуекел қалса да тән жоның да.

 

Нар тәуекел үміттің алды бесік,

Нар тәуекел етерміз барды несіп.

Нар тәуекел жастанып ер сүйегін,

Нар тәуекел өтерміз қанды кешіп.

 

Деді Елісхан бермес жау елге тыным,

Салмасын басқа Тәңір көрген күнін.

Алыстан көрінеді мұз құрсанған,

Гималай биік шыңы жер бетінің.

 

Заңғар шың жатқан асқақ көке тиіп,

Сар аяз шымшып, жұлып беттен сүйіп.

Қар көшіп жаламадан төмен қарай,

Шыға алмай өрмелейсің өкпең күіп.

 

Жігіттер пысық-жылпос сайлап бәрін,

Түйенің алдыға сап Тайлақтарын.

Жонды өрлеп келеді ел шалқақ жатқан,

Қар бұзып тәуекел деп айдап малын.

 

Кеш батып жамылғанда түнің келіп,

Ит-құсың жатпас елге тыным беріп.

Егіліп жылап келет қайғыра жұрт,

Қосылып таумен дала күңіреніп.

 

Зарлы жел сыңсу айтқан үніменен,

Жауған қар қалың түсті тұніменен.

Барады аққан түйе құздан құлап,

Шаңырақ артқан ауып жүгіменен.

 

Десекте шайтан шалқып өтер күліп,

Жүрміз бе өмір сені бекер сүріп.

Көз жұмды талай жандар ауа жетпей,

Биікке шыққан сайын көтеріліп.

 

Табиғат жасырып сен сырыңды елден,

Мінезің неткен шаргез қырын берген.

Кең дала төсеніш боп пендесіне,

Жалғанда жаратылып бұрын келген.

 

Сүйектен өткен ызғар, суық мынау.

Тоңдырар сақылдатып бүріп қырау.

Оңынан соқан боран бет қаратбай,

Сар аяз саршұнақ ит үріп тұр-ау.

 

Ел соңы әлі таудың етегінде,

Кәрі атан жүрмей келет жетегіне.

Шелегің түскір енді жануарым,

Көздеген арманға мен жетемінбе?

 

Бұйдасын алмайық деп нардың үзіп,

Жол ашып келеді ерлер қарды бұзып.

Өкіріп сиыр малы жаламадан,

Құлайды мүйізімен жарды сүзіп.

 

Кейбір жан келеді елге ілесе алмай,

Тесіліп желі шыққан көне шардай.

Елім деп шаһид болды есіл ерлер,

Өмірдің заңдылығы міне, сондай.

 

Шықты елім биік заңғар шың басына,

Болмайды мойынды артқа бұрмасыңа.

Шашылған  адамдардың бас сүйегі,

Әр сайдың қалды қурап жылғасын да.

 

Соны олап қайран жұртым егіледі,

Көл болып көздің жасы төгіледі.

Өмірдің қиын қыстау тар қыспағын,

Көрмеген жандар бүгін не біледі?

 

Елісхан есіл ер ет елім деген,

Бетпе-бет келген талай өлімменен.

Үндістан тұрған анау біз баратын,

Деп айтты ел-жұртына сенімменен.

 

Өткізіп бастан күнді ауыр мына,

Шыңдалған соққан өмір дауылын да.

Жоқ-жітік демей бәрін бірдей көріп,

Басты елді сайа болып бауырына.

 

Жігіттер баптап енді ат қосама?

Келмеске кеткен қайтып бақ тосама?

Көрерміз басқа салса тағдыр нені,

Жат елмен күтіп түрма жат босаға.

 

Ардың бір айырылып ақ-қарасы,

Болғанша бітбес ердің бақ таласы.

Көрмедік, атын біліп естісекте,

Білмейміз қандай екен салт-санасы.

 

Қайран ел қалдың артта соны мекен,

Жүретін болды бүгін жолым бөтен.

Түсетін егер тепсе қайда барып,

Тәңірдің адам басы добы ма екен.

 

Көрмеген елмен елді біріктіріп,

Жатады өмір өзі сыр ұқтырып.

Қоштасты артағы елмен ер Елісхан,

Шыңына Гималайдың шығып тұрып.

 

Туған жер қош аман бол өскен елім,

Кір жуып,  кіндігімді кескен жерім.

Тас басып тұлпарыңмен тауды кезіп,

Суыңды жалаң айақ кешкен жерім.

 

Арымсың қашанда жер, күміс далам,

Тоқтатып бұл жалғанды кім ұстаған.

Есігін жаңа өмірдің ашып сенде.

Ауаңмен алғаш ірет тыныстағам.

 

Берді ме бізге әулие айан ерте,

Өзіңе жүре алмадым таяу ерке.

Көзімнен бұлбұл ұштың жырақ қалып,

Жататын сағымдалып сайалы өлке.

 

Боларын ертең қалай кім біледі,

Кейде осы іште жатқан жын күледі.

Үйіріп соқан боран ашылса екен,

Айығып қараңқылық түн түнегі.

 

Салдың ба басқа өмірді сынақ қылып,

Тайадық жоғалуға бірақ құрып.

Толтырып көздің жасын шарасына,

Елісхан жүріп кетті жылап тұрып.

 

Қалың қар жерді қымтап жауған басып,

Келеді ел арып-шаршап ауған қашып.

Боздаған ертіп алып нар ботасын,

Барады қаралы көш таудан асып!…

 

Пендені сынайды сор, сынайды бақ,

Бер медет жалғыз ием – Құдай қуат.

Ғималайдың жонында бұлт жамылып

Барады жаралы көш жылай шұбап…

 

Сыз тұман сүркей бұлтқа желі байлап

Көзі жас көкіректің шері қайнап.

Елін ойлап, егіліп жерін ойлап

Барады қаралы көш елім айлап…

 

Соңы

 

*Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаев: Алтай аймағының әкімі болған.

*ЖинШу Рын, ШыңШысай: Шіңжаңды билеген дара билеуші.

*Мабуфаң: Циңхай өлкесіндегі әскери генарал.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*